Министр ҚазҰАЗУ қызметімен танысты

0
1082

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне (ҚазҰАЗУ) сапарын ағылшын тілінде дәріс жүргізетін Вагенинген университетімен жұмыс жөніндегі Институтқа барудан бастады. Министр Өсімдіктердің микроклоналды көбею зертханасы және Қазақстан-Жапония инновациялық орталығының жұмыстарымен де танысты. Бұл туралы университеттің Баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазір біздің алдымызда тұрған басты мәселелердің бірі – отандық ғалымдардың ғылыми жаңалықтарын өзіміздегі адамдар шынымен пайдаланатындай дәрежеге жеткізу. Сондықтан мемлекетіміз Сіздердің университеттің ғылымды дамытуға қосып отырған үлесіне қатты сенеді», – деді  Саясат Нұрбек.

Бұдан кейін министр университеттің жатақханаларын аралап, студенттік өзін-өзі басқару белсенділерімен кездесіп, олардың қойған сұрақтарына толымды жауап берді.

Сапар аясында министр Саясат Нұрбек пен Басқарма төрағасының міндетін атқарушы – ректор Ақылбек Күрішбаев университет инфрақұрылымын дамытудың алдағы жұмыстарын талқылады.

Өз кезегінде Ақылбек Күрішбаев барлық күш-жігер жастардың шетелге шықпай-ақ, өз елінде сапалы білім алуына бағытталатынын атап өтті. Ол министрдің назарын келесі мәселелерге аударды:

1) Вагенинген университетімен бірлесе жаңа инновациялық білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлау мақсатында «Өсімдіктер туралы ғылым және технологиялар» және «Тамақ қауіпсіздігі және технологиялар» атты нысаналы мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу. Вагенинген университетімен эксклюзивті серіктестікте бір білім беру грантының құны жылына 2 500 мың теңгені құрайды.    

2) Ғылыми инфрақұрылымды қолдау үшін аграрлық жоғары оқу орындарына базалық қаржыландыру бөлу туралы. Орташа алғанда, ҚазҰАЗУ жыл сайын (2012-2014 жылдарды қоса алғанда) 33 млн теңге қаржы игерген.  Алайда, 2015 жылы ҚазҰАЗУ мен ҚР АШМ жүйесіне кіретін басқа да аграрлық ЖОО-лар осы тізбеден шығарылды. ҚазҰАЗУ-дың базалық қаржыландыруға қажеттілігі жылына шамамен 100 млн теңге көлемінде болып отыр.

3) Білім алушылардың академиялық ұтқырлығын қолдау үшін бюджет қаражатын бөлу, топ-менеджерлерді және ПОҚ тағылымдамаларын шақыру қажеттілігі туралы. 2015 жылдан үш аграрлық жоғары оқу орны, оның ішінде ҚазҰАЗУ ҚР АШМ жүйесіне көшкен сәттен бастап ҚР БҒМ тарапынан білім алушылардың академиялық (шетелдік және ішкі) ұтқырлығына қаржы бөлудің төмендеуі және толық тоқтатылуы, шетелдік топ-менеджерлерді шақыру және ПОҚ тағылымдамасының азаюы байқалады.

4) ҚазҰАЗУ-ды еліміздің су саласы үшін жаңа буын кадрларын даярлау жөніндегі базалық ЖОО ретінде айқындау мәселесі ұсынылады. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында сұранысқа ие мамандарды даярлау мақсатында мықты базалық ЖОО-ны айқындау жөнінде зор міндет қойды.

5) «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» және «Ветеринария» ББ мамандықтарына мемлекеттік білім беру гранттарының құнын арттыру қажеттілігі туралы. Аграрлық бейіндегі мамандарды даярлаудың ерекшелігі мен жоғары өзіндік құнын ескере отырып, мемлекеттік білім беру гранттарының құнын орта есеппен 60-70%-ға арттыру қажет. Мысалы, қолданыстағы бағалар мен тарифтерді ескере отырып, бір бакалавр-ветеринарды даярлау шығындарының құны объективті есептеу нәтижесінде 1 811 051 теңгені құрады.

6) ҚазҰАЗУ басшысы министрдің назарын бүгінгі күні ауыл шаруашылығы оқу орны студенттерінің бакалавриат бойынша стипендиясы – 36 660 теңгені, ал педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша – 58 800 теңгені құрайтындығына аударды. Бұл ретте университеттегі білім алушылардың 90 пайызы ауылдық жерлерден келген, тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан. Сондықтан аграрлық университет студенттерінің стипендияларын педагогикалық жоғары оқу орындарында білім алушылардың стипендияларымен теңестіру ұсынылады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here