Шоқтығы биік шығыстанушы ұлықталды

0
2300

Бүгін, 2 желтоқсанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, шығыстанушы ғалым, дипломат Әбсаттар қажы Дербісәлінің туғанына 75 жыл және мемлекет, қоғам және дін қайраткері ретіндегі қызметіне 50 жыл толуына орай «Шығыстану және руханият мәселелері» тақырыбында Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Конференцияға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Президент Әкімшілігі, ҚР Парламенті,  мемлекеттік органдар өкілдері, ҚР-дағы Шығыс елдерінің Елшілік өкілдері, ҚР ҰҒА академиктері, отандық және шетелдік зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғалымдары, дін саласының қайраткерлері және Әбсаттар қажы Дербісәлінің өз шәкірттері қатысты.

«Әбсаттар қажы Дербісәлі «Қазақстанның мешіттері мен медреселері» кітабында еліміздегі тарихи мешіттер, заманауи мешіттер, тарихи медреселер, қазіргі уақытта салынған медреселер жөнінде кеңінен ақпарат берді. Алдағы уақытта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Төралқа мәжілісінде хазіреттің есімін еліміздегі бір мешітке беру жоспарлануда», – деді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы. 

Рас, Қазақстандағы шығыстану ғылымының бастауында Әбсаттар қажы Дербісәлі тұрды. Ол алдымен ҚазҰУ-да Шығыс филологиясы кафедрасын, одан кейін Шығыстану факультетін құрды. Араб тілінің тұңғыш ұстазы, шығыс филологиясы кафедрасының меңгерушісі, шығыстану факультетінің деканы, халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры болды. Жетекші университет өмірбаянының кезеңдері оның есімін шығыстану факультетінің тарихымен тығыз байланыстырады.

Конференция аясында әл-Фараби кітапханасында Әбсаттар Дербісәлі атындағы сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры қамтылған. Шығыстану факультетінде Әбсаттар Дербісәлі атындағы дәрісхана ашылып, салтанатты түрде дәрісхана тақтайшасының лентасы қиылды.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here