ПАРИЖДІ КӨРГІҢІЗ КЕЛСЕ… Сорбонна-Қазақстан институтының жетістіктері

0
1085

Қазір елімізде жаңа білім аламын, көкжиегімді кеңейтіп, кәсіби шеберлігімді шыңдаймын деген жанға барлық жағдай жасалған. Әсіресе, студенттердің табысты болашағы үшін сапалы білім берудің түрлі жолдары қарастырылып, оған Үкімет қажетті қолдау көрсетуде. Мәселен, Абай атындағы ҚазҰПУ жанында Сорбонна-Қазақстан институты он жылдан бері үздік білімгерлерін Францияның атақты жоғарғы оқу орындарына оқуға, тәжірибе жинақтауға жіберіп келеді. Осылайша, қазақ-француз арасындағы серіктестікте білім беру бағдарламалары табысты іске асырылып, студенттер үшін айтарлықтай мүмкіндіктер беріліп отыр. Францияның жетекші университеттерінде оқимын, Париж көріп, әсем қалада тағылымдамадан өтемін, деген жастарға бүгін аталған Институтқа түсудің талаптарына тоқталғанды жөн көрдік.

Институт тарихы. Қос дипломдық бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2013 жылы Сорбонна Париж-Сите (Sorbonne Paris Сité) университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, Институттың салтанатты ашылуы 2014 жылдың 6 желтоқсанында екі елдің мемлекет басшыларының қатысуымен өткен болатын.

Сорбонна-Қазақстан институты Алматы қаласының сәулет ескерткіші болып табылатын ғимаратта орналасқан. 1895 жылы салынған тарихи ғимарат жобасының авторы француз сәулетшісі, қоғам қайраткері және жазушы Павел Гурдэ болды. Инновациялар мен халықаралық ынтымақтастықта көшбасшы болып табылатын институттың бағдарламасы негізінде қос бірдей дипломды болған түлектер, қоғамның дамуына өз үлестерін қосып жүрген білікті маманға айналып отыр. Сәтті жолға қойылған бастаманың негізінде бағдарлама бойынша бітіріп шыққандардың саны бүгінде 150-ден асқан.

Институт ерекшеліктері. Сорбонна-Қазақстан институты бакалавриат, магистратура және докторантура білім беру бағдарламалары бойынша, қос дипломды (бакалавриат, магистратура) жоғары білім берудің толық циклін ұсынады. Университетке жыл сайын 25-тен астам Францияның танымал профессорлары келіп дәріс оқиды. Оқу бағдарламаларын жүзеге асыру ісі негізінен француз тілінде жүргізіледі. Бұл әдіс білім алушыларға негізгі халықаралық тілдердің бірін тиімді меңгеруге және еуропалық деңгейдегі заманауи сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Француз Альянсымен ынтымақтастық аясында халықаралық стандарттарға сәйкес тілдік сертификаттау жүргізіледі. Сорбонна-Қазақстан институты Француз серіктес университеттерімен берік қарым-қатынас орнатып, тұтас байланыс желісін қалыптастырған. Олардың негізгілері мыналар: Лотарингия университеті (Université de Lorraine); Париждегі Шығыс тілдері мен өркениеттерінің ұлттық институты (INALCO); Пуатье университеті (Université de Poitiers); Реймстегі Шампан-Арденна университеті (Université de Reims Champagne Ardenne); Лилль университеті және тағы басқалар. Қазіргі таңда Сорбонна-Қазақстан институты келесідей қос дипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады: Лотарингия университетімен бірлескен «Халықаралық құқық» білім беру бағдарламасы; ИНАЛКО (INALCO) бірлескен «Халықаралық қатынастар» білім беру бағдарламасы; Пуатье университетімен бірлескен «Маркетинг» және «Экономика» білім беру бағдарламалары.

Институт тынысы. Қазақстан мен Француз тараптары арасында жобаның одан әрі дамуын кезең-кезеңімен айқындайтын 20-дан астам шарт жасалған. Иститут ашылғалы оқу орны әлемдік франкофония желісіне қосылып, AUF-тің (франкофондық университеттер агенттігі) толыққанды мүшесі ретінде тіркелген. Франкофонияның басқа да өкілдіктерімен, мысалы, Француз Альянсы, Франция-Қазақстан Сауда-Өнеркәсіп Палатасы, Францияның Орталық Азияны зерттеу институтымен (IFEAC) бірлескен шарттар бекітіліп, өзара тәжірибе алмасу және бірлескен іс-шаралар өткізіліп отырады.

Институт келешегі. Институт білім алушылары жыл сайын Абай-Верн және Эразмус+ сияқты халықаралық бағдарламалардың, сондай-ақ франкофондық университеттер агенттігінің (AUF) гранттарын иеленуге мүмкіндігі бар, бұл оларға Францияның жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға және тағылымдамадан өтуге жол ашады. Мәселен, ағымдағы оқу жылында Сорбонна-Қазақстан институтының 9 білім алушысы Францияның серіктес университеттерінде білім алып, тағлымдамадан өтті. Алдағы жазда Абай университеті Францияның Пуатье университетімен бірлесіп, Қазақстан мен Орта Азияның француз тілі мұғалімдеріне арналған жазғы мектеп өткізуді жоспарлап отыр. Бұл жоба барлық тілек білдірушілерге кеңінен есік ашатынын атап өткен жөн. Франциядан келетін әріптестер – сол елдің ең үздік әдіскерлері Абай университеті алаңында өз тәжірибелерімен бөліседі.

Қазіргі уақытта  институт Франция университеттерімен бірлесіп француз тілі мұғалімдерін даярлау бойынша инновациялық қос дипломды бағдарлама ашуды қолға алып, жаңа білім беру бағдарламасын ашу бойынша маңызды қадамдар жасауда.

Мамандар Лотарингия, Пуатье және ИНАЛКО университеттерімен және тағы басқа еуропалық жоғары оқу орындарымен жолға қойылған әріптестік, ынтымақтастық қарым-қатынастың жақсы нәтиже көрсеткенін айтып отыр.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here