НАТО-ны мойындатқан қазақ ғалымы

0
656

Қазақ ғалымдарының бүгінгі заман үдерісінде жаңа технологияларды ойлап тауып, оларды өндірісте пайдалануда алатын орны ерекше. Ғалымдарымыздың заманауи талаптарға сәйкес технологияларды өндіріске енгізудегі еңбегіне әлемдік ірі корпорациялар да қызығушылық танытуда. Бүгінгі таңда қазақ ғалымдарының еңбегі халықаралық ұйымдар мен әскери өнеркәсіптік блоктардың игілігі үшін де қызмет етуде. Бұлардың бәрі еліміздегі индустрияландыру картасы шеңберінде жүзеге асырылып отыр. Осы жоба бойынша соңғы кездері 106 өнім өндіріліп, ол халық шаруашылығының түрлі саласында қолданылуда. Олардың арасында металл-пластикалық құбырлар, ұшақтарға арналған синтетикалық жуу құралдары, гендік инженерия саласындағы әлемді таңқалдырып отырған құрылғылар да бар.

Бүгінде отандық ғалымдар НАТО, НАСА, МАГАТЭ, Монтеррей институты сияқты әлемдік деңгейдегі ұйымдарда жауапты қызметтер атқаруда. Біріншіден, бұл еліміздің имиджін көтерсе, екіншіден, Қазақстанның саяси жүйесінің, экономикалық-қаржы жүйесінің өскендігінің көрінісі деп бағалауға да болады. Олар бұл жолда табыссыз да емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақ ғалымы Мұхамбетқали Бүркітбаевтың ғылыми зерттеу жұмысы Солтүстік атлантикалық келісім ұйымы (НАТО) басшылығының назарына ілікті. Жәй ғана ілініп қойған жоқ, қазақ ғалымының ядролық сынақтардың зардабын зерттеу еңбегі әскери блок өнеркәсіптік кешенінің ерекше қызығушылығын танытқан. Ғалым осынау еңбегі үшін НАТО-ның ғылым саласындағы дәстүрлі сыйлығымен марапатталды. Бұл қазақ ғалымының Семей полигонында он жыл бойында радиологиялық қауіп-қатер зардабын зерттеген еңбегінің жемісі еді. Ғылыми еңбектің нәтижесі шетел ғалымдарына Семей полигонында жарылған ядролық қарудың жарылу пәрменділігінің ықпалын анықтауға тигізетін бірден-бір көмекші құрал болды. ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Мұхамбетқали Бүркітбаевтың бұл еңбегін еліміз кезінде ерекше атап өтті. Сол жылдары НАТО-ның Бас штабында болған Қазақстан Президенті профессордың қолға алған жұмысын «НАТО мен Қазақстан ғалымдары арасындағы әріптестіктің үлгісі» деп атады.

Ұзақ жылдар бойы жасалған ауыр жарылыстан кейін үреймен өмір сүріп келе жатқан халыққа сынақ болған жерлер пайдалануға ресми түрде берілмегенімен, олар малдарын жайып, түрлі шаруашылыққа пайдалануда. Сондықтан ғалымдар Семей полигонында радиологиялық қауіп-қатер жағдайын зерттеу үшін сынақ өткізілген жерлерді қатаң бақылауға алып, халықтың өмір сүруіне жарамды және шаруашылыққа пайдалануға болатын жерлерді анықтап, Үкіметке өздерінің ұсыныстарын жолдаған болатын. Осыған орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде радиацияның қоршаған ортаға әсерін зерттейтін мамандар шоғыры өсіп шықты. Қазір полигонның қоршаған ортаға тигізер зардабын болдырмау мақсатында жүргізілген зерттеулер өз жемісін беруде. Қазақстан ғалымдарының бұл зерттеулері дүниежүзілік маңызға ие болып отыр. Зерттеу қорытындыларына назар салсақ, ғалымдардың жобасы үлкен сенімге ие болып отырғандығы айқын көрініс беруде. Бірнеше мемлекетті қамтыған рейтингілік көрсеткішті анықтау барысында бес негізгі талап есепке алынған. Олар: ядролық материалдар мен нысандардың саны, олардың бақылауға алынуы, елдегі әлеуметтік фактор, халықаралық міндеттемелер және сол міндеттемелерді орындаудағы мемлекеттің мүмкіндіктері. Бұл зерттеулер ұпай арқылы есептелінген.

