Моңғолия қой шаруашылығында елімізді қалай артқа тастады?

0
13529
Қысы қатты, жазы ыстық қатал климатқа қарамастан, Моңғолия халқының 64 пайызы мал шаруашылығымен айналысады...

1990 жылы Моңғолия мен Қазақстанның мал шаруашылығын салыстырудың өзі артық еді. Шыңғыс хан елінде ірілі-ұсақты малдың саны 25 млн басқа жетсе, елімізде тек қой мен ешкінің саны 35,6 млн бас болды. Содан бері 32 жыл өтті. Қазір бізде олардың саны 20,9 млн басты құрайды. Ал, Моңғолияда қой мен ешкі саны еселеп артты. Бүгінде 3,4 млн халқы бар елде 60 млн қой мен ешкі бар. Бір қойдың өзі 33 млн басқа тақады. Әр маусымда елде 45 млн жас мал сойылады. Былтырғы жылдың соңында Моңғолияда етті экспорттау көлемі 55 мың тоннаға жетті. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Моңғолия қой шаруашылығында елімізді қалай артқа тастағанына тоқталады.

Тоқсаныншы жылдары қойдан 105 мың тонна табиғи жүн алынса, қазір ол 40 мың тоннадан аспайды, ал ел аумағында өндірілген жүннің 11 пайызы өңделіп, қалғаны жарамсыз күйде қалады…

АТА КӘСІПТЕН
ҚОЛ ҮЗІП
ҚАЛМАДЫҚ ПА?

Соңғы жылдары Моңғолия мал басын көбейтіп қана қоймай, экологиялық таза ет өндіру, өңдеу және экспорттау жұмыстарын да жүйелі жолға қойды. Сөйтіп, ет экспорттау жолында жаңа нарыққа шықты. Әрине, қой мен ешкі етін экспорттауда алдына ешбір елді салмайтын Жаңа Зеландия мен Аустралияның көрсеткішіне жақындау әзірге мүмкін емес. Өйткені, барыс жылы біріншісі 4,75 млрд долларға, екіншісі 3,23 млрд долларға сыртқа ет саудалады. Былтыр әлемдік қой мен ешкі етінің нарығында осы екі елдің үлесі 75 пайызға жуықтады. Бұл көрсеткіш бойынша алғашқы бестікке Ұлыбритания (5,6%), Ирландия (4,1%) және Франция (3,2%) енеді. Дегенмен, Моңғолия 2022 жылы 4,33 млн долларға қой мен ешкі етін экспорттады. Осы көрсеткіш бойынша да біздің алдымызды орап кетті.

Қазақстанның алдына Моңғолия мал басының саны немесе ет экспортының көлемі бойынша ғана емес, басқа да көрсеткіштер бойынша шыққанын мойындамасқа болмайды.

Моңғолия ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, жері көп, халқы аз елде 71,1 млн мал басы бар. Бұл ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Соның 85 пайызын қой мен ешкі құрайды. Осылайша, жан басына шаққандағы мал саны бойынша моңғолдар әлемде көш бастады.

3,4 млн халқының 64 пайызы немесе 2,1 млн тұрғыны мал шаруашылығымен айналысады. Есесіне аталған сектор Моңғолияның жалпы ішкі өнімінің 13 пайызын береді. Моңғолдардың ата кәсібі саналатын шаруашылық жалпы экспорттың 74 пайызына тең. Экспорттық түсім бойынша бірінші орында жүн, екінші орында мал, үшінші орында ет тұр.

Ел экономикасының бұл секторында ірі және орта ауыл шаруашылығы кәсіпорындары ғана емес, шағын және жеке отбасылық шаруашылықтар да жұмыс істейді. Егер алдыңғыларының жұмысы негізінен экспортқа бағытталса, соңғылары ішкі нарыққа мал шаруашылығының негізгі жеткізушілері болып табылады.

Моңғолияда тіркелген 38 ірі кәсіпорынның 85 пайызы шикізатты қайта өңдейді. Олардың ішінде әлемдік нарыққа кашемир өнімдерін шығаратын «Говь», «Буян», «Санширо», «Эармэл», «Амикал» компанияларының аты алысқа тараған.

