MADE IN KAZAKHSTAN: ТОБЫЛДЫҢ ТӘТТІЛЕРІ

6

«Made in Kazakhstan» сауда белгісімен өзге елдерге танымал отандық өнімдер қасқалдақтың қанынан да қат екені ешкімге жасырын емес. Ал, шетелдік өнімдермен терезесі тең түспесе, кем түспейтін Тобылдың тәттілері ұлттық брендке айналып, іштің де, сырттың да нарығында үлкен сұранысқа ие болғанына ондаған жылдар болды. Ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін  44 жыл бойы жоғары сапасынан, жақсы дәстүрінен айнымаған, «Алтын сапа» республикалық байқауында «Халыққа арналған тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясында жеңімпаз атанған «Баян Сұлу» Қостанай кондитерлік фабрикасының бағындырған белестері мен жеткен жетістіктеріне тоқталады.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

«Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасы
Президенті:
Садықов Тимур Мейірханұлы
Мекенжайы:
Қостанай қаласы, Бородин көшесі, 198
Байланыс телефондары:
+7 (7142) 56-29-52, 56-62-71
Ресми сайт: www.bayansulu.kz

«БАЯН СҰЛУ»: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН

Қостанай кондитерлік фабрикасының іргетасы 1974 жылдың желтоқсанында қаланды. Алғашқы басшысы Танашев Нығмет Бұқпанұлы болды. Ал, 1993 жылдың қыркүйегінде Қостанай конди-терлік фабрикасы «Баян Сұлу» акционерлік қоғамына айналып, екінші тынысы ашылды.
Рас, Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында бұрын дүрілдеген көптеген зауыт-фабрикалар «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті, тіпті көбінің есігіне қара құлып та салынды. Тоқсаныншы жылдардағы бұл тоқырау «Баян Сұлу» конди-терлік фабрикасын да айналып өтпеді. Дегенмен, елдегі күрделі дағдарыс жағдайына қарамастан білікті басшы мен ұйымшыл ұжымның ерен еңбектерінің арқасында атақты кондитерлік фабрика өзінің бет-бейнесін, тұтынушысын сақтап қалды.
Қаражатты жоспарлы түрде техниканы қайта жарақтауға жұмсады. Айталық, Қазақстан халқы үшін экономикалық және әлеуметтік тұрғыда тағдыршешті кезең саналған 1993-1999 жылдары «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасы буып-түйілген өнімді жасап шығару үшін британдық жаңа заманауи жабдықтарды, энергетиканы үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында дизель-электрлік генераторды (тоқсаныншы жылдары жарық күніне бірнеше сағат қана берілетін), карамель түрлерін шығаруға, оларды орауға, қаптауға арналған итальяндық техникаларды сатып алды, жалпы өнімділігі сағатына 16,5 тонна бу шығаратын қазанды іске қосты.
Халықтың тұрмысы әлі түзеле қоймаған екі мыңыншы жылдардың өзінде «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасының өнімдері еліміздің барлық аймақтарында сатылымға шықты. Өнімнің 200-ге тарта түрін шығарған фабрика 900 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды.
Тарихы сонау 1974 жылдан бастау алатын өндіріс цехы күллі Кеңес Одағында әйгілі болған «Жеміс-жидек гүл шоғыры», «Студенттік» және «Рион» сынды ең танымал карамель түрлерін шығарумен айналысса, бүгінде кондитерлік фабрика 300-ден астам өнім түрлерін, яғни жылына 50 мың тоннадан астам конфет пен шоколад, печенье және вафли шығарады. Соның 35-45 пайызы сыртқа экспортталады. Атап айтқанда, Тобыл тәттілері Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Германия, Моңғолия, Түркіменстан, Ауғанстан, Қытай елдерінде сатылады. Жалпы сатылым көлемі 30 млрд теңгені құрайды.
Қазіргі таңда «Баян Сұлу» АҚ елдегі конди-терлік өнімдердің үштен бірін қамтамасыз етеді. Осылайша, қостанайлық кондитерлік фабрика осы 44 жылда биік белестерді бағындырды, толағай табыстарға қол жеткізді.

