Тыныш жатқан Швейцарияның мазасы қашты

0
769

Швейцарияда тұратын Ираннан келген босқын қала маңындағы пойыз жолаушыларын кепілге алып, оларды төрт сағат бойы ұстады. Өкінішке қарай, террориспен келісімге келу нәтижесіз аяқталды. Оны шабуыл кезінде полиция атып өлтірді.

ТЕРРОРИСТІҢ ТАЛАБЫ ҚАНДАЙ БОЛДЫ?

Мәселенің мәнісіне тоқталсақ. Бейсенбі күні кешке Швейцарияның оңтүстік-батысындағы Вале кантонында (біздіңше облыс) орналасқан Эссер-Су-Шампван қалашығының вокзалында оқыс оқиға орын алды. Пышақ пен балта ұстаған адам жергілікті жолаушылар мен пойыз жүргізушісіне шабуыл жасап, оларды кабинадан шығарып, есіктерді жауып тастады. Ол кепілге алған бейкүнә жандарды пойыз құрамының бірінші вагонына айдап салды.

Қайғылы оқиға Швейцарияның француз тілінде сөйлейтін бөлігінде болды. Бірақ, ол француз тілін білмеді, тек нашар ағылшын тілін араластырып, парсы тілінде талабын айтты. Дейтұрғанмен, оны түсіну қиын болған еді. Барлығы 12 адамды террорист төрт сағаттай тұтқында ұстады. Сол сәтте вагондарда балалар болмады. Жолаушылардың хабарламаларынан шабуыл туралы білген полицейлер пойызды қоршап алып, келіссөздер жүргізуге тырысты. Аудармашының көмегімен шабуылдаушының Ираннан шыққанын, әбден шаршағанын және оған лайықты құрмет пен жанашырлық танытпаған швейцариялықтарды өзімен бірге о дүниеге алып кетіп, өзінің де, өзгелердің де өмірін қиюға дайын екенін білді.

Босқындарды қабылдау орталығында жұмыс істейтін швейцариялық әйелді пойызға жеткізуді талап етті. Оны қатыгездік үшін қатаң айыптады. Бастапқыда оның мінез-құлқына қоғамға қауіп төндіретін ештеңе болған жоқ, бірақ біртіндеп ол талабы қанағаттандырылмайтынын түсінген кезде өзін агрессивті ұстай бастады. Жолаушылардың айтуынша, әр бес минут сайын ол қанды қырғынға баратынын айтып қорқытты. Ирандық кепілге алынғандардың бірінен темекі алып, темекі шегуге ыңғайланды. Террористің құрсауында қалған жолаушылар полицияға бұл жағдайды тезірек пайдалану керектігін ымдады. Содан төрт сағаттық сөйлесуден кейін, яғни қараңғыда полицейлердің шабуылы басталды.  

Ішкі істер министрлігінің өкілдері айтқандай, алдымен арнайы күштер шу гранаталарын қолданып, парсыны кепілге алушылардан бөліп тастады. Дегенмен, террорист полицейлерге балтамен жүгірді. Оны тоқтату мүмкін болмады. Содан полицейлер оған оқ жаудырды. Шабуылдаушының өмірі өліммен аяқталды. Ал, кепілге алынғандар зардап шеккен жоқ.

12 АДАМДЫ ТӨРТ САҒАТТАЙ ТҰТҚЫНДА ҰСТАҒАН КІМ?

Жұма күні, 9 ақпанда баспасөз мәслихатында полиция өкілдері террористің 32 жастағы Иран тумасы екенін және Швейцарияда баспана сұрау туралы шешім қабылдағанға дейін болғанын хабарлады. Ол Швейцарияға 2022 жылы келген. Грекиядан бастап бірнеше елдерді аралап, Еуропа жерінде саяси баспана сұраған алғашқы өтінішін берген.

Алдымен Невшатель кантонындағы Будри қаласындағы иммигранттарға арналған орталықта тұрған ол артынан Женевадағы Palexpo көрме кешені жанындағы әуежай маңындағы жатақханаға ауыстырылды. Дегенмен, келімсек көршілерімен жанжалдасып, үнемі шағымданып жүрді. Өткен жылдың маусым айында босқындар орталығынан қашып кеткенге дейін орталықтың швейцариялық қызметкерлерінің бірінен ерекше назар аударуды талап етті. Иран тумасының артында маскүнемдік пен ұсақ ұрлықтан басқа елеулі теріс қылықтар болған жоқ, сондықтан олар қашып кеткеннен кейін оны іздемеді. Өткен айда, яғни қаңтарда ол босқындар орталығына оралды. Бірақ, келімсектің бұрынғы мінезі өзгермеді. Бейсенбі күні қолына пышақ пен балта ұстаған оның өмірі өліммен аяқталды.

Расында, босқындар мәселесі еуропалық елдерде бұрыннан бар. Францияда босқындардың қатысуымен оқыс оқиғалар жиі орын алады. Бір айта кетерлігі, тыныш Швейцарияның көршілерден айырмашылығы, террористік актілер сирек кездеседі. Сондықтан өткен аптада Эссер-Су-Шампван қалашығындағы қайғылы жағдай елдегі басты жаңалық болды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ираннан келген босқынның швейцариялық пойыз жолаушыларына жасаған шабуылы UDC (Union democratique du centre) оңшыл парламенттік партиясының өкілдері үшін босқындарға саяси баспана беру жүйесін қатаңдату туралы жаңа талапқа себеп болды. Олардың айтуынша, егер босқындарды қабылдау орталықтары өздерінің қамқорлығындағы адамдардың психикалық жағдайын бақылауға және оларға қажетті көмек көрсетуге көбірек қаражат пен мүмкіндіктерге ие болса, мұндай қылмыстарды болдырмауға болады.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here