Бекмахановты өлімнен арашалаған дәрігер

0
2406

Қазақ даласына жаппай жайылған ашаршылық атақты тарихшы Ермұхан Бекмахановтың жастық шағында да терең із қалдырды. 

1932 жылдары Семейде білім алып жатқан шәкірт Ермұхан қаладағы ауыр көріністі өз көзімен көріп, жүрегімен қабылдауға мәжбүр болды. Ол бұл кезде рабфактың білім деңгейін көтеретін екі жылдық курсына қабылданған болатын. Документалист жазушы М. Сәрсеке «Ноқталанған тарихшы» кітабында болашақ ұлы тарихшының 1932 жылдардағы жай-күйі барынша нанымды суреттеледі.

«…Ақпанның саршұнақ аязы Семей тұрғындарын қыспаққа алған ызбарлы күндерде облыс орталығының кең көшелерінде шұбырған жаяу босқындар қарамы ерекше молайып, ас сұраған аш тобырлар легі қарға адым жер жүргізбейтін болды. Бейшаралардың ұсқыны адам шошырлық. Көбінің жүріп-тұруға халі жоқ, соңдарынан ерген бала-шағаның сұрқы мүлдем сорақы. Кейбірі ағашқа сүйеніп тұрады да, кенет жалп етіп құлайды. Наурыз туа солардың қарамы бұрынғыдан да көбейді. Қары ери бастаған шалшықта серейіп жатқаны бейбақтардың кәперіне кіріп шықпайды. Енді бірі сүлдерін сүйретіп алға жүре түсіп нан сұрайды. Ештеңе тимесе де қолын созған қалпы үміт жетелеп алға жүре түседі…» деп сипаттайды жазушы Семейдегі ашаршылық нәубетті.

Табиғатынан жұмсақ, ел-жұртқа көмектескіш қайырымды Ермұхан Семейдің құм басқан көшелерінде, ағаш түбінде сілейіп құлаған жас жігіттерге көмектесіп, қайтсем де аман алып қаламын деп жан ұшырып жүр. Өзінің кешкі тамағын ашаршылыққа ұшыраған бейбақтарға ұсынып, ауызын тосып бәйек болады. Бірақ, мұнысы суға кеткен тал қармайдының кебі, жанындағы курстас достарының бірі әлжуаз адамның көзін ашып, ары қарап, бері қарап, өліп кеткенін айтады. 

Медеу Сәрсеке. «Ноқталанған тарихшы» (41-бет): «Ертеңгілікте құлаған шерменделер кешке дейін жатады. Өлік жинаушылар арық-тұрақ көлігімен ілбіп жеткенше ешкімнің мәйітте жұмысы болмайды. Ең қиыны, күн озған сайын, әсіресе мезгіл көктемге ауғанда Семейдің құм көшесінде сұлап жатқан мұнақыптар тіпті көбейді. Қала халқы көрмегенсіп өте шығады, бірде-бірі неден демейді. Төрткүл дүниені бейғамдық жайлаған, дүйім жұрттың тіл-аузын буып, мақұлыққа айналдырғандай бейтараптық.

Рабфак тыңдаушылары да бұрынғыдай көшеге шығудан қалды, аш-арық босқындардан сескенеді. Күн сайын еститіні – «өлтіріп кетіпті», «жабыла тонапты», «кісі етін жейтіндер көбейіпті» дескен жантүршігерлік қауесет. Естулерінше, аш жұрт мың-мыңдап іргедегі Алтай өлкесіне кетіп жатыр. Семейдің көпшілік жиналатын алаңдары, палуан күрестіріп, әндетіп, гармонь тартып, кернейлетіп, сырнайлатып, домбыра күмбірлетіп ойын-сауық қыздыратын, қала қазағы мен қыр адамдары қауышатын қымызханалар сауыққой дәстүрінен айнып, өлілер қабірханасына ұқсаған».

