80 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР АЛМАТЫ ХАЙУАНАТТАР БАҒЫ

146

Бұл өмірдегі барлық игіліктер адам үшін жасалған. Тіпті, жануарларды дос етіп, олардың жан әлеміне үңілу де адамға ғана тән. Біз теледидардан ғана тамашалайтын жануарларды бір аумаққа біріктіріп, жаһанның әр бұрышынан әкелінген тіршілік иелерін асырайтын бірден-бір жер – хайуанаттар бағы. Ал, жануарлардың тағдырына алаңдап, оларды құндылық деңгейіне көтерген елдерде ғана хайуанаттар бағы болатыны мәлім.

Мырзахан Төлебаев – Алматы
зообағының алғашқы директоры

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Жұмыс кестесі:
Күн сайын, қыстың күні сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін, жаздың күні сағат 09.00-ден 19.00-ге дейін.
Билеттердің бағасы:
Ересектер – 500-700 теңге, балалар (5 жастан 12 жасқа дейін) – 100-200 теңге, 5 жасқа дейінгі балалар – тегін.
Мекенжайы: Алматы қаласы, Есенберлин көшесі, 166

Алматы зообағы − еліміздің жүрегі саналатын алып мегаполис Алматы қаласындағы мәдени ошақтардың біріне айналып үлгерген. Кеше мен бүгінді байланыстырып тұрған тарихи орынға айналған зообақ биыл 80-ге толды. Сексен жастағы қария сынды көргені көп, берері мол бақтың басты қонақтары − сәбилерін жетектеп балалық шаққа саяхаттауға келген жандар, қол ұстасқан ғашықтар, немерелеріне еріп келген қарттар, қала тұрғындары мен қонақтары.
Жануарлар әлемінің түрлерін көпшілікке көрсету, жаратылыстану білімін насихаттау және жабайы фаунаны қорғау идеяларын тарату, сирек кездесетін әрі жойылып бара жатқан жануарлар генофондысын сақтау – хайуанаттар бағының басты мақсаты.
Сіз бен біз жиі барып, жануарлар мен құстарды көріп, қылықтарын қызықтайтын хайуанаттар бағы мекеме екенін білесіз бе?! Хайуанаттар бағы – жабайы жануарларды қолда, яғни, торда, қоршауда немесе жартылай қолда, табиғи мекендеу ортасына жақын көлемде қоршалған аумақта ұстайтын ғылыми ағарту мекемесі.
Алғаш хайуанаттар бағы біздің заманымыздан 1 500 жыл бұрын Мысырда, 1 000 жыл бұрын Қытайда ұйымдастырылған. Бір қызығы, Қытайда хайуанаттар бағын алғашында «Білім бағы» деген атпен қолданысқа енгізген екен. Ал Еуропада 18-19 ғасырларда ашылса керек. Айталық, зообақтар Венада 1752 жылдан, Мадридте 1774 жылдан, Берлинде 1844 жылдан, Парижде 1858 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір дүниежүзінде 850-ден астам, ТМД елдерінде 33, Қазақстанда 3 хайуанаттар бағы бар.

Зообақтың алғашқы кассасы осындай болған (1937 жыл)

