Заманауи білім мен ұлттық құндылықтарды үйлестіру –  басты бағдарда – Алуа Таңжарықова

1
1185

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне қарасты Филология институтының директоры Алуа Таңжарықовамен аталған институттың өткені мен бүгіні, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ғылыми-әдістемелік орталығы, өңірлік ЖОО-мен екіжақты келісімдер негізінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы және бүгінгі студенттер туралы ашық әңгімелескен едік.

«Филология институты – сөз өнері мен мәдениетін
оқытатын нағыз шеберхана»

– Алуа Василийқызы, әдетте жыл басталғанда өткен жолымызға қайырылып бір қарап, сонан соң жаңа бастамалар туралы ойлана бастаймыз. Әңгіме басында өзіңіз басқаратын институттың тарихына қысқаша шолу жасап өтсеңіз?

Абай университетінің Филология институты тіл мен әдебиетті, сөз өнері мен мәдениетін оқытатын нағыз шеберхана болып табылады. Мұнда алынған білім мен тәжірибе білім алушылардың өзін танытуына және тұлғалық қалыптасуына мүмкіндік береді. Филология институтының тарихы университет тарихымен біте қайнасып жатыр десек артық айтқандық емес. Ең алғаш 1928 жылы университетте физика-математика және лингвистика-педагогика бөлімдерінен тұратын жалғыз факультет болып ашылған. Кейіннен ХХ ғасырдың 30-шы жылдары лингвистика бөлімінің базасында филология факультеті ашылып, дерек бойынша оған 49 студент қабылданады. Өткен жылы қара шаңырақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 95 жылдық мерейтойын атап өттік. Яғни, бұл – Филология институтының да 95 жылдық тарихы бар деген сөз. Факультеттің іргетасын алаш зиялылары А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанұлы, С.Сейфуллин, С.Аманжолов, М.Әуезов және т.б. көрнекті ғалым-қайраткерлер қалаған болатын. Факультет болып ашылғаннан бастап ғылыми-зерттеу қызметі, педагог маман дайындау дәстүрі қалыптаса бастады. Осы жолда С. Қирабаев, Т. Абдрахманов, Р. Сыздық, Н. Ғабдуллин, Ғ. Қалиев, Н. Келімбетов, Х. Әдібаев, Н. Оралбаева, Ф. Мұсабекова, Д. Әлімжанов, Р. Рүстембекова, Т. Рақымжанов, С.Мақпыров, Т. Тебегенов т.б. елімізге белгілі ғалымдар еңбек сіңірді. Қазір де институтымызда М. Мырзахметов, Б.Әбдіғазиұлы, С. Асылбекұлы, Б. Сманов, Ж. Абуов, Т.Қонысбаева, Ж. Шойымбет, Б. Қасым, Ф. Оразбаева, Ж. Балтабаева, Г. Қосымова, М. Қондыбаева, Р. Шаханова, С. Жүнүсова, М. Мұсатаева, Д. Шайбакова, Т. Аяпова, Қ. Есенова, Р. Рахметова, А. Жұмабекова, Р.Арзиев, Х.Масимова сынды оқулық және білім беру беру бағдарламаларының авторлары жұмыс істейді. Сондықтан да институт тарихын айтқанда көкірегімізді ерекше мақтаныш кернейді.

– Расымен де институт тарихы бай екен. Институттың тағы қандай жетістіктерін айта аласыз?

Тарих – біздің өткеніміз бен бүгініміз. Бүгінде жаңа бастамалар да жоқ емес. Ең алдымен Институттың атауы мен логотипі өзгертіліп, бекітілді. Институттың бұрынғы атауы Филология және көптілді білім беру институты деп аталатын. Институтымыздың  бай тарихына үңілсек, атауы бірнеше рет өзгертілгендігін көреміз. Соңғы рет 2013 жылы «Шет тілі факультеті» мен «Филология факультеті қосылып», «Филология және көптілді білім беру институты», ал 2022 жылы «Филология институты» болып өзгертілді. Бұрындары тәуелсіз аккредиттеу агенттіктерінің рейтингісіне, республика бойынша түлектердің жұмысқа тұру деңгейі бойынша «Атамекен» рейтингісіне қатысатын болсақ, қазіргі таңда халықаралық QS World University Rankings by Subject рейтингісіне қатысудамыз. Институтта дайындалатын «Ағылшын тілі мен әдебиеті» мамандығы 2023 нәтижесі бойынша осы рейтингте әлемдегі үздік 100 жоғары оқу орнының тізіміне енуі – үлкен жетістік,  әрине! Сонымен қатар институтымызда 2022 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы оқу-әдістемелік орталық ашылған болатын. Аталған орталық та қазіргі таңда білім алушылардың ғылыми-әдістемелік жұмыстарын оңтайландыруымен айналысып отыр.

