«BEKTAS» БАҒЫНДЫРАР БЕЛЕС ӘЛІ АЛДА

45

Спорттың дамуы, оның ішінде маңызды спорттық жетістіктер мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуіне де байланысты. Мемлекет спорт саласына тиісті деңгейде қолдау көрсетсе, спортшылар да тиісті дәрежеде дайындалып, соның арқасында жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізе алады. Сондықтан да, Тәуелсіздігіміздің таңы атқан жиырма алты жылдан бергі уақыт ішінде біздің елімізде спортты дамыту жолында Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен қыруар жұмыстар атқарылып келеді. Барлық спорт түрлерінен федерациялар ашылып, әр федерация өзіне тиесілі спорт түрлерін дамытуға бар күш-жігерін салып жатқанын жоққа шығара алмаймыз.

Рас, мемлекет көп жағдайда олимпиадалық спорт түрлеріне көп көңіл бөледі, ал ережесіз жекпе-жек сынды спорт түрлерін елеусіз қалдырады. Бірақ, мұндай спорт түрлеріне өзіндік үлесін қосып жүрген жекелей спорт клубтары мен бапкерлер аз емес. Соның бірі – «Bektas» клубының басшысы, бапкер Қуандық Дәулетияров (жоғарғы суретте).

2015 жылы негізі қаланған «Bektas» клубының басшысы Қуандық Бектасұлы өзінің шәкірті Ардан Батырханмен таяуда 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газетінің редакциясында қонақта болды.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан жас өрендердің бапкерінен клуб ашудағы мақсатын сұрадық.

«Асқар тау әкемнен ерте айырылып, жартылай жетім өстім. ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ерлан Әлиасқарұлы кезінде мендей балаларды грек-рим күресінен тегін жаттықтыратын. Бапкеріміздің осындай қасиетін көріп өскендіктен залды ашқанда пайда табуды көздеген жоқпын. Талантты балаларды тегін тәрбиелеуді мақсат еттім. Бір білетінім, бала кезінен бір үзім нанның қадірін біліп өскен балаға бағыт-бағдар беріп, демеу көрсетсе, олар ұятқа қалдырмайды, жерге қаратпайды. Әрине, залда жаттығып жүргендердің бәрі чемпион болмауы мүмкін, алайда менің шәкірттерім спорт арқылы шылым шегу, ішімдік ішу сынды жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанса, бір мақсаттың орындалғаны ғой», – деп әңгімесін бастады бапкер.

Қуандық Бектасұлының әңгімесінен байқағанымыздай, бастапқыда залды шәкірт тәрбиелеу мақсатында ашпаған екен. Тіпті, ол кезде белгілі бір мақсат та болмаған. Тек, салауатты өмір салтын ұстауды көздеп, өздері ашқан залда жұмыстан кейін әріптестерімен бірге жай ғана жаттығып жүрген. Кейін залға таныстары, туыстары, достары және бейтаныс жастар көптеп келе бастаған. Осылайша аз уақыттың ішінде кішкентай зал «Bektas» клубына айналған. Бүгінде клубтың ондаған шәкірттері бар. Шәкірттері қалалық, облыстық, республикалық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп, бапкердің сенімін ақтап жүр.

«Мен өзім негізі бұрын күреспен айналыстым, бірақ жарақатыма байланысты үлкен спортпен қоштасуға тура келді. Қазақстан чемпионы болдым, одан артық жетістікке жетуіме жарақатым кедергі келтірді. Алайда кәсіби спортшы болмасам да, спорттан қол үзген емеспін. Спорттың қай түрін алсаңыз да, көп жағдайда үлкен спортта жоғары жетістікке жетпеген адамнан жақсы бапкер шығады. «Ұстаздан шәкірт озса игі» дейді ғой. Клуб ашудағы негізгі мақсат – өзім жетпеген жетістікке шәкірттерімді жеткізу, әлем чемпионын шығару», – деп өз ойымен бөлісті Қуандық Дәулетияров.

Қуандық Бектасұлының айтуынша, бапкер ең алдымен жақсы психолог болуы керек. Өйткені, әр баланың өзіндік қабілеті мен ішкі жан дүниесіне үңілсе нәтиже болады. Сонымен қатар, бапкер маңдай терсіз табысқа кенелудің мүмкін еместігін айтады.

