Сенім мандаты: Ел тізгінін ұстауға лайық қайраткер

0
3927
26 қараша күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен ҚР Президентін салтанатты ұлықтау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен биыл қасиетті Меккеге барған кезде Қағба төрінде ата-баба рухына құран бағыштап, Алладан бір-ақ нәрсе сұрадым. Ол – елдің амандығы», – деді.

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзі өзінің өміршеңдігін ешқашан жоймақ емес. Ал, тұлғаның мінезі, көшбасшының көрегендігі ұлы мұратқа ұмтылған тарихи тәуекелдерге бастайды. Қазақстан тарихындағы екінші Президент ретінде үш жарым жылдан бері ел тізгінін ұстап келе жатқан ҚасымЖомарт Тоқаевтың кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешімі де тарихи тәуекел болса керек. Әлемде геосаяси ахуал күрделеніп тұрған әрі «қасіретті қаңтардың» жарасы әлі жазылмаған уақытта сайлау өткізудің қаншалықты тәуекел екенін ойлаудың өзі қорқынышты. Бірақ, Мемлекет басшысы елдің келешегі үшін мұндай тәуекелге барды. Батыл қадам жасады. «Нар тәуекел – ердің ісі» ғой. Тәуекелдің де қайтарымы болды. ҚасымЖомарт Тоқаев халықтың сенім мандатын алды.

16 қараша күні Алматы қаласында Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткіштің ашылу рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жұртына пайдасы тиетін жұмыстың бәріне Ахаң үлес қосқан. Тіпті, бірқатар саланы өзі бастап берген. Ол қазақтың төл әліпбиін жасады, алғашқы әліппемізді құрастырды. Сондай-ақ, оқулық жазып, тіл білімінің негізін қалады. «Қазақ» газетін шығарып, баспасөздің дамуына жол ашты. Арада қанша жыл өтсе де, оның рухани мұрасы жұртының игілігіне жарап келеді. Сол себепті жұртымыз оны «Ұлт ұстазы» деп ардақтайды», – деді.

ПРЕЗИДЕНТТІК МАНДАТТЫҢ
ЖАҢА КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

Өткен аптада ҚР Орталық сайлау комиссиясы 20 қараша күнгі кезектен тыс президент сайлауының қорытындысын жариялады. Қасым-Жомарт Тоқаев айқын басымдықпен жеңіске жетті. Осылайша, халқымыз елдің болашағын Қасым-Жомарт Тоқаевқа сеніп тапсырды.

Сенбі, 26 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік сарайында кезектен тыс президент сайлауында айқын басымдықпен жеңіске жетіп, сенім мандатын иеленген Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті.

Мемлекеттік Ту мен Президент Байрағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясы Тәуелсіздік сарайының Үлкен залына әкелінген соң Қасым-Жомарт Тоқаев мінберге көтерілді.

Конституцияның 42-бабына сай Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін», – деп халыққа ант берді.

Сайланған Қазақстан Президентінің қызметке кірісу құрметіне орай  Мемлекеттік әнұран ойналып, 21 рет зеңбіректерден оқ атылды. «Ақорда» резиденциясының үстінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілді. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырды. 

Президент өз сөзінде: «Алдағы 7 жылды бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге берілген бірегей мүмкіндік деп білемін. Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын», – деп нық сөйледі.

Елдік мұрат жолында ерге жүктелген міндеттің салмағы жеңіл емес. Ұлт болып ұйысқанда, бір қолдың саласындай болып біріккенде ғана алдағы асу бағынады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың студент кезі. 1970 жыл.

ТЕКТІ ӘУЛЕТТІҢ ТЕКТІ ҰЛЫ

Қазақ сөз баққан және сөзге тоқтаған халық. Өйткені, бабалардан жеткен даналық сөздердің мағыналық төркініне үңілсеңіз, олардың әрбір сөзі – философиялық мәнге ие. Атап айтсақ, адамның қасиеті мен тегі туралы «Тектіден текті туар, тектілік тұқым қуар, тектілігі тектінің биіктен көрініп тұрар» деген қанатты тіркестердің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, тағылымдық мектепке айналғаны ешкімге жасырын емес. «Артында баласы қалса – көзі қалды де, сөзі қалса – өзі қалды де» дегенді де қазақ айтқан. Бұл сөзімізге Тоқаевтар әулеті дәлел. Бүгінде ел тізгінін ұстап отырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі ұлт әдебиетінде өзіндік сара жолы бар және қазақ детектив жанрының негізін қалаған қаламгер – Кемел Тоқаев.

