«THE COCA-COLA COMPANY»: АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ

26

Кәсіп бастау бар да, оны әлемге танымал ету, брендке айналдыру тағы бар. Бұл алға қарай қадам жасаудан басталады. Кәсіпкерге шегі жоқ жолда бақ қонып, тасы өрге домаласа, еңбегінің жемісін көреді. Осылайша, өз құндылығын жоғалтпайтын өнім шығарғанда ғана арман ақиқатқа айналады. «Qazaq» газеті бүгінгі санында көпшілігімізге балалық шақтан жақсы таныс, жүз жылдан бері нарықта өзінің орнын жоғалтпай келе жатқан әлемге әйгілі американдық «Coca-Cola» компаниясының жетістігіне, екі жүзден астам елге таралатын сусынның сырына, Қазақстан нарығындағы жағдайына тоқталады.

«Coca-Cola»-ның атасы –
Джон Стит Пембертон

ЕМДІК ҚАСИЕТКЕ ИЕ ДӘРІ СУСЫНҒА ҚАЛАЙ АЙНАЛДЫ?

Алғаш рет «Coca-Cola» сусыны осыдан 132 жыл бұрын, яғни 1886 жылдың 8 мамырында АҚШ-тың Атланта қаласында дайындалған екен. Сусынды американдық фармацевт Джон Стит Пембертон ойлап шығарған. Ал сусынға бұл атауды Пембертонның есепшісі Фрэнк Робинсон беріп, «Coca-Cola» деп каллиграфия (көркем жазу) түрінде жазған. Сол жазу 132 жылдан бері атақты компанияның логотипі саналады.

«Coca-Cola»-ның негізгі құрамы коки дейтін жапырақтың үш бөлігінен және кола тропикалық жаңғағының бір бөлігінен тұрады.

«Coca-Cola» компаниясының Орта Азиядағы алғашқы зауыты 2008 жылы Алматыда, ал келесі зауыттары 2016 жылы Астанада, 2018 жылы
Шымкентте ашылды. Жалпы, зауыт 2017 жылы 1,5 млрд литр сусын шығарды

Кейбір деректер бойынша «Кока» сөзі – кокаин өсімдігі атауынан шыққан. Одан «кокаин» атты жергілікті тағам өнімдері, есірткі және бүгінгі тақырыбымызға арқау болған сусын алынады. 1903 жылға дейін сусынның құрамында кокаин болса керек. Мұны аңыз санайтындар арамыздан табылса да, ХІХ ғасырдың соңында кокаинге тыйым салынбағандықтан газдалған сусын жасау үшін кокаиннің жапырақтары пайдаланылды. Одан алынған сусын бастапқыда кез келген жүйке жүйесі аурулары мен бедеулікті емдейтін дәрі ретінде сатылымға шығарылды. Солай заңдастырылды.

Алғашқыда сусын-дәрі Атлантаның атақты «Джекоба» дәріханасында сатылды. Ол кезде «Coca-Cola»-ны күнделікті тұтынушылар саны 9-дан аспайтын-ды. Бірінші жылы компанияның жылдық тауар айналымы бар болғаны 50 АҚШ долларын құрайды. Ал «Coca-Cola»-ны жасап шығару үшін фармацевт/кәсіпкер 70 АҚШ доллары көлемінде қаржысын жұмсайды. Яғни, өткен ғасырдың соңында «Coca-Cola» пайда әкелмейтін әрі шығыны көп шаруа болды. Дегенмен, Пембертон шығынға қарамай бұл сусынды брендке айналдыруды мақсат етеді. Осылайша, фармацевт/кәсіпкер 1888 жылы «Coca-Cola»-ны сусын ретінде сату құқығын иеленеді. «Coca-Cola»-ның атасы өз ісінің үлкен болашағына сенген. Оны сол сенімі алдамапты. Бүгінде бұл сусын әлемнің барлық елінде сатылымда бар, тек Куба мен Солтүстік Кореяның нарығында жоқ.

Сарапшылардың пікірінше, әлемде күніне 1,8 млрд. «Coca-Cola» сусыны сатылады. Демек, әлемнің әрбір жетінші тұрғыны бір күнде бұл сусынның бір бөтелкесін ішеді. Өкінішке қарай, Пембертон өзі шығарған «Coca-Cola» сусынының мұндай адам сенгісіз жетістіктерін көре алмай, сусын ретінде сату құқығын алған 1888 жылы 57 жасында өмірден өтті.

БРЕНД БОЛЫП ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫ?

