ҚазҰУ Әзербайжан жазушысының кітабын қазақ тілінде шығарды

0
511

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Әзербайжан Республикасының ІІІ Президенті Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-конференция аясында Түркі әлеміне танымал жазушы Мір Жәлел Пашаевтың қазақ тіліне аударылған «Таулардың жүрегі» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапты Әзербайжан әдебиетінің классигі, жазушы, көрнекті ғалым-педагог Мір Жәлел Әли Пашаевтың 115 жылдық мерейтойына орай басып шығарды.

Тағылымды шараға университет басшылығы, Әзербайжан Республикасы Ұлттық Мәжілісі Мәдениет комитетінің төрағасы, Әзербайжан – Қазақстан парламентаралық байланыстары жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Ганира Пашаева, шетелдік ғалымдар, Әзербайжаннан келген делегация мүшелері, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.

Кітаптың тұсаукесер рәсімінде университет басшысы Жансейіт Түймебаев Мір Жәлел Пашаевтың  шығармашылық жолына тоқталды.

«Әзербайжан әдебиетінің Түркі әлемінде алатын орны ерекше. Жазушы Мір Жәлел Пашаев 30 жасында «Жігіт манифесі» атты әйгілі туындысымен ерекше танылды. Қаламгердің бұдан басқа «Тірілгендер», «Қайда барамыз?», «Ашық кітап», «Менің құрдастарым», «Жаңа қала», «Ар соты», «Ар азабы», «Жасырынатын достар» роман, хикаяттары кең тараған. Мір Жәлел Пашаев әдеби шығармашылықпен қатар ғылыми-педагогикалық салада елеулі жетістіктерге жеткен ғалым.

Педагогика, лингвистика, әдебиеттану салалары бойынша ғылыми еңбектер жазды. Түркі әлеміне ортақ қаламгердің шығармаларының қазақ тілінде жарық көруі –  бауырлас, туыс елдердің әдеби, рухани байланысының айқын көрінісі», – деді ректор.

«Таулардың жүрегі» атты кітап «Қазақ университеті» баспа үйі баспаханасында басылып шықты. Туындыны қазақ әдебиетінің ақын-жазушылары атап айтқанда Нұрғали Ораз, Нұржан Қуантайұлы, Саят Қамшыгер, Күннұр Айтбаева қазақ тіліне аударды. Жауапты редакторы Кәдірбек Құныпияұлы.  Кітапты безендірген Халияда Тұрсымбекова.

Өз кезегінде Әзербайжан Республикасы Ұлттық Мәжілісі Мәдениет комитетінің төрағасы Ганира Пашаева сөз сөйлеп, ризашылығын білдірді.

«Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас күн санап артып келеді. Бүгінгі бастама екі елдің мәдениеті мен әдебиетінің дамуына септігін тигізетіні анық. Қазақстан мен Әзербайжанның әдет-ғұрпы, тілі және діні өте ұқсас. Мір Жәлел Әли Пашаевтың кітабын қазақ тіліне аударғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін.

Мен қазақ тарихын зерттедім. Әзербайжан мен қазақ зиялы қауым өкілдері өте тығыз қарым-қатынаста болғанын білдім. Қазақ халқы көптеген қайғылы оқиғаларды бастан кешірді. Осы тұрғыда Әзербайжанның халқы қазақтың тарихын білсін деген мақсатта «Бауырлас ел – Қазақстан» атты кітап жазып шықтым. Осындай рухани байланыстар арқылы ынтымағымыз арта берсін», – деді Ганира Пашаева.  

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here