«Біздің орталық Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйімен
ынтымақтастық қарым-қатынас орнатты»

Жоғарыда өзіңіз атап өткен А.Байтұрсынұлы атындағы ғылыми-әдістемелік орталықтың ашылуы мен қазіргі таңда атқарып отырған жұмыстарымен таныстырып өтсеңіз…

– Филология институты жанынан Ұлт ұстаздың 150 жылдық мерейтойына орай А. Байтұрсынұлы орталығы ашылған болатын. Орталық ашылғаннан бері халықаралық вебинар, ғылыми-әдістемелік онлайн/офлайн семинар, республика, қала және университет деңгейінде интеллектуалды сайыстар, ғылыми жобалар байқауы, әдеби-танымдық кештер, кездесулер және тағы басқа мазмұнды іс-шаралар өткізіліп отырады. 2022 жылы Түркия Республикасы Элазыг қаласындағы Фырат университеті, Татарстан Республикасы (Ресей) Қазан федералдық университеті және Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университеті, Гүлстан мемлекеттік университеті, Шыршық педагогикалық университеті, Қарақалпақстан Республикасындағы Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институттарымен бірлесіп, авторлық бағдарлама негізінде бірнеше іс-шаралар ұйымдастырылды. Орталыққа ғалымның архивтік құжаттарын жинақтап, ғылыми еңбектерінің электронды қоры жасақталды. Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйімен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатылды. Халықаралық деңгейде «Ахмет Байтұрсынұлы – түркі әлемінде» рубрикасы бойынша онлайн/оффлайн форматта семинар ұйымдастырды.  «Ахмет оқулары», «Ұлт Ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы», «Ахметтің жыр әлемі» сияқты танымдық тақырыптарда іс-шаралар ай сайын өткізіліп отыр. 2023 жылы студенттер арасынан  «Ұлт Ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы» атты интеллектуалды байқау өтсе, осы жылдың күзде «Түркі тілдерінің қарым-қатынас мәдениеті» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық семинар ұйымдастырылды. А.Байтұрсынұлы орталығы жұмыстарын  жоспарға сәйкес жүйелі, тұлғатану бағытында  жалғастыруда.

– Студенттерге заманауи білім беру және уақытқа сай жан-жақты тұлға қалыптастыру кез келген оқу орының стратегиялық мақсаты. Филология институтында бұл маңызды мақсат қалай жолға қойылған?

– «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды», – деп даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлы айтқандай институттың басым бағыттарының бірі – студенттерді қоғамдық өмірге бейімдеу. Біздің студенттеріміз университеттегі қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, университет жастарының көш басында жүр десек артық айтқандығымыз емес. Атап айтар болсақ, университетте ұйымдастырылатын түрлі форматтағы шаралар, спорттық, білім және тәрбиеге қатысты шараларда үнемі бой көрсетіп отырады. Институтта студенттердің ғылыми-шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында ғылыми-танымдық, тәрбиелік мақсатта үйірмелер жұмыс істейді. Одан бөлек 2020 жылы институт ішінен «Күлтегін» шығармашылық бірлестігі құрылған болатын. Ондағы мақсат –  шығармашылық және белсенділік қабілеті жоғары өнерлі студенттердің тұлға болып қалыптасуы мен өзін-өзі жан-жақты дамытуына жол ашу, аталған бірлестіктің құрамына кіретін барлық үйірмелердің жұмысын бірізге келтіру негізінде қолға алынды. Бұл бірлестік 6 бағыт бойынша (медиа, журналистика, театр, спорт, ән, би) топшаларға бөлінеді және сол бағыт бойынша жұмыс жасайды. Институт табалдырығын аттаған студенттер өз бағыттары бойынша осы үйірмелерге жазылып, одан әрі өзін-өзі дамытуды қолға алады. Бұл бірлестіктің нәтижелі жұмыс жасап келе жатқаны университетімізге де белгілі. Былтыр «Күлтегін» бірлестігінің «Үркер» ұйымы Семей қаласында өткен жас театрлар арасында бас жүлдені жеңіп алды. Одан бөлек біздің университетте ұйымдастырылған шарада 8 университет жастарының арасында тамаша қойылым көрсетіп, «Үздік қойылым» номинациясын иеленді. Сондай-ақ журналистика және медиа топтарындағы студенттеріміз елімізде түрлі сала бойынша өлшеусіз үлес қосқан қоғам қайраткерлерімен кездесулер ұйымдастыруға мұрындық болып жүр.

