ҚАЗАҚСТАНДА БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫ ҚАЛАЙ ҚОРҒАЛАДЫ?

9

Адам құқығына үлкен үлестерін қосқан Шарль Луи Монтескье, Иммануил Кант, Томас Джефферсон сияқты ойшылдар адам құқықтарының негізгі ережелерін алғаш рет анықтап, белгілесе, өзіміздің ойшылдарымыз Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би және Абай Құнанбайұлы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаған. Адам дүниеге келгеннен кейін, оның өмірін, денсаулығын, тыныштығын біздің мемлекетіміздің Ата Заңы – Конституция қорғайды. Ал Ата Заңымыздан басқа тікелей балалардың құқығын қорғайтын Заң бар ма? Бар. 1989 жылдың 20 қарашасында Бала құқықтары туралы Конвенция Біріккен Ұлттар Ұйымында қабылданып, 1995 жылдың желтоқсан айында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Бала құқығы туралы Конвенцияға» қол қойды.

Мүгедек балаларды әлеуметтік қорғау мен медициналық-педагогикалық түзеу шараларына да көп көңіл бөлінуде. Мүгедек балаларға жеке оңалту бағдарламаларына сай шипажайларда емдеу, арнайы қозғалу құралдары, техникалық көмекші құрылғылар және міндетті тазалық заттары, инватакси қызметі ұсынылып келеді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын техникалық (компенсаторлық) құралдар тізбесін кеңейтіп, өзектілігін арттыруға күш салуда. Қазақстанда мүгедек балаларға арналғандарын қосқанда 53 күндізгі сауықтыру ұйымы жұмыс істеп, оларда 1,2 мың балаға қызмет көрсетіледі. Аталған орындарда балалар психологтар мен дефектологтардың, логопедтердің, емдік дене тәрбиесі нұсқаушысының, массаж жасаушылар мен басқа да мамандардың білікті көмегін алуда.

АЙТПАЕВА БАЛАЛАРДЫҢ МҮДДЕЛЕРІ МЕН ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ҮШІН ҚОЛАЙЛЫ ОРТА ҚҰРАТЫНДАРЫН АЙТТЫ

