«7-20-25» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН ҚАЛАЙ ТҰРҒЫН ҮЙ АЛУҒА БОЛАДЫ?

628

Баспана мәселесі қазақтың бас ауруына айналғаны жасырын емес. Өйткені, күн көріс қамымен ауылдан қалаға ағылғандардың қатары тым көп. Бұрындары қазақ жазда жайлауға, қыста қыстауға көшіп-қонып жүрсе, қазір пәтерден пәтерге көшіп жүр. Тірнектеп жүріп тапқандары сол жалдамалы пәтердің ақысын төлеуден арыға аспайды. Ал, Тәуелсіз елде өзгеге тәуелді болып, өгейдің күнін кешіп жүргендердің дені өзіміздің қаракөздер екені жанымызға батады-ақ.
Иә, бүгінде бұл тақырып кімді болса да бей-жай қалдырмайды. Халықты тұрғын үймен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асқалы жұртшылық мемлекет тарапынан үйлі болудың жолдарын қарастыруда. Редакциямызға тұрғын үйге қол жеткізудің мүмкіндіктерін сұрап, хабарласатын оқырмандарымыз көп. Баспананың жайын сұрағандар үшін 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газеті төменде «7-20-25» бағдарламасы арқылы баспаналы болудың басты жолдарына тоқталады.

Сұрақ: Ипотекалық қарызды алу үшін қашан және қайда өтініш жасауға болады?
Жауап: Бағдарлама бойынша қарыз алу үшін қатысушы банкке өтініш жасауы қажет.
Қарыздарды беру рәсімінің басталуы және қатысушы банктердің тізімі туралы ақпарат Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 31 мамырдағы № 107 қаулысы сілтемесі бойынша қосымша орналастырылатын болады.
Сұрақ: Бағдарламаға қатысу үшін қандай құжаттар қажет?
Жауап: Қатысу үшін қарыз алушының Бағдарлама талаптарына, оның ішінде еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен алынатын кірісінің болуына қатысты талаптарға сәйкес келуін растайтын құжаттар, сондай-ақ банктің талаптарына сәйкес өзге де құжаттар қажет.
Сұрақ: Қарыз алу үшін қандай талаптар қойылады?
Жауап: Бағдарлама бойынша қарыз алу үшін жеке тұлға мына талаптарға сәйкес келуге тиіс:
1) Қазақстан Республикасы азаматтығының болуы;
2) еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен алынатын кірісінің болуы;
3) ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің болмауы;
4) Бағдарламаға қатысушы банкке өтініш берген сәтте меншік құқығында Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үйінің болмауы.
Банктер қарыз алушыға Бағдарламаның талаптарына қайшы келмейтін қосымша талаптар белгілеуі мүмкін.
Сұрақ: Егер менің ешқандай ресми кірісім болмаса, еш жерде жұмыс істемесем, Бағдарлама бойынша қарыз ала аламын ба?
Жауап: Кірісі жоқ, яғни төлем жасауға қабілетті болып табылмайтын азамат Бағдарлама бойынша қарыз ала алмайды.
Сұрақ: Қарыз алу үшін жалақы (кіріс) мөлшері қандай болу қажет?
Жауап: Қарыз алушы кірісінің ең төмен деңгейі Бағдарламада белгіленбеген. Сонымен қатар, қарыз алушының ипотекалық қарызға қызмет көрсету үшін жеткілікті, расталған кірісінің болуы қажет.
Қарыз алушының кірісі жеткіліксіз деңгейде болған жағдайда, қосалқы қарыз алушы тартуға рұқсат етіледі.
Сұрақ: Қоса қарыз алушыны тартуға бола ма? Жұбайы (зайыбы), жақын туыстары қоса қарыз алушы бола ала ма? Меншік құқығында тұрғын үйдің болмауы жөніндегі талап қоса қарыз алушыға қолданыла ма?
Жауап: Қоса қарыз алушыларды тартуға рұқсат беріледі. Бағдарламада қарыз алушылар үшін белгіленген талаптар қоса қарыз алушыларға қолданылмайды, оларға қойылатын талаптарды банк дербес белгілейді.
Сұрақ: Басқа өтелмеген қарыздардың болуы қарыз алу үшін кедергі бола ма? Бұрын менде кредиттер бойынша мерзімін кешіктіру болған, ал маған қарыз беріле ме?
