Үлкен спорттың үлкен шығындары

0
1945

Біздің заманымызға дейінгі 776 жылы бастауын Ежелгі Грекиядан алған, сол заманда 293 рет өткен Олимпиада ойындарын француз қайраткері Пьер де Кубертен 1896 жылы қайта жандандырды. Яғни, биыл заманауи Олимпиадаға 127 жыл толып отыр. Бір ғасырдан астам осы уақытта барлығы 54 Олимпиада ойындары өтті (30 жазғы, 24 қысқы). Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстарға байланысты бес Олимпиада өтпей қалса, коронавирус пандемиясы 2020 жылы Олимпиада алауын жағуға мүмкіндік бермеді. Дегенмен, Токио Олимпиадасы бір жылға кешігіп өтті. Бұл – дүбірлі дода тарихындағы алғашқы жағдай ретінде тарих қойнауына енеді.

Қос Олимпиада тарихына көз жүгіртсеңіз, дүбірлі додалар шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықты елдерде өткен. Тек экономикасы дамыған елдерден әлдеқайда артта қалған Олимпиада отаны Грекия жазғы ойындарды 2004 жылы қабылдады. Дүбірлі доданы өткізуге біраз шығындалған гректердің экономикасы Олимпиададан кейін шатқаяқтады. Өйткені, төрт жылдықтың басты додасын өткізу кез келген елдің бюджетіне салмақ салады. Яғни, үлкен спорттың шығыны да үлкен.

Мәселен, коронавирустың кесірінен бір жылға кешігіп өткен соңғы Токио Олимпиадасының бюджеті 19,5 млрд долларды құрады. Шығынның басым бөлігін – 6,9 млрд долларды «Токио-2020» ұйымдастыру комитеті, соған шамалас шығынды (6,7 млрд $) Токио әкімшілігі, 2,1 млрд долларды Жапония үкіметі көтерді. Олимпиаданы 2020 жылдан 2021 жылға ауыстырғаннан пайда болған шығынға 2,8 млрд доллар, антикоронавирустық шараларға 1 млрд доллар көлемінде қосымша қаржы бөлінді. Жалпы, бастапқыда Олимпиада бюджеті 30 млрд долларға дейін жеткен еді. Бірақ, жапондардың жаппай қарсылығынан кейін билік өкілдері шығынды 10 млрд долларға дейін қысқартты. Әрине, 20 млрд доллар кейбір елдердің бір жылдық бюджеті, тіпті мұндай көлемдегі бюджет ондаған елдер үшін арманға айналғанын ескерсек, Олимпиадаға жұмсағалы отырған жапондардың ақшасы аз емес. Алайда, төрт жыл сайын ойын түрлерінің қатары көбейіп жатқанына, жылдағы қымбатшылыққа қарамастан Токиодағы дода ең қымбат Олимпиадалардың алғашқы алтылығына да кірмеді.

Спорт тарихындағы ең қымбат Олимпиада ойындарын қытайлар мен орыстар өткізді. Айталық, ресми мәліметтерге сенсек, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының бюджеті 40 млрд долларға (бейресми 44 млрд $) жетсе, 2014 жылы ақ Олимпиаданы Сочиде өткізуге орыстар 37,5 млрд долларға (бейресми 51 млрд $) шығындалды. Ал, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына британдықтар 25-30 млрд доллар жұмсады. Ал, ең арзан жазғы Олимпиаданы немістер 1972 жылы Мюнхенде (520 млн $), қысқы Олимпиаданы француздар 1992 жылы Альбервильде (90 млн $) өткізді.

Айта кетейік, XXXIII жазғы Олимпиада ойындарын 2024 жылы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Париж қаласы қабылдайды. Француздар ойынға 4,38 млрд еуро жұмсамақ.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here