«Бүгінгі студент – ертеңгі маман»

– Институтта жалпы білім беру бағдарламалары қанша тілді қамтиды?

– Бүгінгі таңда Филология институты қазақ, орыс және ағылшын тілін оңтайлы үйлестірген классикалық және заманауи білім беру ошағына айналып отыр. Қазіргі таңда Институтымыздың контингенті 3777 білім алушыны құрайды. Жылдан-жылға білім алушылар саны да артып келеді. Бұл Институтта даярлайтын мамандықтарға сұраныстың жоғары екендігінің көрсеткіші деп ойлаймын.  2021 жылы «Ағылшын тілін меңгерген шығыс тілі мұғалімі, корей тілі» білім беру бағдарламасы бойынша мамандық ашқан болатынбыз. Ашылған жылы-ақ бұл мамандыққа 56 білім алушы қабылданса, биылғы жылы 300-ге тарта студент білім алып отыр.  Бұл аталған мамандыққа деген сұраныстың жоғары екендігін көрсетсе керек. Сонымен қатар, Институтымызда бірінші және екінші тіл ретінде ұйғыр, түрік, араб, қытай, француз, неміс тілдері оқытылады. Стратегиялық жоспарымызда негізгі миссия ретінде озық әдістемелер, ұлттық мұра және әлемдік тәсілдер негізінде қазіргі заманғы білім беру қажеттілігін болжайтын педагогтарды дайындаймыз деп нақты жазылған. Яғни, мұғалім мамандығының беделін арттырамыз және адами капиталды дамытудың драйвері болуды көздеп отырмыз. Осы мақсатқа жету үшін білім беру бағдарламаларының сапасына айрықша мән береміз. Филология институтында жалпы саны 27 білім беру бағдарламасы бар. Бакалавр бойынша – 13, магистратурада – 7, докторантурада – 7.

Бүгінгі студент – ертеңгі маман. Біз маман дайындауда осы өлшеммен қараймыз. ХХІ ғасыр жағдайында табысты және бәсекеге қабілетті болу үшін, әр студент, әр азамат еңбек нарығында талап етілуге тиіс. Қазіргі білім беру жүйесінде студенттерді сыни ойлау, шығармашылық ойлау, қарым-қатынас жасай білу, командада жұмыс істей білу дағдыларын дамытуға т.б. басымдық береді. Негізінен педагог мамандарды дайындап отырғандықтан білім алушылардың бойына бастамашылдықты, табандылықты, көшбасшылық қасиеттерді, әлеуметтік және мәдени байлықты жетілдіруді көздейміз. 

– Қазір шығармашылықпен, ғылыммен айналысамын деген жастарға университетте барлық жағдай жасалған десек, артық айтқандық емес. Сіз басқаратын институтта бұл мәселе қалай шешілген? Қазіргі таңда қандай ғылыми жобалар жүзеге асырылып жатыр?

– Филология институтында студенттердің ғылыми-шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында бірнеше ғылыми үйірмелер жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Сөзтаным», «Тілтаным», «Тағылым», «Жас филолог» клубтары, «Ағылшын тілі 21 ғасырда» және т.б. Сонымен қатар, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ғылыми-әдістемелік орталық ашылып, жұмыс істеуде. Аталған үйірмелердің, орталықтың өз бағыт-бағдары мен ережелері, бекітілген жоспарлары бар. Сол бойынша үйірме жетекшілері студенттердің ғылыми ортаға бейімделуіне мүмкіндік береді. Кез келген үйірменің мақсаты – жас ғалымдарды ғылыми зерттеулердің жаңа бағыттары бойынша конструктивті пікір алмасуға шақыру.

Студенттер 1 курсқа қабылданғаннан бастап, өздерінің қызығушылығына қарай, әлеуетіне байланысты аталған үйірмелердің біріне мүше болады, жетекші таңдайды. Алдымен институт ішінде өтетін байқауларға, конкурстарға, конференцияларға қатысады. Оның жеңімпаздары республикалық, халықаралық байқауларға жолдама алады. Мәселен, өткен жылы 30-ға жуық студент пен магистрант республикалық-халықаралық деңгейдегі конкурстарға қатысып, I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталғанын мақтанышпен айтамыз.