Ядролық материалдары бар елдердің ішінде ең қауіпсіз ел Аустралия болып танылып, оған 94 ұпай қойылыпты. Одан соңғы орындарда Венгрия (89) мен Чехия (87) тұр. Бұл тізімде Қазақстан 22-орынды иемденіп, Жапония, Ресей, Қытай сияқты алпауыт елдердің алдына шыққан. Біздің еліміз халықаралық міндеттемелерін орындау жөнінен 96 ұпай, ядролық нысандарды бақылауға алу бойынша 79 ұпай жинап, ең алдыңғы орында тұрғандығы еліміздің өз болашағына үлкен жауапкершілікпен қарайтындығын аңғартады.

2000 жылы әлем лидерлері Нью-Йорк қаласында Мыңжылдық декларациясына қол қойды. Оған Қазақстан Президенті де қатысты. Соған байланысты «Мыңжылдық даму мақсаттары» деп аталатын миллиондаған адамдардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған шараларды мойындарына алған болатын. Осыған орай Қазақстан өзіне алған міндеттемелерін оңтайлы жүзеге асырып келеді. Оның шеңберінде ана мен бала өлімі деңгейін төмендету, тұрақты даму, қоршаған ортаны қорғау, иммундық тапшылық синдромының алдын алу, гендерлік теңдікті қолдау сияқты шаралар аясында жан-жақты жұмыстар жүргізіліп отырғандығы ерекше аталып өтті. Мұның бәрі қазақ ғалымдарының жүйелі түрде жүргізген еңбектерінің арқасында жүзеге асуда.

Халықаралық қауымдастық біздің ғалымдарымыздың зерттеулерін, инновацияға бейімділігін ерекше ескеріп отыр. Бұл жолда олардың өз ұйғарымы да бар.

Ядролық қарусыз әлем орнату – бүкіл адамзаттың ізгі мұраты. Оның жолын кесу ұзақ процесс. Егер әлем ғалымдары бірлесіп, алдарына ортақ мақсат қойса, оны жеңуге болатынын мезгіл мінбері көрсетіп отыр.

Қазір қауіпсіздіктің нағыз кепілі – әлеуметтік-экономикалық дамуды көздейді. Академик Мұхамбетқали Бүркітбаев осы мақсатта НАТО ұйымының «Ғылым – Бейбітшілік үшін» бағдарламасы бойынша кешенді ғылыми жұмыстар жүргізіп, ол өндіріске алынған. Осыдан бірнеше жыл бұрын Батыс бұқаралық ақпарат құралдары қазақ ғалымының жанкешті ерлігін жарыса жазды. Біз үндемей қалдық. Кейін Еуропалық Одақ елдері қазақ профессорының Саржал поселкесінде жүргізген радиоэкологиялық мониторингіне зер сала келе, қауіптің сейіле бастағанына көз жеткізді.

Осыдан соң қазақ ғалымының НАТО Бас хатшылығының ғылымды дамыту бөлімі бастығының орынбасары Кейт Гарднермен болған әңгімеде былай дегені бар: «Семей аймағында экспедицияда жүргенімде немересін жетектеген қарт қасыма келіп, «балам, мен дүниеден өтермін, бірақ мына немеремнің болашақта қандай су ішетінін сен өзің айтшы» деп ауласындағы құдығынан тартып алынған бір құты суды алдыма тосқаны есімде. Халық бізді көрген сайын судың, топырақтың сапасын сұрайды. Жыл сайын жүргізетін зерттеулеріміздің нәтижесінен халық үлкен үміт күтетінін біз жақсы түсінеміз».

