Алматыда әскери жоғары оқу орнының түлектері диплом алды

0
156

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттарына салтанатты түрде диплом тапсыру рәсімі 28 гвардиялық-панфиловшылар саябағындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.

Іс-шараға Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов, қаланың атқарушы билік өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері және түлектердің ата-аналары қатысты.

Жоғары оқу орнын бітірген 122 түлекке «лейтенант» алғашқы офицерлік атағы берілді. Олардың сегізі үздік диплом иегері.

Бейініне қарай әскери оқу орнында радионавигация, радиотехника, инжиниринг, автоматтандыру, инфокоммуникациялық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік және киберқауіпсіздік жүйелері саласындағы мамандар даярланады. Офицерлер Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери бөлімдеріне бөлінді.

– Сендер Отан қорғаушы деген нағыз ерлерге тән мамандықты таңдадыңдар. Әскери институттың қабырғасында алған білімдеріңді қызметте табысты қолданатындарыңа сенімдімін. Әрдайым офицер деген жоғары атаққа лайық болыңдар, – деді жас мамандарға Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов.

Жас офицерлер салтанатты шерумен жүріп өтіп, институттың жауынгерлік туымен қоштасу рәсімін жасады. Екінші курс курсанттары қонақтарға қару-жарақпен саптық элементтерді көрсетті.

Қоштасу вальсінен соң жас офицерлер болашаққа деген жақсы үміттің белгісі ретінде әуеге ақ көгершіндерді ұшырды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here