Қоғамдық тәртіптің сақшысы: Ерболат Арыстанов туралы бір үзік сыр

1
5446

Полиция – қоғамдық тәртіптің сақшысы. Қайсыбір іс-шараның полиция қызметкерінің қатысуынсыз өтуі мүмкін емес. Полиция қызметкерлері басқа күндері де қызметтік борышы бойынша қаланың әрбір көшесін күзетеді. Заңға бағынатын азаматтардың денсаулығы мен мүлкі толығымен қауіпсіздікте болуын қадағалайды. Заңды бұзушыларға қатысты өзгеше әрекет етеді. Сонымен қатар, құқық бұзушы үшін толық жауапты болады, сондықтан оның денесіне зақым келтіре алмайды (басқа шара болмаған жағдайда ғана күш жұмсауға рұқсат етіледі). Аз сөзбен айтқанда, қоғамдық тәртіп үшін отқа да, суға да түсіп, кейде жанын да пида ететін ерен кәсіп, абыройлы мамандық.

Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының тергеу бөлімінде полиция подполковнигі Ерболат Арыстановтың да жұмысы күн-түнге бөлінбейді. Ішкі істер органында дәл осы тергеу саласы аса көп жүйке мен табандылықты талап ететін жанр десек қателеспеспіз. Себебі, адамның қылмысқа қатысы бар, жоқтығын, яғни заңды тұлғаның тұтас тағдырын айып тағып не оны алып тастап шешетін, заң жүзінде шешім қабылдайтын осы тергеушілер.

«Бұл салаға келетіндер баршылық, бірақ, соңына дейін шиырлайтындар саусақпен санарлық. Көбісінің жүйкесі шыдамай кетіп қалады», – дейді Ерболат Қайратұлы.

Кейіпкеріміздің бұл жерде аянбай тер төгіп келе жатқанына 14 жыл болды. Ішкі істер органында 25 жылда зейнетке шықса, 14 жыл бір бөлімде еңбек ету аз уақыт емес.

ӘКЕ ЖОЛЫ

 Ерболат Арыстанов Сарыағаш ауданының Дербісек ауылында 1986 жылдың мамыр айында дүниеге келген. 2004 жылы Т.Рысқұлов атындағы №25 орта этнопедагогикалық гимназия-мектебін аяқтаған соң Заң колледжіне курсант болып оқуға түседі. Әкесі зейнеттегі полиция подполковнигі Қайрат Арыстановтың жолымен ұлы Ерболат та құқық қорғау саласын таңдады.

25 жыл Қазақстанның ішкі істер органында мүлтіксіз қызмет атқарған әкесі ұлының да осы салаға келгенін аса жақтыра қоймапты. Полицейдің жылдың қай уақыты, күннің қай бөлігі, жұмыстың қандайлығына қарамай, халық үшін жанын да пида етуге даяр тұрарлық салмағы ауыр, жауапкершілігі бір атанға жүк боларлық қиын саладан басқа жолды таңдаса дегені ғой. Бірақ, кішкентай кезден әкесінің формамен жүргенін, полицейдің бар болмысын, бітім-тұлғасын көріп өскен Ерболаттың полицей мамандығын таңдауы да заңдылық сияқты.

Әкесі Қайрат Хайдарұлы 40 жасында подполковник шенін алса, баласы сол әскери шенді 35 жасында алып отыр. Осыдан 1,5 ай бұрын өз ісіне қалтқысыз қызмет еткені үшін Ерболат Қайратұлына полиция подполковнигі шені берілген болатын. Өмір сабақтастығы дерсіз.

Иә, бұл әкеден балаға жалғасып келе жатқан отбасылық сабақтастық.

