HALYK BANK + QAZKOM = ?

24

«Қазақстан Халық Банкі» (Halyk Bank) АҚ «Қазкоммерцбанк» (Qazkom) АҚ-ның 96,81 пайыз акциясын сатып алды. Мұның алдында «БТА банк» Qazkom-ның алдындағы 2,4 трлн теңге көлеміндегі борышын өтеген еді. Ал, бұл қос банк клиенттеріне қандай өзгеріс әкелетінін, шоттары мен салымдары қалай болатынын, қандай қызмет түрлері қолжетімді немесе қолжетімсіз болатынын, түптеп келгенде, Нalyk Bank-тің Qazkom-ды сатып алуының сырын «QAZAQ» газетінің тілшісі анықтауға тырысты.

QAZKOM «БТА БАНКІНІҢ» ТАҒДЫРЫН ҚАЙТАЛАЙ МА?

  Енді Qazkom жойылып кете ме, әлде бренд ретінде өз бетінше қызметін жалғастыра бере ме? Көптің (әсіресе, Qazkom клиенттерінің) көкейіндегі сұрақ бұл. ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі қос банктің де толыққанды қаржы институты ретінде қызметтерін тоқтатпайтындарын, салымшылар алдындағы барлық міндеттерін өтейтіндерін, кредиторлармен, инвесторлармен қызметтерін жалғастыратындарын мәлімдеді. Яғни, әр банк өз қызметтерін бұрынғыша жалғастыра беретін болады.

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Әлменовтың  мәлімдеуінше, Qazkom «БТА банкінің» тағдырын қайталамайды.

«Qazkom Halyk Bank-тің еншілес банкіне айналғандықтан ол өзінің дербес банк ретінде дәрежесін және өзінің тұтынушыларын, өнім саясатын барлық бағытта сақтап қалады. Qazkom-ның клиенттік базасы тек қана сақталып қоймай, Halyk Bank-тің тобына еніп, қаржылық жағдайының тұрақталуына байланысты көбейеді деген сенімдеміз. Бұл келісім-шарттың Qazkom мен «БТА банк» арасындағы келісім-шарттан айырмашылығы – Qazkom-ның Halyk Bank-тің еншілес банк мәртебесін алуында. Яғни, жеке заңды тұлға болып танылып, өз клиенттік базасы жүйесімен қызметін жалғастырады. Қазіргі кезде күн тәртібінде екі банкті біріктіру жайында мәселе тұрған жоқ. Мұндай шешім тек қана жалпы талдау жасалып, толық дайындықтан кейін ғана қарастырылады», – деп түсіндірді Марат Бүркітбайұлы.

ҚОС БАНК БАНКОМАТ ЖЕЛІСІН БІРІКТІРДІ

Әлбетте, қос ірі банктің клиенттерін де қаржыларының жағдайлары алаңдатады. Көкейде бірден «Үйренген картамызды басқа банктің картасына алмастыру керек пе?» деген сауал еріксіз туындайды. Марат Бүркітбайұлы қос банктің жұмыс жүйесінде ешқандай өзгеріс болмайтынын мәлімдеді. Бұл тек қана карта емес, сонымен қатар, депозиттерге де қатысты. Келісім-шарттарында өзгерістер болмайды, мерзімі аяқталғанға дейін жарамды болып саналады. Сонымен қатар, Qazkom-ның депозит шарттары сақталады және олардың шоттарындағы қаржылары бұрынғыдай кез-келген уақытта қолжетімді болады. Жоғарыда айтқанымыздай, Qazkom жеке қаржы институты ретінде өз депозиттік саясатын жүргізеді.

Айта кетейік, қос банк банкоматтар желісін біріктіруді бастады. 10 шілдеден бастап Halyk және Qazkom карталарын ұстаушылар үшін банкоматтан қолма-қол ақша алу кезіндегі қосымша комиссиялардың алынуы тоқтатылады. Енді Halyk және Qazkom клиенттері біріккен банкоматтар желісінде қос банктің кез-келген банкоматынан қолма-қол ақша аларда ешқандай айырмашылық көрмейді.