Жауап: Бағдарламада өтелмеген ипотекалық тұрғын үй қарызы бар адамға қарыз беруге тыйым көзделген.
Басқа қарыздарыңыздың болуы Сіздің кредит төлеуге қабілеттілігіңізді бағалауға және Бағдарлама бойынша әлеуетті қарыз мөлшеріне әсер ететін болады.
Қарыз алушының кредиттік тарихындағы мерзімі өткен қарыздар қарыз алушының Бағдарламаға қатысушы банк жүзеге асыратын кредит төлеуге қабілеттілігін бағалауға теріс әсер етеді.
Сұрақ: Қарыз алушының шекті жасы жөнінде Бағдарлама шеңберінде шектеулер бар ма?
Жауап: Бағдарлама бойынша қарыз алушының жасы бойынша шектеулер көзделмейді. Қарыз алушы қарыз мерзімін банкпен келісім бойынша айқындайды.
Сұрақ: Бағдарлама бойынша кредит беру кезінде қарыз алушының зейнеткерлік жасының туындауына дейінгі мерзім ескеріле ме?
Жауап: Бағдарламада қарыз алушының зейнеткерлік жасының туындауына дейінгі мерзім мен қарыз мерзімі арасында тәуелділік белгіленбейді. Қарыз алушы қарыз мерзімін банкпен келісім бойынша айқындайды.
Сұрақ: Бағдарламаға мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, мүгедектер, көп балалы отбасылар қатыса ала ма? Аталған азаматтар үшін арнайы жеңілдіктер көзделген бе?
Жауап: Қазақстан Республикасы азаматтарының барлық санатының қатысуына рұқсат беріледі.
Бағдарлама талаптары барлығы үшін бірдей болып табылады, сондықтан азаматтардың жекелеген санаттары үшін қандай да бір жеңілдіктер көзделмейді.
Сұрақ: Бағдарламаға қатысу үшін қандай уақыт аралығында меншігімде тұрғын үй болмауға тиіс?
Жауап: Мерзім белгіленбейді. Қарыз алушы қарыз алу үшін Бағдарламаға қатысушы банкке өтініш берген сәтте меншік құқығында тұрғын үйі болмауға тиіс.
Сұрақ: Егер зайыбында/жұбайында меншігінде тұрғын үйі болып, қарыз алушыда тұрғын үй болмаса, ол Бағдарламаға қатыса ала ма?
Жауап: Тұрғын үйдің болмауы жөніндегі талап тек қарыз алушыға ғана қолданылады.
Сұрақ: Егер жалпы үлестік меншікте тұрғын үй болса, қарыз алуға бола ма?
Жауап: Иә. Тұрғын үйдің болмауы жөніндегі талап жылжымайтын тұрғын үй объектілеріне қолданылады, бұл ретте меншіктегі үлес жылжымайтын тұрғын үйдің жеке объектісі болып табылмайды.
Сұрақ: Егер сатып алу құқығымен тұрғын үйді жалдау шарты жасалса, қарыз алуға бола ма?
Жауап: Меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауы Бағдарламаға қатысу үшін өлшемшарттардың бірі болып табылады. Тиісінше, азамат банкке өтініш жасаған кезде жалдамалы тұрғын үй оның меншігіне өтпеген жағдайда, банкке қарыз алу үшін өтініш жасауға құқылы.
Сұрақ: Бастапқы жарна қалай есептеледі?
Жауап: Бастапқы жарна сатып алынатын тұрғын үйдің кепіл құнының 20%-ы мөлшерінде есептеледі. Сатып алынатын тұрғын үйдің кепіл құнын анықтауды қатысушы банк жүзеге асырады.
Сұрақ: Бастапқы жарнаның орнына кепілге басқа баспананы беруге бола ма?
Жауап: Жоқ. Бастапқы жарна ақшалай қаражатпен енгізілуге тиіс.
Сұрақ: Бастапқы жарнаны төлеу үшін зейнетақы жинақтарын немесе ҚТҚЖБ-дағы салымды пайдалануға бола ма?
Жауап: Бастапқы жарнаны қарыз алушы өз ақшасынан төлейді, сондықтан зейнетақы жинақтарын пайдалануға болмайды.