Кезінде небір білікті мұғалімдерімен белгілі болған Алматының №25 мектебінде білім алған Қасым-Жомарт Кемелұлының мықты журналист болатынына ұстаздары кәміл сенетін. Алайда, жоғары сыныпқа көшкенде бала Қасым-Жомарт басылымдардағы халықаралық айдарымен берілетін тақырыптарға ерекше зейінін аударып, сондағы мақалаларға өзіндік сараптамалар жасай жүріп, оқушы талабына нұр жауып, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтына оқуға түседі.

Өмірінің бұл кезеңін Мемлекет басшысы өзінің «Беласу» кітабында былай жазыпты: «Жоғары сыныптарда өзімнің газет оқуға құмарлығым қалай пайда болғанын аңғармай да қалыппын. «Известия», «Правда» газеттеріндегі халықаралық айдарымен берілетін тақырыптар ерекше қызықтыратын. Әсіресе, алғаш рет Англия коммунистерінің «Morning Star» газетіндегі шағын хабарлама-мақаланы оқығанда құмарымнан шыққандай күй кешкенім бар. Алайда, бұған ағылшынша-орысша сөздікті қопарыстырумен екі күн уақытым кетті. Менің осы талпынысымды байқап қалған шет тілдер институтында істейтін шешем ағылшын тілінің оқытушысы Александр Сергеевич Рогачқа баласына көмектесуіне өтініш айтыпты. Менің ағылшынша оқуымды жүйесіз деп бағалаған бұрынғы американдық грамматика туралы түсінігімді дереу тиісті қалыпқа келтіруге кірісті. Сөздік қорым толығып, еркін ауызша сөйлеуге дағдылана бастадым. Сөйтіп, мектепті бітірер тұста ағылшын тілінен өзімді айтарлықтай сенімді сезінетін күйге жеттім. Мұның өзі менің халықаралық саясат саласын таңдауыма елеулі ықпал етті. «Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтына түсуге талпынсам» деген іштей бір ынта да пайда бола бастады. Бірақ, ол тұста бұл қол жетпес арман болып көрінетін. Осындай бір екіұшты қысылшаң сәтте әкем демеу беріп, «Қабылдау емтихандары туралы түсініктеме жіберулерін сұрап институтқа хат жаз» деп ақыл қосты. Ол хатты үнемі стилистикалық жағынан жетілдіре отырып, таңертеңнен кешке дейін жазғаным есімде. Аталған бірінші хатым шынында да менің тағдырымды шешкен хат болды. Екі аптадан соң пошта жәшігінен қабылдау комиссиясының атқарушы хатшысы қол қойған хат алғанда қалай қуанғанымды көрсеңіз! Емтихандары маусым айының бас кезінде басталады екен. Шешім қабылданды, тәуекел деп жолға шығу керек. Алыс жолға шығарып салуға дәстүрлі дастархан жайылып, көптеген жақын-жуықтар шақырылып, ақ жол тілеп шығарып та салды. Әке-шешем қазақи тұрғыдан аса ырымшыл кісілер болғандықтан, «Үлкеннің батасын алмай жол жүруге болмайды» деп есептеген. «Оқуға түсе қояды» деген үміт те шамалы, қаражат та аз болғандықтан, отбасылық кеңесуде мені Мәскеуге ата-анаға жетектетпей-ақ жалғыз жіберу ұйғарылды. Сөйтіп, мен тұңғыш рет бас астанаға жол тарттым. 1970 жылдың 12 маусым күні мені мандат комиссиясына шақырды. Ректорды алғаш рет осында көрдім. Ол маған Жаратушының өзі жіберген адамдай әсер етті. Шет елдерде екі мәрте КСРО елшісі болған кәсіпқой дипломат кеше ғана мектеп бітірген менімен еркін отырып сөйлесті. Комиссияның мені институтқа қабылдайтыны жөніндегі шешімін естігенде аяғымнан жан кеткендей боп, сыртқа шыға салысымен орындықта бірер минут ес жиған соң почтамтқа жетіп, үйге жеделхат жөнелттім. Ата-анам бұл хабарға қатты қуанып, кішігірім той жасаса керек. Қыркүйек айының басында менің қытай тілін үйренетін топқа бөлінгенім туралы хабарлады. Бұл мені қатты қайран қалдырды. Әкемнің сонда «Қытай тілінде планетамыздың ширек халқы сөйлейді, енді оған тағы бір адам қосылғалы отыр» дегені есімде. Екінші тіл ретінде ағылшын тілін белгіледі. Сөйтіп, студенттік өмір басталды да кетті».

Осы тұста Шерхан Мұртазаның мынадай сұңғыла сөзін келтіре кеткенді жөн көріп отырмын: «Біздің ауылда бір ақсақал биесі құлындаған соң бір айға дейін әлгі биені байламай, қымыз аңсағандардың «бол-болына» қарамай, құлынымен бірге өріске жібереді. «Оның не?» десең, «Құлынға обал, уызына жарымаған құлын жаман-жәутік, жабы болып қалады» дейді».

