DEPO EVOLUTION PARK

12

Трамвай – ағылшын тілінен аударғанда «жол вагоны» деген мағынаны білдіретін қалалық көлік түрі. Екі жылдан бері аңызға айналған Алматы трамвайы екі бірдей ірі апаттың орын алуына байланысты қала әкімі Бауыржан Байбектің шешімімен «Алматыэлектротранс» ЖШС трамвай қызметін тоқтатты. Сөйтіп, қауіпті саналған трамвай рельстері біртіндеп азая бастады. 1937 жылдың желтоқсанынан бастап жүре бастаған Алматы трамвайына былтыр 80 жыл толды. Көненің орнын жаңа басатыны белгілі. Бүгінгі таңда Алматы трамвайы депосының орны заманға сай жабдықталып, қайта жаңғырып отыр. Біз кеше мен бүгінді байланыстырып тұрған ғимараттың жастар болашағына зор үлес қосатынына көз жеткіздік…

АЛҒАШҚЫ АДЫМДАР

Трамвай басқа жол көліктеріне ұқсамайды. Оның ерекшелігі – контактілі, яғни, түйіспелі сым арқылы келетін электр энергиясынан қуат алып, рельс жолымен қозғалады. 30 км/сағат жылдамдықпен қозғалатын дүние жүзіндегі бірінші трамвай 1881 жылы Германияда іске қосылыпты. Ал Қазақстанда трамвай алғаш 1937 жылы Алматы қаласында жүре бастады. Трамвай энергияны рельстен 3-4 метр биіктікте ілінген түйіскен сым арқылы алып, 500-600В тұрақты ток кернеуімен қоректенеді. Әр вагонда қуаты 30-70 кВт болатын электрқозғалтқышты тартқыш орналастырылған. Трамвайға рұқсат етілген ең көп жылдамдық 65-70 км/сағатты құрайды.

Қазіргі трамвай шаруашылығы күрделі кешен болып есептеледі. Оның құрамына рельс жолы, автобұғаттау жүйесі, күштік тарту желісі, жылжымалы құрам мен қызметтік жүйелер, жөндеу зауыты, жол бойындағы қызмет енеді. Трамвайды энергиямен қоректендіру күштік тарту желісі арқылы жүзеге асады. Айнымалы ток қосалқы күштік тарту стансасы арқылы тұрақты кернеуге түрленіп, түйіспелі желіге беріледі. Трамвай вагондары 4 өстік болып дайындалып, бір жүргізуші басқаратын немесе екі моторлық вагондар түрінде қолданылады.

Алматы Қазақ КСР-ның астанасына айналғаннан кейін қала қарқынды дами бастады. 1927-1938 жылдары қала тұрғындарының саны бес есе өсті. Ал 1939 жылғы халық санағы бойынша қалада 222 мың адам тұрған. Ол заманда жұрттың көбі қала маңайындағы аймақтарда тұрып, қаладағы кәсіпорындар мен мекемелерге қатынап жұмыс істейтін. Мысалы, Есентай өзенінің арғы бетіндегі кентте 40 мың адам тұрған. Өткен ғасырда әлем қалаларының көбінде өзге көлік түрлерімен салыстырғанда, трамвай ең тиімді көлік болып саналды. Соғысқа дейінгі Алматы көшелерінің көлік жүретін бөлігіне көбінесе жұмыр тас қана төселген. Ал автомобильдер мен автобустарды тиімді пайдалану үшін жақсы жол қажет еді. Сонымен, қоса автобусқа қарағанда, трамвай онша көп шығын шықпайтын көлік әрі пайдалану мерзімі үш есе артық және экологиялық тұрғыдан ұтымды көлік түрі болды.

1930 жылдары Кеңес Одағының ірілі-ұсақты қалаларының көбі трамвай көлігіне көше бастаған соң Алматы да трамвай көлігін қолдануды жөн санап, 1934 жылы тамыздың 23-і күні Алматы қалалық кеңесі президиумы трамвай жүретін трассаны, трамвай паркі мен шеберханалары салынатын орындарды құжат жүзінде бюджетке арнайы бекітті. Трамвай жолы екі кезеңмен салынады деп жоспарланды. Бірінші кезеңде екі жол төсеу көзделіп, ол – қалалық вокзалдан басталып, Вокзальная көшесінің (қазіргі Абылай хан) бойымен Ташкент аллеясына (Райымбек даңғылы) бұрылып, одан әрі Панфилов бойымен жоғары өрлеп, Шевченко көшесіне бұрылып, ары қарай Байтұрсынов көшесіне дейін созылатын болды. Ал Пастер көшесінен (қазіргі Мақатаев) басталатын екінші желі Қайырбеков көшесі арасымен тартылатын болды. Екеуінің ұзындығы – 8,7 километр. Тараншы, Кладбище, Қашғар және Пастер көшелері арасынан трамвай депосы мен шеберханалар салуға жер бөлінді. Кейін бұл жерге Киров атындағы зауыт салынды.