Сол жолы профессор Мұқаш Бүркітбаев Семей сынақ алаңында Ұлыбритания профессоры Николас Приестпен «Семирад-1, 2» жобасы бойынша бірлесіп ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын.

Ашық жүргізілген зерттеу жұмыстарының қорытындысын жасырын ұстауға болмайтын еді. Әрине, өзге елді мекендерге қарағанда бұл жерлердегі техногендік сәуле ұшқыны әлдеқайда жоғары болған. Алайда, Саржал тұрғындарын оған қарап, байырғы үйренген жерлерінен көшіру қажеттігі туындамауы тиіс. Ауылдағы 12 құдықтың және оның айналасындағы топырақ бетінің, «Телкем-1, 2» көліндегі радионуклидтің қалыпты жағдайда болуы көп нәрсені анықтап берді. Мұның өзі плутоний мен басқа да радионуклидтердің көшу мүмкіндігінің жоғары еместігін байқатады.

 Мұхамбетқали Бүркітбаев үлкен жолдардан өтті. Өзі кезінде білім алған оқу орнының студентінен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор дәрежесіне дейін өсіп-жетілді. Бүгінде осы оқу орнында дәріс береді. Ғалым британдық әріптесі Николас Приестпен бірге НАТО-ның 2007 жылғы ғылыми ынтымақтастық саласындағы сыйлығын алды. «Бейбітшілік үшін ынтымақтастық» жобасы аясындағы табысты еңбектері үшін ие болған бұл мәртебелі сыйлық ғалымға Семей полигонындағы радиоактивті ластануларды зерттеу бойынша бірлескен жобасы үшін берілді.

Әлем күннен күнге жақсы жағынан өзгеру үстінде. НАТО сияқты қуатты әскери-саяси ұйымның Diplomacy Dеvіsіоn құрылымының «Бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін ғылым» атты бағдарлама ойлап тауып, ғылыми және экологиялық өзекті мәселелерді шешу үшін ғалымдардың басын қосуға бастамашылдық жасауы соның бір көрінісі. НАТО бағдарламасы алғашқылардың бірі болып, БҰҰ резолюциясының өтінішіне құлақ асып, Семей аймағының қоғамдық және экологиялық мәселелеріне бүкіл ел болып жәрдемдесуге бет бұруға шақыруы өте құптарлық шара.

НАТО-ның аталмыш грантының арқасында Қазақстан ғалымдары көптеген нәтижелерге қол жеткізді. Біріншіден, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, радиоэкологиялық зерттеу жүргізудің әдістемесін жасауға жол ашып берді. Екіншіден, осы зерттеулерді жүргізу үшін ең соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қатар, ҚазҰУ-дің химия факультетінде радиациялық экология зертханасы ашылды. Бұл құрал-жабдықтар мен зертхана зерттеу жұмыстары үшін ғана емес, осы саланың болашақ мамандарын дайындауда да пайдасы зор. Қазірдің өзінде білім ордасында қорғалатын дипломдық жұмыстар осы зертханада жүргізілетін радиациялық жағдайларды зерттеумен тығыз байланысты. Осының арқасында университетте жаңа ғылыми бағыт пайда болды. КСРО кезінде мұндай ғылыммен Ресейдің бірнеше университеті ғана айналысқан болатын.  Бұл күндері ғалым Мұхамбетқали Бүркітбаевтың шәкірттері шетелде өтетін конференцияларға қатысып, өздерінің ғылыми жұмыстарының нәтижелерін ұсынуда.

Мұхамбетқали Бүркітбаев – ТМД бойынша НАТО-ның мұндай жоғары дәрежедегі сыйлығына қол жеткізген үшінші ғалым. Оның ашқан жаңалықтары ұлттық және халықаралық патенттермен қорғалған.

