Ұлт ұстазы туралы «Соңғы үкім» тарихи фильмінің түсірілімі аяқталды

0
7881

Семей қаласында Ұлт ұстазы, қазақтың көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Соңғы үкім» тарихи фильмінің түсірілімі аяқталды. Бұл туралы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Баспасөз қызметі хабарлады.

Жобаның түсірілімі 2021 жылы Алматыда басталып, биыл түсірілім процесінің негізгі бөлігі Семей қаласында және Алматы мен Абай облыстарының табиғи нысандарында өтті. Фильмнің тұсаукесері «Қазақ» газетінің 110 жылдығына орай 2023 жылдың 2 ақпанына жоспарланып отыр.

Фильм ХХ ғасырдың басындағы қазақ саяси элитасының ең жарқын көшбасшыларының бірі, қазақ грамматикасының негізін қалаушы, ғалым, ақын және публицист өмірінің қырық жылын қамтитын шағын эпизодтардан тұрады. Киножоба бастауыш мектептің қарапайым оқытушысынан ұлттың ұстазына айналған Ахаңның таңғажайып тағдырына әсер еткен маңызды оқиғалар туралы баяндайды. «Алаш» партиясының негізін қалаушылардың бірі, қудаланған, бірнеше рет қамауға алынған, бірақ соған қарамастан толық драма мен трагедияға толы дәуірде әдемі махаббатқа да орын таба білген күрескердің қиын өмірі көрсетіледі.

Ахмет Байтұрсынұлының рөлін Азамат Сатыбалды сомдады. Сондай-ақ, фильмде Дарья Александрова, Александр Багрянцев, Ерлан Кәрібаев ойнады.

«Байтұрсынұлы – біздің мақтанышымыз. Менің ойымша, біздің жас ұрпақ осындай фильмдерді көруі тиіс. Өйткені, Ахмет ағаның жасаған істері, Алаш Орда қайраткерлерінің ерлігі – бүгін кездеспейтін батылдық. Сондықтан сол кездегі оқиғаларды заманауи көрерменге көрсету керек», – дейді Азамат Сатыбалды.

Түсірілім тобын режиссерлер Ерлан Нұрмұхамбетов пен Ерген Тоқмурзин басқарады. Қоюшы-оператор – Марс Омаров. Бас продюсер – Дастан Атығаев. Сценарий авторы – Ғалым Доскен.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here