Артас Санаа Нұрислам Санаевқа қалай айналды?

0
6468

Қазақстанның ұлттық құрамасында легионердің қатары аз емес. Әсіресе, ауыр атлетикада. Алла Важенина, Светлана Подобедова, Мая Манеза, Зульфия Чиншанло (соңғы үшеуі допинг дауына байланысты Лондон Олимпиадасындағы алтын медальдарынан айырылса, біріншісі керісінше Бейжің Олимпиадасындағы күмісін алтын медальға ауыстырды, ал соңғысы Токио Олимпиадасында қола жүлдегер атанды), Арли Чонтей, Фархад Харки сынды ауыр атлеттердің тағдыры бізге белгілі. Алғашқылары Ресейге, қалғандары Қытайға ренжіп келген еді. Бұл «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бардың» кері.

Иә, оларды Қазақстан халқы жатырқаған жоқ. Федерация бар жағдайларын жасады. Ішкендері алдында, ішпегендері артында болды. Қазақстан бұл легионер спортшыларға кәдімгі инвестиция ретінде қарады. Кейбірінің қайтарымы мол болса, кейбірі үмітті, кеткен шығынды еш ақтамады. Алысқа бармай-ақ қояйық, 2016 жылғы Рио Олимпиадасында қытайлық легионер Фархад Харки (ауыр атлетика) мен моңғол қызы Галбадрах Отгонцэцэг (дзюдо) Қазақстан қоржынына қола медаль салды. Соңғысының Токиода жолы болмады.

Өз елінде жағаға шығып қалған балықтай күй кешкен тағы бір легионер бар. Ол – 32 жастағы Артас Санаа, яғни 2021 жылы өткен Токио Олимпиадасында Қазақстан қоржынына қола медаль салған Нұрислам Санаев. 

1991 жылдың 9 ақпанында Ресей Федерациясының құрамындағы Тыва Республикасының Чадан қаласында Артас Санаа дүниеге келді. Болашақ чемпион 4-сынып оқушысы кезінде еркін күрес секциясына жазылып, спорт шебері Артур Делгероолдан күрестің қыр-сырын үйренді. Екі дүркін Олимпиада чемпионы, Әлем кубогының бес дүркін чемпионы Иван Ярыгин, үш дүркін Олимпиада чемпионы, алты дүркін Әлем чемпионы Бувайсар Сайтиев секілді атақты палуандар тәлім алған Красноярск қаласындағы Дмитрий Миндиашвили атындағы күрес академиясының түлегі. Олимпиада чемпионы Адам Сайтиевтей атақты палуандарды баптаған екі дүркін Әлем чемпионы Виктор Алексеевтің шәкірті. 2012 жылы Иван Ярыгин атындағы Халықаралық турнирде үшінші орын алып, Ресей Федерациясының ұлттық құрама командасына қабылданды. 

Атақты оқу орнында атақты бапкерлерден тәлім алған Артас Санааның үлкен спортта биік белестерді бағындыратынына Тыва халқы сенім артты. Дегенмен, өз халқының бұл сенімін Ресейде ақтай алмайтынын палуан жақсы түсінді. Өйткені, Ресей Федерациясында аталған спорт түрінен бәсекелестік өте жоғары. Шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықты палуандар бар. Ал, әлемдік жарыстарға қатысу үшін ұлттық құрамаға қабылдану аздық етеді. Талай палуанның жауырынын жерге тигізу керек. Бұл – бір. Екіншіден, көп жағдайда ұлттық республиканың өкілдеріне әлемдік жарыстарға қатысу бақыты бұйыра бермейді. Содан Артас Санаа 2014 жылы Қазақстан азаматтығын алуға шешім қабылдайды.

«Ұлттық құрамада бәсекелестік өте жоғары болатын. Менің салмағымда екі дүркін Әлем чемпионы Виктор Лебедев пен Әлем біріншілігінің екі мәрте күміс жүлдегері, екі дүркін Еуропа чемпионы Гаджимурад Рашидов болды. Ал, менде әлемдік жарыстардағы тәжірибе мүлдем болған жоқ. Сондықтан әлемдік деңгейдегі додаларда аталған палуандар ел намысын қорғап жүрді. Маған ондай мүмкіндіктер берілмеді. Сол кезде: «Отыз жасыма дейін әлем чемпионатына қатыссам екен», – деп армандайтынмын. Бұл арманымның жақын арада орындалмайтынын да іштей сезетінмін. 2014 жылы Мәскеу қаласында өткен Еуропа халықтарының кубогында спорт жанашыры Еркін Ізбасаровпен таныстым. Ол кісі менен «Олимпиада ойындары мен Әлем біріншіліктеріне Қазақстан атынан қатысуға қалай қарайсың?» деп сұрады. Қолдау мен мүмкіндік болса, Қазақстанның намысын қорғауға дайын екенімді айттым. Сөйтіп, Еркін ағаның қолдауымен Ақтөбеге қоныс аудардым», – деген Артас Санаа өзінің үлкен спорттағы жарқын болашағы үшін осындай қадамға барғанын айтады.