ЗООБАҚТЫҢ АШЫЛУЫ ТАРИХИ ОҚИҒА БОЛДЫ

1935 жылы сол кездегі Қазақстан КП Орталық комитеті Мырзахан Төлебаевқа Алматы қаласында хайуанаттар бағын құру үшін орын таңдауды тапсырған. Оның құрылысы үшін ұсынылған Тастақтағы бос жатқан жер қолайсыз болғандықтан М.Төлебаев қаланың шығысында орналасқан М.Горький атындағы Мәдениет және демалыс паркі аумағындағы жерді таңдайды. Осыған байланысты ол ҚазКСР КП ОК-не «Зообақ үшін ең қолайлы орын – осы жер. Себебі, тау етегі, айнала көкпеңбек желектер, оның үстіне халық демалатын парк те тура жанында» деп, өзінің ең соңғы шешімін айтады. Сол кезде қазіргі зообақ аумағында екі-ақ үй болған екен. Сөйтіп, Мырзахан Төлебаевтың пікірін жер комиссиясының мүшелері де, Үкімет те қолдайды. Таңдалған жер телімі ол кезде қаладан 4 шақырым қашықтықта тұрған еді. Осылайша тиісті жер таңдалған соң, 1936 жылы Мырзахан Төлебаевқа Алматы хайуанаттар бағында алдағы уақытта болатын ұйымдастыру мен құрылысын жүргізу жұмыстары тапсырылады.
Міне, осыдан кейін КСРО Ғылым академиясы қазақстандық бөлімшесінің қызметкерлері В.Балашов, И.Долгушев және А.Афанасьев 1937 жылы Алматы хайуанаттар бағын құруды қолдап, Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесіне баянхат түсірген соң бұл ұсынысты республика Үкіметі толық қолдайды. Халком Кеңесінің 1937 жылғы 13 қаңтардағы № 30 қаулысымен Алматы хайуанаттар бағын құру бойынша жедел ұйымдастыру және құрылыс жұмыстарын бастап кетеді. Осылайша, зообақтың ашылуы 1937 жылдың 1 маусымына белгіленеді. Бірақ, түрлі дәлелді себептермен бақтың ашылуы кейінге ысырыла береді. Соған орай сол жылдың қыркүйегінде М.Төлебаев Мәскеуге барған кезекті сапарында белгілі жазушы Максим Зверевпен танысып, оны бірге жұмыс істеуге Алматыға шақырады. Сонымен қатар, Мәскеу хайуанаттар бағымен аңдар алу жайында келіссөздер жүргізген ол 1937 жылдың қазан айында келісім бойынша Мәскеуден бір топ аң – аю, арыстан, түрлі тұяқтылар арнайы вагондармен Алматыға әкелінуіне себепкер болған. Осындай «тірі жүктерді» аман-есен Алматыға жеткізгені үшін Ішкі Істер Халкомы М.Төлебаевты Құрмет грамотасымен марапаттаған екен.
Қарапайым аңшы әрі Жетісу өлкесін жете білетін Кенжехан Төлебаев хайуанаттар бағын көркейту мақсатында Қазақстанның бай табиғатынан жекелеген аң түрлерін өзі аулап, зообаққа әкеліп отырған. Соның арқасында ақбөкен, тау текесі, киік секілді аң-құстар бақтан орын табады. Сондай-ақ, сол кезде Мәскеуден, Петербордан, Аскания-Новадан, аңшылық шаруашылықтары мен жеке адамдардан Алматы хайуанаттар бағына түрлі аңдар әкелінгенін білеміз.
1937 жылы Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Л.Мирзоян бастаған комиссия зообақ жұмысымен танысуға келеді. Бұл ретте, комиссия бақтың орналасқан жеріне бірден ризашылық білдіре отырып, бақтағы аңдарды тамашалап, бақ құрылысының қысқа мерзімде сәтті аяқталғанына таңданғанын жасырмапты.
Алматы хайуанаттар бағының салтанатты ашылуы 1937 жылдың 7 қарашасында өтіп, барлық қала тұрғындарына баққа келу екі күн тегін болады. Хайуанаттар бағының ашылуына Қазақстан КП ОК өкілдері де қатысады. Себебі, еліміз үшін хайуанаттар бағының ашылуы елеулі тарихи оқиға болғаны мәлім. Жер көлемі 54 га. 7 секцияда хайуанаттардың 530-дан аса түрінің 5 900-дей данасы тіршілік етеді. Оның 77 түрі Халықаралық табиғат қорғау одағының, ТМД және Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

Дубас пен Пальма есімді пілдер (60-ыншы жылдар)

