GLOBAL CHALLENGES SUMMIT СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

14

19 мамыр күні Астана қаласында EХРО Конгресс-орталығында
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен ХІ Астана экономикалық форумының стратегиялық сессиясы өтті.

Сессия жұмысы барысында дөңгелек үстел форматында Қазақстан Республикасын дамытудың алты бағыты бойынша ақыл-ой талқылаулары өтті. Жетекші қазақстандық және халықаралық сарапшылар, бизнес және билік органдарының өкілдері серпінді жобаларды іске асыру және келесі басымдықтар бойынша шешімдерді табу: институттар мен экономикалық саясат, адам капиталын дамыту, цифрландыру және ақпараттық технологиялар, жаңа ақшалар және қаржы секторы, таза энергия және жасыл технологиялар, қалаларды дамыту мәселелерін талқылады. Ал, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Стратегиялық сессия қатысушыларына құттықтау сөзін арнады.
Global Challenges Summit форумының үш күндік мазмұндық зияткерлік марафонын қорытындылай келе, Қазақстан Премьер-Министрі АЭФ стратегиялық сессиясы өткізілген пікірталастардың барлық қорытындыларын, пікірлерін және ұсыныстарын топтастырып, олардың ішінен мемлекеттік органдардың тәжірибелік жұмысы үшін, еліміздің Үкіметі үшін пайдалыларын таңдап беретінін айтты.
Үкімет басшысы Мемлекет басшысының АЭФ-те сөйлеген сөзінде атап өткен 5 мегатрендіне: жаппай цифрландыру, энергетикалық революция, жер шарындағы тұрғындар санының жылдам өсуі, кенттену қарқыны мен сипатының өзгеруі және жаһандық еңбек нарығының түрленуіне назар аударды.
«Институттар және экономикалық саясат» ақыл-ой талқысының бірінші бағыты бойынша сессия қатысушылары Қазақстанға арналған жаңа нарықтар мен технологиялық жаңғырту, жаһандық құбылмалылық жағдайларындағы макроэкономикалық тұрақтылық, жаһандық экономикалық сын-тегеуріндер жағдайындағы құрылымдық реформалар, теңсіздік деңгейін төмендету құралдары және инвестицияларды ынталандыру мәселелерін талқылады.
«Ракурс» экономикалық талдау орталығының директоры Ораз Жандосов шара модераторы болды. Сарапшылар қатарында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, АДБ-нің ҚР-дағы тұрақты өкілдігінің директоры Джованни Капанелли, World Bank даму экономикасы жөніндегі аға директоры Шантаянан Девараджан, БҰҰ ДБ Еуропа мен ТМД елдеріне арналған аймақтық бюросының аға кеңесшісі Бен Слей, Назарбаев университетінің президенті Шигео Катсу және т.б. болды.
Адам капиталын дамыту туралы екінші бағыт бойынша ХХІ ғасырда Қазақстандағы білім беру процесі қандай болуы керек, web 2.0, толықтырылған шынайылық, оқыту үдерісіндегі заттар интернеті секілді жаңа технологияларды енгізуге қатысты мәселелер талқыланды. Шығармашылық индустрияларды дамыту және шығармашылық белсенділікті ынталандыру, сондай-ақ елімізге адам капиталын тарту құралдары туралы сарапшылардың ұсыныстары қаралды.
Бұл бағыт бойынша MedMe венчурлық қорының серіктесі Илья Слуцкий модератор болды. Сарапшылар арасында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова, Lifespan.io краудфандинг платформасы және Өмірді ұзартуға жәрдемдесу қоры директорлар кеңесінің мүшесі Елена Милова, «Сколково» Мәскеу басқару мектебінің тәжірибе профессоры, Стратегиялық бастамалар агенттігінің сараптама кеңесінің мүшесі Павел Лукша және т.б. болды.
Цифрландыру және ақпараттық технологиялар бағыты бойынша цифрлық мемлекеттік басқарудың тәжірибесі мен сын-тегеуріндері, жалпыға бірдей цифрландыру кезеңіндегі мемлекеттік басқарудың табысты тәжірибелері мен басты стратегиялары негізінде Қазақстанның басымдықтарын айқындау мәселелері талқыланды. Компаниялар мен бизнестерді цифрландыру, АТ жобаларды әзірлеудің жеке кластерін дамыту және Қазақстанға озық технологиялардың енгізілуін ынталандыру жөніндегі шешімдер ұсынылды.
Аталған бағыттың модераторы GVA Kazakhstan серіктесі Филипп Серажетдинов болды. Мұнда ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Лондон Корольдік колледжінің ғылыми қызметкері, дағдарыс жағдайларындағы әлеуметтік медиа рөлін зерттеуші Григорий Асмолов, РФ ОБ төрағасының бұрынғы орынбасары Михаил Сенаторов, РФ-тегі және Еуразиядағы Канада іскерлік қауымдастығының төрағасы Жиль Бретон, «BCG Казахстан» серіктесі және басқарушы директоры Сергей Перапечка және т.б. пікір білдірді.
Жаңа ақшалар мен қаржы секторы бағыты бойынша сарапшылар алдыңғы қатарлы реттеуші, бәсекеге қабілетті қаржы орталығын құру мәселелеріне назар аударды. Жаңа ақшалар технологияларын енгізу, Қазақстанда блокчейн арқылы қандай жобаларды іске асыруға болатыны және болашақ ақшаларының технологиясын пайдалану арқылы барынша көп пайданы қалай алуға болатыны туралы сұрақтар да қарастырылды. Мұнда Tomashevskaya & Partners басқарушы серіктесі Жанна Томашевская модератор қызметін атқарды. ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков, Earthport – трансшекаралық төлем жүйелері компаниясының атқарушы директоры Харольд Бозе, FinTechStage негізін қалаушы Матэо Рицци және т.б. өз ұсыныстарымен бөлісті.
Жасыл экономика, әлемдік тәжірибені ескере отырып, оны енгізудің кедергілері мен ынталандыру мәселелері жөнінде өз баяндамаларында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Қашқар ғылыми орталығының директоры, Қытай ғылым академиясының Қашықтықтан барлау және цифрлық Жер институтының директоры Фу Бихон, Beijing Piesat Information Technology вице-президенті Гуо Тао және т.б. айтып өтті. «Спутник» БК жобалар басшысы Вадим Долганов модератор болды.
Сессияның «Қалаларды дамыту» атты алтыншы бағыты бойынша сарапшылар 2050 жылға қарай қалалар қандай болатынын, ХХІ ғасырдағы мегаполистер және Қазақстандағы заманауи мегаполистің қандай болуы керектігін болжап көруге тырысты.
Қазақстан мегаполистеріне арналған мегажобалар, олардың көлік жүйесін, экологиясын дамыту, қалалық орта мен өмір сүру сапасын жақсарту мәселелерін ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова, World Future Council тең негізін салушы, бұрынғы бағдарлама директоры және құрметті мүшесі Херберт Жирардэ және т.б. талқылады. GVA Kazakhstan басқарушы серіктесі Булат Столяров модератор болды.
Мәселелерді қарастыру қорытындылары бойынша жұмыс топтарының модераторлары ақыл-ой талқылаулары нәтижелерінің презентациясымен таныстырды. Сарапшылар ұсыныстарының топтамасы «Қазақстан Республикасын дамытудың ең қажетті шешімдері мен жобалары» ретінде белгіленді.