ҚЫЗМЕТ БАСПАЛДАҒЫ

Ерболат Арыстанов 2006 жылы Шымкент Заң колледжін тәмамдады. Одан кейін сол жылдың қыркүйек айынан бастап Арыс қаласының полиция басқармасына  учаскелік инспектор болып 2007 жылға дейін қызмет атқарады. Одан бері қарай Еңбекші аудандық полиция басқармасына анықтаушы болып тағайындалды. Анықтау бөлімінде онша ауыр емес, орта қылмыстар анықталады.  Ал, тергеу бөлімінде ортадан жоғары ауыр, аса ауыр қылмыстар тергеледі. 2010 жылға дейін сол бөлімде қызмет атқарды. 2011 жылы тергеу бөліміне аға тергеуші болып ауысады. 2014-2018 жылдары Шымкент қалалық ІІБ-на аға тергеуші қызметіне тағайындалады. Байқасақ, Ерболат ағамыз негізінен тергеу саласынан табан аудармай келе жатыр екен.

2020 жылдың маусым айынан бері Әл-Фараби аудандық ішкі істер бөлімінде тергеу бөлімі бастығының орынбасары бола тұра қатардағы қызметкерлермен бірдей еңбек етіп келеді. Өндірісте 4-5 жылға созылып, соңына жетпей қалған істерді жігіттердің қолынан алып, өзі тергеп, заңды шешім қабылдап жүрген жайы бар.

«Осы жылдың қаңтар айының 6-нан 7-не қараған түні Шымқаладағы Қазыбек би көшесінде орын тепкен «Динамо» спорттық кешенінде атыс болды. Екі топ атысқан. Екі жақтың бір-біріне кектік қатынасы болған. Ішінде біреуі кәмелет жасына толмаған 17 жасар жасөспірім. Қалғандарының жасы 20-ның үстіндегі қылыштай жігіттер. Екі тарап қарым-қатынасымызды шешіп аламыз деп ойлаған. Бір сөзге келмей, соңы атыспен, бір баланың жарақаттанып, ауыр халде жан сақтау бөліміне түсуімен аяқталады. Ол жерде бір ай көлемінде жатып, палатаға шығады. Бірақ, мүгедек болып қалады. Сол істі өзім тергеп, сотқа жіберіп, аяқтағанмын. Кінәлілердің бәрі сотталды. Бұл жерде «мен бастықпын, тергемеймін, сенің үстіңнен қадағалаймын, тек нұсқау беремін» деген жоқ. Әріптестерім үлгере алмай жатса, солардың бәріне көмектесемін», – дейді тергеуші ағынан жарылып.

Шымкентте резонанс туғызған қылмыстық істер бойынша зерттеу жүргізіп, сараптама жасалғанда ең жиі орын алған ұрлық пен зорлық-зомбылық екені анықталған. 2020 жылдың 10 айындағы көрсеткіш бойынша жалпы 5 505 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 12 пайызға азайған (6 598). Әсіресе, МЖК жақта педофильдер көп ұсталыпты.

«Оны ұстап, тиісті айыбын тағып, кінәсі дәлелденіп, сотқа жолданды. Педагог, психолог, журналистер келіп, тергеуге қатысқан жасөспірімнің психикасына, ар-намысына тиетін сұрақтар қойылып, қысым көрмеуін ұйымдастырып, қадағаладық. Жәбірленуші баланың аты-жөнінің жарияланып кетпеуін қатаң бақыладық. Жарияланып кетсе, адамдар оның бетіне басуы мүмкін. Сондай сәттерде ол өзін суицидке итермелеуі мүмкін. Психикасы бұзылады. Барлығы құпия болып қалуы керек», – дейді жұмыс барысындағы процестермен бөліскен Ерболат Арыстанов.

ПЕДОФИЛИЗМГЕ ЖАЗАНЫ ҚАТАҢДАТСА…

Мұндай қылмыс түріне ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы бойынша үш жылдан бес жылға дейін жаза тағайындалады екен.

«Бұл өте аз. Қылмыскер тәубесіне келу үшін біраз уақыт керек. Заң шығарушы құзырлы органдар аталған жаза түрін 2-3 есе қатаңдатса деген ұсыныс айтқан болар едім. Азғындаушы нәпсіқұмарлар көп жағдайда бүлдіршін не жасөспірімдерді алдайды. «Кел, кәмпит беремін!», «Сникерс беремін, шешші!», «Ұстап көрейінші» деп қолына түсіреді», – деп бар шындықты жайып салды полиция подполковнигі.