ЖОҒАРЫ САПА, ҚОЛЖЕТІМДІ БАҒА

«Баян Сұлу» АҚ тізгінін 2015 жылдан бері Тимур Садықов ұстап келеді. Бұл баcшының еңбекқорлығы мен біліктілігі кондитерлік фабрика өнімдерінің сапасынан, үлкен ұжымның ұйымшылдығынан анық көрінеді.
«Бүгінгі таңда кондитерлік фабрикалардың барлығы дерлік бірдей жабдықтармен жұмыс істейді, өнімдерге бірдей шикізатты қолданады. Сондықтан бағаны төмендету үшін ең алдымен қымбат ингредиенттерді мейлінше арзан шикізатқа алмастыруға тура келеді. Алайда, біз бұл жолдан бас тарттық. Өйткені, біз өзіміздің тұтынушыларымыз бен шетелдік серіктестеріміздің сеніміне селкеу түсіргіміз келмейді. Біз үшін сапа бәрінен де маңызды», – деп түсіндірді Тимур Мейірханұлы.
Қазақстанда өз өнімдеріне сүт орнына хош иістендіргіштерді, ал шоколад орнына өсімдік майларын қосатын шағын кондитерлік фабрикалар да бар. Әрине, «Баян Сұлу» кондитерлік өнімдеріне қарағанда олардың бағасы әлдеқайда арзан келеді. Дегенмен, «арзанның жілігі татымай-тыны» рас, олардың өнімдері адам ағзасына зиянды саналады. Ал, дәмі тіл үйіретін Тобыл тәттілерінің негізгі құпиясы – классикалық рецептуралар мен дәстүрлі технологиялық үдерістерді қатаң сақтауында болса керек. Оның үстіне қостанайлық кондитерлік фабрика «Баян Сұлу» атауымен шығарылатын барлық кондитерлік өнімдерінің жоғары сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік береді.
Айта кетейік, Халықаралық ISO 9001:2000 стандартының талаптарына сәйкес сонау 2006 жылы «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасына сапа менеджментінің жүйесі енгізілді.
«Біздің өнімдерге тұтынушылардың сұранысы жоғары. Сондықтан ең бірінші сапаға көңіл бөлеміз. Тіпті, Ресей, Украинадағы әріптестерімізбен де еркін бәсекелесе аламыз», – деп ағынан жарылды Тимур Садықов.
Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасында болып, жаңа бисквит цехының жұмысымен танысқан болатын.
«Біз әрдайым өзіміздің қарағандылық кәмпиттерді мақтан тұтып келдік, енді ең үздік кондитерлік өнімдер сіздерде өндіріледі», – деген Мемлекет басшысы Еуропаның озық технологиясын енгізген ұжымға табыс пен өнімді еңбек тілегенін ұмыта қойған жоқпыз.
Кондитерлік фабриканың басты ұстанымы – нарықты сапалы өніммен жаулап, бәсекеде дес бермеу. Сол үшін де жыл сайын жаңа желілер пайдалануға беріліп, өнім түрленіп отырады. Бұл бірінші кезекте еңбек өнімділігін арттырып, сапаны жақсартуға жол ашады.
Тимур Мейірханұлы: «Жыл сайын «Баян Сұлу» АҚ өзінің өндірістік базасын нығайту үшін 1,5 –3,5 млрд теңге жұмсайды. 2016 жылы жаңадан бисквит цехын іске қостық. Оған бөлінген инвестициялық қаражаттың көлемі 3 млрд теңгеден асады. Ашылу салтанатына Елбасының өзі қатысты. Цехта ең жаңа технологиямен вафли шығаратын желі бар. Кондитерлік өнімдерге қажетті шикізаттың барлығын жергілікті жерден алып отырмыз. Биыл тағы жаңа 2 желі іске қосылмақ. Жылдың соңында жаңа үлгідегі кәмпит шығарыла-тын болады. Оның нақты қандай артықшылығы бар екенін сол кезде біле жатарсыздар. Оған 1,5 млрд теңге жұмсалды», – дейді.
Фабрика басшысының ойынша, мемлекеттік қолдау және теңгенің еркін бағамы бизнестің дамуына мүмкіндік береді.