ҚТҚЖБ-да салымды жинақтау баспана сатып алғысы келетін, бірақ бірден бастапқы жарна беруге мүмкіндігі жоқ азаматтарға арналған. Салымды жинақтау арқылы тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасы жүйесіне қатысу азаматтарға салыстырмалы түрде төмен мөлшерлемелермен (3%-5%) қарыз алуына мүмкіндік береді.
Сұрақ: Бастапқы жарнаны 20%-дан төмен мөлшерде енгізуге бола ма? Ақыны бөліп төлеуге бола ма?
Жауап: 20% мөлшеріндегі бастапқы жарна белгіленген мөлшер болып табылады және ол қарыз алғанға дейін бір төлеммен төленеді.
Сұрақ: Бастапқы жарнаны төлеуге қаражат болмаса, не істеуге болады?
Жауап: Бастапқы жарнаны бірден беруге мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін ҚТҚЖБ-дағы салымға ақшаны толықтыру арқылы тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасы жүйесіне қатысу арқылы баспана сатып алу мүмкіндігі бар.
Сұрақ: Бастапқы жарнаны 20%-дан көбірек енгізуге бола ма?
Жауап: 20% мөлшеріндегі бастапқы жарна белгіленген мөлшер болып табылады және ол қарыз алғанға дейін бір төлеммен төленеді.
Егер Сіздің бастапқы жарнаны енгізу үшін қаражатыңыз көбірек болса, көбірек бастапқы жарна енгізу мүмкіндігін көздейтін басқа ипотекалық өнімдерді пайдалануыңызға болады.
Сұрақ: Шетелден тұрғын үй сатып алу үшін қарыз алуға бола ма?
Жауап: Жоқ. Бағдарламада Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй сатып алу үшін қарыз алу мүмкіндігі көзделген.
Сұрақ: Бір қалада тіркелген азаматтың басқа қаладан кредитке тұрғын үй сатып алуына бола ма? Ауыл тұрғындарының осы бағдарлама шеңберінде қалалардан тұрғын үй сатып алуына бола ма?
Жауап: Сатып алынатын тұрғын үй орналасқан жер бойынша, сондай-ақ қарыз алушының нақты тіркелген жері бойынша шектеулер белгіленбейді.
Сұрақ: Тұрғын үйге қандай талаптар қойылады? Құрылысы бітпеген тұрғын үйді сатып алуға бола ма?
Жауап: Құрылыс салушыдан жаңа салынған, пайдалануға берілген тұрғын үйді ғана сатып алуға болады.
Сұрақ: Сатып алуға болатын тұрғын үйдің ең жоғары құны немесе ауданы қандай?
Жауап: Тұрғын үйдің ең жоғары құны мынадай болады:
25 млн теңге – Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалалары үшін;
15 млн теңге – басқа өңірлер үшін.
Тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны, сондай-ақ ауданы шектелмейді. Сондай-ақ, қарыздың ең жоғары мөлшері белгіленбейді, 20% мөлшеріндегі бастапқы жарнаны ғана ескеру қажет.
Сұрақ: Ауылдық жерден тұрғын үй сатып алу үшін немесе жеке меншік үй сатып алу үшін қарыз алуға бола ма?
Жауап: Егер осы тұрғын үй жаңа салынған және пайдалануға берілген тұрғын үй санатына жатқызылса, рұқсат етіледі.
Сұрақ: Қай жылдары салынған тұрғын үйді сатып алуға рұқсат етіледі?
Жауап: Бағдарламада тұрғын үй салынған жылдарға шектеу қойылмайды, себебі бастапқы, пайдалануға берілген тұрғын үйге ғана рұқсат етіледі.
Сұрақ: Сатып алу үшін қарыздар берілетін жаңа салынған объектілердің және тұрғын үй кешендерінің тізімі бар ма?
Жауап: Ондай тізім жоқ және болмайды, себебі қарыз алушы бастапқы тұрғын үйді өзі таңдап алады.
Сұрақ: Қарызды мерзімінен бұрын өтеуге бола ма, айыппұлдар салына ма?
Жауап: Бағдарлама ипотекалық қарызды мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігіне тыйым салмайды, бұл жағдайда айыппұл салынбайды.
Сұрақ: Бағдарлама бойынша 25 жылдан аз мерзімге ипотекалық қарыз алуға бола ма?
