Конституциялық сот Тұңғыш Президент туралы заңның күшін жойды

0
118

Жаңа жылдан бастап жұмысқа кіріскен Конституциялық сот бір топ депутаттың өтінішін қарап, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшін жойды. Бұл туралы Конституциялық соттың 10 қаңтардағы нормативтік қаулысында жарияланды.

2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумның нәтижесіне сүйенген  Конституциялық сот бұл шешімнің «Қазақстан халқының еркіне негізделе отырып» шығарылғанымен түсіндіреді.

Қаулыдан мәлім болғандай, Конституциялық сот 2022 жылғы 5 маусымда Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы ретінде өз билігін тікелей республикалық референдум арқылы жүзеге асыра отырып, Тұңғыш Президент – Елбасының мәртебесі мен өкілеттігін, оларды Конституциялық заңмен регламенттеу мүмкіндігін, Конституциялық кеңеске өмір бойы мүшелігін, сондай-ақ оның арнаулы артықшылықтарын – мәртебесінің өзгермеуін, қатарынан екі реттен артық президент болып сайлану құқығын Конституциядан алып тастады.

Конституциялық сот қаулы бірден күшіне енетінін, шағымдануға жатпайтынын мәлімдеді.

Айта кетейік, желтоқсанда айында Мәжіліс «Тұңғыш Президент – Елбасы» туралы Конституциялық заңның күшін жою процесін бастады. 2000 жылы қабылданған аталған заң елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасына көп басымдық берді. Заң бойынша Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасы мүшелері қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды, қамалмайды, мүліктері тәркіленбейді және шектеу қойылмайды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here