«Қауіпсіз ел» – жарқын болашақ

0
1469

«Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы – қауіпсіздігімізді толық қамтамасыз ете ме? Мәселе осыда! Әрине, қауіпсіздігіне сенімді халық қана болашағына жарқын көзбен қарайды. Әлемде соғыс болып жатқан мемлекеттердің саны басым екенін, тіпті жақын көршілеріміздегі жағдайды көріп-естіп отырып, іргеміздің беріктігін нығайта түсуде аталмыш жобаның берері көп екенін және оның тыныс-тіршілігінен әр бір қазақстандық хабардар болып жүргені дұрыс қой деп, төмендегі мақаланы жариялап отырмыз.

Қарулы күштер заманауи техникамен жабдықтала ма?

Қазақстанның Қарулы күштерінің құрылғанына биыл 32 жыл толады. Осы аралықта бұл сала көптеген өзгерістерге ұшырады. Әлем де қазір мазасыз. Бейбітшілік пен тату көрші ұғымына сызат түсті. Сондықтан қорғанысымызды күшейтіп және оның беріктігін ұдайы нығайтып отырмасақ, болмайды. Халық тыныш ұйықтап, алдағы өміріне алаңдамас үшін Қарулы күштер заманауи стандарттарға жауап беретіндей мықты болуы керек. Сол үшін аталған ұлттық жобада Қазақстан мен оның азаматтарының мүддесін қорғаудың жаңа жолдары көрсетілген.

Әлемге назар салсақ, Батыста Қарабақтағы Армения мен Әзербайжанның шекісуі, Солтүстікте Ресей мен Украина соғысы, Оңтүстіктегі Баткен облысында Тәжікстан мен Өзбекстанның атысуы, Шығыста Тайвань мен Қытайдың текетіресін көріп отырмыз. Соның бәрін ескере келе, әскери шабуылдар басқа бағыттарда да туындауы мүмкіндігін ойламаса болмайды. Дәл сол себепті қауіпсіздік біздің әскери қызметкерлер жұмысындағы негізгі басымдыққа айналды. Бұл ретте ең алдымен қару-жарақты жаңарту мәселесі алға шығады. Мұны Мемлекет басшысының өзі талай мәрте айтып та жүр.

«Ескірген техникалардың мерзімінің өткеніне байланысты қару-жарақ паркін жаңарту үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Қарулы күштер заманауи әрі жоғары технологиялық қару-жарақпен, әскери техникамен жабдықталуы тиіс. Қабылданатын шаралар жүйелі болуы керек. Қару-жарақ пен әскери техниканы жөндейтін, оларға қызмет көрсететін отандық өндірісті дамыту қажет», – деді бұған дейінгі сөзінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әрине, Қазақстанның барлық көршілерімен тату қарым-қатынасы да, өзге елдермен арадағы әріптестігі де ынтымақты деңгейде. Алайда бұл – қамсыз отыра беруге болады деген сөз емес. Оның үстіне бүгінгі таңдағы әлемдік күрделі геосаяси жағдайында біздің әскери күштер кез келген жайтқа дайын болып, еліміздің қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете алуы тиіс. Дайындығы сақадай сай әскердің қорғануы да сенімді болмақ. Осы жоба аясындағы атқарылған жұмыстарды бағамдасақ, біздің әскери күшіміздің деңгейі егемендігіміз бен аумақтық бүтіндігімізді қорғауға қабілетті екенін батыл түрде сеніммен айта аламыз! Әрі бұл сала толыққанды Мемлекет басшысының бақылауында.

Аталған жоба бойынша Қазақстандық Қарулы күштер тек шет елден қару мен техника сатып алып қана қоймайды, сонымен қатар отандық қару-жарақ өндірісі де дамытылады. Яғни бұл құжат арқылы қолда бар инфрақұрылымды жетілдіріп, әскери саланы цифрландыру мүмкіндігі артады. Жобаның мақсаты да сол, алдымен ел мен оның азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету; және одан тыс, қару мен оқ дәрі сақтау қауіпсіздігі де құжаттың маңызды тармақтарының біріне кіреді. Бұдан кейін қоймаларда жасалатын жарылыстарға жол берілмейді. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану әлдеқайда кеңейтіліп, әскери ғылым жүйесі дамытылады, ғылыми-эксперименталды база жетілдіріле береді. Осыған қоса, әскери қызметтегі кадрларды дайындау мәселесі де назардан тыс қалмайды. Сондай-ақ жобадағы келесі маңызды мәселенің бірі – әскери күштерді жаңғырту. Соңғы жылда әскери техника паркі мен қару-жарақ арсеналы айтарлықтай жаңартылды.