Ғасырлар бойы көшпелі өмір салтын ұстанған, жылдың әр мезгілінде қоныс аударып, тіршілік қамымен дәстүрін берік қалыптастырған қазақ халқына бірден отырықшылыққа ауысу, аттан түсіп жаяу жүру сияқты көрініп, азап жағдайдға жеткен. «Жаңа өмір» деген ұранменен жүргізілген одағай социализм саясаты халықты тізеге басып отырып ұжымдық шаруашылыққа аз уақытта жетеміз деумен болды. Бұл саясаттың соңы бағынбағандар үшін ашық қарсылыққа, мойын ұсынғандар үшін аштыққа ұрынды. Тарихи деректерде кездескендей, жүз отбасыны бір жерге жиып, кигіз үйден көше түзіп, қала тұрғызып, бір қазаннан ас дайындап, бір табақтан ас жеуге мәжбүр еткізген әпербақан пиғылдан зардап шеккен қарапайым халықтың өтеуі неде? Қазақ ақыны Ілияс Жансүгіров мұздан қала соғып, көшелерге Калинин, Дзержинскийлердің атын берген сұмдық картиналы шығармасы есіңізде ме? Көктем туа еріп кетті емес пе. Дәл сондай оқиға күллі қазақ даласын шарпып жатты.

Бекмахановтың туған жері, көрікті Баянауылдан босқан елдің көші темір жолды жағалап Семейге жетті дейді. «Курс тыңдаушыларының бірі жантүршігерлік жаманат естіпті: қойны-қонышы мал мен аңға толған ақар-шақар Баянауылда, күні кеше Төртуыл ауылдары мен қалың орманшы, қозғанға (Баянауылдағы ру аттары) құтты қоныс болған жұртта тігерге тұяқ қалмаған; дені көмір ошағы Қарағандыға ауыпты; ал Ертіс жағасына ұрымтал ауылдар Кереку арқылы Славгородқа, енді бір тобы Семейге ауған; ауданның әкімшілік орталығы Баянауылдың өзінде де азық-түлік тапшылығы сезіле бастаған; ал станица іргесіне қоныстанған қазақ ауылдарының халі мүшкіл деседі; көпшілігі жан-жаққа босып кетіпті-міс…

Бұл хабар Ермұхан мен Бәкірдің ақыл-есін есеңгіреткені сонша, түн ішінде шошып оянып, үй-ішін дауыстап шақырып төсектен дүрліге тұратын шатасуға тап етті». Ермұханның курс достары Бәкір менен Сәлкен үшеуі елдегі жағдайға қатты алаңдап, қалайда елді құтқару үшін күндіз-түні ақылдасып, тығырықтан шығар жолды іздейді. Оқу жайына қалды. Бірі «Баянға барып, ауыл-аймақтың аман қалғанын қалаға жеткізейік» десе, екіншілері «Қалай барамыз, немен жеткіземіз? Аяқ артар күш-көлікті қайдан аламыз?» деп дағдарады. Ал Ермұханың бар ойы – «Ойбай-ау, сонда қол қусырып қарап отырамыз ба? Шешем мен қарындасымнан айырылсам − одан кейінгі тірлік қызығы маған қажет емес?!» болды.

Осы кезде Сәлкен бір ақыл айтты: «Баянауыл болысының қазағы, менің әкеммен дос-жар кісі, дәрігер Асылбек Сейітов деген ағаға жолығайық» дейді.

Шындығында Том университетінің дәрігерлік факультетін тәмамдаған, Баяндағы, Қарқаралыдағы ескі емханада сырқаттарды емдеген үлкен жүректі дәрігер Асылбек Жұманұлы бұл кезде Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқаратын еді.