2017 жылғы 1 маусымдағы көрсеткіш бойынша, Halyk Bank-тің банкоматтар желісі 2 367 құрылғыны ұсынып отыр, соның ішіндегі 559 банкоматтың cash-in функциясы (ақша салу) бар, Qazkom-ның банкоматтар желісі 2 292 құрылғыны құрады, олардың 465-інде қолма-қол ақша қабылдау функциясы қарастырылған.

Қазіргі таңда Halyk Bank 6 млн карта ұстаушыларға қызмет көрсетсе, ал Qazkom-да – 2 млн астам, демек, Қазақстанның экономикалық белсенді азаматтарының көпшілігі екі банктің біріктірген банкоматтар желісінің артықшылықтарын пайдалана алады.

Осы өзгеріске сәйкес, енді Қазақстандағы әрбір екінші банкомат Halyk+Qazkom банкоматтар желісі болып табылады.

«ИНТЕРНЕТ-БАНКИНГ» ЖҮЙЕСІ САҚТАЛА МА?

Көптеген  клиенттерді  толғандырған  сұрақтың бірі – «Интернет-банкинг» (онлайн-банкинг) жүйесі сақтала ма? Клиенттердің алаңдауларына негіз жоқ. Өйткені, барлығы бұрынғы қалпында сақталады. Halyk Bank «homebank» және «myhalyk» онлайн-банкинг жүйелері  өзгеріссіз қызмет көрсететінін мәлімдеді.

Болашақта қос банктің қызмет көрсету сервисі өзгеруі мүмкін. Мысалға банкоматтар жүйесі. Бұл мәселелер қазір қарастырылып жатқан көрінеді.

НЕСИЕ КЕЛІСІМ-ШАРТЫН ЖАҢАРТУ КЕРЕК ПЕ?

Бұрнағы жылдары «БТА банктен» алған несиелерін банк клиенттері Qazkom-ға ауыстырған еді. Бұл жағдайды басынан өткізгендердің сөзіне қарағанда, бұл – ұзақ әрі күрделі үрдіс. Кейбір несиесі барлар үшін бұл мәселе әлі де шешімін таппаған екен. Ал, Halyk Bank-тің мәлімдеуінше, мұндай жағдай қайталанбайды.

«Қос қаржы институтының жақын арада түбегейлі біріктірілуі қарастырылып жатқан жоқ. Сондықтан клиенттердің алаңдауына негіз жоқ. Қызмет көрсету Halyk Bank-ке ауыстырылмайды. Бұл арада «БТА банкпен» салыстыру жөнсіз, ол кезде қос банктің біріктірілуі сатылап жүргізілді. Банкоматтар, бөлімшелер, өнім желілері, клиенттік базалары сатылап біріктірілді. Сондықтан Qazkom мен  «БТА банктің» біріктірілуі аясында клиенттер алғашқы банк желілерінің қызметіне жүгінді, ішкі тәртібіне бағынды. Ал, Qazkom бөлімшелерінің жабылуы немесе басқа жаққа көшірілуі де жоспарда жоқ. Мұндай шешім әрбір бөлімше қызметінің тиімділігіне талдау жасалғаннан кейін ғана қабылданады», – деп анық-қанығын айтты Марат Бүркітбайұлы.

HALYK BANK QAZKOM-ДЫ НЕГЕ САТЫП АЛДЫ?

Қос  банктің  «одағы»  жайлы  сөз  қозғасақ,  2016 жылдың желтоқсанында 400 млрд теңге, ал 2017 жылдың ақпанында 200 млрд теңге мемлекеттік траншпен «қоректеніп» келген «БТА Банкті» мұраға иемденген Qazkom Halyk Bank үшін негізі тиімді серіктес емес. Дегенмен, «БТА Банк» Qazkom-ға өз борышын өтеді, ал Qazkom өз кезегінде «Самұрық-Қазына» алдындағы «БТА банктің» 2014 жылғы 41 миллиард теңге қарызын қайтарды.

Ендігі мәселе – елдегі ең іргелі екі банктің бірігуі банк саласына, нарыққа қалай әсер ететіндігінде. Бір жағынан Halyk Bank-тің Qazkom-ды сатып алуы мемлекеттің қаржылық жағдайын тұрақтандыруға септігін тигізсе, екінші жағынан бұл қаржы нарығындағы «ұсақ ойыншыларды» (екінші деңгейлі банктерді, – ред.)  «тұншықтырады». Бұл мемлекет экономикасына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сарапшылардың көзқарасы да бұл мәселе жайында бірауызды емес.