Моңғолдар мал шаруашылығында осылай секіріс жасағанда, Қазақстанда бұл саланың тоқырап қалғанын сүреңсіз статистика растайды. Соңғы 32 жылда елімізде қой мен ешкі саны 35,6 млн бастан 20,9 млн басқа дейін қысқарғанын жоғарыда жаздық. Жүн мен ет өндіру, оларды экспортқа шығару да көңіл көншітпейді.

Сандарды сөйлетейік. Тоқсаныншы жылдары қойдан 105 мың тонна табиғи жүн алынса, қазір ол 40 мың тоннадан аспайды. Ел аумағында өндірілген жүннің 11 пайызы өңделіп, қалғаны жарамсыз күйде қалады. Жүн өңдеу саласындағы 13 арнайы мамандандырылған кәсіпорынның төртеуі ғана осы бағытта жұмысты атқара алады. Соның салдарынан бар-жоғы 1 834 тонна биязы жүн экспортталады. Ал, азаттық алған жылдардан бері ет өндіру көлемі 267 мың тоннадан 152 мың тоннаға дейін кемігені ащы болса да ақиқат.

МОҢҒОЛДАР
СҮЙЕКТІ ДЕ СЫРТҚА САТАДЫ

Кейде етті Моңғолиядан да импорттаймыз. Орал қаласындағы «Кублей» ет комбинатының техникалық директоры Рахым Нағметов комбинатқа қажетті етпен моңғол әріптестері қамтамасыз етіп отырғанын айтады. Осының арқасында шикізатты өңдеуде ешқандай мәселелер туындамайды. Керісінше, шикізатты сапалық талаптарға сай таңдай алады. Етті артығымен жеткізу өндіріс шығындарының аз болуын қамтамасыз етіп, бәсекелестікте артықшылық береді. Ал, моңғол етін көршісі Қытайды айтпағанда, көптеген ел, яғни Вьетнамнан бастап, Иранға дейін импорттауға дайын тұр.

«Моңғолияда 102 ет өңдейтін зауыт бар. Бірақ, бұл да жеткіліксіз. Сыйымдылық сай келмейді. Қазақстанда жағдай керісінше. Біздің Батыс Қазақстан облысында 1 млн ұсақ мал және 600 мың бас ірі қара мал бар. Оның ішінде қой – 250 мың. Союға жарамды өгіздер – 70 мың. Ал, біздің ет комбинатының өндірістік қуаттылығы жылына 20 мың тонна ет өндіруге дейін жетеді. Яғни, еліміздегі шикізатпен қажеттіліктің 30 пайызын ғана жаба аламыз», – деп түсіндіреді Рахым Нағметов.

Рахым Нағметовтың бұл пікірімен Жамбыл облысындағы «Меркі ет» ЖШС директоры Берік Егембердиев те келіседі. Ол бұл жүйе ет өндірушілерге өздерін сенімді сезінуге және экспорттауда белсенді жұмыс жасауға мүмкіндік беретінін айта келе: «Қазақстанда дәл осындай шикізат базасын құру үшін алдымен асыл тұқымды мал басын көбейту керек», – деп сөзін аяқтады.

Рас, Моңғолия үшін ет өнеркәсібі – ел экономикасындағы басты сала. Елдегі мал шаруашылығын негізінен шағын отбасылық фермалар құрайды. Мемлекетте шамамен мал басы үш жүзден бес мыңға дейін баратын 305 мыңға жуық мал бағушы бар. Көбінесе бір ферманың шаруашылығын бір отбасы жүргізеді.

«Біздің елде де Моңғолия тәжірибесін көптеп қолдануға болады. Оңтүстік өңірлерде отбасылық шағын фермаларға жол ашылса артықтық етпейді. Ал, жайылымы кең, мүмкіндігі зор аймақтарда бестен елу мыңға дейін малды ірі фермалар болуы мүмкін. Негізі, мұндай тәжірибе Қазақстанда да бұрыннан бар. Және ірі кәсіпорындарда ол өз нәтижесін көрсетуде. Ол жақта асыл тұқымды малдарға көбірек мән беріледі», – дейді «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев.