Қатарға Қылыш Бабаев қосылып, төрт шәкірт жексенбі күні Сейітовтің үйіне барып, сәлем береді. Жазушы дәрігерді былай суреттейді: «Бітімі салбыраңқы үлкен мұрнының үстіне ілген көзілдірігі шаңырақтай, шынысы да өзгеше қалың, сонымен-ақ кескін-келбетін айрықша маңғаз етіп көрсетіп тұр. Асылбек Жұманұлының сөзі де, өзі де келісті адам екен». Білімі кенен, ойы терең Асылбек Сейітов елдегі жағдайды Ақтабан шұбырындыдағы қазақ санының азайып кеткенімен салыстырып, ел басына үлкен зобалаң туғанын айта келіп, жастарға қаладан шықпауға кеңес береді. Атақты Шорман әулетінің қызына үйленген бұл дәрігерді жастар алғашқыда таң, тәкаппар деп ойлағаны рас-ты, сөйлесе келе иі жұмсақ, мінезі нәзік жан екенін байқайды. «Баяндағы көрсеқызар жұрт бұл кісіні жөпшеңді адаммен сөйлеспейді, мейлінше паң, өйткені Сәдуақас Мұсаұлы Шормановтың жалғыз ұрпағы, Омбы гимназиясын бітірген Нәфиға сұлуға үйленген, ал Шорман бидің тұқымы аттылы кісіні ауылы маңынан жүргізбейтін, атыңнан түсіп, жаяу бармасаң – салт атты жүргіншіні ұстатып алып, сабап жіберетін одағай әдетке ертеден үйір деген сықылды қауесет айтатын-ды. Сол лақапты шәкірт жігіттер де естіген. Сөйтсе, паңдығы әншейін сөз екен», – деп жазады автор.

Шәкірттер болса жастық көңілмен ашаршылыққа ұшыраған халықты қайтсек құтқара аламыз деген ойларын да ірікпей айтып, дәрігер ағаларынан көмек сұрайды. А. Сейітов болса, бұл нәубеттің кең жайылып кеткенін ескеріп, сөзін қолдан келер шара жоққа келтіреді. Басын шайқап, дәрменсіз екенін аңдатады, алайда мына апаттан әркім өзі үшін жанталасып, аман қалып, жан сақтауға ұмтылмаса, барлығы да опат болатынын сездіреді. Дәрігер өзі қалаға сүлдері құрып жеткен бейкүнә жандарды ауруханаға алғызып, әр жерде асхана ашқызып, дәрігерлік көмек ұйымдастырғанын білдірсе, екіншіден, үйдегі асыл жары Нафиға Садуақасқызы Шорманованың алтын жүзік, сағат, сырға, шашбау және қаншама асыл бұйымдарды «Торгсин» айырбас пунктіне өткізіп, қолына тиген талонға азық-түлік алып, аш мүскіндерге үлестіріп жүргенін айтады. Әрине, бұл жыртық көңілге жамау болардай аз ғана әрекет болғанымен, жан жылытатын, жылу сыйлайтын, қамкөңіл жанның көңілін аулайтын шапағатшыл рәуіш болатын. 

Осы бір ауыр күндерді Алаш қайраткерінің қызы Роза Асылбекқызы былайша еске алады: «1932-1933 жылдардағы ашаршылық жылдары есімде. Біздің үйді аштыққа ұшыраған жерлестер тауып жеткен. Әкем мен шешем оларды орналастырып, қандай да бір жолмен көмектесуге тырысты. Олардың көбі бізге сонау Баянауылдан келген. Бұлар туыстар емес, жай ғана жерлестер еді. Анам әкеме шығын келтірмеу үшін отбасындағы алтын-күмістерді «Торгсинке» берді. Тек сонда ғана бұл кісілерге маталар мен аяқ киім алуға болатын… Олардың арасында Жантеміровтер де болды, кейін екеуі де зейнеткер, соңғы кезге дейін партияның Орталық Комитетінде жұмыс істеген адамдар еді».