Жылда студенттер мен магистранттардың дәстүрлі конференциясын ұйымдастырамыз. Өткен желтоқсан айында «Жаңа формациядағы педагогтің рөлі: озық білім, өнегелі тәрбие» тақырыбында 78-ші ғылыми конференция өтті. Дәстүрлі конференцияның тақырыбына қашанда ерекше мән береміз. Мәселен, соңғы конференция тақырыбын Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Республикалық педагогтер сьезінде көтерген мәселесін басшылыққа ала отырып ұйымдастыруды жөн көрдік.

Білім алушылардың ғылыммен айналысуы ең алдымен оның жетекшісіне байланысты. Студенттік кезеңде ғылымға бейімі бар білімалушылар магистратураға түскен соң ғылыми жетекшісінің қол жеткізген университетішілік немесе ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған жобаларға мүше бола алады. Мысалға айтар болсақ, «Қазақ көшпелілерінің өміріндегі жылқының рөлі және оның ұлттық әдебиеттегі көркем репрезентациялануы» жобасына магистранттар Айымжан Казтаева мен Абдул Абдулкәрім жоба орындаушысы болып тіркелген.

Профессор-оқытушы құрамының ғылыми-зерттеу жұмысы саласындағы жетістіктері де өз алдына бір төбе. Институттың профессор-оқытушылары ҚР ҒЖБМ қаржыландыратын 2022-2024 жылдарға арналған 4 ғылыми жобаны (жетекшілері: Ф. Оразбаева, Қ. Есенова, Г.Асқарова, Д.Сабирова), 2 «Жас ғалым» жобасын  (жетекшілері: М.Абилов, Ж.Саметова) жеңіп алса, 2023-2025 жылдарға арналған 3 ғылыми жобаны (жетекшілері: А.Жұмабекова, Г.Байшүкүрова, Ф.Ержанова), 2 «Жас ғалым» жобасын (жетекшілері: К.Абдрахманова, Д.Сатемирова) ұтты. Халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру бойынша үлкен нәтижеге қол жеткізілді! Атап айтқанда, Халықаралық ERASMUS+ бағдарламасы, Корея Білім академиясының гранты және Түркия зерттеу орталығымен бірлескен зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Ғылыми мақалалар жариялау бойынша да нәтижелеріміз жақсы. Әсіресе, Scopus мәліметтер базасына кіретін журналдарда 2023-2024 оқу жылында 26 мақала жарияланған. Процентилі 50-ден жоғары мақала авторлары ретінде ф.ғ.д., профессор Әбдіғазиұлы Б., ф.ғ.д., профессор Таңжарықова А., Ф.ғ.д., доцент Ильясова Н.А. ф.ғ.к., профессор Жүніс М.Ә., Ph.D. Молдағали Б., Ф.ғ.д., профессор Есенова К.У., П.ғ.д., профессор Балтабаева Ж.К. ф.ғ.к., профессор Кобланова А.Ж. ф.ғ.д., профессор Абишева С.Д., ф.ғ.к., Байшукурова Г.Ж., ф.ғ.к., доцент Маймакова А.Д., PhD Саметова Ж.Ш., ф.ғ.д., профессор Сафронова Л.В., ф.ғ.д., профессор Шайбакова Д.Д., ф.ғ.д., профессор Шаханова Р.А., аға оқытушы Ораза Р.К., PhD Байсыдық И. ғалымдарымызды ерекше атап өтуге болады. Ғылыми-зерттеу университетіне көшкендіктен профессор-оқытушылар құрамының ғылыми әлеуетіне біз үнемі мән береміз.

«Мектеппен байланыс – талапкер таңдаудан басталады»

– Қазіргі таңда «мектеппен байланыс» мәселесі өте өзекті болып тұр. Мысалы, институт филиалын мектепте ашу жоспарда бар ма? Бар болса, ол қандай бағытты қамтиды?

