Қазақстанның 75 әдебиет және өнер қайраткері мемлекеттік стипендияға ие болды

0
1131

Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен 2023 жылы Қазақстанның 75 әдебиет және өнер қайраткерлеріне мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия тағайындалды. Бүгін Алматыда Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен стипендияны тапсыру рәсімі өтті.

«Мемлекет басшысы мәдениет саласын дамыту мен қолдауға ерекше көңіл бөлуде. Президенттің ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, қоғамды топтастыру жөніндегі бастамаларын жүзеге асыруда шығармашыл зиялы қауым өкілдерінің үлесі зор. Сіздердің ел бірлігі мен тұтастығын нығайтуға қосқан үлестеріңіз зор. Жыл сайынғы мемлекеттік стипендиялардың тағайындалуы мемлекеттің мәдениет, өнер қайраткерлері, шығармашылық қызметкерлер мен жас таланттарға көрсеткен қолдауы мен қамқорлығының дәлелі, сондай-ақ олардың қазақстандық мәдениетті дамытуға және оны әлемге танытуға қосқан үлесін мойындау», – деді министр.

Қазақстан Жазушылар одағы мыңға жуық кәсіби жазушының басын біріктіреді. Жазушы қауымды қолдау министрлік жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді.

2023 жылы ел дамуына қосқан елеулі үлесі үшін 6 қаламгерге «Қазақстанның халық жазушысы», 8 өнерпазға «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілді. «Ұмай» және «Айбоз» ұлттық әдеби-мәдени сыйлықтары мен «Дарын» жастар сыйлығы жыл сайын беріледі.

Мәдениетаралық және ұлтаралық бірлікті нығайту мақсатында алғаш рет әдебиет пен журналистика саласындағы үздік туындылары үшін 11 автор арнайы марапатқа ие болды.

Министр жазушы, ақын, әдебиеттанушы, драматург, публицист, театр, кино және балет актерлері, қолөнершілерге және т.б. стипендия табыс етті.

Мәдениет саласында Қазақстан әдебиеті мен өнерінің шеберлері Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Олжас Сүлейменов, Меруерт Өтекешова, Амандос Ақанаев, Дулат Исабеков және т.б. стипендияға ие болды.

Сондай-ақ, жас таланттарға, соның ішінде Канн халықаралық кинофестивалінің лауреаты Самал Еслямова, скрипкашы Еркебұлан Сапарбаев, суретші Ренат Елубаев және т.б. мемлекеттік қолдау көрсетілді.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here