А. Сейітовпен кездесуден кейін Ермұхан елдегі жағдай мен отбасындағы оқиғалар жайсыз тигендіктен болар, жатақханасына құр сүлдері әрең жетіп, құлап түседі. Содан бас көтермейді, күндіз теріс қарап жатып алса, түнімен аһілеп-уһілеп дөңбекшіп шығады. Сабаққа бара алмайды, нәр сызбағалы үш-төрт тәулік өтеді, тіпті сөйлеуден қалады. «Бәкір шыр-пыр етіп жалынса да, Ермұхан безерген қалпынан өзгермеді. Бір нәрсенің шалығы соққан кісіше тісін ырситып, басын шайқайды да, кенет көз жасын көлдетеді. Тек ләм-мим деп тіл қатпайды». Бесінші күн дегенде рабфак жатақханасына ақ халат киген екі-үш адам келіп, аштықтан әбден әлсіреген, ақылы да аза бастаған жас жігітті көтеріп ала жөнеледі. Өстіп олар науқасты тура Асылбек Сейітовтің алдына әкеледі. Ал дәрігер болса, шәкірттің неліктен аяқ астынан ауырып қалуының себебін білетін болып шығады. Оның білуінше, Баяндағы «Төре ауылының жұртында қалған үлкен-кішіден бұл фәниде тірі қалғаны – некен-саяқ, өйткені қар ери бастаған кезде ауыл адамдары Керекуді бетке ұстап жолға шыққан, бірақ бірде-бірі Ертіс жағасына іліге алмаған, қай жерде опат болғаны белгісіз, сол шерменделердің бірі – Бекмахан марқұмның бәйбішесі Бәпіш пен бүлдіршін қызы…» Демек, осы бір жаманат хабарды Ермұхан естіген болып тұр ғой.

Ермұханның басындағы ауыр халді, көңіл күйін жазушы: «Екі жылда айналасы тып-типыл болып, отбасынан сопиып жалғыз қалғанын сезіну − буыны қатпаған бозбала үшін ауыр соққы. Тас қараңғы түнде ұйқысы қашып, әрлі-берлі аунап жатады да, шашы тақырлап сыпырылған жалтыр басын жамылғышқа тығып алып тежеусіз өксиді. Дыбысын шығармай қыстыға булығып, опасыз дүниеге лағнет айтады. Осы нәубетті қолдан жасаған өкімет адамдарының да сыбағасын аямай береді. Оның соңы өзін сыбауға ауысады: «Оқу қуып неге кеттім туған үйімнен, Жасыбайдың шабақ балығын ауласам да, Қарағаштан құр ұстасам да шешем мен құртақандай қарындасымды асырайтын едім ғой…» деген ащы өкінішке ұласады. «Жарық дүниеге шыр етіп келгелі тартқан бейнеті аз ба еді? Құртақандай Қамияшымның жазығы не? Қу медиен далада жер жастанған шерменделерден менің нем артық, жападан-жалғыз сопиып жүріп кімге керекпін?..» – деген уайыммен де өзін-өзі мүжумен болады» деп сипаттайды.

Ермұханның денсаулығын қадағалаған фтизиатр дәрігер жас жігіт өкпе дертінің «каверна» аталатын ауыр түріне ұшырағанын айтады. Одан айығу үшін күшті тамақ, таза ауа, дәру қымыз керек болады. Жас шәкірт екі жатып емделеді. Әуелі өкпедегі тесіктің аузы бітеліп, қақырықпен түсетін қан тыйылады. Бұл – ауыр сырқаттың бетінің ары қарағанының белгісі. Алғашқыдай емес, айналаға сергек көңілмен қарай бастаған күндердің бірінде науқас физинституттың бас дәрігерінің екінші қабаттағы кабинетіне шақырылады. Жауапты болып арнайы бөлінгендей, емдеуші дәрігердің жиі-жиі тексеріп, өкпесінің сырылын тыңдап, айырықша қамқорлық танытып жүруінің сырын бас дәрігерді көргенде түсінеді. Сөйтсе, өзіне қамқорлық жасап жүрген Асылбек ағасы екен. 