Ерболат Арыстанов педофильден бөлек, көбіне алаяқтық істер мен сеніп тапсырған мүлікті ысырап ету сияқты күрделі істерді де қарайды. Оның айтуынша, күрделі істерге аудиторлық-экономикалық сараптама тағайындалуы керек. Кейбір құжаттар жеткіліксіз болады. Соның салдарынан ұзаққа созылып кетіп жатады. Мәселен, бухгалтері жұмыстан шығып кеткен, бірақ фирмада ақша ұрланған жағдайда құжаттарының бәрін тапсырып кетпеген болады. Ондайда погондылар тиісті сомасын шығара алмай әбігерге түседі.  

«Қылмыстың қай түрі болмасын барлық істер бойынша топ жетекшісі болып жүремін. Тергеу бөлімінің бастығы Құлмахан Жандосов жиналыстарға көп барады. Оның орнына жоқтығын білдіртпеуге тырысамын. Шулы істер бойынша ақпарат жазамыз. Ол да әжептәуір уақыт алады. Бас прокуратура мен жергілікті орган да аса ауыр қылмыстар бойынша мәлімет сұратады. Ол жақтағылар да «істің сотқа жолдануына не кедергі» деп сұрайды. Мысалы, қазір карантин уақытында бір кісілер шетелге шығып кеткен, сондықтан істің жабылуы кешеуілдеп жатады», – дейді ол.

«Пандемия кезінде қылмыс көбейді ме, азайды ма?» деп сұрадық кейіпкерімізден сөз орайын пайдаланып.

«Керісінше азайды. Тергеу бөліміне тұрғындар арызданып келеді. Арыз алып, іс қозғайсың, жәбірленушіні танып, жауабын аласың. Құзырлы тұлғаларға жеке тапсырма қылып бересің. Былтырғыға қарағанда биыл қылмыстың саны аз болғанымен, сотқа жолданғанының саны көп болды. Бұл жақсы көрсеткіш. Былтыр 50 пайызы жолданса, биыл 60 пайызға көтерілді. Бұл қызметкерлердің белсенді жұмыс істеп әрі техниканы жетік меңгергендігінен», – деп жауап қайтарды Ерболат Арыстанов.

– Сіздің бөлім әлемді әбігерге түсірген індет кезінде қандай  істер атқарды?

– Көзге көрінбейтін вируспен күрес кезінде Қонаев көшесінің бойындағы блок-бекетке шықтық. Арамызда ауырған жігіттер болды. Барынша сақтандық. Арақашықтық ұстадық. Ауысыммен жұмыс істедік. Біздің жұмыста күн-түн деген жоқ. Қазақстан Республикасы аумағында жарияланған төтенше жағдай режимінде тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға үлес қосып, кәсіби маман ретінде нәтижелі қызмет атқарғанымыз үшін қала әкімі М.Әйтенов сәуір айында алғыс хат тапсырды, – деді.

Ерболат Арыстановтың жұмыс барысы осындай. Ұдайы қарбаластың ортасында жанталасып жұмысқа кірісіп жүргені… Өз ісіне адал. Әркез әділ болуға тырысады. Кейбір тергеушілерге түннің жарымына дейін көмектесіп, қолдап, қуаттап, демеп отырады. Мұның бәрі де сол қызметтік жауапкершілік әрі кәсібиліктің белгісі екенін аңғарғандайсыз.

Мөлдір МАМЫРБАЙҚЫЗЫ, арнаулы тілші

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ

 

1 пікір

  1. Я ценю и уважаю работу страж порядка.
    Желаю им дальнейшего роста, развития и удачи в работе.
    Конечно это очень серьёзный и сложный труд.
    Работа следователя требует особого внимания и терпения. Презумпция невиновности чтобы всегда была на первом месте, т.е. от действий следствия зависит жизнь и судьба человека.

Айсулу үшін пікір үстеу Жауапты белгілеу

Please enter your comment!
Please enter your name here