Бүгін, 14 желтоқсанда Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов пен ҚР ІІМ Тергеу департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Дүйсенбаев қаңтар оқиғасының тергеу барысы туралы айтты.
ҚЫСҚА ҚАЙЫРҒАНДА:
- қаңтар оқиғасында 238 адам қаза тапты;
- құқық қорғау органдары барлығы 5 мыңнан астам қылмыстық іс тіркеді, тергеу кезінде 4,5 мың сараптамалық зерттеу жүргізілді;
- 931 адам күдікті деп танылды, 96 адам қамауға алынды, 471 адам сотталды;
- ұйымдасқан қылмыстық топтың 24 мүшесі жазаға тартылды;
- ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін 117 адам бас бостандығынан айырылды;
- қылмыскерлер бейбіт азаматтарды тәртіпсіздіктерге қатысуға мәжбүр етті;
- Алматы, Тараз, Қызылорда, Талдықорған қалаларында 1 466 ғимарат пен мекеме қирады, соның ішінде 1 395 бизнес нысаны мен 71 мемлекеттік мекеме бүлінді;
- кәсіпкерлік субъектілеріне 37,5 млрд теңге залал келтірілді;
- төтенше жағдай, полиция, жедел жәрдем, басқа да мемлекеттік қызметтердің 345 қызметтік көлігі және 116 азаматтық көлік жарамсыз болып қалды;
- қаруды ұрлау және сақтау фактісі бойынша 183 адам күдікті деп танылды, 154 адам сотталды, соның ішінде 27 адам бас бостандығынан айырылды;
- өңірлік ПД мен ҰҚК-нің бұрынғы басшылары қару-жарақ пен оқ-дәрілер орналасқан департамент ғимараттарын қарсылық көрсетпестен тастап кетіп, мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздік мүдделеріне қайшы келетін әрекеттерге барды;
- қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккендерге мемлекет тарапынан 14,6 млрд теңге төленді, «Қазақстан халқына» қоры 91 қаза тапқандардың отбасыларына 637 млн теңге материалдық көмек көрсетті, мемлекет тарапынан күштік құрылымның қаза тапқан барлық қызметкерлерінің отбасыларына материалдық жәрдем берілді;
- Қызылордадағы тәртіпсіздіктер кезінде қаскүнемдер жүк көлігін басып алып, Ұлттық ұланның мерзімді қызметінің әскери қызметшісі Қайсаровқа шабуыл жасалып, ол алған жарақаттарынан сол жерде қайтыс болды, қылмыс фактісі осы жылдың басында әлеуметтік желілерде кеңінен таралған видеода түсірілген, осы қатыгез қылмысты жасағаны үшін кінәлі адам 17 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бір атап өтерлігі, Президент өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасауды тапсырды. «Рақымшылық туралы» ҚР Заңының ережелері күшіне енген 3 қарашадан бастап қазіргі уақытта дейін 1 071 адамға рақымшылық жасалды, сот ауырлығы орташа қылмыс жасаған 9 адамға қатысты істерді тоқтатты, үкім шығарылған кезде 77 адамға жаза мерзімі қысқартылды, соттар 902 сотталушының жазалау мерзімін қысқартты, оның 827-сі – есеп беретін пробациялар, ал 75-і – жазадан босатылды, өткен ай ішінде рақымшылық актісін қолдана отырып, бас бостандығынан айыру орындарынан 60 адам, ал пробациялық бақылаудан 68 адам босатылды.