«– Ал, бауырым, халің нешік? Қайтсем де алам деп келген бір ажалдан аман қалдың білем, – деді Асылбек Жұманұлы кабинетте оңаша қалған сәтте жас өреннің шыр жүгіре бастаған өңіне қадала қарап. – Рақметті маған емес, достарыңа айт. Сырқаттанып қалғаныңды маған олар дер кезінде хабарлады. Ал сені аяғыңнан тік тұрғызған доктор Елизарьев – менің ескі досым, Том шәрінде бірге оқығанбыз, өкпе ауруының ірі білгірі. 

– Сөзіңізге құлдық, ағасы. Мен тап болған ауыр жағдаят – достарым түгілі дұшпанымның басына тілемейтін кесапат. Тірі жүрсем – ерте ме, кеш пе, маған көрсеткен қамқорлығыңызды қайтарамын, Асылбек аға… 

– Мен дәрігерлік парызымды өтедім, маған қарыз емессің… Ал өкпеңдегі ауыр кінараттан айыққың келсе, Ермұхан інім, екі нәрсені есіңде ұста: біріншісі, емдеуші дәрігеріңе имандай сеніп, қолданған емін бұлжытпай қабылда… 

– Қабылдады деп біліңіз, ағасы. – Екінші, күйректікке түспе. Өзіңе сен! «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп Абай дана да бекерге айтпаған. Сен тап болған қиын ахуалды бүкіл халық басынан кешіп отыр. Күйректікке салынып, өмірден түңілу – саған әлі ерте. Сен енді өзің ғана емес, бұрнағы жылы осы аурудан көктей орылған Дінше ағаң үшін, биылғы апатта жер жастанған анаң мен бүлдіршін қарындасың үшін де өмір сүруің қажет! Ұқтың ба, өмір сенен сырт айналса, сен де оған: «Ал не істейсің маған?!» деп қарсы тұр. 

– Бұған да ойландым, аға. Өмірге құштарлығым жетеді!..»

Осы әңгімеден кейін дәрігер Асылбек Сейітов Ермұханды облыстық денсаулық бөлімі ашқан «Ауыл» бекетінің іргесіндегі курортқа жібереді. Онда қымыз, сүт ішіп, тұмса табиғаттың озоны көп саф ауасын жұтып, өкпеңді шынықтыратыны жайлы күшті кеңестер айтады. Ал сабағың үздік болуына орай рабфак жетекшісі кеңшілік жасап, шәкірттің емделуіне уақыт береді деп жолға салады. Күзге дейін сонда болсаң, дертіңнен құлан-таза айығып, ораласың деп үміт пен жігер сыйлайды.

Осылайша бір жағы ашаршылық, екінші жағы ауыр науқас әбден қалжыратқан жас шәкірттің өмірін сақтап, кейінгі қазақтың ұлы тарихшысына айналған Ермұхан Бекмахановтың тағдырында Алаш қайраткері, дәрігер, биыл туғанына тура 130 жыл толатын тарихи тұлға Асылбек Жұманұлы Сейітовтің орны айырықша.

«Ауыл» курортынан оралған бетте Асылбек Жұманұлының үйіне сәлем бере барған Ермұханға ардақты Алаш зиялысының берген ақылы да оқуға байланысты болған: «Қысқа курстар жас адамға тиянақты білім бермейді, жүре оттаған құр аттай саяқ болып шығасың. Нағыз терең білім −  университет пен арнайы институттарда. Жас күніңде ғылым бұлағынан мейірің қанғанша сусындауың қажет, Ермұхан қарағым…»

Е. Бекмаханов жұмысшы факультетін 1933 жылдың шілде айында ойдағыдай тәмамдап, тиісті куәлік алған соң, білім сапарын ары жалғап, терең білім мен білікке ие болу үшін үлкен өмір жолына түседі. Алда оны әйгілі Халел Досмұхамедұлы күтіп тұр еді.

Заңғар КӘРІМХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here