“SAGADAT BATYR” СПОРТ КЛУБЫ 2017 ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

5

Түрлі жарыстарда «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанып жүрген Нұрсұлтан Орынбасаров басқаратын «Sagadat batyr» спорт клубы туралы 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газеті бұған дейін де жазғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі (Қараңыз: «Намысты қолдан бермеген қайсар қыз немесе үздік команданың үздік көрсеткіштері», №47-48 (895), 2017 жыл). Аталған спорт клубы өткен жылдың соңында Алматы қаласындағы «Qazaq» мейрамханасында 2017 жылдың қорытындысына арналған шара өткізді.

Игі шараның құр-метті қонақтарының қатарында Сағадат Нұрмағамбетов атын-дағы Халықаралық қайырымдылық қорының президенті, ұлт жанашыры, меценат Махмұт Нәлібаев, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі Президиумының төрағасы, әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров, генерал-майор Талғат Сағадатұлы, Ауған соғысының ардагері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Мамай Ахетов, Бразилиялық джиу-джитсу және грепплинг федерациясының өкілі Сәдірбай Рахмет, профессор Көбейсін Алтынбеков, «Qazaq» газетінің бас редакторы Жасұлан Мәуленұлы, бөлім редакторы Қали Қамбаров мырзалар сөз сөйлеп, клубтың жетістіктеріне тоқталды.
«Жас спортшылардың жетістіктеріне қуанып отырмыз. Елдің болашағы сенімді қолда екен. Осындай талабы таудай жастар тұрғанда Қазақстанның болашағы жарқын болмақ», – деген Махмұт Ыбырайханұлы жас спортшыларға ақ батасын беріп, үнемі қолдау көрсететінін жеткізді.
Қадірлі қонақтардың алдында жас спортшылар боз кілемде өнерлерін паш етті. Олардың ептілігіне тәнті болған ел ағалары үздік атанған клубтың спортшыларына арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыстады. Ал, ауыл спортының дамуына елеулі үлес қосып, елінің біртуар ұлы Сағадат Нұрмағамбетовтың дара жолын дәріптеп жүрген жаттықтырушы Нұрсұлтан Орынбасаровтың кеудесіне Рүстем Қайдаров Сағадат Нұрмағамбетов атындағы медальды тақты.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл жастарға өз өлеңдерін оқып, кешке жиналған қонақтардың және жас спортшыладың рухын бір көтеріп тастады.
Өз тарапынан ата-аналар да алғыс білдіріп, «Sagadat batyr» спорт клубында балалары жаттығып, тәрбие алып жатқанына қуанышты екендіктерін жеткізді.
Жаңадан ашылған «Sagadat batyr» спорт клубының былтырғы жылы жеткен табыстары толайым. Айталық, 2017 жылы спорт клубтың қоржынына 204 медаль, атап айтқанда, 76 алтын, 69 күміс, 59 қола медаль түсіпті. Өткен жылдың басты жаңалығы ретінде «Sagadat batyr» спорт клубының бас бапкері Нұрсұлтан Орынбасаровтың тұңғыш Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлының құрметіне джиу-джитсудан турнир өткізгенін айтуға болады.
Айта кетейік, жақсылар мен жайсаңдардың басын бір дастарханда қосқан шараны ұйымдастыруға Махмұт Ыбырайханұлының басшылығындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қайырымдылық қоры атсалысты.

«QAZAQ»-АҚПАРАТ