132 жылдан бері «Coca-Cola»-ның логотипі мүлдем өзгермеген екен

«The Coca-Cola Company» компаниясының пайда болуы өз алдына бөлек әңгіме. Өйткені, әлемді жаулап алған осы бір сусынның алып компанияға айналуы да еңбек пен табандылықты талап еткені анық.

Осы уақытқа дейін құрамы құпия болып келген газдалған алкогольсіз сусын негізінде 1892 жылы кәсіпкер Аса Григгс Кэндлер «The Coca-Cola Company» атты компанияның негізін қалады. Компания сол кезден бастап «Coca-Cola» және басқа да сусын түрлерін өндірумен айналысып келеді. Осылайша, бұл сусын 1902 жылы сауда нарығында 120 мың доллар тауар айналымымен АҚШ-тағы ең танымал өнімге айналды. «Coca-Cola» өндіріске енгеннен кейінгі 50 жылдан соң американдықтар сусынды ұлттық символ ретінде бағалап, әйгілі сусынды мақтан тұтатын болды.

Аталған компания үлкен мөлшерде әртүрлі сусындар шығарады. Егер күн сайын жаңа біреуінің дәмін татып отыратын болса, барлығын бітіру үшін кем дегенде 9 жыл уақыт керек екен. Қазіргі уақытта компанияда 3 500 сусын мен 500 бренд бар. Ресей сауда орындары сусынның тек 20 түрімен ғана таныс. Ал Қазақстанда компанияның 10-нан астам өнімі бар.

Сұраныс көбейген сайын сусынның басқа да түрлері пайда болды. Мәселен, 1982 жылы арнайы диеталық «Diet Coke» сусыны шықты. Бұған қоса компания «Classic Coke», «New Coke», «Cherry Coke», «Tab», «Caffeine-Free New Coke», «Caffeine-Free Diet Coke» және «Caffeine-Free Tab» сияқты сусындарды нарыққа шығарған-ды.

Қазіргі таңда «The Coca-Cola Company» компаниясының тауар айналымы 83,8 млрд. АҚШ долларын құрайды. Бұл «KFC», «Subway», «Рepsi», «Budweiser» компанияларын қосқандағы мөлшерден де көп.

Компания өкілдерінің айтуынша, «Coca-Cola» әлемдегі «ОК» сөзінен кейінгі ең танымал сөз көрінеді. Айталық, әлемде 7,4 миллиард тұрғын болса, соның 94 пайызы бұл сусынды біледі, басым бөлігі өмірлерінде бір рет болса да «Coca-Cola»-ны ішіп көрген екен.

Сусын құйылатын ыдыстар да әр кезең сайын жаңарып отыратыны белгілі. Өйткені, әлемге аты мәлім сусын өз құнын жоғалтпау үшін компания оның сыртқы формасына да мән береді. Мысалы, 1894 жылдары «Coca-Cola» шыны ыдыспен сатылса, 1955 жылдан бастап оның қалбырға құйылған түрлері сауда нарығына енді. Сол жылдары сусынның ыдыстары 10, 12, 26 унция (1 унция – 28,3 грамм) көлемінде болған екен. 1915 жылы Индиана штатының тұрғыны, дизайнер Эрл Р. Дин «Coca-Cola»-ның 6,5 унция көлеміндегі шынысын ойлап тауыпты.

1980 жылы АҚШ үкіметі КСРО-дағы жазғы Олимпиада ойындарына байкот жариялағанда, тәтті сусынның басшылығы оған қосылмай, спорттық ойындардың серіктесі болды. Дәл сол жылы Одақтас мемлекеттер алғаш рет бұл сусынның дәмін татып көрді. КСРО жеріне «Coca-Cola» 1988 жылы келе бастады.

Қызықты айғақтарға сенсек, «Coca-Cola» – 1989 жылы Мәскеудегі Пушкин алаңына өзінің сауда маркасын енгізген ең алғашқы шетел компанияларының бірі. Сондай-ақ, «Coca-Cola»-ның ең үлкен белгісі Арика қаласында орналасқан. Белгінің ені – 122 метр, биіктігі – 40 метр. Ол «Coca-Cola»-ның 70 мың шөлмегінен тұрады.

АДАМ АҒЗАСЫНА ЗИЯНЫ БАР МА?

