Азиядағы қырық төртінші, Қазақстандағы бірінші университет

0
287

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне QS  рейтингінің  негізін қалаушы және Президенті Нунцио Квакварелли арнайы келіп, ҚазҰУ басшылығы мен ұжымын жеткен жетістіктерімен құттықтады.

Университет алғаш рет QS рейтингісі бойынша Орталық Азиядағы ең үздік жоғары оқу орындары тізіміне еніп, 44-ші орынға ие болды. Сондай-ақ, «QS Asia University Rankings 2023: Орталық Азия» рейтингісінде бірінші орында тұр.

Салтанатты шараға QS  рейтингінің  негізін қалаушы және Президенті Нунцио Квакварелли,  ТМД және Орталық Азия елдері бойынша QS рейтингтік агенттігінің аймақтық директоры Сергей Христолюбов, университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.

Кездесуді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, Нунцио Кваквареллидің табысты қызметіне тоқталды.

«Нунцио Квакварелли QS жаһандық рейтингісінің негізін қалаушы және басшысы.   Жеке бизнесін бастамас бұрын ол Ұлыбритания мен Италияда стратегиялық кеңес беру саласында жұмыс істеді. Кейін QS Education Trust коммерциялық емес қорын құрып, бір жылдан соң QS World University Rankings рейтингісінің негізін қалады. 2010 жылы Квакварелли мырзаны АҚШ-тағы Diversity MBA журналы «50 жасқа дейінгі 50 үздік бизнес көшбасшыларының» бірі ретінде таңдаған болатын», – деді университет ректоры.

Сонымен  қатар, университет ректоры ҚазҰУ-дың соңғы жылдардағы жетістіктерін атап өтіп, халықаралық рейтинг қазақстандық жоғары оқу орындары үшін жыл сайын өз көрсеткіштерін жетілдіруге мүмкіндік беретінін жеткізді.

«Биылғы 8 маусымда жарияланған QS WUR жаһандық рейтингі қорытындысы бойынша, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 150-орынға ие болды. Бір жылда Топ-200 ішінде 175-інші орында тұрған университет 25 позицияға жоғарылады. Бұл біз үшін үлкен мәртебе, зор жауапкершілік. Бүгінде ҚазҰУ әлемдегі ең үздік 150 университет қатарына енген Қазақстан мен Орталық Азиядағы жалғыз жоғары оқу орны болып табылады. Сондай-ақ «QS Stars Rating System» халықаралық рейтингісінде «Бес жұлдыз» марапатын алған Орталық Азиядағы  алғашқы және жалғыз университет.  Бұл біздің ғалымдарымыздың, оқытушыларымыз бен барша университет ұжымының ұзақ жылдар бойғы және күнделікті тынымсыз еңбегінің жемісі», – деді Жансейіт Түймебаев.

Өз кезегінде QS рейтингінің негізін қалаушы және Президенті Нунцио Квакварелли жылы қабылдағаны үшін университет ұжымына алғысын білдіріп, ҚазҰУ-дың жетістіктерін жоғары бағалады. Өз сөзінде ол QS компаниясының құрылу тарихы туралы қысқаша айтып, тәжірибесімен бөлісті.

«Рейтинг құрылған сәттен бастап біздің мақсат – адамдардың білім деңгейін және өмір сүру сапасын арттыруға ынталандыру. Бүкіл әлем бойынша Ұлыбританиядағы, Орталық Азиядағы және Америкадағы студенттер білім мен академиялық ұтқырлық арқылы өз өмірін жақсартуға деген ұмтылысты арттырады және біз оларға әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындары туралы салыстырмалы ақпарат беру арқылы осындай мүмкіндік береміз», – деді QS Президенті.

Сонымен қатар Нунцио Квакварелли ҚазҰУ басшылығы мен ұжымын жаһандық рейтингтегі айтулы жетістігімен құттықтап, QS рейтингінде одан әрі ілгерілеуді тіледі. Сөз соңында Квакварелли мырза Жансейіт Түймебаевқа беделді рейтингтегі жоғары позицияларды растайтын сертификаттарды табыс етті.

Шара соңында Жансейіт Түймебаев құрметті мейманға Әл-Фараби «Алтын медалін» табыстап, университеттің ғылыми-инновациялық жобаларын таныстырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here