2026 жылғы футболдан әлем чемпионатын үш ел қабылдайды

0
508

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатын АҚШ, Мексика және Канада елдері қабылдайтыны белгілі. Футболшылар 16 қалада (АҚШ – 11, Мексика – 3, Канада – 2) ойын өткізеді. Жақында Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) 2026 жылдың 11 маусымы мен 19 шілдесі аралығында Солтүстік Американың үш елінде өтетін ойындардың толық кестесін жариялады. Байқасақ, екі жылдан кейін ойындарды өткізетін үш ел арасындағы ұзақ келіссөздер АҚШ-тың жеңісімен аяқталғандай әсер қалдырады. Өйткені, америкалықтар ашылу салтанатынан басқа ойындардың ең жақсысын алды.

Ұйымдастырушылардың көп қызығушылығы ең үлкен аудиторияны жинай алатын ойындар болды. Мұндай ойындарға ашылу рәсімі, финал және екі жартылай финал кіреді. Әрине, Халықаралық футбол федерациясы стадиондарға үлкен талап қояды. Өкінішке қарай, FIFA талабымен Мексика мен Канада стадиондарының мүмкіндігі айтарлықтай шектелді. Неге десеңіз, стадиондардың сыйымдылығына келер болсақ, ашылу ойыны мен финалда кемінде 80 мың орындық, ал жартылай финалда 60 мың орындық стадиондар болуы керек. Бұл талаптар канадалық қалаларды негізгі ойындарға үміткерлер қатарынан бірден алып тастады. Канададағы ең үлкен стадиондар Ванкувер (54,5 мың) мен Торонто (45,5 мың) қалаларында ғана бар.

Әйтсе де, Мексиканың ұйымдастыру комитеті тығырықтан шыға алды, 2026 жылғы 11 маусымда әлем чемпионатының алғашқы ойынды өткізу құқығын иеленді. Мексикалықтар Мехикодағы «Ацтека» стадионында өткізеді. Жаңартылғаннан кейін стадион 87 мыңнан астам көрерменді қабылдай алады. 58 жылдық тарихы бар даңқты стадион 1970 және 1986 жылдары Мексикада өткен әлем чемпионаттарының басты ойындарын өткізген болатын.

Америкалық ұйымдастыру комитеті негізгі ойындарды Нью-Йорк, Даллас және Лос-Анджелес қалаларындағы стадиондарда өткізеді. Финалды Нью-Йорк қаласының маңында орналасқан 82,5 мың орындық «MetLife Stadium» қабылдайды. Осы біріншілікте Даллас қаласындағы «AT&T Stadium» ең үлкені саналады. Оның сыйымдылығы 105 мың адамды құрайды.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here