«The Coca-Cola Company» – көптеген игіліктерге демеуші болып жүрген алпауыт компания. Айталық, 1974 жылдан бастап «Coca-Cola» ФИФА-ның ресми серіктесі, ал 1978 жылдан бастап футболдан әлем чемпионатының ресми демеушісі. 2010 жылы футболдан әлем чемпионатында Претория қаласында (Оңтүстік Африка Республикасы) әлем бойынша 250 жасөспірімді жинап, балаларға арналған лагерь ұйымдастырды. 1992 жылдан бастап «Coca-Cola» Олимпиада алауының эстафетасын ұйымдастырушы және демеушілерінің бірі. Компания бұдан да өзге бірқатар әлемдік спорт шараларының ұйытқысы болып келеді.

«Interbrand» халықаралық зерттеу агенттігінің қорытындысы бойынша «Coca-Cola» 2005-2011 жылдар аралығында әлемдік бренд болып танылыпты. Американың брендiне айналып, әлемге таралғаны соншалық, бұл газдалған сусынның дүниежүзiнде секундына 8 мың стаканы iшiледi екен.

Жоғарыда айтқанымыздай әлемде бұл газдалған сусынды сатпайтын екі ғана мемлекет бар: Куба мен Солтүстік Корея. 2012 жылға дейін бұл тізімде Мьянма да болған. Тәтті сусынды ең алғаш пайдаланған шет елдің бірі – Куба. Дегенмен, АҚШ-пен саяси көзқарасына байланысты бұл ел 1960 жылдары «Coca-Cola»-ны сатылымға шығарудан бас тартты. Ал, Солтүстік Кореяның дүкендерінде бұл сусын ешқашан болмапты.

Көбісі «Coca-Cola»-ны «АҚШ-та көп пайдаланады» деп ойлайды. Бірақ, олай емес. Бұл сусынды пайдалану бойынша көш бастап тұрған ел – Мексика. Орта есеппен жылына бір мексикандық аталған сусынның 745 құтысын ішеді екен. Ал, АҚШ-та бұл көрсеткіш – 400 шамасында.

Біз сөз етіп отырған ерекше сусынның зияны туралы көп әңгіме бар. Енді соған тоқталсақ артық болмас.

Рас, кейiнгi кезде аталған сусынның адам ағзасына келтiретiн зияны туралы мамандар дабыл қаға бастады. Таяуда «Coca-Cola» компаниясы өз сусынының жасалу құпиясын ашуға мәжбүр болғаннан кейiн мұндай күдiктер тiптi күшейдi.

Компания өкiлдерiнiң айтуынша, сусынның негiзгi құпиясы кошениль құртынан алынатын азық-түлiк қоспада екен. Әдетте, оның құрамына қант, кока ағашының жаңғағы, фосфор қышқылы, кофеин, карамель, көмiрқышқылы қосылады. Ендi өндiрушiлер сусынның түсiн өзгертетiн бояу ретiнде қолданылатын кошениль құртының еш зияны жоқ екеніне елдi сендiруге тырысуда.

Ғалымдар асқазан, ішек жүйесі, қант диабетімен ауыратын адамдарға бұл сусынды жиі ішпеуге кеңес береді. Бірақ, қалыпты жағдайда «Coca-Cola»-ның зиян еместігін айтады.

«Coca-Cola»-ның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Асад Ширинов

АСТАНА, АЛМАТЫ ЖӘНЕ ШЫМКЕНТТЕН ЗАУЫТ АШҚАН «COCA-COLA»

«Coca-Cola» сусындары алғаш Қазақстан нарығына 1994 жылы шықты. Ал, «Coca-Cola» мен басқа да алкогольсіз сусындар өндіретін Орта Азиядағы жалғыз зауыттың негізі 2008 жылы Алматы қаласында қаланды. «Coca-Cola Almaty Bottlers» компаниясының жалпы аумағы 22 мың шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар, әлемге әйгілі сусындарды шығаратын зауыттың бөлімшелері 2016 жылы Астанада, 2018 жылы Шымкентте ашылды. Осы үш зауыт 1 000-нан аса адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

«Coca-Cola» компаниясы Шымкент қаласына зор үміт артады. Биыл еліміздегі екі үлкен қаладан кейінгі тұрғыны көп Шымкенттен компанияның бір зауыты ашылды. Сусын өндірісіндегі бәсеке мен бірлік, табысқа жету жолдары және Шымкентке артылған «жүк» жайлы «Coca-Cola»-ның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Асад Ширинов баяндап берді.

