88 ЖЫЛДАН КЕЙІНГІ ҚАУЫШУ

6

Мінеки, қалың қазақ: қара, төре!

«Бұ кім» деп жатырқама түрін көре.

Жас «Қазақ!» жаңа талап, жарық ойлы,

Келіп тұр қол қусырып сәлем бере.

Алыстан іздеп келген бауырларың,

Халқының сырттан көріп ауырларын.

Жеңілту жайын соның кеңесуге,

Қазақтың бас қостырмақ қауымдарын.

Жылына бір-ақ тоқты сыбағасы,

Ол жейтін бір-біріңнен қонағасы.

Атында, затында да бөтендік жоқ,

Білгенге  бұл да Алаштың шын баласы, – деп, сонау өткен ғасырдың басында, 1913 жылы төрткүл дүние есігін ашқан «Қазақ» газеті араға 88 жыл салып ел-жұртымен қауышып отыр. Бір-бірімізден «Сүйінші!» сұрайық, халайық, «Қазақ» келді ортаңа! Кезінде ұлтымыздың Азаттық рухының күміс қоңырауы болып, қазақ халқының көзі, құлағы, үні ретінде тіл қатып, бүгінгі Тәуелсіздік идеясын ел арасында пәрменділікпен насихаттаған «Қазақ» газеті Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қайта шықты.

«Қазақ» газеті, – деп жазды Мұхтар Әуезов 1923 жылы «Шолпан» журналында, – ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жинап, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп талап қыла бастаған уақытқа келді. Бұл тұтынған жолында «Қазақ» газеті өз міндетін дөп атқарды».

Ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов әділ бағасын берген «Қазақ» газеті қаққан Тәуелсіздік қоңырауының үні ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, енді дербес ел болған Қазақ Мемлекетінің рухы бүгіндері әлемдік беделге ие болды. «Қазақтың» басты жетекшісі болған Әлихан Бөкейханов, газеттің төл ұйымдастырушы редакторы Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов және басқа да Арыстарымыздың арманы қалған жерде қайта жаңғырып, жұртымен тұтас жасаса – мақсаттың орындалғаны, тарихы терең, халқымен шынайы мың өліп, мың тірілген «Қазақ» газеті қалған тағдырын елімен бірге жүріп жасамаққа ниет етеді. «Қазақ» былайғы тұста ұлтының қоғамдық-саяси ой дамуы мен әдеби, мәдени өмірінің шежіресі болуды басты мұратым дейді. Бұл – ұлы ұстанымы, бағыт-бағдары да осы жол!

«Қазақ» газеті 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап Орынборда шыға бастаған да, 1918 жылы Кеңес өкіметінің қазақ даласына келе бастауымен басылуын тоқтатқан. Ақ пейілді қарау көңілмен басу оңай. Қызыл Империя сол елең-алаңда-ақ үстемдігін жүргізе келіп, «Қазақты» ушықтыра қарақтай жүріп, ұлтшыл, алашордашылардың рупоры болды дейтіндей желеумен өмірден аулақтатып, тоқтатып тынған. Осы мерзім ішінде газеттің 265 саны жарық көрген. «Қазақ» газетінің негізгі архивтік құжаттары бүгінде Санкт-Петербургтің М.Е.Салтыков-Щедрин атындағы Орталық Мемлекеттік кітапханасында ұшырасады. Толық тігіндісі түгел сақталмаған. Кезінде газет шығарушылар басқармасы (алқасы): «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет», деп жазған еді. Газеттің жаңа басылымы да сол бұрынғы өткен аталар жолымен милләт халын ойға алып, киелі жұртына арнаған дәстүрлі бір іс болсын деп, ертедегі Алаш азаматтары «әумин» деп қол жайып, «әуп» деп күш қосып, «Алла» деп іске кіріскен ісін жалғай, арада 88 жыл үзілістен соң «Қазақтың» 266 санынан бастап шығып отыр. Ылайым, ендігі жерде, жолы Ақ болсын, делік!

