«KAZAKHSTAN TOP TEAM» КОМАНДАСЫНЫҢ СПОРТШЫЛАРЫ ҮЗДІК НӘТИЖЕ КӨРСЕТТІ

31

16-17 қыркүйек күні Алматы қаласындағы Мамандандырылған жоғары спорттық шеберлік мектебінде грепплинг күресінен «Arlan Grip Open» халықаралық турнирі өтті.

Алғашқы күні 7 жастан 18 жасқа дейінгі спортшылар бақ сынаса, келесі күні ересектер додаға түсті. Бұл халықаралық турнирге 500-ден астам спортшы қатысты. Оның басым көпшілігі 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар болды.

Турнирдің алғашқы күнінде ерекше көзге түскен Жібек Құлымбетова (жоғарғы суретте) есімді батыр қызымыз болды. Ол 7-8 жас аралығындағы ер балалармен күресіп чемпион атанды. Чемпион болу үшін 4 қарсыласын жеңді. «Arlan Grip» турнирінің ережесі бойынша 14 жасқа дейінгі қыздар ұлдармен араласып күреседі.

«Менің салмақ дәрежемде мықты әрі тәжірибелі қарсыластар бар екенін жақсы білемін. Алдынғы жарыстарда мен олардан жартылай финал кездерінде ұтылып қалып, күміс, қола жүлдені қанағат тұтқан сәттерім болатын. Сол себепті осы жарыс алдында өз дайындығыма жақсы көңіл бөлдім. Жаттықтырушым Нұрсұлтан Орынбасаров ағайымның жаттығуынан қалмай, қарсыластарымнан басым түсу үшін дайындығымды нығайта түстім. Осы дайындығымның арқасында алтын медальға қол жеткіздім. Бұл менің жаттықтырушымның және «Kazakhstan Top Team» командасының жетістігі деп білемін. Ұл балалармен күресудің мен үшін ешқандай қорқынышы жоқ. Себебі мен жаттығуда ұл балалармен күресіп дайындаламын. Бірақ, ұл балалардың физикалық күші басым екені сөзсіз. Сондықтан да мен үнемі техникамды дамытуға және әр түрлі айла-тәсілдерді үйренуге тырысамын», – деп ағынан жарылды чемпион қыз Жібек Құлымбетова.

Келесі күнгі ересектер арасындағы жарыс өте тартысты өтті. Бұл турнирге аралас жекпе-жек клубтарының өкілдері де келіп қатысқан болатын. Атап айтсақ: Шахмарал Жетпісов, Аңсаған Құсайынов, Азамат Бақытов және тағы да басқа жекпе-жек өкілдері қатысып, жүлделі орындар алды. Бұл турнирде кәсіпқойлар бөлек салмақ дәрежесі бойынша, ал әуесқойлар бөлек, қыздар бөлек және ардагерлер бөлек салмақ дәрежелерінде күресті. Ардагерлер арасында «мастер 1», «мастер 2» категориялары деп бөлінді. «Мастер 1» – 30 жастан жоғарылар, ал «мастер 2» – 35 жастан жоғарылар қатысады.

Ең тартысты және қызықты күрестер кәсіпқойлар арасында өтті. Және ерекше әрі тартысты жарыстардың бірі ол қыздар арасындағы жарыстар болды. Қыздар арасында өте тәжірибелі спортшылар қатысты. Джиу-джитсудан, грепплингтен Әлем, Азия, халықаралық турнирлердің чемпиондары бақ сынады. Атап айтар болсақ, Абу-Даби қаласында өткен әлем чемпионатында чемпион атанып үлгерген Аида Курбанова, Шырын Бабашева, Дариға Аданбекова және халықаралық турнирларден чемпион атанып жүрген Ғазиза Жапапбекова, Гүлзайда Нұртазинова сынды нағыз батыр қыздар қатысқан болатын. Араларынан үздік шыққан «Kazakhstan Top Team» командасының спортшысы Аида Курбанова болса, күміс жүлдені Шырын Бабашева, қоланы Дариға Аданбекова қанағат тұтты.

Бұл турнирде «Kazakhstan Top Team» командасының спортшылары мынандай нәтиже көрсетті: 1 орын – Құлымбетова Жібек (7-8 жас, 28 кг), Айсен Қуаныш (7-8 жас, +32 кг), Зарканов Думан (9-11 жас, +46 кг), Серік Алдияр (12-14 жас, 55 кг), Бекмұрат Нұртуған (15-17 жас, 75 кг); 2 орын – Ақжолтай Əділхан (7-8 жас, 28 кг), Нұрсағат Саят (7-8 жас, 32 кг), Жаманбай Бекзат (9-11 жас, 45 кг), Кучкаров Нұрлыбек (15-17 жас, 50 кг), Жұмаділ Елжан (15-17 жас, +75 кг); 3 орын – Баймұхан Әмір (7-8 жас, 24 кг), Гуламетдинов Илхам (7-8 жас, 28 кг),  Мәдениет Ерасыл (7-8 жас, +32 кг), Жақыпбек Нұржан (12-14 жас, 55 кг).