Түркістан төрінде WBC Amateur Turksoy халықаралық турнирі өтеді

0
914

Күні кеше Алматыда Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Әзербайжан және Түркіменстан Кәсіпқой бокс федерациялары басшыларының қатысуымен саммит өтті. Айтулы шараға Тurksoy халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, WBC (Дүниежүзілік бокс кеңесі) басқарма мүшесі Оксана Семенишина және Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының құрметті президенті Серік Қонақбаев қатысты.

Биыл күзде Түркістанда WBC Amateur Turksoy халықаралық турнирі өтеді. Бұл туралы Түркітілдес кәсіпқой бокс федерациясы президенттерінің саммитінде айтылды. Сондай-ақ, жиында тараптар жарысты ұйымдастыру жөнінде келісімшартқа қол қойды. Басқосуда өз елімізбен қоса, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түркіменстан өкілдері түркітілдес елдеріндегі кәсіпқой бокстың өзекті мәселелерін талқылады.

«Алматы қаласында тарихи оқиға болып жатыр. Түркі дүниесінде Түркі федерациясының ассоциациясы түзілді. Бұл түркі дүниесіндегі бокс бойынша өзгеше жаңалық. Біздің федерация жастарға, яғни 15-16 жасқа дейінгі жас боксерлермен өзгеше бір чемпионат өткіземіз. Түркістан шаһарында өтеді. Салтанаты түрде басқа мемлекеттерде, ендігі жылы Өзбекстанда болады. Түрксой ұйымы бұл ұйымды қолдадық. Жәрдем береміз», – деді Сұлтан Раев.

Бұл жарысқа түркітілдес елдерінің жас боксшылары қатысып, жеті салмақ дәрежесінде чемпиондарды анықтайды. Турнирдің финалдық кезеңін Түркістан қаласы қабылдайды.

«Түрксой деген ұйымға шығып, солармен Анкарада бас қосып, осындай шешімге келдік. Алты мемлекеттің талантты боксшыларын іріктеп, әлемге паш етіп, бір-бірімен қарым-қатынас орнатып, үлкен жобаны бастаймыз. Осы келісімшарттан кейін әр мемлекетте іріктеу жарыстарын өздері ұйымдастырады. Ал жартылай финалға шыққан жігіттер бәрі Түркістан қаласында бас қосады», – деп өз ойын білдірді Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының бас хатшысы Болат Манкенов.

Жиынға қатысушылар Орталық Азияда бокс мектебінің өзіндік дәстүрі қалыптасқанын және алдағы шара соны дамытуды көздейтінін айтып отыр.

Айта кетейік, былтыр елімізде WBC Amateur Kazakhstan турнирінің пилоттық жобасы сәтті аяқталды. Оған 500-дан астам жас спортшы қатысты.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here