– Мектеппен байланыс – маман даярлау, талапкер таңдаудан басталады. Жоғары оқу орындары мен мектеп арасындағы байланысты жетілдіру – бүгінгі күннің талабы. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев «… біз, кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағыттағанымыз жөн», – деген болатын. Бұл университет стратегиясының мызғымас бір бөлігі. Сондықтан да мектеппен байланыс орнату, бірлесе республикалық деңгейде әдістемелік семинарлар ұйымдастыру, студенттерімізді аудан, қала көлеміндегі мектептерден практикадан өткізу жұмыстары үздіксіз орындалып келеді. Бүгінде маман дайындау тек университет базасында ғана болу керек деген заңдылық жоқ. Орта білім беру мен жоғары білім беру мекемелері бірлесе дайындайды, ол – заман талабы. Осы мақсатта филология институтына қарасты кафедралардың филиалдары Алматы қаласы №35 мектеп-гимназияда, Ш. Уәлиханов атындағы № 12 мамандандырылған гимназияда, Алматы облысы, Талғар ауданындағы №1 И.Ф. Халипова атындағы  жалпы білім беретін орта мектепте және Кеген ауданы, Саты ауылында А. Түркебаева атындағы мектеп-лицейде ашылған. 2023-2029  ж.ж. арналған стратегия бойынша филиалдардың санын 10 нан асыру көзделіп отыр. Әсіресе екі шет тілі мамандығы бойынша институт филиалдарын ашуға басымдық берілмек.

«Педагогикалық емес мамандық студенттерінің өндірістік практикаларына басты назар аударамыз»

– Абай университеті Қазақстанның өңірлік ЖОО-мен екіжақты келісімдер негізінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы жұмыс жасап жатқаны белгілі. Осы мәселе сіз басқаратын институтта қалай жүзеге асырылуда? Білім алушылардың сыртқы академиялық ұтқырлығын ұйымдастыру мәселесі туралы да тілге тиек ете кетсеңіз?

Абай университетінің 95-жылдық тарихы бар, еліміздегі алғашқы жоғары білім ордасы. Бүгінгі таңдағы еңсесі тіпті биік. Оқу орнының қазақ халқының тарихындағы алатын орны да ерекше. Университет алғаш құрылған күннен бастап бүгінгі күнге дейін білікті мамандар даярлауда еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің көшін бастап келеді. Сол себепті де өңірлік ЖОО біздің университетпен тығыз қарым-қатынас орнатуды көздейді. Академиялық ұтқырлық бойынша 1 семестрге білім алушыларын біздің университетке жібереді. Оның ішінде филология институтына өңірлік ЖОО-нан үздіксіз келеді. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, шетел тілі: екі шетел тілі мамандықтары бойынша келушілер өте көп. Ал шетелдік, яғни сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламаларына бакалавриаттың 2-3 курс студенттері, күндізгі бөлімнің 1 курс магистранттары қатыса алады. Академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысуға үміткерлер жақсы академиялық көрсеткіштерге және шет тілін жоғары деңгейде меңгеруге тиіс. Шетелде 1 семестр білім алу үшін міндетті түрде конкурсқа қатысады. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша құрылған комиссияның шешімімен шетелге оқуға жіберіледі. Халықаралық алмасу бағдарламаларының ішінде «Erasmus+» халықаралық кредиттік ұтқырлық бағдарламасын, «Мевлана» бағдарламасын, Франко-Қазақстандық «Абай-Верн» стипендиялық бағдарламасын, «DAAD» бағдарламасын, «Orhun» бағдарламасын ерекше атап өткен орынды болар. Аталған бағдарламалар негізінде филология институтының жылына 100 жуық студент-магистранттары мен докторанттары академиялық ұтқырлық бойынша білім алып немесе тағылымдаман өтіп жүр.

– Білім алушылар мен білім беру саласын жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз. Осы жерде педагогикалық емес мамандық студенттерінің мәселесін де қамти кетсеңіз…

– Білім беру саласын жақсарту мақсатында Филология институтының педагогикалық емес мамандық студенттерінің өндірістік практикаларына да оқу жылы барысында басты назар аударылады. Себебі институтымыздың педагогикалық мамандық студенттерінің мектеп базаларымен жұмыстары жолға қойылғандықтан ешқандай мәселе жоқ. Ал, енді педагогикалық емес мамандық студенттерінің практика базалары әр оқу жылдары мекеме сұраныстары арқылы ғана жүзеге асырылатын. Биылғы оқу жылында осы мәселені жүйеге қою мақсаты қарастырылды. Осы бағытта жұмыстар жүргізіліп, студенттеріміздің өз мамандықтары бағытында білімдерін практика жүзінде ұштастыруға жаңа мүмкіндіктер ашып отырмыз.

2023-2024 оқу жылының желтоқсан айынан бастап педагогикалық емес мамандықта оқитын студенттерінің практика базалары қайта жандандырылып, толықтырылды, мекемелермен екіжақты келісімшарттар орнатылып, меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, студенттеріміз «Қазақстан» телерадиокорпорациясында, «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында, Мемлекеттік тілдерді дамыту институтында дипломалды өндірістік практикалардан өтіп жатыр.