Сол кезде трамвай көлігін іске қосуға 2 миллион 860 мың рубль бөлу ұйғарылды. Оның көбі (1 миллион 340 мыңы) жол салу мен әуеде сым желісін тартуға, 635 мыңы – трамвайлар сатып алуға, 260 мыңы – қосалқы станция орнатып, желі тартуға, 607 мыңы – парк пен шеберханалар салуға жоспарланыпты.

ТРАМВАЙ ҚАЛАЙ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ?

Құрылыс жұмыстары 1936 жылы басталды. «Трамвайстрой» шаруашылық есептегі кеңсесі мен «Трамвайтрест» құрылды. Оның алғашқы бастығы – Александр Позденко, ал бас инженері – Андрей Реутт болған.

Алматыдағы трамвай желісін елдің әр түкпірінен жиналған адамдар салған. Мәскеу метросын салып жатқан Евгений Трунов инженер-электрик болып келіпті. Рельстерді дәнекерлеумен Түрксіб темір жолын салғандар айналысты. Днепрогэс, Қиыр Шығыс, Закавказьеде электр станцияларын салған мамандар электр жабдықтарын орнатқан. Түйіспелі және тоқпен қоректендіру желісін тарту шебері О.Д.Ваулинді жұрт «орыс трамвайының атасы» деп атап кеткен. Ол 1917 жылғы революцияға дейін Ташкентте, ал революциядан кейін Куйбышев, Новосибирск, Свердловск, Омбы қалаларында трамвай жолдарын салған екен.

Бір қызығы, 1936 жылы ленинградтықтар сыйлаған моторлы вагон Алматы трамвайының құрылысы кезінде қолданылған. Құрылыс жұмыстары тек 1937 жылы ғана қарқын ала бастапты. Өзге қалалардан келуі тиіс материал, құрал-жабдықтар уақытында жетпегендіктен, кейбір нысандар мерзімінде өткізілмейді. Мысалы, жоғары вольтты кабель кешігіп келгендіктен, қосалқы станцияны Октябрьдің 20 жылдығы мерекесіне орай іске қосу жоспары орындалмай, жоғары кернеулі әуе желісі уақытша тартылған.

Трамвай көлігіне қызығушылық танытып, жоспарлы түрде жұмыс істегеннің арқасында трамвай белгіленген мерзімде пайдалануға беріледі. Трамвай іске қосылған кезде 1937 жылдың жоспарындағы бір табанды желінің орнына қос табанды желі болған.

Сөйтіп, Алматыда трамвай 1937 жылы желтоқсанның 1-інен бастап жүйелі түрде жүре бастады. Трамвайдың қалай іске қосылғаны туралы сол кездегі қала газеттерінің бәрі жазыпты.

Трамвайлардың жұмысын толық тексеру үшін қарашаның 30-ы күні вагондардың бәрі жолға шыққан. Тулар мен моторлы вагондардың портреттерімен безендіріліп, лакталған бес трамвай таңғы сағат жетіде жолға шығады. Ұзындығы 7 жарым километрге созылатын дайын желінің бойында 16 аялдама болған. Алғашқы 16 күнде трамвайдың бірінші желісімен 300 мың жолаушы тасымалданыпты.

Сол замандағы газеттердің жазуынша, трамвай арзан көлік болыпты. Жолаушылар темір жол вокзалынан трамвай депосына дейін 30 тиынға жете алатын. Ал вокзалдан Горький көшесіне (қазіргі Жібек жолы) дейінгі билет – 20 тиын, мектеп оқушыларына арналған билет – 10 тиын (копейка) екен.

Алматы тұрғындарына, әсіресе, автомобилистерге көліктің жаңа түріне үйренісуіне тура келеді. Көше қиылыстарында әлі бағдаршамдар орнатылмаған кез болғандықтан алғашқы екі аптада автомобильдер мен трамвайлар бірнеше рет соқтығысып қалыпты. 1938 жылдың қаңтарының басында бағдаршамдар орнатылған соң бұл мәселе шешімін тапқан. Трамвай жолы тартылған көшелердің қиылыстарына әуелі 11 бағдаршам орнатылыпты.

ЗАМАНАУИ ДЕПО

Өткен жылдың қарашасында ашылғанына 80 жыл толған Алматы трамвай депосы бүгінде басқа сипатта жұмыс істеуде. Яғни, Алматының орталығында орналасқан трамвай депосы бір жыл бұрын ғана ешкім аяқ баспай, қаңырап қалған еді. 1980 жылы бой көтерген  5 қабатты ғимаратта трамвайға қатысты шаруалар тоқтатылса да, бұл күні қайта жанданып, болашақ бағдарын айқындап отыр. Тарихымыздың кешесі мен бүгінінің арасындағы алтын көпір іспеттес ғимарат осы деуге толық негіз бар. Себебі, жақында бұрынғы трамвай депосының орнына ашылған «DEPO Evolution Park»-ты көріп таң қалдым. Ол жерден Жастар ресурстық орталығы ашылыпты.