«Менің ойымша, бұл жеткілікті нарықтық шарттармен жүзеге асырылып жатыр. Шарт бойынша, Қор «БТА Банк» активтерінің проблемалық кредиттерін сатып алады», – деп ойымен бөліскен экономист Айдархан Құсайынов Halyk Bank-тің Qazkom-ды сатып алуы банк жүйесін нығайтатынымен түсіндірді.

Сарапшының айтуынша, елдегі кез-келген банк мұндай қадамға бара алмайды. Ал, Halyk Bank-тің өзге банктерге қарағанда «қолы ұзын», әлеуеті мен мүмкіндігі зор. Қарапайым тілмен айтқанда, Qazkom өлім аузында жатты, мемлекет Halyk Bank арқылы оның есін жиғызып, өмірге қайта әкелді.

НАРЫҚТЫ ТҰРАЛАТУДЫҢ БҰЛ ҚАЙ ТҮРІ?

ҚР Инвестиция және даму вице-министрі болған Рахым Ошақбаевтың пікірінше, Halyk Bank пен Qazkom арасындағы келісім-шарт – мемлекеттің қаржы мәселесіне үрей туғызбас үшін жасалған қадам. Qazkom – жүйе тудыратын банктердің бірі. Сондықтан, оның төлем қабілетсіздігі қаржы нарығында үрей тудырып, депозиттердің азаюына әкеліп соғар еді. Бұл – негізгі себептердің бірі.

Сарапшының айтуынша, банктер арасында бәсекелестіктің төмендеуі банк жүйесіне жақсы әсер етпейді. Ал, мемлекеттің нарықтық үрдістерге араласуы экономиканы тұралатады.

«Бұл банк секторында концентрацияны жоғарылатып, бәсекелестікті төмендетеді. Сонымен қатар, бұл тағы да банкті қазына есебінен құтқару. Бұл қаржы нарығы механизімін мүлдем тұралатады. Егер банк төлем қабілетсіз болса, ол банкротқа, ал кредиторлары шығынға ұшырауы керек. Ал мемлекет екінші рет банкті тиімсіз басқарудың нәтижесін бюджет қаражатымен шешіп отыр. Осылайша біз нарық механизімін тұралатамыз. Банк секторы бұл нарықтық экономиканың ажырамас бөлігі, оны ешқашан бұғаулауға болмайды. Өйткені, бұл қаржы табудан жалтаруды қолдап, жай көзбояушылық үшін кәсіпкерлікпен айналысып, мемлекеттен қандай да болсын көмек алуды қолдайды. Бізде онсыз да ауылшаруашылығы, автопром, шағын және орта бизнес субсидияланып, банктер ең үлкен субсидияларды алады», – деп ащы шындықты айтты Рахым Сәкенұлы.

Сарапшының айтуынша, Qazkom-ның банкрот болуына мемлекеттің кедергі келтірмеуі керек еді.

P.S. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, осыдан бірнеше жыл бұрын «БТА Банктің» ойламаған жерден Qazkom-ға қосылуынан қолайсыздық көрген клиенттер Halyk Bank-тің Qazkom акцияларын сатып алуына алаңдаушылық білдірді. Сарапшылар да бұл қадамды әр  түрлі  болжады. Ұлттық  банк  өкілдері бұл өзгерістен қос банктің  клиенттері  ешқандай  да  жапа  шекпейтінін  айтқаннан  арыға  аса  алмай  жүр.  Ал, айдың-күннің аманында елдің «супер банктерінің» неліктен қосылғанын банк клиенттері түсінбей дал болды. «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар» дегенге салсақ, халық мұнда бір шикіліктің барын сезеді. Міне, қарапайым тілмен қарапайым халыққа біздің бүгінгі сарапшыларымыз (Айдархан Құсайынов, Рахым Ошақбаев) Нalyk Bank-тің Qazkom-ды сатып алуының сырын түсіндіріп берді.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «QAZAQ» газеті