ЖАНУАРЛАР… ҚҰСТАР… БАЛЫҚТАР…

Алматы хайуанаттар бағында Қазақстан фаунасында кездеспейтін сүтқоректілер: барибал (Америка қара аюы), Африка арыстаны, Аустралия кенгуруі, Жапон макакасы, Үнді тырнасы, Мысыр кобрасы, Қытай аллигаторы өмір сүреді. Сонымен қоса, бақта ақ аю, парсы ірбісі, сервал мысығы, қызыл қасқыр, бегемот, Амур жолбарысы сынды жануарлар қоршауда көбейіп, ұрпақтарын жалғастыруда. Оларды дүниежүзіндегі басқа хайуанаттар бағында өсірілетін түрлермен алмастырылатын жағдайлар да болып тұрады. Кейбір түрлер, мысалы, тоғай бұғысы, ителгі табиғи мекендеріне жіберіледі.
Алматы хайуанаттар бағы бүгінгі таңда сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жабайы жануарларды қорғау жөніндегі көптеген халықаралық бағдарламаларға қатысып, жан-жақты бәсекеге қабілеттілігімен дараланып отыр.
Бақта «Теңіз аквариумы» павильоны жұмыс істейді, онда әлемдік фаунада сирек кездесетін балықтардың, шаянтәрізділер мен қосмекенділердің бірнеше түрін тамашалауға болады. Экзотариумда тасбақаның да бірнеше түрі бар. Олар: қызыл құлақты, дала, қызыл аяқты, бабырлы, тырнақты және тағы басқалар. Бауырымен жорғалаушылардың ішінде жолбарысты және торлы питондар, су айдаһары, хамелеондар, ысылдағыш улы жыландар, египет улы жыланы келушілерді аса қызықтырады. Сонымен қатар, зообақтан Куба қолтырауынын, сиам қолтырауынын және қолтырауын кайманын да көре аласыз.
Алматы хайуанаттар бағы – барлық жыртқыш құстар тұқым беретін Еуропа мен ТМД елдерінің хайуанаттар бақтарының ішінде жалғыз бақ. Құстардың сирек түрлерінің тұқымын беру бойынша ЕЕР бағдарламасымен қарастырылған үлкен күмбез тәрізді темір қораларда дала бүркіті, қозықұмайлар, құмайлар, субүркіттер мекендейді. Көлдер мен тоғандарда аққулардың, үйректердің, қаздардың, тырналардың әр түрлері мекендейді. Бақта құстардың 70-тен астам сирек кездесетін түрлері өсіріледі. Соның ішіндегі ең ірілері – эму мен нанду.
Хайуанаттар секциясының мақтанышы – Оңтүстік Африка керіктері, ала құландар, Азия пілдері, мүйізтұмсықтар мен сусиырлар. Бұғылардың ішіндегі ең ірілері – Бұқар бұғысы мен марал. Мұнда дақты бұғылар, кербұғылар, еліктер, арқарлар, сібір ешкімүйіздер, мүйіздері бұралған текелер, жабайы қойлар, жабайы ешкілер, қойлар және Пржеваль аты да бар. Ал мысық тұқымдас жыртқыш аңдардан: арыстан, амур және бенгал жолбарыстары, қар барысы, парсы және қиыр шығыс қабыландары, қара бабырлар, ягуарлар мен сервалдар көрсетілген. Жер жүзін мекендейтін аюлардың жеті түрінен біздің хайуанаттар бағында ақ аю және гималай аюы өмір сүреді екен.
Маймылдар тұратын темір торлардың жанында үнемі адам көп. Мұнда мартышка мен макакалар, гамадрилдер, аққолды және күміс гиббондар, шимпанзе, шығыс колобус пен қызыл лемурвари бар.