Өткен айда ҚР Үкіметінің баспасөз орталығындағы брифингте Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып, балалардың өмірі мен денсаулығына қатысты негізгі мәселелерге назар аударды.
Омбудсмен өз сөзін қазіргі жағдайды сипаттаумен бастады. Елімізде бүгінде 5 млн-нан астам бала бар. Қазақстандық балалар әлемнің 100-ден астам еліндегі балалардың арасында дарындылығы, білімі және зияткерлігі бойынша әлемде 12-ші орынды алады. Қазақстанның нақты жетістіктері мен оң нәтижелері бар: бала туу санының өсуі, балалар өлімінің төмендеуі, мәдениет пен спорттағы, ғылыми қызметтегі әлемдік жетістіктер, олимпиадалар мен байқаулардағы үздіктік.
«Балалар дендері сау әрі бақытты болғанды қалайды және солай болуы да керек. Олар көздеген мақсаттарына тек біздің сіздермен қол ұшын беруіміз арқылы ғана қол жеткізе алады. БАҚ-тан балаларға қатысты түрлі жағымсыз жағдайлардың орын алып жатқанын күнделікті байқап жүрміз. Оларды қайталап айтқым да келмейді, өздеріңіз бәрін біліп отырсыздар», – деді Сәуле Айтпаева.
Балалар омбудсменінің деректері бойынша, бүгінгі таңда республикада балалардың құқықтарын қорғау саласында қажетті заңнамалық база құрылған. Ұлттық заңнаманың негізіне Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясының нормаларына және балаларға қатысты мемлекеттік саясат жөнінде басқа да халықаралық-құқықтық құжаттарға енген.
«Халықаралық деңгейге сәйкес балалар өмірінің сапасын қамтамасыз ету үшін адам құқықтарына қатысты 60-қа жуық халықаралық құжаттар ратификацияланды, олардың 15 балалар құқықтарын қорғауға қатысты», — деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.
Мемлекет басшысы бағдарламалық құжаттарда мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде балалардың құқықтарын қорғауды анықтады. БҰҰ-ның Балалардың құқықтары жөніндегі комитеті ұсынымдарына сәйкес 2006 жылы балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін уәкілетті орган – Балалардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Балалардың құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдіру мақсатында 2016 жылдың 10 ақпанында Президент Жарлығымен ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл (БҚУ) институты құрылды.
«Мемлекет басшысының бұл шешімі Қазақстандағы баланың құқықтарын нығайтуға және жүзеге асыруға қосылған маңызды үлес және БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетінің ұсынымдарын жүйелі түрде жүзеге асыру болып табылады. БҚУ институты құрылғаннан бастап қысқа мерзім ішінде Республикада балалардың құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін дамытудың белгілі бір жүйесі құрылғанын мойындау керек», – деді Сәуле Айтпаева.
Балалар қорғаушысының маңызды өкілеттігі – оның мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне ықпал ету құқығы. Балалармен жұмысты ұйымдастыруға тікелей жауап беретін министрліктер мен ведомстволар жағдайға талдау жасап, кәмелетке толмаған балалардың проблемалық мәселелерін шешу бойынша нақты шаралар әзірледі.
Брифинг барысында елдегі балалардың құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі жетілдірілгені аталып өтті. Алайда, балалардың құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесінің әлі де пысықтауға жататын тұстары бар. Мәселен, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдары, қоғамдық институттар, әрбір азамат, жеке және заңды тұлға отбасы, балалар және отбасылық саясат мәселелері бойынша жұмыс істейді.
Сәуле Айтпаеваның айтуынша, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл тағайындалған уақыттан бастап, яғни осы жылдың екі айында елеулі жұмыстар атқарылған. Айталық, Алматы қаласында алғаш рет үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен диалог жүргізілді. Оған ҚР Білім және ғылым министрі, ҚР Денсаулық сақтау министрі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі және үкіметтік емес ұйымдардың басшылары қатысты. Орал қаласындағы балабақшалар қызметінің мәселесі түйіткілді мәселелер қатарында болды. Мәселе Балалар құқықтары жөніндегі уәкілдің және Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің тікелей қатысуымен шешілді. Барлық балалар дереу балабақшаларға қайтарылды.
Сонымен қатар, Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің тікелей айналысуына тиісті негізгі мәселе – азаматтардың өтінімдерін қарау. Екі айға жуық уақыт ішіндегі олардың саны 80-нен асты. Қазақстандықтар балалар омбудсменіне жеке қабылдауларға да келді. Өтінімдердің негізінде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қазіргі қоғамға тән бірнеше үрдісті белгіледі.
«Ең алдымен, отбасылық қарым-қатынас, алимент төлеу міндеттері, әлеуметтік, тұрғын үй құқықтары, отбасы мүшелерінің құқықтық статусы, балаларды тәрбиелеу тәртібі, денсаулық сақтау мен білім алу құқығын іске асыру мәселелеріне назар аударғым келеді. Уәкіл ретінде, өтінімдерді қарау кезінде, қолданыстағы заңнаманың талаптарын түсіндіремін, мәселені шешуге мемлекеттік органдар мен ведомстволарды қосамын немесе биліктің әрекеттеріне шағым беру тәртібін түсіндіремін. ЖАО қандай да бір заңдық құқықтарды немесе азаматтардың мүдделерін дұрыс түсіндірмейтін жағдайлар анық байқалады», – деді Сәуле Айтпаева.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл азаматтардың өтінімдерінен бір-бірін түсініспеушілік, агрессиялық сипаттың байқалатынын атап өтті.
«Бұл балалардың құқықтары мен мүдделерін бұзудың негізгі себептері. Отбасылық қарым-қатынастағы үйлесімсіздік баланың психикалық-эмоционалды күйін және тұлға ретінде өзін-өзі бағалауын төмендетеді. Әкелік және аналық міндеттердің орындалу тақырыбы әлі де көкейтесті мәселелердің қатарында қалып отыр», – деп түсіндірді Сәуле Айтпаева.
Қазақстанның тәуелсіздігі жылдары халықаралық стандарттарға сәйкес балалардың құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі қалыптастырылды.
«Жоғарыда аталған мәселелердің озық дамыған елдерге де тән екені сөзсіз. Осы мәселелерді шешу үшін мемлекеттік биліктің, қоғамның, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың барлық салаларының күш-жігерлерін біріктіру қажет. Барлық тараптардың тығыз өзара байланысы арқылы балалардың мүдделері мен құқықтарын қорғау үшін қолайлы жағдайлар жасай алатынымызға сенімдімін», – деп түйіндеді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

