Ауыл медицинасындағы күрмеулі мәселенің түйіні қалай тарқатылады?

0
2644

Ұлттық статистика бюросының соңғы мәліметінше, Қазақстан халқының саны 19,7 млн адамнан асты, соның 7,5 млн-нан астамын ауылдағы ағайын құрайды. Сол ел халқының 38 пайызы қоныстанған ауылдарда медицинаның халі мүшкіл. Көбінде медициналық нысандар атымен жоқ. Тіпті, кейбір ауылдарға ақ халатты абзал жандардың табаны тимеген. Енді ауыл тұрғындарына беті бері қараған мемлекет осы олқылықтың орнын толтырмақ.

АУЫЛ
МЕДИЦИНАСЫНЫҢ
АУЫР ЖАҒДАЙЫН
ПРЕЗИДЕНТТІҢ ӨЗІ АЙТТЫ

Ұзақ жылдардан бері «жан сақтау бөлімінде жатқан» ауыл медицинасының ауыр жағдайын былтыр Президенттің өзі айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауында медицина саласындағы, соның ішінде ауыл медицинасындағы өзекті мәселелерді қозғап, Үкіметке емдеу мекемесі жоқ 650 елді мекенде алдағы екі жылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салуды, оларды қажетті заманауи құрал-жабдықтармен және ақ халатты абзал жандармен қамтамасыз етуді тапсырды.

Әрине, Президенттің тапсырмасын толық орындауға екі жыл аздық ететін болар. Дегенмен, Ажар Ғиният тізгінін ұстаған Денсаулық сақтау министрлігі былтыр күзде Президенттің тапсырмасын, Үкімет басшысының міндетін орындауға білек сыбана кірісіп кетті. Содан үш міндетті қамтитын «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы қабылданды. Ұлттық жоба аясында Үкімет 2025 жылға дейін медициналық, фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер, дәрігерлік амбулатория сияқты жетіспейтін медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысандарын салу арқылы барлық ауылдық елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді. Бұл – бір.

Екіншіден, медициналық жабдықтармен жабдықталған заманауи көпбейінді ауданаралық орталық ауруханалар желісін іске қосады.

Үшіншіден, ауылдағы денсаулық сақтау нысандарын медицина кадрларымен толықтырады. Айталық, 2023-2024 жылдары 7 медицина университетінде 2 843 маман даярланады. Дәл қазір ауыл-аймақтарда бұл мәселе өзекті күйінде қалып тұр. Жоғарыда дәрігер аяғы баспаған ауылдардың барын жаздық. Ауыл-аймақтағы кадр тапшылығы туралы сүреңсіз статистиканы сөйлетсек. Бүгінде ауылды жерлерде 67 мыңнан астам медицина қызметкері, соның ішінде 13 мың дәрігер мен 54 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді. «Ауыл-аймақ» дегенде, бұл санатқа аудан орталықтарындағы ауруханалар мен емханалар да кіреді. Сондағы 54 мың медицина қызметкерінің өзі 7,5 млн ауыл тұрғыны үшін теңізге тамған тамшыдай ғана көрсеткіш. Сондықтан жыл сайын клиникалық бейіндегі 1,5 мың медицина кадрын даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінетіні, түлектерді өңірлерге бөлу жұмысы жүргізілетіні қуантады. «Сөзден іске көшу» деген осы болар.

Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, 655 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанының, соның ішінде 253 медициналық, 160 амбулаториялық және 242 фельдшерлік-акушерлік бөлімшенің құрылысы бойынша жұмыстарды қолға алды.

ЖИЫРМА БЕС ЖЫЛДА
МЕДИЦИНАҒА
АРНАЛҒАН ТӨРТ БАҒДАРЛАМА
ҚАБЫЛДАНДЫ

Әрине, елімізде бұған дейін медицина саласын жақсартуға қатысты қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың бәрін жоққа шығаруға болмайды. Мұндай бағдарлама алғаш рет осыдан 25 жыл бұрын қабылданды. «Халық денсаулығы» бағдарламасы 1998-2005 жылдарға арналды. Ол үш кезеңнен тұрды.

Рас, тоқсаныншы жылдардың соңында отандық медицина өлім аузында жатты. Оған тоқсаныншы жылдардың тоқырауы кері әсер етті. Бір ғана мысал. Азаттық алған жылдары елімізде 66 мың дәрігер, 198 мың орта буын медицина қызметкері жұмыс істесе, жоғарыда аталған бағдарлама қабылданар жылы 54 мың дәрігер, 129 мың орта буын медицина қызметкері болды. Яғни, айналдырған жеті жылда біріншісінің саны 12 мыңға, екіншісінің саны 69 мыңға дейін кеміді. Тіпті, 1991-1994 жылдары 154 аурухананың есігіне қара құлып салынды. Бар болғаны екі жылда 1 805 ауруханадан 1 651 аурухана қалды.

Міне, осындай күрделі мәселелерді «Халық денсаулығы» бағдарламасы шама-шарқынша шешуге тырысты. Нәтиже де жоқ емес. Мысалы, дәрігерлер мен медицина қызметкерлері санын 2000 жылғы көрсеткіштен екі жылда 11 мыңға арттыра алды. Есесіне, халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы да артты.

Осы 25 жылда отандық медицинадағы түйіткілді шешуге бағытталған «Халық денсаулығы» бағдарламасын қоса алғанда ұзақ мерзімге арналған барлығы төрт мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Атап айтқанда, «Халық денсаулығы» бағдарламасы 1998-2005 жылдарды, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы 2005-2015 жылдарды, «Денсаулық» бағдарламасы 2016-2019 жылдарды қамтыды. Ал, қазір Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асып жатыр.

Ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелер де бар. Мәселен, өткен жылы халық арасында өлім-жітім көрсеткіші 2021 жылмен салыстырғанда 30 пайызға төмендеді. Соның ішінде өлім-жітім қан айналым жүйесі ауруларынан 34 пайызға, обырдан 8 пайызға, өкпе ауруынан 12 пайызға кеміді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Мемлекет басшысы адам капиталын дамытуға қатысты мәселелерді жиі көтереді. Күні кеше Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде бұл мәселені айналып өтпеді. Денсаулық сақтау жүйесін тиімді ету, ауылдағы медицина инфрақұрылымын жақсарту сияқты мәселелерді шешуге «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы оң әсер ететініне сенім білдірді. Ауылдағы ағайындар да таяу жылдары ауыл медицинасындағы күрмеулі мәселенің түйіні тарқатылатынына үміт артады.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here