Уызына жарыған! Міне, ұлтымызға керегі де осы сөз емес пе?! Уызына жарыған перзенттің өз ұлтына адал қызмет етері анық. Осы мақаламызға арқау болып отырған саяси тұлғаның да ең негізгі ерекшелігі – уызына жарып, ұлтының қамын ойлайтындығы. Неге десеңіз, оның атқарған қызметтерінен тазалықты байқаймыз.

Иә, әкенің қанымен, ананың сүтімен келетін тектіліктің жөні басқа ғой. Жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдарында қабырғасы қатып, буыны бекіген, өз замандастарына тән халықшылдық, мемлекетшілдік сипатта тәрбиеленген Қасым-Жомарт Тоқаев әкесі Кемел мен анасы Тұрардың үкілеген үмітін ақтады. Елінің елеулі, халқының қалаулы ұлына айналды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен «Qazaq» газетінің құрылтайшысы, қоғам қайраткері, меценат Махмұт Нәлібаев

ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ ДИПЛОМАТ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық өсу жолы 1974 жылы Қытай Халық Республикасында басталды. ҚХР-дағы КСРО Елшілігінде тағылымдамасы аяқталып, институтта диплом қорғағаннан кейін Сингапур Республикасындағы КСРО Елшілігіне қызметке жіберіліп, онда төрт жыл абыройлы қызмет етті. Одан әрі КСРО СІМ-нің Орталық аппаратында кеңестік тағылымдамадан өтушілер тобына жетекшілік жасады. 1985-1991 жылдар аралығында ҚХР-дағы КСРО Елшілігінде қызметте болды.

«1991 жылғы 16 желтоқсанда республиканың Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заңды қабылдады. Дереу халықаралық қоғамдастықтың бұл акцияға әсері туралы мәселе пайда болды. Жаңа мемлекет дипломатиялық тануға зәру, онсыз шынайы тәуелсіздік жайында сөз ету мүмкін де емес. Ол тұста мен Мәскеуде едім. Бұл маған ауыр да болды. Ауыр болды дейтінім, алғашқы күннен бастап барлық 18 жыл бойғы еңбек жолым Смоленск алаңындағы осы СІМ қабырғасында өтті. «Бұл үйге енді ресми жағдайларда ғана келемін-ау» дегенге бой үйретуім қиын болды. Бірақ, халқымыз аңсаған арманға толы жаңа дәуір келді. Аянбай еңбек етіп, бар күш-жігерімді туған елім – Қазақстан игілігіне аямай жұмсар сәт те туды. Сондықтан байырғы таныстарыммен қоштасуға көндігіп, қажетті құжаттарымды ресімдей бастадым. Қайда кірмесем де: «Егемендік парадынан ештеңе шықпайды. Бәрі де Ресейден республикалардың халықаралық аренадағы мүдделерін білдіруді сұрайтын болады, өйткені бізде дайын инфрақұрылым, дайын кадрлар бар ғой», – деп мені үгіттеуге тырысты. Отаныма қайтып оралмау үшін, менің бұрынғы басшыларымның пікірінше, олардың мені Ресейдің бас консулы етіп Хайфонға (Вьетнам) жіберу жөніндегі ұсынысы мықты уәж болуға тиіс еді. Бірақ, мен үзілді-кесілді шешім қабылдап, бұл ұсыныстан бас тарттым. Осы машақатпен жүргенімде маған Қазақстанның Мәскеудегі жаңа тұрақты өкілі Қанат Саудабаев телефон шалды. Ол Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп жариялау туралы Республика Парламентінің мәлімдемесіне дипломатиялық корпустың әсерін байқау жөнінде Президенттен тапсырма алғанын хабарлап, өзі үшін бұл жаңа істе көмек көрсетуімді сұрады. Шет елдердің елшіліктеріне ноталар жіберіп, біз келесі күні дипломатиялық миссиялардың басшыларына барып шықтық. Сол кездегі жағдай бойынша бұл сапарымыз біз үшін қаншалықты көңіл толқытарлық оқиға болғанын айтып жату артық болар, өйткені әңгіме Қазақстанды халықаралық мойындату туралы еді», – деп өткен күннен естелік жазыпты Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сол бір тәуелсіздік алар тұстағы тұманы мен күмәні қалың кезеңде де елінің қамын жеген тұлғаның бірі, дәлірек айтқанда, кеңестік дәуірдегі сирек бітімді қайраткер басшылардың бірегейі Қасым-Жомарт Тоқаевқа үміт артып, сыртқы саясаттағы жауапты жұмыстарды сеніп тапсырды. Ол әдеттегі сабырлы қалыбынан жаңылмай, аспай-саспай жүріп, пешенесіне бұйырған қызметте биіктен көріне білді. Қазақстанның қазіргі сыртқы саясатының негізін қалады. Халықаралық аренада Тәуелсіздік алған жас мемлекеттің мүддесін қорғады.

