Сүреңсіз статистика: Ресейдегі қазақтар тоғыз пайызға азайды

0
2103

Федералды мемлекеттік статистика қызметі (Росстат) 2021 жылы 15 қазан мен 14 қараша аралығында өткен Бүкілресейлік халық санағының қорытындысын жариялады. Саны бойынша этникалық қазақтар Ресей Федерациясындағы оныншы ұлт ретінде бұрынғы орнын сақтап қалды. Дегенмен, бұл көңіл көншітерлік көрсеткіш емес. Себебі, соңғы 11 жылда солтүстік көрші елдегі қазақтың саны 9%-ға дейін кеміген. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Ресей қазақтарының соңғы жылдары қалай азайғанына тоқталады.

194 ҰЛТТЫҢ ІШІНДЕ 103 ҰЛТ ЖҰТЫЛУДЫҢ АЛДЫНДА ТҰР

Бүкілресейлік халық санағының қорытындысына сенсек, Ресей Федерациясында тұратын орыстардың саны 105,5 млн немесе жалпы халық санының 71,73 пайызын құрайды. Орыстардан кейінгі екінші ірі ұлт – татар. Олардың саны 4,7 млн-нан асады. Сөйтіп, Ресей халқының 3,2 пайызын құрап отыр. Аталған көрсеткіш бойынша үздік үштікті шешендер түйіндейді. Көрші елде 1,67 млн шешен тұрады. Бұл – Ресей Федерациясы халқының 1,14 пайызы. Бір пайыздық межені башқұрттар да бағындырды. Қазақпен тілі бір, діні бір ресейлік башқұрттар саны – 1,57 млн.

Ресей Федерациясындағы қалған ірі этностардың жалпы халық санындағы үлесі 1 пайызға жетпейді. Айталық, солтүстіктегі көрші елдегі чуваштар үлесі – 0,73%, аварлар үлесі – 0,69%, армяндар үлесі – 0,64%, украиндар үлесі – 0,60%, дарғындар үлесі – 0,43%, қазақтар үлесі – 0,40%.

Халық саны бойынша жүз мыңдық межені 29 ұлт бағындырып отыр. Соның ішінде құмықтарды (565 мың), қабардиндерді (523 мың), ингуштарды (517 мың), легзиндерді (488 мың), осетиндерді (485 мың), мордваларды (484 мың), сахаларды (478 мың), әзербайжандарды (474 мың) және буряттарды (460 мың) ірі этностардың қатарына жатқызуға болатын шығар. Өйткені, Ресейде тұратын 194 ұлттың ішінде 103 ұлт жұтылудың аз-ақ алдында тұр.

Иә, Бүкілресейлік халық санағының этностар туралы статистикасы тіптен сүреңсіз. Неге десеңіз, жыл сайын ассимиляцияға ұшыраған ұлттар саны артып келеді. Өкінішке қарай, Ресейде саны 5 мыңға жетпейтін 103 ұлт өкілі тұрады.

Жұтылудың аз-ақ алдында тұрған ұлттың көшін құрманждар бастайды. Күрд тектес ұлттың саны төртеу ғана. Көрші елде саны жүзге де жетпейтін осындай тағы 19 ұлт бар. Осылайша, жер бетінен ондаған ұлт жойылып барады.

РЕСЕЙДЕГІ УКРАИНДАР САНЫ БІР МИЛЛИОНҒА КЕМІДІ

Соңғы статистика Ресей Федерациясындағы он ірі ұлттың үшеуінде ғана өсім болғанын көрсетеді. Олар – дарғындар, аварлар мен шешендер. Біріншісінде өсім ауыз толтырып айтарлықтай емес. 2010 жылы өткен Бүкілресейлік халық санағымен салыстырғанда дарғындар 37 мыңға көбейген. Көңіл көншітерлік көрсеткіш аварлар мен шешендерде тіркелді. Алғашқысы – 100 мыңға, соңғысы – 243 мыңға артты.

Саны айтарлықтар кеміген ресейлік ірі ұлттар – украин, татар, чуваш және мордва. Атап айтқанда, соңғы 10 жылда украиндар – 1,04 млн-ға,  татарлар – 597 мыңға, чуваштар – 368 мыңға, мордвалар – 260 мыңға азайды.

Бір ескерерлігі, 2014 жылы Ресей Федерациясы Қырымда референдум ұйымдастырып, түбекті аннексиялап алғаннан кейін Мәскеу мен Киев қарым-қатынасы күрделене түсті. Сондықтан соңғы санақта украиндардың басым бөлігі екі ел арасындағы күрделі жағдайға байланысты ұлтын көрсетпеуі мүмкін.

Жоғарыда жазғанымыздай, саны бойынша этникалық қазақтар Ресей Федерациясындағы оныншы ұлт ретінде орнын сақтап қалғанымен, соңғы 11 жылда 56 мыңға немесе 9 пайызға азайғаны көңілге қаяу түсіреді. Неге десеңіз, екі мыңыншы жылдарға дейін Ресейдегі қазақтар саны баяу болса да, артып келгені жасырын емес. Қазақтың кемуі 2010 жылы тіркелді. Мәселен, 2000 жылғы мен 2010 жылғы Бүкілресейлік халық санақтарымен салыстырғанда, 10 жылда қазақтың саны 6 мыңға азайған болатын. Оның үстіне 2000-2010 жылдары Ресейден Қазақстанға 168,6 мың этникалық қазақтың қоныс аударғанын ескерсек, демографияның қазіргідей аса күрделі болмағанын байқаймыз.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бүкілресейлік халық санағы солтүстіктегі көрші елде 591 мың қазақ тұратынын көрсетті. Бұл – Ресей Федерациясы халқының 0,40 пайызы. Ал, ондағы қазақтың 11 жылда 56 мыңға азайғаны көңілді күпті етеді. Өйткені, 2010-2020 жылдары Ресейден 50,6 мыңдай қазақ тарихи отанына оралды. Сонда Ресейдегі қазақтар арасында бала туу көрсеткіші күрт төмендеді ме, әлде ұлтын көрсетуді артық санаған 16,6 млн ресейліктің қатарында қалды ма? Міне, жауап іздеуге тұрарлық сұрақ осы.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here