Ұлт зиялыларын қаралау: дақпырт пен шындық

0
1315
Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлының атылар алдындағы соңғы суреті. 1937 жыл.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия құру туралы» Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия мүшелеріне кеңес өкіметінің солақай саясатынан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру міндеті жүктелді. Қазіргі таңда комиссия өз жұмысын жалғастыруда.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты көкейде жүрген түйткілді бір мәселе – соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы берілетін кейбір хабарларда ХХ ғасырдың 20-50 жылдары тоталитарлық кер заманның қуғын-сүргініне ұшыраған қайраткерлерімізге қарай тас лақтырған жөнсіз керітартпа әңгімелердің көбейіп кеткендегі. Сол хабарлардағы сұхбат (олардың қатарында тарихшы, жазушы және тағы да басқа мамандық иелері бар) беруші кейіпкерлеріміз жерден жеті қоян тапқандай сөйлеп, «Сол кезеңдегі қазақ зиялыларының бәрі «сатқын» болған, бір-бірін сатқан» деген секілді ауыр сөздерді беттері шімірікпестен айтып жүр. Осындайда «осы «данышпандар» архив бетін ашты ма екен, қайраткер тұлғалардың тергеу істерімен танысты ма екен» деген сұрақтың қойылатыны заңды. Осы қайраткер тұлғалардың істеріне қатысты архив қойнауындағы тергеу материалдарымен танысып шықсаңыз, бұл «данышпандардың» архив бетін көрмеген, анадан естіген, мынадан естіген әңгімелерін көпірте айтып, мойындарына ауыр күнәні арқалап жүргендер екеніне көз жеткізесіз.

Қамауға алынған көптеген тұлғалардың азапты тергеуден кейін өздеріне тағылып отырған жалған саяси айыптауларды мойындарына алуға мәжбүр болғанын білеміз. Турасын айтқанда, «мойындатты» дегеніміз дұрыс болар. Десек те, қайтпас қайсарлықтың үлгісін танытып, өздеріне тағылған жалған саяси айыптауларды мойындамаған арыстар қаншама! Сондықтан саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбаны болған қайраткер тұлғалардың барлығын айыптауларға ешқандай да негіз жоқ деп есептейміз. Ендеше, қайраткер тұлғалардың өмірінің ең қиын кезеңі – 1937-1938 жылдары болған НКВД жендеттерінің азапты ауыр тергеуі кезіндегі жауаптарына назар аударайық.

Халқымыздың саяси күресі жолында ұлт көсемі болған Әлихан Бөкейханнан бастасақ. Ұлт көсемін НКВД-ның жендеттері 1937 жылы 26 шілдеде тұтқындап, 6 тамыз күні тергеу жауаптарын алыпты. Онда Әлихан Бөкейхан 1905 жылдан бастап, 1917 жыл аралығында болған саяси оқиғаларды, өзінің саяси күрес жолын бүкпесіз баяндаған. Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі оқиғаларды да ашып айтыпты. КСРО жоғарғы әскери соты алқасының шешімімен Әлихан Бөкейхан кеңес өкіметіне қарсы күрескен, кеңес өкіметінің жауы ретінде кінәлі деп табылған және РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 8, 11 тармақтары бойынша айыпталып, ату жазасына кесілген. Жаза 1937 жылы 27 қыркүйекте орындалған. КСРО жоғарғы соты әскери алқасының жабық сотының хаттамасында «Бөкейханов өзіне тағылған айыптарды ішінара ғана мойындады» деп көрсетілген. Өзіне берілген соңғы сөзде ол «Мен кеңес өкіметін ұнатпадым, бірақ мойындаймын» деп мәлімдепті.