Бүгінде сұранысқа қарай бағасы шарықтап тұрған қуат көзі мұнайдың 2025 жылдан ары қарай экономиканың қозғаушы күшінен тежегішке айналуы оны жаппай тұтынудан тысқары қалдырмақ. Ғылым – қашан да ізденіс алаңы. Сондықтан зерттеулер түбегейлі тың ойларға, өмірде кездеспеген жаңа шешімдерге негізделуі шарт.        

Қазір елімізде білікті маманы мен жоғары технологиясы бар, жоғары сапа стандарты бойынша жұмыс істейтін өндіріс орындары саусақпен санарлық. Міне, солардың қатарын көбейту үшін халықаралық тәжірибе бізге керек-ақ. Әсіресе, менеджмент пен маркетинг саласында. Халықаралық шаруашылық жүйесі өнімділікті үнемі өсіріп, табиғи ресурстарды пайдалануды шектеу қажет екенін меңзеп отыр. Сондықтан бізге инновациясыз даму болмайды. Ал, біздің экономика инновациялық қызметті енгізудің бастапқы кезеңін ғана бастан кешіріп отыр. Негізінен, Қазақстанның кәсіпорындарды басқарудың дәстүрлі жүйесі үдеріс пен мекеме қызметін басқаруға бағытталған. Әлемдегі алдыңғы қатарлы іскер компанияларды алатын болсақ, оларда экономиканы инновациялық дамытуға бағытталған жобаларды басқаруға негізделген.

КСРО-ның ядролық энергия саласындағы бүкіл жетістіктері Қазақстанда басталған. Егемендігін алған еліміз ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Тек бейбіт мақсаттағы ядролық энергияны пайдалануға ден қойды. Бұл әлемдік қауымдастықтан зор қолдау тапты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сындарлы саясатының нәтижесінде Жаңа Қазақстан мемлекеті өзінің атом өнеркәсібі саласын қысқа мерзімде қарыштап дамытуға мүмкіндік алды. Әлемнің алып мемлекеттерінің толық сеніміне ие болған Қазақстан АҚШ, Франция, Жапония, Канада, Қытай секілді елдермен бірлескен кәсіпорындар құру арқылы әлемдік мемлекеттер қатарына қосылуға мүмкіндік алды.            

Қазақстан мұнай экспорттаудан ең жоғары көрсеткішті қамтамасыз еткеннің өзінде әлемдік нарыққа шығарылатын мұнай көлеміндегі үлесі жағынан шешуші қызмет атқара алмайтыны айқын. Ал, әлемдегі ядролық отын пештерінің үштен бірі біздің көмегімізді күтеді. Мойындау, санасу, ықпал ету аймағы ретінде шешуші сөз айту деген осы. Бүгіннің өзінде қолда бар келісімшарттар Қазақстан уранын ұлттық брендке айналдырып үлгерді. Біз уранымызды ұлттық бренд десек, оның салмағын мүлдем азайтқан болып шығамыз. Шын мәнінде, бұл тауар елімізді әлемдік саясаттағы шешуші дауысқа ие қылған нағыз бедел алып берген дүние. Онда Мұхамбетқали Бүркітбаев сияқты ғалымдарымыздың табанды еңбегі бар.

Қазақстандық ғылыми жаңалықтардың өндіріске еніп, қолдау табуына, ең алдымен, мемлекет назар аударуы қажет. Елімізде индустриалды-инновациялық жобаларды өндіріске бағыттайтын бағдарламалар жеткілікті. Реактор атом стансаларын жобалаудан, салудан Жапония, Алмания, Франция әлдеқашан бас тартқан. Олардың қатарына соңғылардың бірі болып АҚШ қосылды. Аталған елдер өмірге қауіпті радиоактивті қалдықсыз қызмет атқаратын, отын ретінде торий элементін пайдаланатын атом стансаларының жаңа түрлерін жобалау жұмыстарына кірісіп кеткен. Қауіпсіздігінен басқа, экономиялық тиімділігі бір тонна торий 200 тонна уранды немесе 3,5 миллион тонна қатты отынды алмастыра алады екен.