ЕКІ МЫҢНАН АСТАМ АДАМДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫП ОТЫРҒАН КОНДИТЕРЛІК ФАБРИКА

«Баян Сұлу» Қостанай кондитерлік фабрикасының ұйымшыл ұжымы әрқашан заман талабына сай дағдымен жұмыс істеп, бәсекелестерінен бір қадам алға жылжуға ұмтылатындығымен дараланады.
«Баян Сұлулықтардың» ойынша, нағыз бәсекелестік – ел нарығын дамытуға әсер етіп, өндіретін өнімдерінің сапасын жетілдіруге, өндіру процесін жақсартуға әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Бәскелестіктің арқасында тың идеялар пайда болып, жүзеге асады. Осындай ұстанымды ұстанатын кондитерлік фабриканың мақсаты – айқын, бағыты – түзу.
Бүгінде қостанайлық кондитерлік фабрикада екі мыңнан астам адам еңбек етеді. Мекеменің жылдық табысы жақсы болғандықтан жұмысшылардың қатары жыл санап артып келеді. Мәселен, «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасының өндіріс алаңы былтырғы жылы жаңа бір цехпен толықты. Яғни, тағы да жүзге тарта адам жұмыспен қамтылды.
Расында жергілікті тұрғындар арасында «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасының жұмысшысы болу – үлкен мәртебе. Себебі, бұл жерде қызметкер үшін барлық жағдай жасалады. Айталық, түрлі дағдарыстар кезінде де өндіріс орны жұмысшыларына жасалатын жеңілдіктерді алып тастаған емес. Жұмысшы мұнда кешенді түстік асты бар-жоғы 150-200 теңгеге ішеді. Еңбек демалысына шыққан жұмысшыларға «денсаулық жәрдемақысы» қоса беріледі. Отау тіккен жастарға 75 мың теңге шашу төленеді, егер қалыңдық пен күйеудің екеуі де фабрика жұмысшылары болса, сыйақының көлемі екі есеге артады. Аға ұрпақ өкілдері де ескерусіз қалмайды. Зейнетке шыққандарға еңбек өтілінің әр он жылына бір айлық жалақы қарастырылады. Жаз айларында балалардың демалыс лагері ұйымдастырылады.
Қырық жылдан астам уақыт өтсе де, өз биігінен құламаған «Баян Сұлу» бренді күн өткен сайын еліміздің экономикасына үлес қосып, Қазақстанның тәттілері өзге елден еш кем еместігін дәлелдеп келеді. Фабрика өз тұтынушыларын ең тәтті және сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, тұтынушыларымен тікелей байланыс орнатып, сауалнама арқылы олардың ой-пікірін, өнімдерге көзқарасын бақылап отырады. «Баян Сұлулықтар» өнімдерінің дәміне, бірегейлігіне және сыртқы дизайнына ерекше көңіл бөліп, оларды мүмкіндігінше әр маусым сайын жаңартып отырады.
Кәсіпорын қарқынды түрде дамып келе жатқан жаңа технологияның үрдістерімен бірге алға қарай нық қадам басып келеді. Қазақстанның кондитерлік өнімдері нарығында көш бастаушылардың қатарындағы фабриканың алдағы уақытта бағындырар белесі көп. Өйткені, кондитерлік фабрика өндіру технологиясын жетілдірумен қатар өндіріс қуаттылығын одан әрі арттыру үстінде.
Ел экономикасына елеулі үлес қосып жатқан кондитерлік фабрика демеушілік пен қайырымдылықты да ұмыт қалдырмайды. Яғни, қолда барын халқынан аямайтын «Баян Сұлу» АҚ – қостанайлық «Тобол» баскетбол клубының құрылтайшысы. Сондай-ақ, ұйымшыл ұжым үнемі жетім балаларға қайырымдылық көмек көрсетеді. Жыл сайын «Жанұя» отбасы үлгісіндегі балалар ауылына қамқорлық етеді. Мүгедектер мен аз қамсыздандырылған азаматтарға, қоғамдық ұйымдарға жәрдемін аяған емес. Бұл мысалдар ұжымның ауызбірлігінің және қоғамдағы оқиғаларға бей-жай қарамайтындығының дәлелі. Әлеуметтік саясатты да тізгіндеп отырған кондитерлік фабрика өзгелерге осы даралығымен үлгі бола алады.

Тобықтай түйін: Алқабы астыққа, қойнауы қазба байлыққа толы Қостанай облысында қаржы дағдарысынан сүрінбей өтіп, шаруашылығын шалқытып отырған кәсіпорындарды атағанда бірден бүгін біздің мақаламызға арқау болған «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасы ойға оралады. Өйткені, тамыры терең, тарихы кенен кондитерлік фабрика бұл күнде өнімдерін еліміздің ішкі нарығымен қатар экспортқа да шығарып отырған Тобыл өңіріндегі азық-түлік саласындағы жалғыз өндіріс орны. Қазір елімізде өнімнің сапасы мен алуан түрлілігі және өндірістің қуаттылығы жөнінен «Баян Сұлудың» алдын орайтын кондитерлік фабрика жоқтың қасы. Демек, атағы алысқа жайылған әйгілі брендті бар қазақтың мақтан тұтатыны сондықтан.

Әлия Іңкәрбек, “Qazaq” газеті