Малдың тұқымы туралы мәселені де моңғолдар дұрыс жолға қоя білген екен. Тәжірибе алмасу барысында қазақстандық кәсіпкерлер моңғолдарда асыл тұқымды малды әкелу жөнінде талап жоқ екеніне назар аударды. Дәл осы мәселеде Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі шалыс басты. Еліміздің мал шаруашылығын дамытуды мал тұқымын асылдандырумен байланыстырған министрлік ақшаның көп бөлігін шет елдерден асыл тұқымды малдарды импорттауға жұмсады. Ұзақ жылғы ұмтылыстар сәтсіз болды. Ал, Моңғолиядағы малдың негізгі бөлігін жергілікті тұқымдағы малдар құрайды. Тек кейбір фермалар ғана француз тұқымдарын әкелуге тырысты. Бірақ, импортталған малға кепілдік беру қиын. Тәжірибе көрсеткендей, шет елден әкелінген мал тұқымы қатаң климаттық жағдайға байланысты генетикалық артықшылығын көрсете алмаған. Сондай-ақ, климатқа бейімделе алмаған «қонақтардың» көбі тірі қалмаған.

«Еділбай қойлары – климатқа бейімділігімен, жоғары сапалы етімен бағаланған жалғыз мал. Еділбай қойы біздің елде де, Моңғолияда да жақсы нәтиже көрсетеді. Себебі, біздің климаттық жағдайымыз ұқсас», – деп түсіндіреді Ербол Есенеев.

Мал шаруашылығы саласында қазақ пен моңғол арасындағы айырмашылықты көрсететін тағы бір мәселе – бұл саланың маусымдық сипаты. Моңғолдар мұны табиғи цикл ретінде санай отырып, мәселеге байсалды қарайды. Қазақстанның мал шаруашылығының өкілдері мұны проблема ретінде қарап, өзгерістерге сай жоспар құрады және бұл шикізатты жыл бойы өңдеуге, жеткізуге мүмкіндік береді.

Маусымдық кезеңде моңғолдардың әрекеті туралы «Атамекен» ҰКП Біліктілік орталығының директоры Арсен Керімбековтің айтуынша, қыста моңғолдар мал союды тоқтатып, маусымның ортасында қайта бастайды. Қыста сою еттің бағасын өсіреді және экологиялық жүйеге зиян келтіреді деп санайды.

Моңғолияның етті экспорттау тәжірибесі де қызық. Мәселен, моңғолдар бруцеллездің таралуына байланысты Қытайға қой етін сата алмайды. Бейжің тарапынан шектеу қойылған. Бұл қиындық бізде де бар. Дегенмен, моңғолдар тығырықтан шығатын жолды тапқан. Екі сағат бойы шикі етті бруцеллездің вирустарын жою үшін пісіреді. Сырты оралып, тоңазытқышқа салынады. Содан кейін мұздатылған күйінде Қытайға жібереді. Қытайлар бұл етті фабрикадан өткізіп, тез дайындалатын кеспелерге қосуға пайдаланады.

Ет өндірісі мен қайта өңдеудің дамуы ішкі нарықта жақсы көрініс тапқан. Осылайша, жеке фермерлердің қолжетімді болуы еттің бағасын төмен ұстауға мүмкіндік береді. Себебі, елдегі тұтынушы санынан қой санының әлденеше есе көптігінде. Тұтынушылардың таңдауы көп болғандықтан, ет сатушылар бағаны шарықтата алмайды.

Арсен Керімбековтің айтуынша, Моңғолияда сүйектері бар ет сатылмайды. Сүйектер еттен сылынып алынып, өңдеуге жіберіледі. Өңделген сүйек Қытайда сұранысқа ие. Көрші ел ұнтақталған сүйекті тағам жасауға қолданады.