Бүгінде адамзат баласы ғылымның жетістігіне ерекше көңіл бөліп отыр. Өткенде Нобель сыйлығын графен атты, бұрын жаратылыста кездеспеген затты зертханада алу тәсілін ойлап тапқан ағылшындық физик ғалымдар иеленді.

Графен – мөлдір, екі өлшемді, жазық, қалыңдығы бір атоммен өлшенетін наноматериал. Ерекше қасиеттері бар аса жеңіл, беріктігі болат құймаларынан 200 есе жоғары, электр тоғын өткізу мүмкіншіліктері шексіз дерлік жасанды графиттің бір түрі. Ғалымдардың пікірінше, алдағы уақытта графеннің табиғатта кездеспеген жаңа қасиеттері ашылуы мүмкін.

2020 жылдан жаппай өндірісте қолданыла бастаған графен бүгінгімен салыстыруға келмейтін қасиеттері арқылы ең бірінші кезекте жоғары технология салалары космос, әуе кемелері, машина жасау, электроника, байланыс жүйелерінен көмір атаулыны түгелдей ығыстырып шығарды. Соның салдарынан болат құймаларын, алюминий, мыс, түсті металдар шығаратын комбинаттар, оларды шикізатпен қамтамасыз етіп отырған кен орындары жұмыстарын доғарады. Экономика институттары, заман талабына сай ғылым жаңалықтарына құлағын түріп отыратын нарық өкілдері графеннің пайда болуына байланысты жуықтағы жылдары көмір кен орындарын іздестіру, барлау және игеру жұмыстарына қажетті инвестицияның көлемі төмендей бастайтынын ескертіп отыр.

Қазақ ғалымының зерттеу жұмыстарына соңғы жылдары әлемдік алып державалардың басшылары да қызыға түсуде. Осыдан бірер жыл бұрын сол тұстағы Германия канцлері Ангела Меркель Бундестагта сөз сөйлеп, қырық жыл бойы атом бомбасы жарылған Қазақстанның осы аймағында халықаралық мұражай ашу жөнінде ұсыныс енгізгені бар. Немістердің ішкі мәселесіне жатпайтын және шығыны шашетектен келетін бұл ұсынысты неміс канцлері не үшін жасады дерсің? Болашағын әріден ойлайтын немістер бұл аймаққа респектабельді «Die Welt» газетінің Норберт Лоссау деген арнаулы тілшісін жіберіп, өзіндік зерттеулер жүргізді. Тілші өз зерттеулері бойынша «Фирмалар атом полигоны аймағынан алтын іздеуде» деген тақырыппен үлкен мақала жариялапты. Болашақта аумағы 20 мың шаршы шақырымды алып жатқан үш аймақ – Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарына адамзат баласының көптеп шоғырлануына үлкен мүмкіншіліктің барын да ашып айтыпты.

Неміс журналистері бұл ойларын қазақ ғалымының айтқан ой-тұжырымдарының негізінде жазып отырғанын да жасырмаған. Жоғарыдағы «Die Welt» газеті бұл тақырыпқа бірнеше рет оралып, түр-тұрпаты қонақжайлыққа жатпайтын осынау табиғат қойнауында орасан зор табиғи байлықтың магний мен алтынның тұнып жатқанын мысалға келтіреді. Бұл тақырыпты Дублин университетінің профессоры Луис Леон Винтро одан әрі дамыта түсіп, «Семей, Павлодар және Қарағанды арасындағы «алтын үштағанда» әлемдік уран қорының 30 пайызы бар, тіпті бұл жерде өте үлкен мұнай қоры да болуы мүмкін» депті.

Міне, бұл жобалардың бәрі профессор Мұхамбетқали Бүркітбаевтың атом полигонының бір бөлшегін ғана зерттеуінде болған жұмыстардың нәтижесі. Егер шетел ғалымдарының бұл ойлары шындыққа айналса, күні ертең Батыс Еуропадан елімізге келетін инвесторлардың қарқыны күшейе түспек.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here