Қарашаңырақта үш жатақхананың құрылысы басталды

0
795

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық унверситетінде студенттерге арналған үш жатақхананың құрылысы басталды. Олардың әрқайсысы 1060 орыннан тұрады. ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңі аясында салынғалы жатқан жатақханалар 2024 жылдың күзінде аяқталады деп жоспарлануда. Студенттерге арналған 9 қабаттан тұратын үш жатақхананың жалпы ауданы 49 703,94 шаршы метрді құрайды, ғимаратты салуға бөлінген аумақ 1,24 гектар.

Айта кетейік, 2022 жылы 1 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қызметімен танысып, ҚазҰУ қалашығы құрылысы ІІ кезеңінің Бас жоспарына үлкен қолдау білдірген болатын. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 7 қараша күні Мемлекет басшысы  Қасым Жомарт Тоқаев білім ордасының Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевты қабылдап, университет қалашығын жаңғырту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Білім алуға келген талапкерлерге жатақхананың әр қабатында заманауи оқу залдары, демалыс орындары, асхана, кофехана, спортзал, тұрмыстық бөлмелері қарастырылып отыр. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі білім алушы жастарға арнайы 132 төсек-орын жобаланған. Унверситет қалашығы құрылысының екінші кезеңі аясында бұдан бөлек 12 жатақхана, 8 оқу корпусы бой көтереді. Басты мақсат – білім алушылар үшін тұрғынжай тапшылығын қысқарту. Жаңа жыл қарсаңында 4 оқу корпусы, қаңтар айында 35 000 шаршы метр емхана құрылысы басталады. Медициналық орталықта поликлиника, медицина және денсаулық сақтау факультеті, стоматология жұмыс істейді. Бұған қоса қызметкерлерге арналған тұрғынжай, инновациялық орталық, IT хаб, спорттық-сауықтыру орталығы т.б ғимараттар салынады. Бұл құрылыс жұмыстары алдағы үш жылға жоспарланып отыр.

«Осылардың барлығы біткен кезде біз оқу, білім-ғылым аясында өзіміздің студенттерімізді, мұғалімдерімізді, жеткілікті жатақханамен, оқу корпустарымен қамтамасыз ететін боламыз. Құрылыс компаниясы жедел түрде іске кірісетіндеріне деп уәде беріп отыр. Келесі жылдың қараша айында бітіреміз деп уәде беріп отыр», – деді Жансейіт Түймебаев.

Қазір университет еншісінде 15 жатақхана бар. Онда оқу ордасының 6 мыңға жуық студенті орналастырылған. Ал, құрылысы басталған студенттер үйі алдағы жылы білім ордасының 90 жылдық мерейтойына орай тәлімгерлерге тарту болмақ.

Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруда, инновациялық өндірісті алға қарай дамытуға қажетті кадрларды дайындайтын негізгі оқу орнының бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық унверситеті. Білім ордасындағы үздіксіз атқарылып жатқан жұмыстар білімді де білікті болашаққа арналған инвестиция.

ИНДИРА БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here