Иә, ел көшіне бағыт сілтеп, Тәуелсіздік дейтін киелі де қасиетті атауымызға қанат бітірер Қасым-Жомарт Кемелұлындай білікті де білгір басшы, бірнеше тіл білетін тәжірибелі дипломат сол уақытта қазақ қоғамына ауадай қажет еді. Халықаралық өзекті мәселелерді шешудің маңдайалды кадры болғанының өзі осының айғағы іспеттес. Өйткені, бұл кісінің есімін тек қазақ жұрты ғана емес, өркениетті әлем жұртшылығының қай-қайсысы да жақсы біледі, сыртқы саясаттағы зор еңбегін бағалайды.

Міне, Қазақстан Республикасының бүгінгі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломаттық жолы осылай басталды.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ АЛАШ АРЫСТАРЫНА
ДЕГЕН КӨҢІЛІ АЛАБӨТЕН

Мемлекет тізгінін қолына ұстаған осы 3,5 жылдың ішінде тәуелсіз елдің екінші Президенті біраз істерді атқарып та үлгерді. Қазір жасалған істердің атын атап, түсін түстеу мақсат емес. Оны газет беті де көтермейді. Дегенмен, бір атап өтерлігі, Қасым-Жомарт Кемелұлының Алаш арыстарына деген көңілі алабөтен. Өз ұлтының азаттығы үшін отаршыл империямен алысып, саяси күрес майданына араласып, басын бәйгеге тігіп, халқының қамын жеп, осы жолда қуғын-сүргінге ұшырап, солақай саясаттың құрбаны болған Алаш ардақтыларының соңғы жылдары ұлықталып жатқаны бұл сөзімізге дәлел бола алады.

Президенттің тікелей ұйытқы болуымен Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланды. Осылайша, Алаш идеясы қазақпен бірге өмір сүріп келеді.

Әлихан Бөкейхан есімі Қарағанды қаласының Октябрь ауданына, Семей қаласындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетіне берілді. Елордада Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлына арналған ескерткіш ашылды. Қостанай халықаралық әуежайы Ахмет Байтұрсынұлының есімін алды.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Ахмет. Ұлт ұстазы» тарихи телехикаясы көрерменге жол тартты, Ахмет Байтұрсынұлына арналған «Соңғы үкім», Міржақып Дулатұлы туралы «Міржақып. Оян, қазақ!» тарихи туындылары түсіріліп жатыр. Әлихан Бөкейханның өмірі де экранизацияланады.

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы туған жерінде тойланды. Торғайда Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына арналған ескерткіш бой көтерді, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби музей-үйі есігін айқара ашты.

Күні кеше Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіне барды, Ұлт ұстазы ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты.

Ұлт ұстазы табанының ізі қалған, маңдайының тері тамған, яғни өзі тұрған, бірнеше жыл өмірін өткізген Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі қоғамдық қордан коммуналдық меншікке былтыр ғана өтті. Сөйтіп, мұражай-үйді мемлекеттік қамқорлыққа алу ісі 28 жылдан кейін ғана шешілді. Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйіне мемлекеттік мәртебенің берілгені құптарлық іс болды. Ал, киелі үйге Президенттің бас сұққаны – Ұлт ұстазына көрсеткен құрметі деп білеміз.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Сөз басында айтып өткеніміздей, ерекше құрметтейтін қайраткер бойынан тұтас бір дәуірдің кескіні мен келбетін көреміз. Өткен ғасырдың 1975-91 жылдарында КСРО Сыртқы істер министрлігінің жауапты қызметтерін атқарып, жас болса да биік-биік мінбелерден көрініп, елдің сыртқы саяси жұмыстарының бел ортасында жүрген, еліміз азаттық алғаннан кейін де ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, бірінші орынбасары, ҚР Сыртқы істер министрі, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, ҚР Премьер-министрі, ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы қызметтерін абыройлы атқарған Қасым-Жомарт Тоқаев есімі сол кеңестік дәуірде де, тәуелсіздік тұғырына қонған осы дәуірде де қолынан іс келетін, ұлтқа жаны ашитын үлкен қайраткерлер қатарынан көрінді. Сөйтіп, адал жүріп, анық басқан адамның алды қашан да кең екендігін уақыт дәлелдеді. Ендеше, Қасым-Жомарт Тоқаев – ел тізгінін ұстауға лайықты қайраткер!

Махмұт НӘЛІБАЕВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here