ЗООБАҚТАҒЫ ЕРЕКШЕ СӘТТЕР

Бір қызығы, хайуанаттар бағындағы жануарлардың есімдері де әртүрлі. Мысалы, Батыр атты кішкентай таутайлақ, Алатау есімді кішкентай керік, Томирис атты маймыл мен теңбіл бұғының төлі, Хан атты ақ арыстан, ірі экзотикалық жануарлардың ішінде Гуанако есімді таутүйе, Орикс атты қарақұйрық бақтың көркін еселеп тұрғандай.
Өткен жылы Алматы хайуанаттар бағында дүниеге келген төлдер саны көбейіп, «бэби-бум» байқалды. Бұл жағымды құбылыс әлі де жалғасын табатынына сенімдіміз. Былтыр құмай, ақиық субүркіт, аққұйрық субүркіт сынды жыртқыш құстардың балапандары өсіріліп, бақа да ұрпақ жалғастырған. Жапон маймылы да төлдеп, қарақу, үкі және тағы басқа құстар да балапан басқан екен.
Жануарларды ауыстыру, сату немесе сатып алу туралы ұсыныстар Алматы хайуанаттар бағына көптеп түседі. Олардың арасында ТМД елдері мен Ставрополь, Ленинград, Челябинск, Нижегород, Минск, Ярослав, Самара, Омбы, т.б. қалалардың хайуанаттар бағы бар. Бұл тізімге немістің Шверин қаласындағы зообақты, Израиль мен Жапонияның хайуанаттар бағын енгізуге болады.
Зообақ басшысы жануарлар азығының сапасын қадағалап, олардың денсаулығын да басты назарда ұстайды. Ержан Еркінбаев: «Біз дәл қазір ветеринарлық клиниканы қайтадан жаңартуды жоспарлап жатырмыз. Өйткені, ескі базаның іргетасы өткен ғасырдың 30-40-шы жылдары қаланған. Ал, жануарлардың денсаулығын жіті қадағалау үшін барлығы талапқа сай болуы тиіс», – дейді. Өз ісіне адал, қамқор басшы ғана осылай алаңдаса керек.
Хайуанаттар бағында өлім-жітім болып тұратыны белгілі. Көбінесе аңдар қартайып өледі. Ал сырттан әкелінгендер бейімделе алмай көз жұмуы да мүмкін. Соған қарамастан, кез-келген зообақ қызметкерлері хайуанаттардың өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгенше күреседі.
Айтпақшы, зообақ қызметкерлеріне арналған жаңа бірыңғай форма биылдан бастап беріліпті.
Хайуанаттар бағына барған кезде тақтайшалардағы ескертулерге мұқият болыңыздар. Әсіресе, жануарларды тамақтандыруға болатын, болмайтындығына назар аударғаныңыз жөн. Ережені бұзсаңыздар, айыппұл төлеулеріңізге тура келеді. Айыппұлдан бұрын, сіз жануардың өміріне қауіп төндіруіңіз мүмкін. Вольерлердің сыртында «Аңдар мен құстарға тамақ беруге болмайды» деген ескерту жазылып тұрса да, оларға картоп қытырлақтарын, жүгері таяқшаларын, попкорн беретіндерді байқаған боларсыз?! Мінекей, осы жануарлардың өліміне себепші болады. Ал, оларды орнынан қозғау үшін вольерлерге бөтелке, пакет тастайтын адамдар да бар екен. Әсіресе, табиғатынан көп қозғалмайтын қолтырауындар жатқан вольерлерде жиі кездесетін оқиға осы болса керек. Себебі, бақ қызметкерлері қолтырауын алдындағы «артық заттарды» жиі жинайтынын жасырмайды.
Соңғы 10 жыл көлемінде хайуанаттар бағына кіру билетінің бағасы мүлдем өзгермеген болатын. Дегенмен, былтырдан бастап баққа кіру құны сәл қымбаттады. Жасы 12-ден асқан (ересек) азаматтар 500-700 теңге, ал 5 пен 12 жас аралығындағы балалар 100-200 теңге төлейді. Мұны коммуналдық қызмет тарифтерінің (су, электр энергиясы, қалдық шығару) қымбаттауына байланысты деп түсіндіреді зообақ әкімшілігі. Оның үстіне, жануарларды емдеуге қажетті дәрі-дәрмектер, вольерлерді ағымдағы жөндеуден өткізіп, қысқы жайларды күтуге қажетті құрылыс материалдары да қымбаттаған. Әрі сол шығындардың бәрі зообақтың өз қаражаты есебінен жүргізіледі.
Жалпы, әлемдегі хайуанаттар бақтары инфляция деңгейін ескере отырып, кіру билетінің бағасын жыл сайын қымбаттатып отырады. Соңғы 10 жылда тариф пен азық-түлік бағасының қалай шарықтағанын бәріміз де білеміз. Осы жағынан алып қарағанда, Алматы хайуанаттар бағы билет құнын сәл ғана көтеріп отыр.

Тобықтай түйін: Қазақстандағы ең көне зообақтардың бірі болып табылатын Алматы хайуанаттар бағын түбегейлі қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылданып, 2015 жылы құрылыс жұмыстары жасалған болатын. Жоба бойынша жаңа вольерлер салынып, жануарларды күтуге лайықты жағдай жасау және бақ аумағын аймақтарға бөлу сынды маңызды шаруалар атқарылған. Кеше мен бүгінді байланыстырып тұрған мәдени ошақты жаңартқандығы, көңіл бөлгендігі қала тұрғындары мен қонақтарын қуантқаны ақиқат. Сонымен бірге, 2017 жылдың қазанында бүкіл Орталық Азияда көлемі, фаунасы мен флорасы, жан-жануарларының саны мен селекциясы бойынша ең ірі де бай зообақтың 80 жылдық мерейтойы аталып өтілді. Алматы хайуанаттар бағы аңдар санағы бойынша ТМД елдері ғана емес, сонымен қатар, дүниежүзі бойынша ең ірі саябақ болып саналатындықтан, Мәскеу хайуанаттар бағынан кейінгі орынды алады, ал жыртқыш құстарды өсіруден әлемдік әйгілілікке ие болып отыр. Биыл Алматы хайуанаттар бағына – 80 жыл! Өткен мен келешектің арасындағы алтын көпір сексен емес сегіз жүз жыл жасайтынына сенеміз.

Әлия ІҢКӘРБЕК, “Qazaq” газеті