STREET WORKOUT: СПОРТТАҒЫ ЖАҢА БАҒЫТ, ЖАҢА СЕРПІЛІС

37

Street Workout (көшедегі спорт) беріде ғана Америка құрама штаттарында (АҚШ) пайда болса, Қазақстанда ресми түрде спорт түрі болып танылып, арнайы Федерацияның құрылғаны кеше ғана. Бұл спорт түрінің негізгі ерекшелігі шығынды анағұрлым аз талап ететіні мен қолжетімділігінде.

Қазақстан үшін жаңа спорттың түрі Street Workout жастар арасында кең тарап келеді.  Республикада спорттың бұл түрімен шұғылданатындардың саны бүгінде 100 мыңнан асыпты.

Естеріңізде болса, 2014 жылы ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Елорда төріндегі «Сарыарқа» республикалық велотрегінде Street Workout-тан алғаш әлем чемпионаты өтті. Шараға 75 елдің ең мықты спортшылары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Нәтижесінде қазақ елінің намысын қорғаған жерлесіміз Диас Биджиев бас жүлдені жеңіп алған еді. Бүгінде республикалық, облыстық және қалалық жарыстар жиі ұйымдастырылып тұрады. Street Workout-тен Қазақстанның бас жаттықтырушысы Айтым Жақыповтың да бұл спорт түрінің дамуына қосып жүрген үлесі зор.

Бізге таныс әрі бейтаныс бұл спорттың жаңа түрінен мәлімет алу мақсатында  «Street Workout Bar-Bars  Taraz»  клубының жаттықтырушысы, аталған спорт түрінен Жамбыл облысының чемпионы Самат Шапибайды әңгімеге тартқан едік.

«Спорттың бұл жаңа түрін біреу білсе, енді біреу біле бермейді. Сондықтан Street Workout туралы қысқаша тоқталып өтейін. Спорттың бұл түрінің пайда болғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Бұл спорттың еліміздегі тарихы 2009 жылдан бастау алады. Мәселен, Қазақстанда Street Workout ресми түрде спорттың бір түрі деп тіркелді. ҚР Спорт істері мен дене шынықтыру агенттігінде тіркелген Street  Workout  бойынша федерациясы да жұмыс істейді. Ал Таразда 2012 жылы «Street Workout Bar-Bars  Taraz» командасы құрылды.  Бұл спорт түрінің көне шаһар Таразда, Жамбыл облысында кеңінен таралуына Нұрым Темірхан көп жұмыс жасап жүр. Бүгінде қалада Street Workout-ке арналған арнайы бір зал мен тоғыз алаң бар болса, сонымен қатар, «Freedom» және «Oldey» деп аталатын екі команда жұмыс жасайды», – деді әңгіме барысында спорттың жаңа түрін меңгерген жас жаттықтырушы.

Street Workout – белтемір (турник), қоссырық (брусья), көлденең саты (горизонтальная лестница) сынды қарапайым спорт құралдарында өнер көрсететін спорт түрі, барлығы да шоу түрінде жасалады. «Дала жаттығулары» дейтін екінші атауы және бар. Бұл спорт түрінің басты ерекшелігі – кез-келген уақытта, кез-келген спорт алаңдарында, тіпті қала орталықтарында, көшелерде, саябақтарда да шұғылдана беруге болады. Бір сөзбен айтқанда, өте қолжетімді спорт түрі. Тағы бір ерекшелігі – тәнді шынықтырып, жанды тынықтырып қана қоймай, қатаң тәртіпке баулиды, рухты шыңдайды, жаңа жетістікке жігерлендіре отырып, биік мақсаттарға жетелейді. Және бастысы – адамның өзін-өзі жетілдіруінде айтарлықтай септігін тигізеді.

«Street Workout – салауатты өмір салтын насихаттайды. Өйткені, бұл есірткімен, алкогольмен және темекі шегумен күресетін жаңа бағыт. Сондықтан да, мемлекет Street Workout-ке көңіл бөлуге ниетті. Street Workout Астанада, Алматыда, Қарағандыда және біздің Таразда белсенді дамып келеді», – деген Самат Шапибай Street Workout-ке арналған арнайы залдардың аздығын айтты.

Қазақстанда Street Workout-пен шұғылданатын жастардың қатары жылдан жылға көбейіп келе жатқандығы рас. Алайда арнайы спорт залдары жоқтың қасы. Сондықтан да, ақылы түрде Street Workout-ке арналған спорт залдарын елдің әр қаласында ашу кәсіпкерлік тұрғысынан да тиімді. Неге десеңіз, бұл спорт түрімен шұғылданатын және қызығушылығы басым жастар өте көп, есесіне арнайы спорт залдары саусақпен санарлық қана. Яғни, бәсекелестік жоқ болғандықтан қазірден бастап Street Workout-ке арналған спорт залдарын ашқан кәсіпкерлердің тасы өрге домалайды. Оның үстіне залдарды жабдықтау көп қаржыны қажет етпейді. Бұл – бір. Екіншіден, мамандар тапшылығы да жоқ. Қазақстанда «Bar Bars Pro» сауда белгісіндегі арнайы жабдықтар жасалады. Бұл, өз кезегінде, аталмыш спорттың еліміздегі ары қарайғы дамуы үшін жаңа тәсілдерге жүгінудің қажеттілігі туындап отыр, атап айтқанда, спорт менеджментін енгізу, сол арқылы кәсіпкерлер, біріншіден, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттайды, екіншіден, ақылы түрдегі спорт залдарын ашып, қомақты қаржы табады.

Шындығында, кез-келген жанды салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын бұл Street Workout-тың мән-маңызы өте зор. Сондықтан да, Street Workout – спорттағы жаңа бағыт, жаңа серпіліс! Ал халықтың жаңашылдыққа құмар келетінін ескерсек, бұл спорт түріне қызығушылық танытқандардың көп болуы заңды да.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «QAZAQ» газеті