Ғалым тұғыры 

0
1054

Биология ғылымының докторы, профессор, Ресей Жаратылыстану академиясының академигі, Халықаралық Жаратылыстану академиясының толық мүшесі, Н.И.Вавилов және В.И.Вернадский атындағы медальдардың иегері Жайлыбай Келіс Нұрмашұлы биыл 3 шілде күні өмірден өтті.

Келіс Нұрмашұлы 1936 жылы 1 наурызда Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы «Еңбекші»  ауылында  дүниеге келген. 1961 жылы  Қазақ ұлттық университетінің Биология-топырақтану факультетін, «Өсімдіктер физиологиясы» мамандығы бойынша бітірген. 1965-1969 жылдары Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер, 1969-1992 жылдары Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтында (Арал өңірі агроэкологиясы және ауыл шаруашылығының ғылыми-зерттеу институты) аға ғылыми қызметкер, лаборатория меңгерушісі, 1992-1997 жылдары Қызылорда мемлекеттік университетінде доцент, 1998 жылдан «Биология, география жне экология» кафедрасында оқытушы болды.

Негізгі ғылыми еңбектері Арал өңіріндегі күріш дақылының фотосинтезі және фотосинтетикалық өнімділігі теориясы мен күріштің жаңа сорттарының морфофизиологиялық әдістемелерін жасауға арналған. Тұзданған жерлерде күріш өсірудің сорттық жаңа жетілдірілген технологиясын тұжырымдап, өндіріске енгізді.

2004 жылдан Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінің  «Биология», «Экология» кафедрасының профессоры, Педагогикалық жұмыста жоғары білікті маман-лектор екенін көрсетті, дәрістерін терең ғылыми-теориялық деңгейде қазақ және орыс тілінде жүргізді.

К.Н. Жайлыбай белгілі күрішші ғалым, өсімдіктер физиологиясы, агрономия, ботаника, экология саласының маманы. Арал өңіріндегі негізі астық дақылдары: күріш, бидай, арпа, сұлы дақылдарының фотосинтезін, морфофизиологиясын, анатомиясын терең зерттеу нәтижесінде:

-өсімдіктердің фотосинтетикалық өнімділігі теориясын күріш мысалында одан әрі дамытты және ең жоғары әрі сапалы дән өнімінің қалыптасу теориясын тұжырымдады;

– ең жоғары дән өнімін беретін күріш, бидай, арпа, сұлы, түйежоңышқа агроценоздарының (егістіктерінің) параметрлерін анықтап, моделін жасап шығарды;

– күріштің жоғары өнімді сорттық үлгілерін бағалап сұрыптайтын жаңа морфофизиологиялық әдістемелерін жасап шығарды және олар Қазақстан Республикасы патенттерімен қорғалған;

– тұзданған жерлерде күріш өсірудің сорттық жаңа жетілдірілген технологиясын тұжырамдап, өндіріске енгізді. Бұл жаңа технология Қазақстан Республикасы патентімен (№9029) қорғалған;

– Арал өңіріндегі суармалы егіншілік жағдайында ерте дәнді дақылдарды (бидай, арпа, сұлы) өсіру технологиясын жетілдіріп, өндіріске енгізілді.

Астана маңында ағашты өсімдіктерді өсіріп, орман жасатқан және қаланың, елдің экологиялық жағдайын жақсарту жөніндегі Елбасының идеясын жүзеге асыруда профессор К.Н. Жайлыбай бастамашы  болып, күшті фотосинтездеуші әрі ұзақ жыл өмір сүретін арша, емен, акация, үйеңкі, бозарша (туя), сирень өсірудің ең арзан әдістемесін дайындап мектептерде өсірді.

Профессор Келіс Жайлыбайдың басшылығымен 2 ғылым докторы, 2 магистр дайындалды. Жайлыбай 160 ғылыми еңбектің, Республикалық, шетелдік журналдарда, ағымдық басылымдарда 41 ғылыми еңбегі жарияланды, соның ішінде 6 монография, 2 оқулық, 7 оқу құралы, 12 кітапша (брошюра), күріш және дәнді дақылдар егіншілігі өндірісіне 15 ұсыныс, өнертабысқа  берілген 3 патенті бар. Олар өндірісте енгізілген.

Оның монографиялық  еңбектерінің мазмұны, ғылыми зерттеу нәтижелері, өнертабыс және өндіріске ұсыныстары Республикалық  және халықаралық конференцияларда баяндалып талқыланды.

Келіс Жайлыбайдың ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелері Қазақстанның ауыл шаруашылық ғылымына, агрономия, селекция, биология, экология ғылымдарына елеулі үлес қосты. Осыған байланысты Ресейдің  Жаратылыстану Академиясы Президиумының шешімімен (22.12.2015) биология, экология, генетика, селекция, өсімдіктер шаруашылығы ғылымдарына зор үлес қосқаны үшін Н.И. Вавилов және В.И. Вернадский атындағы медальдармен марапатталған.

Қазіргі кезінде Елорда маңында орман жасатқан Елбасы өнегесін, идеясын ауылдық  жерлерде жүзеге асыру мақсатында профессор К.Н. Жайлыбай Қазақ ұлттық   қыздар педагогикалық университетінің және Орталық Азия университетінің студенттеріне, Жамбыл, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандарының  мектептеріндегі биология, география, экология мамандығы мұғалімдері мен оқушыларына күшті фотосинтездеуші әрі ұзақ жыл өсетін емен, арша, акация, үйеңкі, бозарша (туя), сирень ағаштарын тұқымынан өсірудің ең арзан әдістемесін үйретіп, семинарлар өткізген, аталған ағаштары жыл сайын көптеп өсірілуде. Қазақстанның экологиялық жағдайын жақсартуға, жастарды экологиялық патриотизмге тәрбиелеуде өзіндік үлесін қосты. Алматы қаласы әкімнің шешімімен К.Н.Жайлыбай «Үздік көгалдандыру-2016» байқауының «Алматы қаласын көгалдандыру бойынша үздік жоба» номинациясында 2-орын жеңіп алған.

Келіс Нұрмашұлы көктем басталысымен сенбілік ұйымдастырып, студенттерін, магистранттарын осы қаланың көптеген жерлерін  көгалдандыруға жұмылдыратын. Тіпті мектеп оқушыларын да қатыстырып, оқушылар қызығушылық танытып, университеттің ғылыми конференциясына қатысып, баяндамалар жасап, жүлделі орындар алып жүрді.

Қыздар  университетінің  ауласында Келіс Нұрмашұлының ұйымдастыруымен  отырғызылған ағаштар қазір жайқалып өсіп тұр. Алатау бөктеріне де жастарды жұмылдырып көптеген алқапты көгалдандыруға ат салысты. Бұның бәрі нағыз отан сүйгіштік, елін, жерін қорғау әрі тәрбиелік маңызы бар үлкен істерге бастама деп білеміз.

Бұл фәниде мәңгілік ештеңе жоқ. Жылдар өтеді, ұрпақ ауысады, тек мәңгілік болып қалатын бір ғана нәрсе, ол – ақ-адал еңбегіңмен елге, халқына, кейінгі ұрпаққа қалдырған «қолтаңбаң» ғана.

Келіс Нұрмашұлы өзінің қолтаңбасын ойып тұрып қалдырды деп айтуға толық құқығымыз бар.

Тілеужан ӘБІШЕВА,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің доценті,

Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісінің иегері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here