Халқымыздың тағы бір арысы – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 1937 жылдың 13 тамызы күні РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 10, 11 тармақтары, яғни контрреволюциялық ұлтшыл ұйымының мүшесі, революцияға қарсы белсенді күресуші ретінде тұтқындалған. Ахмет Байтұрсынұлынан 1937 жылдың 17 тамызы және 2 қазан күндері жауап алынған. Онда Ахмет Байтұрсынұлының айдаудан қайтып келгеннен кейінгі өзіне тағылған айыптауларды мойындамағаны атап көрсетілген. 1937 жылы 2 қазан күні болған тергеудегі тергеушінің «Сіз 1936 және 1937 жылдары Алматыда болған контрреволюциялық ұлтшыл ұйымның мүшесісіз. Осы ұйымға қатыстылығыңыз жөнінде жауап беріңіз» деген сұрағына Ахмет Байтұрсынұлы: «1936 және 1937 жылдары сіз айтып отырған ұйымға ешқандай да қатысым болған жоқ» деп жауап береді.

НКВД жендеттері Ахмет Байтұрсынұлына тағылып отырған айыптауларды одан әрі қоюлата түсуге әрекет жасағаны тергеу материалдарынан байқалады. Мәселен, 1937 жылы 20 қарашада болған қосымша тергеу барысында 1926 жылы Баку қаласында болған бірінші түркологтардың съезін алға тартып, «Баку университетінің профессорлары Чобан зада Бакир және Ғазиз Ғұбайдуллинмен байланысып, халықаралық пантүркішіл ұйым құрдың» деген айып тағады. Бұл айыптауға жауап берген Ахмет Байтұрсынұлы бұл ғалымдарды танитынын, Баку қаласында өткен түркологтардың съезінде кездескенін айтумен қатар, олармен ешқандай контрреволюциялық әңгіме болмағанын, өзінің контрреволюциялық орталықтың құрамына кірмегенін қадап айтады. Ахмет Байтұрсынұлы жеке басына қандай да бір айып дәлелінсіз тұтқындалған. Тергеу аяқталғаннан кейін тергеу материалдарының қорытындысымен таныстырылмаған. Сыртынан айыптау шешімі шығарылған. Ұлт ұстазына қатысты айыптау қорытындысы 1937 жылдың 21 қарашасы күні шығып, Алматы облыстық УНКВД үштігінің шешімімен ату жазасына кесілген. Шешім 1937 жылдың 8 желтоқсан күні орындалған.

НКВД жендеттерінің алдында сағы сынбай, қасқайып өмірден өткен тұлғалардың келесі бірі – Ыдырыс Мұстамбайұлы. Ол 1937 жылы 28 шілде күні болған тергеу хаттамасында тергеушінің: «Сіз антисоветтік ұлтшыл ұйымның мүшесісіз. Антисоветтік жұмысты белсенді жүргіздіңіз. Осы іс бойынша өзіңізді кінәлімін деп мойындайсыз ба»? деген сұрағына: «Ұлтшыл антисоветтік ұйымның құрамында болған жоқпын, қылмыстық кодекстің 58-бабының 10, 11 тармақтары бойынша маған тағылып отырған айыптауларға кінәлімін деп мойындамаймын» деп жауап беріпті. Сонымен қатар, тергеу хаттамасынан тыс қосымша ретінде былай деп жазыпты: «Маған тағылып отырған айыптау қаулысында менің лагерьде қамауда жатқан кезімде де антисоветтік жұмысты тоқтатпай жүргізгендігім және антисоветтік ұлтшыл ұйымның жетекшілерінің бірі болғандығым айтылады. Өзімді бұндай қылмыстар бойынша да кінәлімін деп мойындамаймын».

Ыдырыс Мұстамбайұлының ісіне байланысты 1937 жылдың 15 қарашасында берілген айыптау қорытындысында оған осыған дейінгі тергеу ісіндегі айыптаулар қайталанады. Осы қорытындыда ерекше атап көрсететін жағдай: «Ол өзін кінәлімін деп мойындамады» делінген. Қайраткер тұлға Ыдырыс Мұстамбайұлының ісін қараған Алматы облыстық УНКВД үштігі 1937 жылы 15 қарашада оны ату жазасына кесу жөнінде шешім шығарған.