Жауап: Бағдарлама талаптары бойынша қарыздың мерзімі 25 жылға дейін. Қарыздың ең көп мерзіміне ғана шектеу қойылады.
Сұрақ: Бұрын алынған ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға бола ма?
Жауап: Қайта қаржыландыруға рұқсат берілмейді.
Сұрақ: Бағдарлама бойынша кредитке баспана алып, оны сатуға және қайтадан осындай қарыз алуға бола ма?
Жауап: Қарыз алушыда өтелмеген ипотекалық қарыздардың болмауы Бағдарлама талаптарының бірі болып табылады. Осылайша, Бағдарламаның қатысушысы бола тұрып және ипотекалық қарызға ие бола тұрып, Бағдарлама талаптарымен жаңа қарыз алу мүмкін емес. Бұл ретте ипотекалық қарыз толық өтелген жағдайда, Бағдарлама оның талаптарын сақтай отырып, жаңа қарыз алуға мүмкіндік береді.
Сұрақ: Мен Бағдарлама бойынша қарыз алып, қарызды өтемей, баспананы 25 жыл бойы өзіме қалдыра аламын ба?
Жауап: Бағдарлама бойынша ипотекалық қарыздар ақылылық, мерзімділік, қайтарымдылық талаптарымен ұсынылады. Сатып алынатын тұрғын үй ипотекалық қарыз бойынша кепілмен қамтамасыз ету болып табылады. Тиісінше, егер қарыз алушы ипотекалық қарызды өтемеген жағдайда, банк кепіл ұстаушы ретінде ипотекалық қарыз бойынша кепілмен қамтамасыз етуді өндіріп алуға құқылы.
Осылайша, ипотекалық қарыз бойынша уақтылы төлемдер жасаудың маңыздылығын түсіну қажет.
Сұрақ: Қарыз алу үшін кезектегілердің тізімі бар ма?
Жауап: Бағдарламада қарыз алу үшін кезектілік көзделмеген, себебі Қазақстан Республикасының барлық азаматтары үшін Бағдарламаға қатысуға тең жағдайлар белгіленген.
Сұрақ: Бағдарлама мемлекеттің халыққа жаңа тұрғын үйлерді бөліп төлеуге беру түріндегі көмегі ме?
Жауап: Бағдарлама еш жағдайда мемлекеттің халыққа ақысыз көмегі ретінде қабылданбауға тиіс және халық арасында масылдық көңіл күй туындатпауы қажет. Бағдарлама-ның негізін құрайтын барлық талаптар ұзақ мерзімділік пен тұрақтылық қағидаттарынан тұрады. Бағдарламаның барлық талаптары қатаң сақталған және төлем тәртібі сақталған жағдайда ғана әлеуетті қарыз алушылардың өз тұрғын үй мәселелерін шешуге мүмкіндіктері болады.
Сұрақ: Бағдарлама операторының облигацияларын қалай және қайдан сатып алуға болады?
Жауап: «Баспана» ИҰ облигация-лары Қазақстан қор биржасына (KASE) орналастырылады. Облигацияларды орналастырудың басталғаны туралы ақпарат қосымша жарияланады. Тізбесі Ұлттық Банктің nationalbank.kz ресми интернет-ресурсына орналастырылған брокерлік компаниялардың қызмет-терін пайдаланып, облигациялар сатып алуға болады.

Сұрақ: Құны 5 млн – 25 млн теңге болатын тұрғын үй бойынша ай сайынғы төлемнің мөлшері қандай болады?
Жауап: Қарыз мерзімі 25 жыл болғанда Бағдарлама бойынша болжамды ай сайынғы төлем бойынша алдын ала есептеулер:

Тобықтай түйін: Баспана мәселесін байыппен шешу үшін мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалар жетерлік. Соның ішінде «7-20-25»  мемлекеттік бағдарламасын айтуға болады. Аталмыш бағдарлама іске асырыла бастады. Енді  мыңдаған тұрғын қоныс тойын тойлап, мыңдаған отбасының тұрмысы түзелуге тиіс. Ендеше, биылғы жылы қарқынды басталғалы тұрған «7-20-25» бағдарламасының арты сиырқұйымшақталып кетпесе, елдегі ағайынның, әсіресе, жас отбасылардың бас ауруына айналған баспана мәселесі оңалады.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, “Qazaq” газеті