Басшының айтуынша, қазір бұрынғымен салыстырғанда компания өнімдері сәл қымбаттаған. Бұған себеп те жоқ емес. Әлемді жаулаған қаржы дағдарысы сусын шығарушыларды да айналып өтпепті. Оның үстіне «Coca-Cola» сусындары елімізде жасалғанымен, оның құрамындағы шикізаттар шетелден доллармен, еуромен сатып алынады. Яғни, теңге әлсіреген сайын бұл сусынның да бағасы қымбаттай түседі. Дегенмен, Асад Ширинов Қазақстандағы өзге алкогольсіз сусындар да қымбаттағанын, солармен салыстырғанда «Coca-Cola»-ның бағасы қолжетімді екенін айтады.

Асад Ширинов Қазақстандағы сауда-саттық пен нарықтық ахуал дамыған елдер қызығарлықтай деңгейде екенін де тілге тиек етті.

Өз ісінің маманы, кәсібіне адал басшы бұған дейін Түркия, Пәкістан, Грузия және Әзербайжан елдерінде сенімді өкіл болған. Осы тізімдегі елдердің ішкі қыр-сырына қаныққан ол елімізде әйгілі компанияның сусындарын тұтынушылар саны көп екеніне көз жеткізіпті. Сусынды тұтынушылар қатары Ресей мен Түркиядан да көп екен.

Қазақстан нарығындағы өзгерістерді бақылап жүргенін айтқан компания басшысы алып компанияның құпияларымен де бөлісті. Компания жылына орта есеппен 750 млн литр сусын шығарады. Ал былтырғы жылы бұл көрсеткіш еселеніпті. Яғни, компания былтыр 1,5 млрд литр өнім шығарған екен. Шамамен жылына бір қазақстандық 100 литр «Coca-Cola» сусынын ішіпті.

Бәсекелестерінен озып, осы жоғары деңгейді сақтап қалу үшін күш салып жатқан басшы компанияның жоспарлары көп екенін айтады.

Әр саланың өзіне тән ерекшеліктері болатыны белгілі. Сусын өндірісінде бәсекеге түсу сусынның құрамымен, дәміндегі, түсіндегі ерекшеліктерімен, тұтынушыға жағымды әсер қалдыруымен өлшенеді. Тіпті, сусын құйылған ыдыстың әйнектен, қалбырдан жасалынғаны да ескеріледі.

Асад Ширинов өзінің іс-тәжірибесінің негізінде еліміздің әр қаласындағы тұтынушылардың санын есептеп отыр. Қазір компания өкілдігі барлық ресурстарын Шымкент қаласындағы филиалға салып жатыр. Нарықтық жағынан жақсы нәтиже көрсеткен тұрғыны көп қала «оңтүстік астанамызға» жақын орналасқандықтан да компания үшін тиімді болып отыр. Дегенмен, компания өкілдігінің Алматы қаласында 11 нүктесі, ал Астана қаласында екі нүктесі қарқынды түрде жұмыс істеуде. Астанадағы зауыт еліміздің солтүстігі мен батыс аймақтарына жауапты.

Асад Ширинов Шымкент қаласында ашылған зауытқа зор сенім артып қана қоймай, бизнес-жоспар бойынша алдағы уақытта еңбектің табыс әкелуіне күш салады.

Қазақстанда «спорттық сусындар», яғни энергетикалық сусындарға сұраныс көп. Сондықтан, жақын күндері компания энергетикалық сусындарды өндіреді. Сонымен қатар, қазір әлемде дәрумендерден жасалған, күш-қуат сыйлайтын сусындар көбейген. Компания елімізде әлі жарық көрмеген осындай сусын түрлерін өндіруді көздеп отыр.

Жаңа өнім жасауда оның құрамына, құнарлылығына және пайдасына көңіл бөлінетінін айтқан Асад Ширинов сусын тасымалынан түсетін табыс пен бір айлық пайда құнын жасырын ұстауды жөн санайды. Бұл кез келген кәсіпкердің құпиясы және табысқа жету жолындағы ұстанымы болса керек.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН: 130 жылдық тарихы бар американдық «Coca-Cola» компаниясы – Қазақстанға келген алғашқы инвесторлардың бірі. Бір мыңнан астам қазақстандықты тұрақты жұмыспен қамтып отырған компания соңғы бес жылдың ішінде ел экономикасына 250 млн АҚШ долларынан астам инвестиция құйыпты. Осылайша, әлемді жаулаған алып компанияның тағы бір зауытының күні кеше Шымкент қаласынан да ашылуы қуантады. Өйткені, бұл ел экономикасына зор үлес қосады, жаңа жұмыс орындары пайда болады, жергілікті бюджетке салық төленеді.

Әлия Іңкәрбек, “Qazaq” газеті