Бір қызығы, моңғолдардың ет өңдеу зауыттарының мал шығынын азайту үшін қолданатын тәсілдері бар. Қыста комбинат қызметкерлері ет қалдықтарын жыртқыш аңдар мен құстар үшін далаға тастайды. Сол арқылы оңай жемтікке тойынған ит-құстың малға көз алартуы азаяды.

МАЛ
ШАРУАШЫЛЫҒЫНА
ҚАМҚОРЛЫҚ
ТАНЫТҚАН МОҢҒОЛ БИЛІГІ

Моңғолия мен Қазақстан билігінің мал шаруашылығына деген қамқорлығын салыстырсақ, екі түрлі көзқарас пайда болады. Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі шикізатты өндіруден бөлек мәселелер болса, айналып өтуге тырысады. Шикізатты өңдеу, нарыққа шығару сынды мәселелерді жауапкершілігіне ала бермейді. Моңғолияда керісінше. Екі елдің министрліктерінің де атынан айырмасын байқауға болады: Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі, Моңғолия Ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрлігі. Бұл дүкен сөрелерінде дайын өнімнің пайда болуына дейінгі барлық тізбектің маңыздылығын атап көрсетеді.

Бұл турасында Ербол Есенеев: «Ешкі еті мен ешкінің түбітін өңдеудегі мемлекеттің рөлі өте зор. Билік ең қиын міндетті өзіне алды. Шикізатты сатып алу жүйесін құрды. Онда фермерлер сауда туралы бас ауыртпайды. Бастысы өндіріс. Сонымен қатар, мемлекет әлемдік нарықта өз өнімдерінің брендін қалыптастырды. Енді әлемдік қауымдастық Моңғолияның кашемирін біледі. Біз туристердің кашемирді сатып алу үшін сонда арнайы барғанын өз көзімізбен көрдік. Бұл туризмді дамытуға да үлкен үлес қосады», – дейді.

Мемлекет тек өндірушілер үшін ғана емес, фермерлер үшін де көп нәрсе істеді. Фермерлер салықтан босатылған. Жайылыммен қамтамасыз етілген. Оларға суат ұйымдастыру үшін мемлекет тарапынан құдықтар тегін қазылады. Әлеуметтік салаға келер болсақ, фермерлердің балалары интернатта тегін оқиды. Сол үшін де, болашақ өмірлері үшін де малшылар бас ауырта бермейді. Олар мал бағып, күзде оны нарықтық бағамен сата алады. Бар ынталары тек жұмысқа бағытталады.

Моңғол үкіметі мал ұрлығымен де күресті белсенді жүргізеді. Сегіз басқа дейінгі мал ұрлығына үлкен айыппұл белгіленген. Ұрлаған малдың саны сегізден асса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қой етін өндіру бойынша Азия құрлығында Моңғолия Түркиядан кейінгі екінші орында тұр. Ал, Моңғолияда жайылымдар малға толып кетіп, жайылым тапшылығы пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайда Қазақстанның мүмкіндігі жоғары. Бос жатқан жайылымдар малдың санын кем дегенде екі есе арттыруға мүмкіндік береді. Жоспарды тиімді жүзеге асыру үшін алдымен қандай қойдың өсірілетіндігін анықтап, содан кейін сатылымның кепілдігін қамтамасыз етуіміз керек. Ербол Есенеевтің айтуынша, қой нарығы араб елдерінің сұранысын қалыптастырады. Бағасы айтарлықтай жоғары – бір қойдың құны 500 доллар. Бұл біздің ішкі нарықтағыдан үш есе қымбат. Бірақ, олардың ет импортына қоятын талабы қатаң. Тек жас малдың етін алады. Қозылар халал стандартына сай сойылады. Моңғолдар соған әбден бейімделген. Олардың мал басын асылдандырып жатқаны да сондықтан. Бұл өте тиімді әрі шығынды ақтайтын тәжірибе. Бұл тәжірибені Қазақстан да қолданса артық етпейді. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» дегендей, қой шаруашылығын жүйелі жолға қоя білсек, экономикамыз алға жылжымақ.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here