Өзіне тағылған жалған саяси айыптауларды тергеу барысында мойындамаған тағы бір тұлға – Беков Орынбек Бекұлы. Луначарский атындағы Қазақ театрының директоры антисоветтік ұлтшыл террористік ұйымның мүшесі ретінде РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 2, 8, 11 тармақтары бойынша айыпталып, 1937 жылы 30 мамыр күні тұтқындалады. 1937 жылы 30 мамыр күні жүргізілген тергеуде ол өзінің 1913 жылдан кеңес өкіметі орнағанға дейінгі жылдары Спаск заводында жұмысшы болып істегенін, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Спаск заводындағы кеңестік ұйымның мүшесі болғанын, 1919 жылы мамыр айында Колчактың келуіне байланысты колчактық заводтың милициясына кіргенін, бірақ біреулердің көрсетіп беруіне байланысты тұтқындалып, тұтқында Колчак билігі құлатылғанға дейін түрмеде отырғанын көрсеткен.

1937 жылы 17 шілдеде Орынбек Бековке РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 10,12 тармақтары бойынша айып тағылады. Ол тергеуде өзін кінәлімін деп мойындамаған. Тек наганды заңсыз сақтағаны үшін кінәсін мойындаған, басқадай айыптауларды жоққа шығарған. 1937 жылы 23 шілдеде оған бұрынғы айыптауларға қосымша тағы да айыптаулар тағылады. Ол өзіне тағылған айыптауларды мойындамай: «Қылмыстық істер кодексінің 58-бабының тармақтары бойынша маған тағылып отырған айыптауларды мойындамаймын, ұлтшыл контрреволюциялық ұйымға ешқандай да қатысым жоқ» деп жауап беріпті.

Тергеу материалдары көрсетіп отырғандай, НКВД жендеттері Орынбек Бековке қайтсе де жалған саяси айыптауларды мойындатуға күш салған. 1937 жылы 5 қазан күні болған кезекті тергеуде ол: «Мен қайталап айтамын, маған тағылып отырған айыптауларды мойындамаймын, контрреволюциялық істермен айналысқан емеспін» деп жазып берген. Оның ісіне байланысты тергеу 1937 жылы 8 қарашада аяқталған. Тергеу хаттамасында: «Беков Орынбек «тергеу ісіне алып қосарым жоқ, өйткені өзімнің контрреволюциялық ұлтшыл ұйымда болғанымды жоққа шығарамын, Семей қаласындағы Қазақ театрында контрреволюциялық істермен айналысты деп куәлік берген кейбір куәлардың да көрсетулерін жоққа шығарамын» деді» делінген.

1937 жылы 14 қарашада толтырылған айыптау қорытындысында: «Айыпталушы Орынбек Беков өзінің ұлтшыл контрреволюциялық ұйымға қатыстылығын мойындамады, бірақ оның айыбы басқа куәлардың көрсетулерімен толықтырылды» деп бекітіліпті. Орынбек Беков РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 2, 7, 8 және 11 тармақтары бойынша әскери алқаның шешімімен ату жазасына кесілген, шешім 1938 жылы 11 наурызда орындалған.

Қайраткер тұлға Елдос Омаровтың да тергеу материалдары назар аударарлық. Оны НКВД жендеттері 1937 жылы 22 қарашада антисоветтік ұлтшыл ұйымның мүшесі деп тұтқындапты. Одан жауап 1937 жылы 23 қарашада бір рет қана алынған. Ол тергеуде өзіне тағылған айыптауларды мойындамаған. Тергеуде «1930 жылға дейін ұлтшыл топшылдықта болдым, ол үшін 1930 жылы 10 жылға сотталдым, осыдан кейін ешқандай да антисоветтік жұмыстар жүргізген емеспін» деп жауап берген. Елдес Омаров Алматы облыстық УНКВД үштігінің шешімімен «антисоветтік жұмыста Әлихан Бөкейханмен байланыста болды» деген жалған саяси жаламен 1937 жылы 1 желтоқсанда ату жазасына кесіледі.

