JAN AMANY. ЗАМАНАУИ ЕРТЕКШІ

28

Jan Amany – бұл брэндке айналған есім. Бұл автордың әдеби псевдонимі. Аты да туындысы да ешкімге ұқсамайтын ол балалар әдебиетіне жаңа леп, ерекше толқын әкелген қаламгер.


Бүгінгі таңда әдебиет айдынында еркін жүзу оңай емес. Әсіресе, балалар әдебиеті зор жауапкершілікті талап етеді. Себебі, баланы алдау мүмкін емес.
Бүлдіршіндердің әлемге көзқарасын, дүниетанымын ертегілер қалыптастыратыны мәлім. Осыны жақсы білген ата-әжелеріміз баланы бесіктен-ақ ертегімен сусындатқан. Түрлі технологиялардың дамыған заманында «Ертегі тыңдайтын бала бар ма?!» деуіңіз мүмкін. Дегенмен, ақ парақ секілді тап-таза баланың жады үлкендер не үйретсе, соны қабылдайды емес пе?!
«Алдар көсе» мен «Қожанасыр хикаяларын» ғана білетін балаларға жаңа леп әкелген бүгінгі заманның ертекшісі Jan Amany негізгі мамандығы психолог болғандықтан алдымен өз ұлын зерттеу нысаны ретінде қарастырған екен. Бір қызығы, баланың жұмбақ жаратылысына еніп кеткен автордың алғашқы ертегісі де ұлына арналған. Ол – «Даниялдың ғажайып әлемі» деп аталады. Ал 2016 жылы жарық көрген «Қызыл бәтеңкенің бастан кешкендері» ертегісі қазақ, орыс, ағылшын және поляк тілдеріне аударылып, көлемді кітап болып жарық көрген. Жақын күндері «Шымыр» атты марғау жайлы хикая-кітаптың тұсауы кесілмек.
Автор ертегілерін кітап етіп басып шығаруда ішкі көркемдігіне көп көңіл бөледі екен. Кітап балаларға жағымды әсер қалдыру үшін суреттерін арнайы шеберлерге салдырғаны айқын көрініп тұр. Жоба жетекшісі және бас редакторы Қ.Жаныбаева ертегілердің мазмұнында жаңашылдық бар екенін айтады.
Ең ғажабы, Jan Amany қайырымдылық шараларын ұйымдастырумен айналысып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауылдарды аралап, балаларға ертегі кітаптарын сыйлап, қуаныш сыйлауда.

Әлия ІҢКӘРБЕК, «Qazaq» газеті