Бес көршінің төртеуі неге Беларусьтен оқшауланып жатыр?

0
744
Украина Беларусьпен шекарасын темірбетон дуалмен қоршап жатыр, шекараның кейбір учаскелерін миналайды...

Еуропаның шығысында орналасқан Беларусь солтүстік-батысында Литвамен, батысында Польшамен, солтүстігінде Латвиямен, шығысында Ресеймен, оңтүстігінде Украинамен шектеседі. Сол Лукашенко басқаратын елдің екі көршісі – Польша мен Литва биыл шекарасын дуалмен шегендеп тастады. Бір жылда Беларусьпен шекарасының бір бөлігін қоршап үлгерген Латвия бұл жұмысты 2024 жылдың көктемінде аяқтауды жоспарлап отыр. Енді Украина да солтүстігінде дуал тұрғызуды бастады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Беларусьтің бес көршісінің төртеуі неліктен Минсктен оқшауланып жатқанына тоқталады.

ЛИТВА МЕН ПОЛЬША МӘСЕЛЕНІ ДУАЛ ТҰРҒЫЗУМЕН ШЕШТІ

Польша шекарадағы шиеленісті дуал тұрғызумен шешкенін «Qazaq» газетінде өткен айда жаздық. Қайталап жату артық болар. Сондықтан мәселенің мәнісіне қысқаша тоқталайық.

Тура бір жыл бұрын Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия және Африкадан шыққан мыңдаған мигрант айлап Еуропалық Одаққа мүше Польша, Латвия және Литваның аймағына Беларусь арқылы заңсыз кіруге әрекеттенді. Ал, Еуропалық Одақ шекарадағы шиеленіске Беларусь президенті Александр Лукашенконы кінәлады, мұны «2020 жылы президент сайлауынан кейін енгізілген санкциялар үшін Брюссельден өш алу» деп түсіндірді. Өз кезегінде Мәскеуден қолдау тапқан Минск Брюссельдің барлық айыптауын теріске шығарып, «Еуропалық Одаққа мүше елдер бейбіт азаматтарды паналатудан бас тартты, сөйтіп адам құқығын бұзды» деп ашық айыптады.

Содан шекарадағы шиеленісті шешу, ендігі әрі оның алдын алу мақсатында былтыр Литва, Латвия мен Польша Беларусьпен шекарасын дуалмен қоршай бастады. Дуал құрылысын Литва тамыз айында, Польша өткен айда аяқтады.

Беларусь арқылы заңсыз өтпек болған мигранттарды тоқтату үшін Литва тұрғызған дуалдың ұзындығы – 502 шақырымды, биіктігі – 5 метрді құрайды. Вильнюс бұған 152 млн еуроға шығындалды.

Шығыстағы көршісі Беларусьпен дуал тұрғызуға Польша 341 млн еуро жұмсады. Оның ұзындығы – 186 шақырым, биіктігі – 5,5 метр.

Латвияның Беларусьпен шекарасының ұзындығы 173 шақырымды ғана құрайды. Ал, Литва бір жылда одан үш есе созылған дуалды тұрғызып тастағанын ескерсек, Латвияда бұл жұмыстың баяу жүріп жатқанын аңғару қиын емес. Шенеуніктер шекарадағы жұмыстың баяу жүруін жердің күрделі табиғи ерекшелігімен және өзге де сыртқы жағдайлармен түсіндіреді. Соған байланысты Латвия бұл жұмысты тек 2024 жылдың көктемінде ғана аяқтайтынын мәлімдеді.

УКРАИНА БЕЛАРУСЬПЕН ШЕКАРАСЫН ҚОРШАЙ БАСТАДЫ

Ресей мен Беларусь – одақтас мемлекеттер, Путин мен Лукашенко – араларынан қыл өтпес әріптестер. Оны көріп те, естіп те жүрміз. Сондықтан 24 ақпан күні Украина мен Ресей арасында қарулы қақтығыс басталғанда, Беларусь соңғысына болысты.

Өткен айда Ресейдің шабуылдарын қолдайтынын атап көрсеткен Александр Лукашенко Ресей мен Беларусьтің бірлескен әскері Украинамен арадағы шекараға орналасатынын мәлімдеді. Беларусь басшысының айтуынша, Украина мен Батыс елдерінен өз еліне қауіп төніп тұрғандықтан осындай қадамға баруға мәжбүр болған.

БР Қорғаныс министрлігінің халықаралық әскери ынтымақтастық департаментінің бастығы Валерий Ревенконың сөзінше, Ресей әскерінің алғашқы эшелоны Беларуське келген.

Өз кезегінде Киев Мәскеудің Минсктің қолымен от көсейтініне, Украинаның солтүстігіне Ресей әскері Беларусь арқылы шабуылдайтынына сенімді. Украина билігі содан қауіптенеді. Сондықтан өткен күннен сабақ алып, шекарасын қымтауға кірісті.

11 қараша күні Украина президенті кеңсесі басшысының орынбасары Кирилл Тимошенко Беларусь шекарасында дуал тұрғызу жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады. Қазірдің өзінде Волынск облысында Украина-Беларусь шекарасының үш шақырымында дуал салынғанын, бұл арық қазылып, тікенек сыммен қоршалған темірбетон қоршау болатынын айтты. Шекараның кейбір учаскелерін миналауға тура келеді. Дуалда өзге де инженерлік кедергілер болады. Бірақ, Кирилл Тимошенко оның атын атап, түсін түстеген жоқ.

Қазір шекараны қоршау жұмыстары Беларусьпен шектесетін Ровен, Житомир облыстарында да қызу жүріп жатыр. Кирилл Тимошенконың айтуынша, Украина Ресей басып алған жерлерді қайтарып алғаннан кейін Ресеймен шекарада дәл осындай қабырға салынады.

Бір атап өтерлігі, Беларусьпен шекараны қоршау үшін мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінбеген, дуал тұрғындар мен кәсіпкерлер есебінен көтеріліп жатыр.

Айта кетейік, Украинада 270 мың беларусь, Беларусьте 160 мың украин тұрады. Өкінішке қарай, 24 ақпанға дейін де Украина мен Беларусь қарым-қатынасы жақсы болмағаны белгілі. Бірақ, 24 ақпаннан кейін екі славян мемлекетiнiң байланысы ушыға түсті. Барыс-келіс, алыс-беріс қиындады.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here