1937-1939 жылдары елімізде жүргізілген жаппай қуғын-сүргін кезеңінде тергеу істері азаптау, қорлау, ұрып-сығу, бір-біріне айдап салып арандату тәсілдерімен жүргізілгені белгілі. Соған байланысты тергеу барысында олардың бастарынан да түрлі жағдайлар орын алды. Мәселен, Әлімхан Әбеуұлы Ермеков антисоветтік ұлтшыл ұйымның мүшесі ретінде 1938 жылы 16 наурызда тұтқындалады. 1938 жылы 6 мамырда жүргізілген тергеуде ол Алашордашыл болғанын, Жапонияның пайдасы үшін оларға жұмыс істеген агент екенін мойындапты. Тергеу 1938 жылы 22 қазанда аяқталған. Бірақ, Әлімхан Ермеков тергеу ісі аяқталған хаттамаға қол қоюдан және оған дейін берген жауаптарынан бас тартқан. Сот мәжілісі кезінде ол өзін кінәлімін деп мойындамаған. Осыған дейінгі жүргізілген тергеу кезінде өзін ұрып-соққанын, тамақ бермей қинағанын, сондықтан жалған мәлімет беруге мәжбір болғанын айтқан. 1939 жылы 28 ақпанда НКВД-ның әскери трибуналы РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 1а, 8, 11 тармақтары бойынша Әлімхан Ермековты айыпты деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айырады.

Қоғам және мемлекет қайраткері, ақын, жазушы Сәкен Сейфуллинді НКВД жендеттері 1937 жылы 25 қыркүйекте тұтқындапты. Тергеу ісінде оның үстінен тергеуші Серембаевтың 1937 жылы қазанның алтысы және жетісі күндері жазған баянаты (рапорт) бар. Онда тергеуші Сәкен Сейфуллинді «халық жауы» деп атап, тергеу ісін жүргізбекші болғанда, ол ешқандай да жауап бермей, тергеушіні бейәдеп сөздермен балағаттағанын және тергеушіні ұрмақшы болғанын баяндаған. Революцияның қызыл қыраны өзіне тағылған негізсіз айыптау мен жалған жалаға шыдамай кетсе керек. Сәкен Сейфуллиннің ісі 1937 жылы 19 желтоқсанда аяқталған, айыптау қорытындысы 1937 жылдың 20 желтоқсанында толтырылған. 1938 жылы 25 ақпанда болған КСРО жоғарғы әскери алқасы сотының көшпелі сот мәжілісінде Сәкен Сейфуллин өзіне тағылған айыптауларды мойындамады және соған дейінгі берген жауаптарын жоққа шығарады. Сәкен Сейфуллин РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 2, 7, 8 және 11 тармақтары бойынша айыпталып, ату жазасына кесілген және шешім сол күні орындалған.

Алаш қайраткері Халел Досмұхамедов Воронеж қаласында дәрігер болып қызмет етіп жүрген (бір топ Алаш қайраткері 1930 жылы сотталып, Ресейдің Воронеж қаласына жер аударылған болатын) жерінде 1938 жылы 26 маусымда тұтқындалып, қазақстандық НКВД-ның қарамағына жіберіледі. Оған жапон барлау қызметіне жұмыс істеді деген айып тағылды. Тағылған айыптауларды Халел Досмұхамедов сотқа дейінгі тергеу кезінде де және сотта да мойындаған жоқ. Оны НКВД-ның әскери трибуналы 1939 жылы 23 сәуірде РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 1а тармағы бойынша 10 жыл мерзімге жазасын өтеуге шешім шығарған.