«Тәртіпке бас иген адам құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген Бауыржан Момышұлының аталық сөзін бапкерлік жұмысында қатты ұстанатын Қуандық Бектасұлы шәкірттерінен ең алдымен тәртіпті талап етеді. Айтуынша, спортшыға қайтпас қайсарлық, батылдық әрі еркектік мінез керек.

Білікті бапкерден «Спорт не береді?» дейтін шәкірттің сұрағына қандай жауап беретінін де сұрадық.

«Спорттан ұтылыс жоқ, чемпиондық атақ, танымалдылық бермесе де, үйді, отанды қорғайтын күш-қуат, мықты денсаулық, еркектің еркектік мінезін танытатын қасиет береді. Әлем чемпионы болудан бұрын, адам болып қалу, тұлға болып қалыптасу маңызды. Спорт ашуға ерік бермей, сабырлы болуға үйретеді. Жаттығуда, жарыста қарсыласына қатты соққы беріп жіберсе, артынан кешірім сұрап жатады. Бұл – мейірімділік. Ал спортта намысты қолдан бермесең, ұлт мақтанышына айналып, бүгінгі күннің батыры атанасың. Ал спортшы үшін бұдан артық бақыт болмаса керек», – деп жауап берді.

Қуандық Бектасұлы алдағы жоспарымен де бөлісті. Жетістікке жетіп жүрген шәкірттерді әлемдік аренаға, халықаралық деңгейге шығару үшін бүгінде шәкірттерінің күніне екі реттік, аптасына алты күндік жаттығу жасап жатқандығын айтты.

Әңгіме барысында Қуандық Бектасұлының шәкірті Ардан Батырханмен (ортадағы суретте) таныстық. Жаркенттің тумасы Алматы медициналық колледжінің 3-курс студенті екен. 17 жастағы болашақ дәрігерден ережесіз жекпе-жекке қалай келгенін сұрадық.

«Бастапқыда үш жылдай бокспен шұғылдандым. Нәтиже болмағандықтан, күреске (грэпплинг), кейін кикбоксингке ауыстым. Осыдан біраз уақыт бұрын «Bektas» клубына келіп, өз бағымды (күшімді) сынап көрмек болдым. Клуб атынан қатысқан алғашқы жарыста 3-орын алдым. Кейін джиу-джитсудан өткен Қазақстан біріншілігінде жүлдегер (2-орын) атандым. Осылайша аз уақыттың ішінде 3-4 жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүрдім. Таяуда ережесіз жекпе-жектен құрлық біріншілігінде топты жардым, яғни бүгінде Азия чемпионымын», – деген жас спортшыдан жеңіске деген құштарлықты, спортқа деген үлкен махаббатты байқадық.

Ардан Батырханнан «Спорт сен үшін хобби ме, әлде алдағы өміріңді де спортпен байланыстырасың ба?» деп сұрадық.

«Менің мақсатым – әлем чемпионы болу, елдің көк байрағын көкке желбірету. Әрине, өмірде әртүрлі жағдай болуы мүмкін ғой. Мамандық керек. Сондықтан да, медицинаны (оқуды) тастау жоспарымда жоқ», – деп жауап берді.

Иә, Қуандық Бектасұлының шәкірттері де халықаралық ареналарда жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүр. Редакцияда қонақта болған Ардан Батырханның Азия біріншілігінде топты жарғаны сөзімізге дәлел бола алады. Қуандық Дәулетияров басқаратын «Bektas» клубынан Қазақстанның көк Туын желбіретіп, Әнұранын асқақтататын талай чемпиондардың шығатынына сенім мол.

Қуандық Бектасұлының арманы – қазақ балаларының ел намысын абыроймен қорғап, тәуелсіз Қазақстан әнұранының дүбірлі додаларда шырқалуына өзіндік үлесін қосу. Бүгінде бұл арман мақсатқа айналған. Несі бар, әрбір бапкер алдына осындай үлкен мақсат қойып, сол жолда аянбай тер төксе, онда талай қазақ баласы ел мерейін асыратыны сөзсіз.

 Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газеті