Алғаш рет өткізілген ашық конкурстың нәтижесінде кадрлар жаңарды

0
277

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті басшылығы биылғы қаңтар айының басында барлық факультет декандары мен кафедра меңгерушілерінің лауазымдары үшін конкурс жариялаған болатын.

Университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев оқу орнында соңғы жылдары алғаш рет ұйымдастырылған бұл конкурс ашық және әділетті түрде өткізілгенін атап өтті.

«Өткізілген конкурсқа өз қызметкерлерімізбен қатар, еліміздің басқа да өңірлерінің жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамынан қатысты.

Конкурстық комиссияның сараптау нәтижесінде, факультет декандары мен кафедра меңгерушілерінің 70%-ы жаңарды. Іріктелген үміткерлер өз салалары бойынша біліктілігі мен білімін, ғылым мен білім берудегі жинақтаған тәжірибелерінің мол екендігін айқын көрсете білді. Біздің конкурстан күткен нәтижеміз де осы болатын», – деді университет басшысы Ақылбек Қажығұлұлы.

Сонымен қатар, жаңа басшылардың құрамы бұрынғымен салыстырғанда едәуір жасарды. Декандардың орта жасы 49, кафедра меңгерушілерінің орта жасы 46-ны құрады.

Тағайындалған факультет декандары мен кафедра меңгерушілерін құттықтай отырып, сәттілік тілеген ректор жаңа құрамның алдына нақты міндеттер қойды. Атап айтсақ:

– білім беру сапасын заманауи жаңа талаптарға сай, әлемдік алдыңғы қатарлы университеттер деңгейіне көтеру;

– білім беру үдерісі барысында жемқорлық көріністеріне қарсы күресті жалғастыру;

– оқу ғимараттары мен студенттік жатақханалардағы материалдық-техникалық базаны жақсарту;

– университет ұжымындағы моральдық-психологиялық атмосфераны сақтау және өзара әріптестік қағидатты қалыптастыру;

– профессор-оқытушылар құрамының жүйелі, нәтижелі қызмет етуі үшін тиісті жағдай жасау, олардың еңбекақысын сатылап көтеру.

«Жаңа Қазақстан құру үшін – ең алдымен, туған еліміздің білімі мен ғылымы бәсекеге қабілетті, заманауи жоғары деңгейде болуы тиіс. Ал, мемлекетіміздегі білім мен ғылымды дамытатын басты тұлға – шыңдалған, тәжірибелі білікті кадрлар екені даусыз. Ондай кадрлардың ел ішінде аз емес екеніне бүгін көзіміз жетіп отыр.

Біз тек, заң мен тәртіпке сүйенетін Әділетті университет құруды жариялаған болатынбыз. Бұл қадам сол бастамамыздың алғашқы көрінісі. Конкурс ашық және әділетті сипатта өтті. Басты назар – үміткерлердің білімі мен біліктілігіне аударылды», – деп түйіндеді жиынды ректор Ақылбек Күрішбаев.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here