ЮНИСЕФ: МАҚСАТ ПЕН МІНДЕТ

1992 жылы ақпан айында БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ) және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы балалардың жағдайын бағалау үшін тәуелсіз Қазақстан алғашқы миссиясын ұйымдастырды. Бұл миссия ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы қызметінің негізін қалады, оның алғашқы жобасы барлық балаларды қызылшаға және полиомиелитке қарсы егу болды. 1994 жылы Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілдігін ұйымдастырғаннан кейін ҚР Үкіметі мен ЮНИСЕФ-тің тұрақты бағдарламалары бойынша жұмыс басталды.
Қазақстан Үкіметі мен ЮНИСЕФ-тің бірлескен күштерінің арқасында Мыңжылдық даму мақсаттарының (МДМ) бастапқы үшеуіне қол жеткізу саласында прогресске қол жеткізілді. 2007 жылы ҚР Үкіметі ұлттық басымдықтарды және статистиканы талдау негізінде әзірленген қосымша мақсаттар бар «МДМ плюс» күн тәртібі бойынша өзіне міндеттемелер алды.
1994 жылы 25 қарашада қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен БҰҰ Балалар Қоры арасындағы ынтымақтастық туралы негізгі келісім 2001 жылғы 10 сәуірдегі № 176-II ҚРЗ Заңымен ратификацияланды.
Мыңжылдық саммитінде 2000 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Конвенцияның «Балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар порнографиясына қатысты Баланың құқықтары туралы» және «Балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына байланысты Баланың құқықтары туралы» конвенциялардың факультативтік хаттамаларына қол қойды. Хаттамаларды ҚР Парламенті тиісінше 2001 жылғы 4 маусымдағы №219 – II және 2001 жылғы 4 маусымдағы №220 – II Заңдармен ратификациялады.
2014 жылы 18 ақпанда Астанада БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Джун Кукита және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шакиров Қазақстандағы балалардың құқықтарын қорғау және ынталандыру саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.
Қазақстандағы ЮНИСЕФ қызметі келесі үш негізгі бағытқа негізделген:
1. Әлеуметтік саясат және білімді басқару.
ЮНИСЕФ балалар мен әйелдер, сонымен қатар маргиналдық және осал топтардың жағдайына қатысты ақпаратты жинауға қолдау көрсетеді. Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігі ұлттық даму бағдарламасы, стратегиялар, қазақстандық заңнама және балалар мен әйелдер құқығына қатысты қоғамдық бастаманы қамту және ықпал ету саласын зерттейді.
2. Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығы және дамуы.
2002 жылдың маусымында (2011 жылы қайтадан) Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымы және ЮНИСЕФ Қазақстанды полиомелиттен еркін ел ретінде сертификаттады.
3. Балаларды қорғау.
Қазақстандағы балалардың құқықтарын қорғау саласында отбасыны сақтау, әлеуметтендіру және сауықтыру бойынша оларға мерзімді көмек көрсету мақсатында қаупі бар топтағы отбасын ерте анықтау мәселелері шешілмеген болып табылады.
ЮНИСЕФ жақын болашақта Қазақстандағы, әсіресе шалғай аудандар мен осал қауымдастықтарда өмір сүретін балалардың өмірін жақсарту, сонымен қатар балалардың құқықтарын қорғау саласында ҚР заңнамалық жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстарын жалғастырады.

БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ – ҰЛТТЫҚ САЯСАТ БАСЫМДЫҚТАРЫНЫҢ БІРІ

Қазақстан Республикасы ұлттық саясатының негізгі бағыттарының бірі – балалы отбасылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.
Бүгінгі таңда елімізде балалары бар отбасыларды қолдаудың ұлттық жүйесі құрылған. Онда бірқатар мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдер жайы қарастырылған.
Анығырақ тоқталсақ, бала тууды ынталандыру мен отбасыдағы бала тәрбиесіне қолдау білдіру мақсатында 2003 жылдан бері бала туғанға жәрдемақы мен 2006 жылдан бала бір жасқа толғанша оның күтіміне жәрдемақы тағайындалады. Бұлардың мөлшері отбасыдағы бала санына байланысты есептелуде.
Соңғы 10 жылда (2007-2017 жылдары) бала туғанға қатысты жәрдемақы 7,3 есеге (16 380 теңгеден 118 783 теңгеге дейін), бала күтімі бойынша 4,1 есеге (4 914 теңгеден 20 195 теңгеге дейін) өсті.
2008 жылдан бастап жүктілік пен босану, бала бір жасқа толғанша оны бағу кезінде табыстан айырылған тұста әлеуметтік тәуекел жағдайы туындағанда жасалатын төлем енгізілді. Аталған төлемдер жұмыс істеп жатқан азаматтар үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражатынан жүргізіліп, көлемі орташа еңбекақының 40%-ын құрауда.
2014 жылдан бала бір жасқа толғанша еңбек демалысында болатын әйелдер үшін міндетті зейнетақы жарнасын субсидиялау тәсілі қолданыла бастады. Бұл өз кезегінде бала туу қарқынының көтерілуіне ықпал етті. 2006-2016 жылдар аралығы жыл сайынғы сәбилердің жарық дүние есігін ашуы 1,4 есеге (301 756-ден 409 948 балаға дейін) ұлғайды.
Мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға да қолдау танытылуда. Мәселен, «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған немесе бұған дейін «Батыр ана» атағын алған, одан басқа I және II дәрежедегі «Ана даңқы» орденімен марапатталған, 4 және одан да көп кәмелет жасқа толмаған балалары бар көпбалалы аналар мен отбасыларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленуде. 10 жылда тиісті жәрдемақы 3,2 есеге жоғарылады (2007 жылы 4 259 теңгеден 2017 жылы 14 522 теңгеге дейін). Көпбалалы балаларға берілетін жәрдемақы 2,4 есеге өсті (2007 жылы 4 017 теңгеден 2017 жылы 9 440 теңгеге дейін).
Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған балаларға айрықша назар аударылуда. Мүгедек балаларға арналған мемлекеттік әлеуметтік және арнаулы мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек, 2010 жылдан мүгедек бала бағатын ата-аналар мен қамқоршы, асырап алу жақтарға бала кәмелет жасқа жеткенше 1,05 төменгі еңбекақы мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы төленуде (2017 жылы 25 682 теңге). Бұдан тыс, жергілікті құзырлы органдардың шешімі арқылы ата-аналар мен мүгедек балалардың өзге де заңды өкілдеріне үй ішінде оқыту шығындарын жабуға арналған жәрдемақы төленеді (2007 жылы ел бойынша орташа мөлшері 2 202 теңге, 2017 жылы 5 387 теңге, өсім – 2,4 есе).