Сталиндік қуғын-сүргін зобалаңы, сол кезеңде елімізде үлкен жауапты лауазымды қызметтерді атқарған тұлғаларды да айналып өтпеді. Қазақ Орталық атқару комитетінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетов антисоветтік ұлтшыл ұйымның басшысы ретінде НКВД жендеттері тарапынан 1937 жылы 1 тамызда қамауға алынады. 1937 жылы 2 қыркүйекте болған алғашқы тергеуде ол өзіне тағылған айыптауларды мойындамаған. Тек 2 қазан күні болған тергеуде өзінің кінәлі екенін мойындап, 1923 жылдан бастап Қазақстандағы пантүркішіл антисоветтік ұйымның басшыларының бірі болғаны, мақсаттары Қазақстандағы кеңес өкіметін құлатып, буржуазиялық мемлекет құру болғаны жөнінде жауап берген. Алайда, 1938 жылы 25 ақпанда өткен КСРО жоғарғы әскери алқасы сотының мәжілісінде өзіне тағылған айыптауларды мойындамаған және осыған дейінгі тергеу барысында айтқан сөздерін «тергеушілердің қысымынан кейін қатты шаршағанымен» түсіндірген.

Ұзақбай Құлымбетов 1938 жылы 25 ақпан күні РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 1а, 2, 8, 9, 11 тармақтары бойынша айыпталып, ату жазасына кесілген. Шешім сол күні орындалған.

Қазақ кеңшарлар халкомының орынбасары Зейнолла Төреғожин антисоветтік ұлтшыл ұйымның мүшесі ретінде 1937 жылы 15 шілдеде тұтқындалған. 1937 жылы 24 шілдеде болған алғашқы тергеуде ешқандай да антисоветтік ұйымда болмағанын айтып, өзіне тағылған айыптауларды мойындамаған. 1937 жылы 29 шілдеде және 1 қыркүйекте өткен тергеуде Зейнолла Төреғожин өзіне тағылған айыптауларды мойындап, «Антисоветтік ұлтшыл ұйымның басшыларының бірі болдым, Қазақстанда капиталистік құрылысты орнату үшін күрестік, бұл ұйымға мені Н. Нұрмақов тартты» деп жауап берген. Оның 1937 жылы 29 шілде күні өткен тергеуіне Қазақ КСР мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің комиссары Залиннің өзі қатысқан. Тергеу 1937 жылы 20 қазанда аяқталған, айыптау қорытындысы 1937 жылы 4 қарашада жасалған. 1938 жылы 25 ақпанда өткен КСРО жоғары сотының әскери алқасының сот мәжілісінде Зейнолла Төреғожин өзіне тағылған айыптаулар бойынша кінәлі емеспін дей отырып, алдын ала тергеуде берген жауаптарын жоққа шығарады. Дегенмен, ол РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 2, 8, 9 және 11 тармақтары бойынша айыпталып, әскери алқаның шешімі бойынша ату жазасына кесілген. Шешім 1938 жылы 25 ақпан күні орындалған.

Ленинград университетінің аспиранты Бірімжанов Батырбек Ахметұлын Ленинград облыстық УНКВД 1938 жылы 8 сәуірде тұтқындапты. Оны антисоветтік ұлтшыл ұйымның мүшесі ретінде Қазақ КСР НКВД-ның қарамағына жібереді. Батырбек Бірімжанов 1938 жылы 17 мамырда өткен алғашқы тергеуде өзіне тағылған айыптауларды мойындамаған. Тек 1938 жылы 20 маусымда болған тергеуде «антисоветтік ұлтшыл ұйымның мүшесі болдым» деп мойындапты. Оған қатысты тергеу ісі 1938 жылы 23 қыркүйекте аяқталған. 1938 жылы 26 қарашада өткен әскери трибуналдың соңғы мәжілісінде ол өзіне тағылған айыптауларды мойындамаған және алдын ала тергеуде берген жауаптарын «тергеушілердің қорқытуы мен күштеуі салдарынан болды» деп мәлімдепті. Осыған байланысты әскери соттың трибуналы оның ісін қайта тергеуге жібереді. Қайта тергеу ісі бойынша Қазақ КСР Ішкі істер наркомының 1939 жылы 13 наурыздағы қаулысымен кінәсіздігі дәлелденіп, ол қамаудан босатылады.

Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесі жанындағы өнер комитетінің төрағасы Тоғжанов Ғаббас Сәдуақасұлы да сот мәжілісі кезінде өзіне тағылған айыптауларды мойындамаған қайраткерлердің бірі. Ол 1937 жылы 21 шілдеде антисоветтік ұлтшыл лаңкестік ұйымның мүшесі ретінде тұтқындалады. Ғаббас Тоғжанов 1937 жылы 21 шілдеде өткен тергеуде өзін кінәлімін деп мойындамаған. Ал, 26 шілдеде болған тергеуде антисоветтік лаңкестік ұйымның 1934 жылдан бері мүшесімін деп мойындапты. Тергеу ісі 1937 жылы 10 қарашада аяқталған. Айыптау қорытындысы 1937 жылы 11 қарашада жасалған. 1938 жылы 25 ақпанда өткен КСРО жоғарғы әскери алқасының сот мәжілісінде Ғаббас Тоғжанов өзіне тағылып отырған айыптауларды мойындамай, тергеуде берген жауаптарын жоққа шығарады. Ол 1938 жылы 25 ақпанда РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 2, 8, 11 тармақтары бойынша айыпталып, ату жазасына кесіледі.

Қазақстанда сталиндік жаппай қуғын-сүргін жүргізілгенде, оған алдымен іліккен қайраткерлердің қатарында Сәлімгерей Қаратілеуов болды. Ол 1936 жылы 14 қарашада тұтқындалып, РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 10-тармағы бойынша айыпталады. Артынан оған 58-баптың 2, 7, 8, 11 тармақтары қосылып, ұзаққа созылған тергеу жүргізілген. Тергеуде Сәлімгерей Қаратілеуов өзінің Алаштың әскери кеңесінің мүшесі болғанын, азамат соғысы жылдарында ақгвардияшылар жағында болып, кеңес өкіметіне қарсы күрескенін, Алаш әскеріне қажетті жігіттерді, мініс көлігін жинау үшін қазақ ауылдарына барғанын мойындап, жазбаша түсінік берген. Қазақстанда жаппай қуғын-сүргін жылдары бас шабар жендеттің рөлін атқарған кеңестік НКВД-ның тергеушілерін Сәлімгерей Қаратілеуовтың бұл жауаптары қанағаттандырмаса керек. Енді оған «антисоветтік-ұлтшыл ұйымның тапсырмасымен лаңкестік әрекеттер жасады» деген қосымша жалған айыптар тағылады. Осы негізгі айыптауларға байланысты 1937 жылы 22-23 қазан күндері болған тергеушінің сұрақтарына: «Мен Қаратілеуов коммунистік партия мен кеңестік билікке қарсы күрес жүргізсем де, кеңестік биліктің өкілдеріне қарсы күресті лаңкестік жолмен жүргізуді алдыма мақсат қойған емеспін, сондай-ақ бұл мәселеге байланысты өз ұйымымнан ешқандай тапсырма алған емеспін» деп жауап береді. Оны айыптау қорытындысы 1937 жылы 23 қазанда шығып, 1938 жылы 26 ақпанда КСРО жоғарғы сотының әскери алқасының шешімімен ату жазасына кесіледі. Жаза сол күні орындалған. (Ескертпе: мақаладағы деректер қайраткерлердің Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатындағы жеке істерінен алынды).