Сонымен, қазақ елі, «Қазақ» өз халқымен және дидарласуға қадам жасады, таза пиғылмен есік ашты. Тағдырдың не бір қиын тауқыметін бастан өткерген «Қазақ» газетінің өз халқына ниеті адал, сонау жылдары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов қол қойып шығарған қайсар мінезді, кезінде ұлтының саналы үні болған газет Тәуелсіз Еліне оралды. Бүгінгі ұрпақ газет жұмысына кезінде оқтай зырлап, қардай борап, тер төге, жұмыс еткен Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Құдайберген Жұбанов, Ғұмар Қарашев, Халел Досмұхаметов, Жиһаша Досмұхамедов, Мұхаметжан Тынышбаев, Жиһанша, Жансұлтан Сейдалиндер, Асылбек Сейітов, Мұстафа Шоқаев, Бекмұхамет Серкебаев, Мұстафа, Ахмет Оразаевтар, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сияқты бұрынғы ата-баба еңбегіне ізетпен алғыс айтуға тиіс. Аттары аталған жайсаңдарымыз сол тұста газеттің тұрақты авторлары болуымен бірге, басылымның ел арасына кең тарауына меценаты да бола білген зиялылар.

Рас, қазір баяғы замандағыдай емес, Қазақстанда газеттер көптеп шығады. Әсіресе, Тәуелсіздік алғаннан бері бұл салаға кең жол ашылды. Мұндай қадамға қуану керек. Тіпті, «Қазақ» газетінің дәстүрін жалғастыруды ниет етуші басылымдар да табылды, абзалы, асығып-аптықпай, осылайша түгенделеміз десек, бүтінделе берерміз, бәрі орынды. Әйтсе де енді жарық көріп отырған «Қазақтың» ешқандай басылыммен таласпақ ойы жоқ, бәсекеге де түспейді, әр газет-журналдың өз жолы бар, сол жолда кім-кім де оза шапса, беті қабыл. Әріптес басылымдармен «Қазақ» қазақ жүгін бірге көтерісіп, бір сапта болатынына сенімі мол. Бірақ тура сөзден тартынбайды, ақ сөйлейді, ешкімнің айыл тартпасы бола алмайды, түтіні түзу шығады.

Өмірге қайта келген «Қазақтың» мақсаты – айқын, ұстанымы – берік, жүрегі – адал, қызметі – халыққа, тілегі – ұлттық мінез, тілінің, дінінің, ділінің сау, өсіп-өркендеуіне үлесін қосады. Осы ретте «Қазақ» газеті сөз жоқ оқушыларына арқа сүйейді, аталы жұрт, ауқымды ұлтына иек артады. Жатырқамай қарсы ал, милләт!

Имандай сыры – «Қазақ» қазағымен әрдайым бірге! Тірегі – халқы! Мұңы – мұң, қуанышы – қуаныш, жыры – жыр. Шыға бастағанына 93 жыл, қазіргі 88 жылдан кейінгі қауышуы ұзағынан болғай, бауырлар! «Қазақ» әр қазақтың шаңырағынан табылам деп өмір есігін ашты. Таралымының көп болуын қалайық, ағайын! Бұл – бабалар салған дәстүр. Сонау алыс жылдардағы пошта қатынасы болмаған кезде де қазақ «Қазағын» алып тұрған, қолдаған, құрметтеген. Әуелде үш мың данамен шығып, ілезде-ақ әр санының таралымы (тиражы) он мыңнан асқан. Бұл сол кездің деңгейімен өлшегенде аз көрсеткіш емес. Қазіргі ұрпақ та осы ғұрыпты екпінді ықыласпен жалғастырады деп сенейік.

Қадірлі Алаш қауымы, киелі жұрт, құрметті ел Азаматтары, құшағыңды аш, өздеріңді аңсай, сағына келген – «Қазағыңды» бауырыңа бас! «Қазақ» газетінің бұл тәу саны ырымшыл халқымыздың дәстүрімен сәрсенбінің сәті – Наурыз мерекесіне арнайы шығып отыр. Той тойға ұлассын, ағайын, ұлыстың ұлы күні – Наурыз құтты болсын, қадірлі қазақ жұрты!

Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ,

«ҚАЗАҚ» газетінің 2006-2014 жылдардағы бас редакторы

(«Қазақ» газеті, №01 (266), 2006 ж.)