Қорғаныс министрлігінің мәліметтері бойынша, Қазақстан әскеріне 110-нан астам техника әкелінген. Әуе күштері үшін көпфункционалды ұшақтардың төртінші буыны сатып алынды, сонымен бірге көлік-соғыс, соққы жасау тік ұшақтары, оқу-жаттықтыру және әскери көлік ұшақтары алынды. Енді жүк көтергіштігі А400М деңгейіндегі әскери көлік ұшақтарын алу көзделуде. Сондай-ақ әуе паркі С295М әуе көлігімен толықтырылады. Сатып алынған ірі техниканың бірі – «БУК-М2Э» көпфункционалды зениттік ракеталы кешені. Бір айта кетерлігі – бұлардың бәрін тек шетелден алмай, оларды отандық өндірушілердің де ұсынып отырғаны. Оның үстіне бұл жабдықтардың көбіне қазақстандық мамандар техникалық қызмет көрсетеді.

Қазақстан әскерінің күші 87 елдің ішінде 19-орында

«Қауіпсіз ел» жобасы бойынша Қазақстанның Ресеймен шекарасында 20 застава салынуда. ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара қызметі шекаралық бақылау департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Ахметқалиевтің айтуынша, шекарада жалпы барлығы 50 застава салу көзделуде. Қазіргі таңда заставалар солтүстік бағытта салынуда. Ал оңтүстік бағытта үш модульдік застава салыну үстінде. Сонымен қатар, Қазақстан-Ресей шекарасындағы өткізу қосындарын таяу жылдары қайта құрудан өткізу көзделіп отыр, соның арқасында олардың өткізгіштігі 2 есеге артпақ.

ҰҚҚ шекаралық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғани Ағаділовтің айтуынша, Үкімет барлық периметр бойныша 46 өткізу қосынын қайта құру туралы шешім қабылдаған. Соның ішінде, 2024-2025 жылдарға Қазақстан-Ресей шекарасындағы негізгі қосындарды қайта жаңғырту керек. Бұл дегеніміз – жолақтарды кеңейту, шекарашылар қызметі үшін жаңа ғимараттар салу. Қайта құрудан кейін шекара арқылы ағын екі есе артады деп күтілуде.
ҰҚҚ деректері бойынша, Қазақстан арқылы заңсыз көші-қонның негізгі бағдары Ресейге оңтүстіктегі көршілер арқылы өтеді, әрі қарай Еуропалық Одаққа кетеді.

«Соңғы уақытта біздің елден транзитпен өтетін басқа мемлекеттің азаматтарының шекараны кесіп өтуге әрекет жасау фактілері жиілеген, олар сөйтіп заңсыз түрде Ресейге кетуге ұмтылады. Тек былтыр шілде айында ғана ҰҚҚ шекара қызметі арқылы Қазақстан-Ресей шекарасын заңсыз кесіп өту мүмкіндігін қараған 210-нан астам шетелдік азамат анықталды. Өкінішке қарай, мұндай заң бұзушылықтарды жасауға ақша алу үшін қолдау білдіріп, көмектесетін қазақстандық азаматтардың қатысы болады», – дейді департамент басшысының орынбасары.

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография комитетінің ресми сайтындағы мәлімет бойынша, Қазақстан Республикасы бес мемлекетпен шектеседі: Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Түркіменстан және Өзбекстан Республикасы. Мемлекеттік шекараның жалпы ұзындығы 13 398 шаршы шақырымды құрайды. Осы елдердің әрқайсысынан мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы жасалған шарттардың негізінде бірлескен шекаралардың ұзындығы анықталды: Ресей Федерациясымен – 7 548 шаршы шақырым, Қырғыз Республикасымен – 1 257 шаршы шақырым, Түркіменстанмен – 459 шаршы шақырым, Өзбекстан Республикасымен – 2 351 шаршы шақырым, ал Қытай Халық Республикасымен – 1 783 шаршы шақырым.