Расында, Артас Санааның «Әлем чемпионатына қатыссам» деген арманы Қазақстанда орындалды. 2014 жылы Ташкентте (Өзбекстан), 2015 жылы Лас-Вегаста (АҚШ) өткен әлем чемпионаттарында үздік бестіктің қатарынан көрініп, 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына еркін күрестен жолдама алған жалғыз қазақстандық палуан болды. Дегенмен, онда палуан жүлдесіз қалып, 12-орынды қанағат тұтты.

Рио-де-Жанейро Олимпиадасының алдында Артас Санаа өзінің аты-жөнін «Нұрислам Санаев» деп өзгертіп, ислам дінін қабылдады. Жалпы, тывалықтар түркі тілдес халық болғанымен, буддизм дінін ұстанады.

«Қазақстан менің үлкен спорттағы жолымды ашты. Спортпен алаңсыз шұғылдануыма бар жағдайды жасады. Пәтер де берді. Маған Қазақстан туған елімдей, Ақтөбе туған қаламдай болып кетті. Өзімді мұнда келімсек санамаймын. Алдағы тағдырымды Қазақстанмен байланыстырамын. Күресті қойғаннан кейін Қазақстанда қалып, өзімнің бар білгенімді жастарға үйреткім келеді. Аты-жөнімді қазақшаға сондықтан ауыстырдым. Осы елде тұрып, осы елдің нанын жеп жүргеннен кейін қазақтың тілін де білуге міндеттімін. Қазақша білемін. Шүкір, Ақтөбеде достарым өте көп. Олар мені «Байғаниннің адайы» деп әзілдейді», – деген Нұрислам Санаев аты-жөнін неге өзгерткенін осылайша түсіндіреді.

Содан, 2014 жылы Нұрислам Санаевтың Қазақстанда жаңа өмірі басталды. Татами төрінде тәжірибе жинап, әбден ысылған палуан Рио-де-Жанейро Олимпиадасынан кейін үздік нәтижелер көрсете бастады. Айталық, 2017 жылы Азия біріншілігінде қола медаль бұйырса, 2018 жылы Азия чемпионы атанды. Сонымен қатар, сол Будапештте (Венгрия) өткен Әлем чемпионатында күміс жүлдені қанжығасына байлады. Ал, Астанада өткен 2019 жылғы Әлем чемпионатында үздік үштікке енді. Токио Олимпиадасында Қазақстан қоржынына қола медаль салды.

«Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде отырып тақымын қысар» дегендей, көгілдір экран арқылы тывалықтар да Токиодағы өз ұлына жанкүйер болыпты. Қазақстан қоржынына салған қола жүлдесіне қуаныпты. Ал, бұған сенбей көріңіздер. Өйткені, тывалықтар бұған дейін де Тыва астанасы Қызылда Нұрислам Санаевты халық батырындай күтіп алыпты. Оның тегін, дінін өзгерткеніне түсіністікпен қарапты. Дегенмен, Тыва халқы бүгінде Артас Санаадай чемпион ұлынан айырылып қалғанына өкінеді және палуанды туған еліне қайтаруға барын салады. Бұған Тыва Республикасының 2007-2021 жылдардағы басшысы Шолбан Кара-оолдың Нұрислам Санаевпен бұрын кездескенде айтқан мына сөзі дәлел бола алады: «Несмотря на то, что в спортивном мире тебя представляют как Нурислама Санаева, твои тренеры знают, что ты тувинец. Родители дали тебе прекрасную имю и фамилию. Мне очень жаль, что ты сменил их. Я думаю, что ты правильно поймешь и сделаешь выводы. Сейчас перед тобой стоит дальнейшая цель, достижение которой прославит нашу Тыву. Думаю, нет более благородной миссии, чем прославлять свою родину». 

«Өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан бол» дегенді спортшы санасына жеткізуді мақсат еткен Шолбан Кара-оол Нұрислам Санаевқа Қызылдан екі бөлмелі пәтер сыйлап, тарихи отанына оралатын болса, барлық жағдайды жасайтынын бұрнағы жылдары жеткізген болатын. Дегенмен, палуан туған еліне оралса, Ресейдің атынан Олимпиадаға қатыса алмайтынын, бұл арманына Қазақстанда ғана қол жеткізе алатынын айтқан еді. Міне, сол арманына Нұрислам Санаев Қазақстанда қол жеткізді.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here