Қазақ халқы орысқа тағы бодан бола ма?

0
763

Бұл сұрақ бір жылдан бері туындап отыр. Ресей басшылары өткен жылы түбі бір, тілі, діні, тарихы бір украиндарға соғыс ашты. Мақсаты – украиндардың жерін жаулап алып, оларды орыстандырып, Ресейге қосып алу. Бұл құбылыс – орыстың ғасырлар бойы ұлыдержавалық шовинистік саясатын жалғастыруы. Әділетсіз соғыстан (Ресей жағынан) қашқан орыстар отаны Ресейден кетіп, басқа көрші мемлекеттерге паналауға ұмтылды. Орыстарға ең қолайлы Қазақстан болып тұр. Себебі, бізде орыс тілі мемлекеттік тілмен тең қолданылады. Орыстанған рухымыз әлі толық санамыздан кеткен жоқ. Басшылар бұрынғы отаршылардың билігіне әлі де жалтақтауын қоймады. Осыдан Ресейден қашқан орыстар ең құнарлы жері, ауа райы, табиғаты қолайлы Алматының шығыс жағында, кіші Алматы өзенінің жағалауында бұрыннан шоғырланған.

Мен 80-ге келіп қалған кейуанамын. Маған немерем азық-түлігімді, керек-жарағым мен дәрі-дәрмектерімді жеткізіп тұрады. Бірде көлігімен келгенде орыс көршілер алдынан шыға келіп, шлагбаумға жақындатпай қояды. Немерем түсіндіріп айтайын десе сөйлетпей, бас салып «баран», «калбит» деп ауыздарына келген боқтық сөздерін айтып, есін шығарыпты. «Осы үйде тұратындардан басқа көлік кірмеу керек, бұл жердің қожасы біз, бар кет» деп ұра жаздапты. Сонда біз абақтыдағы адамнан да жаман болдық қой. Бұл – Достық көшесі мен Л. Чайкинаның қиылысы. Рұқсат алу үшін 25 мың теңге төлеу керек. Ол мен үшін үлкен қаражат. Менің бір дәрім 30 мың теңге тұрады.

Тағы бір орыстардың үстемдігі сол жердің КСК қызметкерлеріне кінә тағып, жұмыстан шығарып, өңшең орыстың қыз-қатындарын жұмысқа алған ит жетектегендері өзінше бастық болып алыпты. Біз қазақ ұлтымыз егемендік алып, тағы да орыстан неге қорлық көруіміз керек? Елімізде жаңадан қосымша заңдар шығып жатыр, сол заңға қазақ халқының намысына тиетін «калбит», «баран», «тупой» деген сияқты сөздер айтса жазаланады деп қосса, көп дөрекілікке тыйым болар еді. Содан соң басшылық тек қазақ ұлтынан болу керек, сонда жанашыр өз ұлтын әрдайым қорғап жүрер еді және ол заңды да. Орыс халқы ешқашан қазаққа жақсылық жасаған емес, жасамайды да.

Пестковский, Голощекин, Мирзоян секілді қазақты тегіс қырып тастаудан тайынбайды, Украинадағы сияқты бізге үстемдік емес, адами қарым-қатынас керек. Осылай намысқа тие берсе, біз де қарап қалмаспыз, мүмкін олар соны күтіп жүр ме деп те ойлаймын.

Өткен тарихты қарап отырсақ, осыдан үш ғасыр бұрын патшалық Ресейдің кезінде қазақ елінің құнарлы жерлеріне қаруланған әскерімен келіп, бейбіт жатқан қазақтарды Алматы, Көкшетау, Бурабай т.б. жалпы орманды, құнарлы жер мен өзен-көлді жерлерден мылтығын кезеніп, зеңбірегін атқылап, қайда барсаң сонда бар деп қуып, айдап жіберген.

Қазақтың орнына қара шекпенді крестьяндарды көшіріп әкелген. Осындай зорлық-зомбылықты жазып, кітапқа түсірген азамат Бірінші Думаның депутаты Тимофей Седельников екен. Санкт-Петербургтағы кітапханадан жазушы-ғалым, «Жер және қазақ тағдыры» комиссиясының төрағасы Сапабек Әсіпұлы алып оқып, көптеген зорлық-зомбылықтың бетін ашқан. «Суы жоқ, шөп шықпайды, жаңбыр жаумайды, шөл дала, қайнаған ыстық. Суы бар жерге кіргізбейді, дүре соғады, балығын аулатпайды, малын суартпайды. Осылай азапқа ұшыраған қазақ халқы шөл және шөлейт жерлерде тұратын 72 аудан бар екен». Сапабек Әсіпұлының кітабынан алынды. Қазақтарды айдап жіберіп, орыстар үш ғасырдан бері рақатын көріп жатыр. Сол орыстардың алдында құрдай жорғалап, табанын жалап, өз тілін менсінбей, орыс тілінде сөйлейтіндер де сатқындар емес пе?!

Мен осы орыс патша кезінен отарланған Медеу өңірінің сұлу табиғаты төңірегіне орналасқан орыстардың арасында тұрып жатырмын. 30 жылдан астам қазақ елі егемендік алсақ та, орыстар біздің егемендігімізді мойындайтын түрі жоқ.

Достық даңғылымен жүретін автобустар – 5, 12, 95, 99, 128 маршруттардың шопырлары арасында орыс тілділер көбейе бастады. Олардан аялдамаларды қазақша сұрасаң, «говорите по-русский» деп жауап береді.

Айтылған жағдайлардан мынаны түйіндеуге болады: қайтадан Ресейден қаптаған орыстар қазақтарды қорлап, отарлауға кіріскенін айқындап тұр. Біз бүкіл қазақ халқы болып «ескі-жаңа» отаршыларға дер кезінде қарсылық білдірмесек, қайтадан орысқа бодан боламыз.

Қазақ газеттері арқылы айтып кеткен оқиғаларды жариялап, аудан әкімдеріне, учаскелік полицияға шектен шыққан орыс шовинистерге заңды шара қолдану керек. Ал қорқақ, құлдық санадан шықпаған әкім, полицияны жұмыс орнынан босатып, жүрегі бодандықтан арылған қазақ ұлтының азаматтарына жол беру керек.

Зинаханым КҮНЕШҚЫЗЫ,
ғалым-жазушы Сапабек Әсіпұлының зайыбы

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here