Инновациялық даму жаңа биіктерге жетелейді

0
699

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы ең өзекті мәселелерге назар аударды.

Бұл құрылтайда елдегі саяси реформалар қорытындыланып, алдағы кезеңде іске асыратын кешенді экономикалық және әлеуметтік реформаларға қажетті іс-қимыл жоспары таныстырылды. Соның ішінде еліміздегі индустрия салаларын қазіргі заман талаптарына сай ілгері дамытудың қадамдары, су, жер қатынастарын реттеу, инфрақұрылымдық қауіпсіздік мәселесі, ең бастысы, ел қауіпсіздігін жаңаша бағалау, соған қажетті нақты шаралар қабылдау реті айқындалды. «Прогрессивті ұлт болу үшін Қазақстан барлық азаматтардың дүниетанымын өзгертіп, қоғамдық санада жаңа құндылықтарды сіңіруі керек», – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ұсынған бастамалар өте ауқымды әрі жүргізіліп жатқан реформалардың қисынды жалғасы болып табылады. Ал олардың негізгі мақсаты – қуатты және өркендеген мемлекет құру. Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді. Осылайша ел экономикасының басым секторларын дамытуға ден қойылуы қажет.

Президент сондай-ақ үдемелі экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін біздің барлық бәсекелестік артықшылықтарымызды пайдалану маңызды екенін айтып өтті. Яғни Қазақстанды Еуразияның негізгі транзиттік хабтарының біріне айналдыру үшін түбегейлі қадамдар жасау қажеттігі айтылды. Бұл перспективалы Қазақстан – Қытай жобасы «Бір белдеу және бір жол» жаһандық бастамасы аясында іске асырылып жатқан көлік-логистикалық орталықтарды қолға алу мәселесі болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкімет елді мекендерді газдандыру деңгейін едәуір арттырып, кемінде 1700 шақырым желіні жаңғыртуы қажет екенін атап өтті. Еліміздің жол желісін салу және қайта құру экономиканың дамуына қуатты серпін беретіндігі, кем дегенде 12 мың шақырым автомобиль жолдарын жұмыспен қамту мәселесі қадап айтылды. Нәтижесінде елді мекендердің көліктік қолжетімділігі айтарлықтай жақсарады. Адамдардың іскерлік белсенділігі мен әлеуметтік ұтқырлығы арта түсетіндігі айтылды.

Президент елдің негізгі қозғаушы күші идеялар мен инновациялар болып табылатын қоғамның постиндустриалды моделіне біртіндеп жақындап келе жатқанын атап өтті. Біз озық технологияларға негізделген білім экономикасын құруымыз керек. Қазақстан жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні жедел дамыту аумағына айналуға тиіс. Бұл біздің стратегиялық міндетіміз. Бұл технология жақын арада әлемді түбегейлі өзгертеді. Біз заманауи цифрлық көшпенділер өркениетінің прогрессивті стандарттарына сай болуымыз керек. Бұл салада біздің жастарымыздың әлеуеті, менталитеті мен талантының арқасында «қазақстандық серпіліске» нақты мүмкіндігіміз бар екендігі қадап айтылды.

Жаһандану үрдісі қарқын алған заманда жоғары білім беру мен ғылым саласындағы дамудың инновациялық бағыттары өз жемісін бермек. Міне, осыған орай, ғылым және жоғары білім саласы тарапынан айқындалған міндеттерді іске асыру жолында барлық әлеуетті жұмылдыру сапалы кадрлар даярлаудың негізі болатыны анық. Яғни «Біздің негізгі миссиямыз – еліміз үшін білікті, бәсекеге қабілетті және талантты жас мамандарды даярлау». Интеллектуалды ұлт қалыптастыру елдің дамуына үлкен өзгерістер әкелетіні белгілі. Әділетті Қазақстанның жаңа тұрпатты жастарын отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ етіп тәрбиелесек, еліміз өзінің мақсат- мұраттарына қол жеткізетіні сөзсіз.

Интеллектуалды ұлт қалыптастыру елдің дамуына үлкен өзгерістер әкелетіні белгілі. Сондықтан жастар тәрбиесіне өте қатты көңіл бөлуіміз керек. Құрылтайда әрбір азаматымыз, әсіресе жастар, ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажеттігі қадап айтылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасы Қазақстан Президентінің III Ұлттық құрылтайдағы баяндамасын қуана қабылдады. Біз халықаралық қатынастар, аймақтану, әлемдік экономика және оның басқа да маңызды салаларында білікті кадрларды даярлауға үлес қосуға дайынбыз.

Жаппар ЖҰМАН,
Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының профессоры, ҚР ҰҒА құрметті академигі,
  экономика ғылымының докторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here