Ғимараттың ішкі сәулеті мен заманауи өзгеріске енгені көз қуантады. Ізденісі мен талабы зор жастарға арналған тұлғалық дамуға жетелейтін іс-шаралар, коворкингтер, көрмелер мен өнер туындыларына да куә боласыз. Өнердің сан түріне баулитын орталықтар да ашылып, сурет салу мен мүсін жасау шеберханалары да менмұндалап тұр. Заманауи лофт-орталыққа бос уақытында келіп, оқыған кітаптарының мазмұнымен бөлісіп, өзара пікір алмасатын жастардың да қарасы көп екен.

Орталықта 5 шеберхана, ағылшын тілі клубы, ана тілімізге арналған курс және 10 білімге баулитын секциялар бар екен. Осылайша, жаңа ашылған орталық еркін ойлы жастардың қиял құсын шарықтатып, оларға зор мүмкіндік жүгін артуда. Орталық аясында жетістікке қол жеткізген бөлімдер де бар. Солардың бірі – жастар ұйымдарын қолдау бөлімі. Жастар сонда келіп, өздері  құрған немесе құратын ұйымдары мен қолға алған жобаларын және басқа мәселелері бойынша ақыл-кеңестер ала алады.

Сондай-ақ, қоғамдық қабылдау бөліміне келген жастар  отбасында, оқуда, жұмыста немесе жұмыс іздеу бойынша орын алған мәселелердің шешімін ресурстық орталықпен бірге табады. Жастар арасында семинарлар мен тренингтер өткізу үшін Жастардың ресурстық орталығына кәсіби психологтар, заңгерлер, кәсіпкерлер шақырылады екен. Бұдан бөлек, Жастардың ресурстық орталығының қызметін насихаттау, дамыту, білім және бос уақытты тиімді өткізу бөлімдері құрылған. Ал ол бөлімдерде жұмысқа орналасу, түйіндемені жазып үйрену сынды тәжірибелерден өтіп, болашақта білікті маман болып, жақсы жұмысқа орналасу мақсатында ізденістерге жол ашылады. Мысалы, орталықта кәсіпкерлікке қатысты тренингтер жиі болып тұрады екен. Тренинг пен семинарларға қатысушы жастар жеке кәсіпкерлікті қалыптастырушы сатылардан өтіп, өз ісін ашудағы алғашқы асуларды бағындырып, мақсат пен мүддені анықтау жолдарына, тың идеяларды табуға, қателікке бой алдырмауға және жеке кәсібіне жол ашуға, қабілетін дамытуға үйренеді.

ЖАСТАР. МҮМКІНДІК. БОЛАШАҚ

«Жастардың ордасына айналға осындай орталық Алматыға қажет деп есептеймін. Ерекше орталықта талапты жастар болашағын жарқын етуге ұмтылады. Әрі оларға әрдайым қолдау көрсетіп отырамыз. Бұл жастардың ойындағысын оңай іске асыруына жол ашады», – дейді Алматы жастар саясаты бөлімінің жетекшісі Шыңғыс Бескемпіров.

Тіпті,   қала  әкімі  Бауыржан  Байбек өткен мен    бүгінді    байланыстырған   ғимаратқа   келіп, жастарға арналған орталыққа ақ жол тілепті.

Жалпы, «Жастар саясатын дамыту» мемлекеттік қоры ресурстық орталықтарды ашып, ақпараттық-әдістемелік көмек және жастар бастамаларына қолдау көрсетуді, жастар арасындағы жағдайды мониторингтеу мен талдауды жүзеге асыруға ат салысуда. Ресурстық орталықтардың өз мөртаңбалары, мөрлері, қазынашылық органдарда және банктерде есеп айырысу шоты болады.

Еліміздің болашағын жарқын ететін жастар ұсынған тың жобалар мен ерекше бастамаларды іске асыру, жастардың рухани, мәдени және шығармашылық деңгейін көтеру біз айтып отырған ресурстық орталық «DEPO Evolution Park»-тың басты мақсаты. Онда 14-29 жас аралығындағы кез келген адам өзін-өзі тұлғалық жағынан дамытып, ізденісін жетілдіре алады.

Сонымен      қоса,    ресурстық     орталық    жастар  арасында  туындаған  мәселелерді  талқылап,  қоғамда өз орны бар, өзіндік көзқарасы мен пікірі бар, құзіретті, бәсекеге қабілетті тұлға дайындауға бел шеше кіріскен.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН: Алматы трамвайы іске қосылған жылдары, Батыс Еуропа елдері керісінше, трамвайдың орнын басқа көліктермен алмастыра бастады. Олар трамвайды «көненің қалдығы» санаса керек. Алайда, қазір сол елдерде трамвай көлігіне ерекше көңіл бөлініп, тіпті, арнайы жол-көлік мұражайларына, көрмелерге қоятын үрдіс қалыптасыпты. Яғни, трамвай – тарихи көлік. Әрі біздің елімізде Алматы трамвай депосының орнын жастарды жарқын болашаққа жетелейтін заманауи құралдармен жабдықталған ғимарат басқаны көңіл қуантады.

Әлия ІҢКӘРБЕК,

«QAZAQ»  газеті