Аз қамтылған отбасыларды қолдау аясында әр балаға кірісі азық-түлік себеті құнынан төмен отбасыларға (күнкөріс деңгейінен 60%) 18 жасқа дейінгі балаларға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. 2007-2017 жылдар аралығы жәрдемақыны алушылар саны 1,3 есеге азайды (721 292 баладан 576 118 балаға). Сонымен қатар, мемлекет тарапынан жан басына шаққанда орташа кірісі кедейлік шегінен (күнкөріс деңгейінің 40%-ынан) төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек қамтамасыз етілуде. 2007-2017 жылдар мерзімінде атаулы әлеуметтік көмекті алушылар қатары 17,5 есеге азайғаны (505 060 адамнан 28 783 адамға дейін) аз қамтылған отбасылардың кедейлік шегінен шығуы тұрғысында жағымды әсерін байқатуда.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бірыңғай жәрдемақы түрі – жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек қолданысқа енгізілді. Бұл жәрдемақыға қазіргі көпбалалы отбасыларға арнайы мемлекеттік жәрдемақы, аз қамтылған отбасыларға арналған 18 жасқа дейінгі мемлекеттік балалар жәрдемақысы және атаулы әлеуметтік көмек сынды төлемдер біріктірілді.
Жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек әлеуметтік шартқа сай жұмысқа жарамды отбасы мүшелерінің міндетті түрде жұмыспен қамту шараларына белсенді қатысу талабымен, әрбір мүшесіне санағанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайыздан төмен отбасыға шартты және шартсыз қаржылай көмек ретінде беріледі.
Осы орайда отбасының еңбекке жарамды мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәремдесу шараларына қатысу-қатыспауына қарамастан балаларды әлеуметтік қолдау іс-қимылдары жалғасын табатын болады.
Мүгедек балаларды әлеуметтік қорғау мен медициналық-педагогикалық түзеу шараларына да көп көңіл бөлінуде. Мүгедек балаларға жеке оңалту бағдарламаларына сай шипажайларда емдеу, арнайы қозғалу құралдары, техникалық көмекші құрылғылар және міндетті тазалық заттары, инватакси қызметі ұсынылып келеді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын техникалық (компенсаторлық) құралдар тізбесін кеңейтіп, өзектілігін арттыруға күш салуда.
2009 жылы енгізілген отбасыдағы мұқтаж адамды қолдап, қоғамға бейімделуіне жағдай жасауға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер үлгісі де өз тиімділігін дәлелдеді. Қазіргі кезде жартылай стационар мен үйде қызмет көрсету, іс жүзіндегі стационарлық ұйымдардың баламасы болуда және баланың отбасыдағы орнын сақтап қалуға септігін тигізуде.
Қазақстанда мүгедек балаларға арналғандарын қосқанда 53 күндізгі сауықтыру ұйымы жұмыс істеп, оларда 1,2 мың балаға қызмет көрсетіледі. Аталған орындарда балалар психологтар мен дефектологтардың, логопедтердің, емдік дене тәрбиесі нұсқаушысының, массаж жасаушылар мен басқа да мамандардың білікті көмегін алуда. 2016 жылдың қорытындысы бойынша тиісті бөлімшелердің жұмысының арқасында интернат-үйлерден 626 бала отбасына оралса, мүгедек бала тәрбиелеп отырған 693 ана жұмысқа орналасты.

Тобықтай түйін: Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050» Стратегиялық жоспарында «Балалар – қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі, ал олар құқықсыз болуға тиіс емес. Елбасы ретінде мен әрбір сәбидің құқығы қорғалуын талап ететін боламын» деп, балалардың құқығы жиі бұзылатынын және олай болуға тиіс емес екенін айтып, нақты тапсырмалар берген болатын. Президенттің бұл тапсырмасы бүгінде орындалып келеді.
Өйткені, мемлекет балалар құқығының барынша қорғалатынына кепілдік береді.

Дайындаған: Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газеті