«Міржақып. Оян, қазақ!» тарихи телехикаясы көрерменге жол тартты

0
1744

Кеше, 14 желтоқсанда «Қазақстан» телерадиокорпорациясы Алаш арысы Міржақып Дулатұлына арналған «Міржақып. Оян, қазақ!» тарихи телехикаясының тұсаукесерін өткізді. Тұсаукесерге депутаттар, зиялы қауым өкілдері, тарихшылар мен журналистер қатысты.

6 бөлімді тарихи туындыда Міржақып Дулатұлы өмірінің 1909-1935 жылдардағы кезеңі қамтылады. Міржақыптың «Оян, қазақ!»  кітабының жарыққа шығуы, «Бақытсыз Жамал» романының жазылуы, революциядан кейінгі жылдардағы, ашаршылық кезіндегі қоғамдық-саяси қызметі, Қызылорда, Семей, Мәскеудің әйгілі «Бутырка» абақтысындағы жылдары және жары Ғайнижамалмен махаббат хикаясы телехикаяда баяндалады.

Тарихи туындының мақсаты – Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылығын қызықты сюжеттік желі арқылы кеңінен насихаттау арқылы жастар бойында мемлекетшілдік рухты қалыптастыруға ықпал ету. 

«Qazaqstan» арнасы Тәуелсіздік күні қарсаңында Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлына арналған тарихи телехикаяны көпшілік назарына ұсынып отыр. Соңғы жылдары отандық телеарналарда ұлт руханиятының ұлы тұлғаларын ұлықтауға арналған, тарихи тақырыптардан тамыр тартқан түрлі туындылар көрсетілуде. Мазмұндық әрі сапалық тұрғыда олардың көпшілігі талғампаз көрерменнің жоғары бағасына ие болып отыр. Бүгінгі «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясы сол тағылымды үрдісті жалғап, өз үдесінен шығады деп сенемін. Жалпы, Міржақып Дулатұлының шығармашылық болмысын зерделеуде жасалып жатқан осындай үлкен ізденістер лайықты бағасын алуға тиіс», – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Телехикаяның режиссері – Мұрат Есжан, продюсері – Айсәуле Әбілдаева. Сценарий авторлары – Мұрат Есжан, ақын, драматург Ұларбек Нұрғалымұлы және алаштанушы ғалым Ұшқын Сәйдірахман. Телехикаяда бас кейіпкер Міржақып Дулатовтың рөлін Бақыт Қажыбаев, жары Ғайнижамалдың рөлін Зарина Кармен, қызы Гүлнар Дулатованың рөлін Гүлжас Әпсетова ойнайды. Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейханов бейнесін «Qazaqstan» телеарнасы түсірген «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясының басты кейіпкерлері Байғали Есенәлі мен Бауыржан Қаптағай сомдайды. Телехикаяның түсірілім жұмыстары Алматы және Қостанай облыстарында өтті.

«Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясы «Qazaqstan» телеарнасынан 16-17 желтоқсан күндері 18:00-де эфирге шығады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here