Қазіргі жаһандық дәуір –  егде адамдардың белсенділігі артқан заман екені белгілі. Күміс университеті негізіндегі салиқалы жастағы адамдарды қайта оқыту, заманға бейімдеу бағытында қандай шаралады атқарып жатырсыздар?

– Филология институты университеттің 2023-2029 жылдарға арналған Даму бағдарламасына сәйкес, «Күміс университет» жобасын жүзеге асыруда өз жұмысын бастады. «Күміс университет» зейнет жасындағы ересек адамдардың қызығушылықтарна қарай. білім беру, тіл үйрену және т.б. курстар бойынша өмір бойы оқуларына жағдай жасау болып табылады. Қазіргі таңда жастармен қатар ересек адамдар арасында да мемлекеттік тілді үйренуге деген құштарлық жылдан-жылға артып келеді. Филология институты осы мақсатта егде адамдардарды тартып, топ жасақтап, тілек білдірген азаматтарға көмек көрсету мақсатында «Біз қазақша сөйлейміз!» курсын алғашқылардың бірі болып қолға алды. Қатысушылардың саны қазіргі таңда 21 адамға жетті, олардың орта жасы алпыста болса да,  тіл үйренуге деген қызығушылықтары өте жоғары екені байқалды. Болашақта сұранысқа байланысты ағылшын тілі мен араб тілі курстарын да ашқалы отырмыз. Халқымыз қашанда қарттарын құрметтеген,  біз зейнет жасына шығып, әлі де өздерін дамытамын деген салиқалы жастағы адамдарға қол ұшын созуымыз керек деп ойлаймын.

– Студенттерге ұлттық тәрбиені насихаттау бағытындағы «Толық адам» концепциясы қалай жүзеге асырылуда?

– Студенттерге ұлттық тәрбиені насихаттауда Абайдың еңбектерінің орны ерекше. Осы мақсатта 2008 жылы университетте «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығы ашылған. Әуелде бұл орталықта белгілі Абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы басшылық жасады. Кейіннен белгілі ғалым Жабал Шойынбеттің ұйымдастыруымен студенттерге арналған түрлі шаралар қолға алынды. Орталықтың ұйытқы болуымен Абай еңбектеріне қатысты көптеген ғылыми және оқу-әдістемелік кітаптар өмірге келді. Сонымен қатар «Абайтану» арнайы пән ретінде жалпы университет бойынша жүргізіліп келеді. Абай мұрасын насихаттау игілікті іс. Насихат жұмыстары ешқашан толастамауы керек. Сол мақсатта біз 2023-2029 институттың даму стратегиясына Абайдың «Толық адам» ілімін кіргіздік. «Толық адам» концепциясы негізінде мына бағыттарға басымдылық беріледі: ұлттық ерекшеліктерді ескеру, ұлттың мәдени кодын (тіл, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, тарихын) сақтау, көп мәдениетті ортада белсенді өмір сүруге, әртүрлі мәдени мағыналарды іздеу мақсатындағы диалогқа қабілетті ұлттық мәдениет адамын тәрбиелеу, т.б.

Қуантарлығы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен желтоқсан айының соңында бекітілген «Жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын ұйымдастыру туралы әдістемелік ұсынымында» тәрбиенің бағыттарын айқындауда «Абайдың толық адам концепциясы», оның ішінде  «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» қағидаттары назарға алынған. Яғни, алдағы уақытта тек педагогикалық оқу орындары ғана емес, барлық жоғары оқу орындары Абай шығармашылығы негізінде тәрбиелеу үдерісін жүргізуді жолға қояды деген сөз.

Абай өзінің гуманистік танымы тұрғы­сынан өскелең ұрпақтың адам­шылық негіздері, бойға ұялатар қасиеттері қандай болмақ деген ойға ерекше көңіл бөледі. Ақынның өмір бойы шарқ ұрып іздегені – толық адам. Абайдағы толық адам – рухани жетілген, кемеліне келген адам. Осы идеяларды жүзеге асыру үшін институтымыздың ғалымдары аянбай еңбек етіп жүр. Айталық, «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының мамандарынан бөлек институттың профессоры, ф.ғ.д., Гүлбану Қосымова осы бағытта студенттерге және мектеп мұғалімдеріне арналған түрлі шаралар өткізіп, дәрістер оқуда.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

1 пікір

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here