1934 жылы Ленинградтағы Смольныйда орталық комитеттің және Ленинград қалалық партия комитетінің хатшысы С.М. Кировтың өлтірілгені белгілі. Осы істің артынша-ақ, 1934 жылы 1 желтоқсанда КСРО орталық атқару комитеті лаңкестік актілер дайындағаны немесе іске асырғаны үшін айыпты қараудың жаңа тәртібі жөнінде қаулы қабылдады. Аса қауіпті лаңкестік істерге жатқызылған қылмыстар КСРО жоғарғы сотының әскери алқасының қарауына берілді. Бұл тергеуде де, сотта да аталған істер бойынша оның барлық жағдайын жан-жақты анықтауды болғызбайтын жағдайға душар етті. Бұлардың қарауындағы істерді тергеу 10 күннен аспайтын болды. Істер прокурорсыз және адвокатсыз қаралды. Шағым беруге де, кешірім жасауға да тыйым салынды. Өлім жазасына кесілген үкімдер тез арада орындалды. Қазақ арыстарының басым бөлігінің істерін осы КСРО жоғарғы сотының әскери алқасы қарап, істің анық-қанығына көз жеткізбей және «бастарын да қатырып жатпай» ату жазасына кесу жөнінде шешім шығарып отырған.

Міне, сондықтан бүгінгі ұрпаққа Алаш қайраткерлерінің бір-біріне деген өзара құрметі, сыйластығы, бір-бірін азамат деп ардақ тұтуы сынды асыл қасиеттері үлгі-өнеге! Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның халқының алдында сіңірген зор еңбегін «Досыма хат» деген өлеңінде:

«Қырағы, қия жазбас, сұңқарым-ай,
Қажымас, қашық жолға, тұлпарым-ай.
Үйілген өлексені өрге сүйреп,
Шығармақ қыр басына, іңкәрім-ай!» – деп көкке көтермелеп суреттеген болса, Әлихан Бөкейхан Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына жазған хатында: «Шырағым Ахмет! Шырағым Міржақып! Сендер қайта-қайта абақтыға түсе бересіңдер. Оған налымаңдар. Атам заманнан, Прометейден бергі уақытта ел үшін күрескен азаматтардың көргені абақтының есігі. Баяғыда доңыз бен аққу дос болыпты. Доңыз сонда аққуға: «Ей, аққу, сен айтшы, күн қайда» десе, Аққу «сен үнемі жерге қарап жүресің, содан күнді көрмейсің» деген екен. Алда әлі күнді көретін ұрпақ келеді. Сол ұрпақ сендерді үлкен ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады. Күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер», – деп ұлт мүддесі жолындағы қызметтеріне аса ризашылық білдіре отырып, оларды рухтандырып, қажыр-қайрат береді.

Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың: «Ахаңның қазақ баласына істеген еңбегін, өнер, білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайды», – деп Ахмет Байтұрсынұлы жайлы айтқан пікірі ұрпаққа аманат болумен бірге, елді, жерді сүюдің айқын үлгісі болып қала бермек.

Халқымыздың тарихы мен тағдырында айырықша орын алатын, елдігімізді сақтауда өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлғалар аз емес. Сондықтан халқымыздың рухани-мәдени және саяси тарихында өзіндік орны бар тұлғалардың халқымыз бен еліміздің алдында сіңірген еңбегін ашып көрсету, оларды жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету қашанда назардан тыс қалмау керек. Сингапур елінің көшбасшысы болған Ли Куан Ю: «Мемлекеттің ұлылығы тек жер көлемімен ғана өлшенбейді. Ұлылықты жұдырықтай жұмылған халықтан жігері мен бірлігі, табандылығы мен тәртібі және сол мемлекетті тарихтың құтты мекеніне айналдыруға ұмтылған ұлтжанды көшбасшылары мен көсемдерінің сапасы ғана сомдайды», – деген ойы жеке қайраткер тұлғалардың өз халқы алдындағы қызметі қашанда құрмет пен тағзымға лайықты дегенді білдіреді. Сондықтан өз ұлтына қалтқысыз қызмет етіп, осы жолда құрбан болған Алаш арыстарын жазықсыз әрі орынсыз кінәлаулардан арашалап, бұған қарсы тосқауыл қою – азаматтық борышымыз.

Досалы САЛҚЫНБЕК,
Қазақстан педагогикалық ғылымдар
академиясының академигі,
Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ профессоры

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here