UFC-ДЕГІ ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ ТАРИХИ ОТАНЫНА ОРАЛА МА?

15

Жұмабек Тұрсын – 1986 жылы 17 сәуірде Қытай Халық Республикасына қарасты Іле бойындағы Күнес ауданында туған. Қытай елі «Айбарлы жолбарыс» атаған қандасымыз ережесіз жекпе-жектен 30-ға жуық ақтық шайқасқа қатысып, бәрінде де жеңіске жеткен. Тек Қытай мықтыларын ғана емес Тайланд, Оңтүстік Африка, Ресей елдерінің де спорт шеберлерін тізе бүктірген. Қандасымыз туралы қытай журналистерінің: «Жұмабектің дене бітімі кішкене болғанымен, нағыз күштің иесі. Көп кездесулерде өзінен әлдеқайда денелі қарсыластарын тізе бүктірген. Жұмабек қазақтың баяғы батырларындай сайыс алаңына шыққанда көкжал қасқырды елестетеді. Ол бокс пен күрес техникасын жетік меңгерген, сондай-ақ тек қара күштің ғана емес керемет шеберліктің де иесі», – деп жазулары тегін болмаса керек. Өйткені, талай байрақты бәсекелерде аспан асты елінің, соның ішінде ондағы қазақтардың намысын қолдан бермеген саңлақ бұрнағы жылдары ережесіз жекпе-жектен АҚШ және өзге де елдерде өткізілетін ең беделді абсолютті жауынгерлік чемпионатына (UFC) қатысуға мүмкіндік алды. Осылайша қандасымыз UFC-дегі тұңғыш қазақ атанды.

Әрине, Жұмабектің UFC-дегі спорттық карьерасы енді басталды. Талай мықты спортшылардың қол жетпес арманына айналған UFC-дің беделін ескерсек, қандасымыздың алғашқы жекпе-жектерінде жеңілгеніне өкпелеудің реті жоқ. Неге десеңіз, UFC-де «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықтылар ғана өнер көрсетеді. Сол кіл мықтылардың қатарына бір қазақтың қосылуы – Қытай, ондағы қазақтар үшін ғана емес, жалпы Қазақстан үшін үлкен бедел әрі зор мақтаныш болса керек. Мұны спортсүйер қауым жақсы біледі. Сондықтан да, алдағы уақытта Жұмабектің UFC-де жұлдызының жанатынына халықтың сенімі зор. Халықтың бұл сенімі ақталып та жүр. Айталық, UFC сайыс шебері былтыр желтоқсан айындағы Күнлүн (Қытай) жекпе-жегінде Грузиядан келген Паата Робакидзені қапы қалдырды. Жарыс небәрі 2 минут 19 секунд уақытқа созылды. Қазақ батырының бүйірден тепкен жойқын соққысы қарсыласын есінен тандырып, жарыс жолынан тайдырды. Осылайша, Қытайда тұратын қандасымыз ережесіз жекпе-жектен кезекті жеңісіне қол жеткізді.

«Әлем файтерс» клубында жаттығып жүрген Жұмабек Тұрсын 2014 жылы көктемде алғаш рет тарихи Отанында қонақта болды.

«Қазақстанға келіп талай жыл бойы көкірегімде тұрған тоң жібіді. Шекарадан өткен бойда денем жеңілдеп қалды. Рухым көтерілді. Бөтеннің емес, өзімнің жерімді басып тұрғаныма қуандым. Атамекенге ат ізін салдым, елдің дәмі бұйырды. Бұдан артық не керек?! Қазақстанға келуді 20 жыл бойы армандап едім. Шүкір, бұл күнге де жеттім», – деп сол кезде ағынан жарылған қандасымыз әңгімесін атамекенге деген сағыныштан бастаған-ды.

Қазақтың қара баласының алдына қойған жоспарлары көп екен. Оны Жұмабек атамекеніне келгенінде жасырмай айтты. Басты мақсаты – АҚШ-ты мойындату, ал АҚШ-ты мойындату деген сөз – әлемді мойындату.

2013 жылы Жұмабек қытай қызымен шаңырақ көтерді. Ол туралы өзі былай дейді: «Жарым – қытай қызы. Дегенмен қазақтың тілінде сөйлеп, бес уақыт намазын қаза қылмайды. Шындығын айтқанда, ол қазақтың салт-дәстүрін қайсыбір қазақ қыздарынан кем білмейді. Ата-ене сыйлау, сәлем салу… – оның күнделікті жұмысы. Тіпті, қазақ қызынан да кіші жар алуыма қарсы емес. «Сен батыр жігітсің. Сондықтан сенің артында көп ұрпақ қалуы керек» деп әзілдейді».

Расында да, Жұмабектің таңдаған жары туралы бұл айтқанына сенбеске болмайды. Өйткені, олар некелерін мешітте қиды. Тойлары қазақтың салт-дәстүрі бойынша өтті. Қалыңдық қазақтың ұлттық киімін киді.

Бұл орайда, «Аспан асты елі – Қытай ішінде ғана емес, халықаралық бәсекелерде аты озып жүрген Жұмбектің жеңіске жетуінің кілті неде?» дейтін сұрақтың пайда болуы заңды. «Менің жеңісімнің тұғыры – намыс. Миллиард халықтың ішінен топ жарып, аз қазақтың абыройын көтеру үлкен жігер мен күшті қажет етеді. Артымда тақымын қысып, қиқу салып отырған аңқылдаған қазақ тұрғанда қанжығамның бос қайтқаны маған сын. Ұлттың ұяты мен бойымдағы иманым маған жеңіс әкеледі», – деп жоғарыдағы сұрақтың жауабын Жұмабектің өзі береді.

Алғаш тарихи Отанына қадам басқанында «Қанат Ислам секілді Қазақстанға түбегейлі қоныс аудару ойыңызда бар ма?» дейтін сұрақтың оған көп қойылғанын жақсы білеміз. Сонда Жұмабек: «Бұл да жүрек түкпіріндегі арман. Достарым, туыстарымның бәрі осында. Енді соңымнан ерген екі інімнің құжаттарын реттеп, елге келудің қамын жасаймын. Жалпы, жалғыз мен емес, Қытайдағы қазақтардың барлығы да атамекенге оралса ғой», – деп көптің көкейіндегі сауалға жауап берген еді.

P.S. Қазақта: «Ат айналып қазығын табар, ер айналып елін табар», – дейтін даналық сөз бар. Қытайда туып, дүбірлі додаларда сол елдің атынан шығып жүрсе де, жекпе-жекке шығар алдында үстінен қазақтың шапанын тастамайтын Жұмабек Тұрсынұлының түбі бір тарихи Отанына қайтып, «Пәлен жерде пайда бар, өз еліндей қайда бар?! Жақсы жігіт жер шолып, ақыр түбі оралар» дегенге сенейік!

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «QAZAQ» газеті