EXPO ҚАЛАШЫҒЫНДАҒЫ ЖАҢА ПӘТЕРЛЕР ҚАНША ТҰРАДЫ?

10

EXPO қалашығындағы пәтерлердің бағасы анықталды. Бұл туралы «Бәйтерек девелопмент» АҚ Баспасөз қызметі хабарлады.
«Бәйтерек девелопмент» АҚ Астана қаласындағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аумағында орналасқан тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер мен көлік тұрағы орындарының құнын тәуелсіз консалтинг компаниясының көмегімен анықтады. «ЭКСПО-2017» аумағындағы тұрғын үй кешендеріндегі шаршы метрді өткізу құны – 399 900 теңгені, бір көлік тұрағы орнының құны – 699 000 теңгені құрайды. Бұл объектілер орналасқан жерінің тиімділігімен, қабаттарының аздығымен, пәтерлерінің эрогономиялық жоспарлануымен ерекшеленеді. Тұрғын үй орамының ішкі аумағы оқшауланған және қала тұрғыны үшін жайлы болады», – деп хабарлады «Бәйтерек девелопмент» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Асқарбек Өсербаев.
Аталған компания 2018 жылдың 1 маусымынан бастап бір, екі, үш және төрт бөлмелі пәтерлерді сатуға шығарады.
Сатып алу шарттарына келетін болсақ, әлеуетті сатып алушыларға қойылатын жалғыз талап: жеке тұлғалар үшін – төлем қабілеттілігі және Қазақстан Республикасының азаматы болуы қажет, ал заңды тұлғалар үшін – Қазақстан аумағында тіркелуі және қызметін жүзеге асыруы шарт.
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аумағында таза әрленген пәтерді бірнеше тәсілдермен: қолма-қол ақшасыз төлеу арқылы өз қаражаттары есебінен немесе екінші деңгейдегі банктер арқылы ипотекаға, сондай-ақ «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ қарызы есебінен сатып алуға болады. Тұрғын үйді және машина орындарын сатып алуға өтінімдер қабылдау процесі оның айқындылығын қамтамасыз ету мақсатында «Digital Baiterek» платформасы арқылы онлайн режимде жүзеге асырылады. «Бәйтерек девелопмент» АҚ риэлторлық компаниялармен ынтымақтастық жасамайтынына және портал арқылы өтінімдерді тіркеу және рәсімдеу үшін төлемақы алмайтынына әлеуетті сатып алушылардың назарын айрықша аударғымыз келеді», – деп түсіндірді Асқарбек Өсербаев.
Сонымен қатар, тұрғын үй кешенінде «шоу-рум» жұмыс істейді, мұнда әлеуетті сатып алушылар пәтерлердің жоспарлануымен танысады, қажетті кеңес алады және жылжымайтын мүлікті сатып алуға өтінім рәсімдейді.