News & World Report зерттеу нәтижесі бойынша, Қазақстан әскері күші жағынан Өзбекстанға орын берді. Қазақстан әскерінің күші 87 елдің ішінде 19-орында, ал Өзбекстан 18-орында. Бір айта кетерлігі, БАӘ 20-орында болған. Ал Беларусь елі 12-орында болса, Әзербайжан 24-орынға түскен. Әлемде әскері ең күшті мемлекет – Ресей, одан кейінгі орында – АҚШ, үштіктің соңында Қытай тұр. Ал, Израиль елі төртінші орынға тұрақтаса, Украина алтыншы орында екен. Бұдан бөлек, әлемде ТОП-10 мықты әскерлер елінің қатарында Оңтүстік Корея, Иран, Ұлыбритания, Германия және Түркия бар екенін айту керек. Ал әскері ең әлсіз елдер қатарынан Люксембург, Сингапур және Эстония көрінді.

Әлемдік проблемалардың жілігін шағатын Стокгольм халықаралық зерттеу институтының деректеріне сүйенсек, Қазақстан – Орталық Азия елдерінің ішінде әскери саладағы бюджеті ең жоғары ел. Мәселен, 2022 жылы оның сомасы 1,1 млрд АҚШ долларын құраса, Қырғызстан мен Тәжікстанда бұл көрсеткіш сәйкесінше, 149,8 млн және 103,5 млн АҚШ долларын құраған. Қазақстан бұл соманы айтарлықтай көбейтуді, яғни 1,2 трлн теңгеге жеткізуді көздеп отыр. Ал Ресейдің әскери шығындары 2022 жылы 86,4 млрд долларға жеткен болса, бұл көрсеткіш АҚШ-та 10 есе көп, олардың шығыны 876,9 млрд доллар болған. Соғыс болып жатқан Украина сол жылы әскери салаға бөлетін қаржыны 2021 жылмен салыстырғанда 7,4 есе көбейткен.

«Жаһандық бейбітшілік индексі» атауымен белгілі рейтингте әлемдегі ең қауіпсіз елдің қай мемлекет екені айтылады. Бұл рейтингті Австралиялық экономика және әлем институты жасаған. Ол зерттеу әр елдің ішкі және халықаралық қақтығыстары, әлеуметтік қауіпсіздігі, милитаризация деңгейі бойынша жасалады. Соның нәтижесінде әлемдегі ең қауіпсіз мекен деп, Исландия мемлекеті танылса, Дания екінші орын, үшінші, төртінші орындарда Ирландия мен Жаңа Зеландия, ал рейтингтің 37-орнында Ұлыбритания, 131-орында АҚШ көрінді. Сарапшылар Американың тізімдіктің соңынан көрінуін қылмыстың көптігімен байланыстырады. Шынында бұл мемлекетте қылмыс Батыс Еуропа елдерімен салыстырғанда 6 есе көп. Қауіпсіз елдер қатарындағы ең соңғы орындарды Ауғанстан, оның артынан Йемен, Сирия, Оңтүстік Судан, Конго елдері кете береді.
Әлемдік деңгейдегі осынау рейтингте Қазақстан мемлекеті 76-орында тұр. Бұл Орталық Азия елдері бойынша алдыңғы орын. Себебі, Өзбекстан 86-орында болса, Түркіменстан мен Қырғызстан 100, 101-орындарда, ал Тәжікстан 102-орында екен. Сол сияқты Қытай 80-орынға түсіп, артта болса, Түркия мен Иран 147-орындарда, Ресей 158-орында деп анықталған.

Тобықтай түйін

Қалай дегенде де, жоба аясындағы қаржы бөлу және шекара қызметін нығайту, кадрлық саясатты күшейту, техника алу, басқа да қызметтерді жетілдіру жұмыстарын сараптай келгенде, мемлекетіміздің қауіпсіздік саласына жақсы баға беруге болады. Әрі халықаралық зерттеулер мен рейтингтерде де еліміздің көштің соңында еместігі қуантады. Десе де «артта емес екенбіз…» деп, арқаны кеңге салмай, қауіпсіз елдердің ең алдыңғы легінен көрінуге ұмтылайық!

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here