Тұлға биігі немесе Мырзатай ағаның болмысы

0
3262

Биыл Мырзатай ағамыз 85-ке толды. Ол – сындарлы сағаттарда ел сынынан мүдірмей, сүрінбей өтіп, халықтың қошемет-пейіліне ие болған арда азаматымыздың бірі. Мұндай ықыласқа жету екінің біріне бұйырмайтын бақ екені де рас. Бұйырған күннің өзінде де халқы сыйлаған бақты алып жүрудің өзі үлкен салмақ. Осы салмақты Мырзекең аспай-таспай көтеріп келеді. 

Сөзіме арқау етіп отырған Мырзекең – Мырзатай Жолдасбеков қоғамға белгілі тұлға. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, беделді түрколог, ғалым. Міне, Қаратаудың қойнауындағы Таластың бойындағы Ақтөбе деген ауылда туып-өскен ауыл баласы осындай марапаттарға өзінің жанкештілік еңбегінің арқасында жетті. Оған жоғары оқу орнында Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Бейсенбай Кенжебаев, Мұхаметжан Қаратаев, Зейнолла Қабдолов секілді ғұлама ғалымдардан дәріс алуы да ықпал еткені сөзсіз. Сондай-ақ, Мырзекең Қазақстанның білім министрі, мемлекет кеңесшісі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі сияқты аса жауапты қызметтерді зор абыроймен атқарды. Бір сөзбен қайырғанда, елдің аяқтан тұрып кетуі үшін тынымсыз тер төкті.

Ел аузындағы тұлға жайында сөз айту үшін ол адаммен араласып көру керек. Әрине, мен де Мырзекеңді көптен білемін. Кенжекең (өмірлік қосағым Кенжеғали Сағадиев) бар кезде ағалы-інідей жолдас, ағайындай жақын араластық.

Мырзекең – ақ көңіл, ақ жүрек, мінезі жұмсақ, сен деп адамға тіке сөйлемейтін сондай мейірімді адам. Керек десеңіз, ол кісі адам баласының бойынан жамандық іздемейтін өте кешірімді жан. Қаламгерлігін зиялы қауым жақсы біледі, ол турасында жазушылардан асып ештеңе айта алмаспын. Бірақ, ол жазған ірілі-ұсақты дүниелердің қай-қайсысына ден қойсаңыз да, «елім, халқым» деп соққан жан дауысын аңғаруға болады. Осы арқылы-ақ аға мінезінің қатпар-қатпар сырлары мен толғақты ойларына қанығамыз.

Құдай қосқан аяулы жары Мәриям апамыз да ағамызға тірек бола алды. Дастарқаны мол, қолы ашық, қазақ қыздарының өрлігі мен ерлігін ту етіп ұстанып жүретін ақ жарқын жан болатын. Өкінішке қарай, апамыз о дүниелік болыпты. Жатқан жері жайлы, алды пейіш болсын!

Мырзекеңнің осынау мерейтойын ел болып тойлауымыз керек еді, бірақ олай болмапты. Ол кісіге «Назарбаевты мақтады» деген айып тағушылар да бар көрінеді. Ау, халайық айтыңдаршы, уақытында бірінші президентімізді кім мақтамады? Оны көптеген жазушы, ақын, қоғам қайраткері, тіпті үйде отырған біз де мақтан тұттық қой. Біздің қазақ сол, еш нәрсенің байыбына бармай жатып, бірін-бірі батпаққа батыруды дұрыс көреді. Кезінде Әбіш Кекілбаевты да «Назарбаевтың қолын сүйді» деп аяусыз жазғырды. Шығармашыл нәзік жүректі қаламгердің жүрегін ауыртып, ақырында өлтіріп тынды. Сол Әбіштен артық қазір кімдерің бар?!

Билікке қарсы тұру қиынның қиыны. Мұны сол маңайда жүрген адамдар жақсы түсінеді деп ойлаймын. Жалғыз Путинге әлемнің әлі жетпей жатыр емес пе, әне? Сол секілді жалғыз Гитлер не істемеді? Жалғыз Сталин не істемеді? Бұларды да өз кезінде мақтағандар болды, біреу білмей мақтады, біреу қорқып мақтады.

Егер Мырзатай секілді ағаларымыз халыққа «бұл дұрыс емес» деп жалауын алып шықса не болар еді?! Әрине, олардың соңынан талай қазақ еріп шығар еді. Бірақ, қазақ қырылып қалар еді. Есті адам көбіне естілік жасап сабырға келеді. Сол үшін оларды айыптауға болмайтын шығар. Менің айтпағым, Мырзекеңдей ағаларға түсіністікпен қарау керек.

Кез келген мемлекеттік қызметкер сол биліктің заңына бағынады. Билік түгілі отбасында да үйдің бас иесіне бағынатын халықпыз ғой. Мемлекеттік тәртіп деген болады. Оның ішкі, сыртқы құпиялары бар дегендей. Кейде сол «тәртіпке» бағынбай, өз еркімен қызметтен кететіндері де бар. Мәселен, мен өз еркімен арыз жазып, орнынан кеткен екі министрді білемін. Біріншісі – Зәуре Қадырова Халықты әлеуметтік қорғау министрі боп тұрған кезде, екіншісі – (ұлым) Ерлан Сағадиев Білім және ғылым министрі қызметінде жүргенде мұнан әрмен істеуге болмайтынына көзі жетіп, арыз жазды. Соңғысының кетуіне бірқатар себептер болды. Әрине, оның басы екеу емес қой, оқуға қатысты шаруаларды қойыртпақтап отыратын. Ол «Қаражаты жететін қалталы адамдар балаларына мұғалім жалдап ағылшын тілін оқыта алады. Ал, ақшасы жоқ ауыл балалары да олардан кем болмасын, мектепте ағылшын тілін тегін оқысын» дегені үшін сөз естіді.

Шексіз биліктің күші қашанда өз дегенін істейді. Басшы «Былай істе» деп бұйырады, халық «Былай істе» дейді. Содан қиындық туады. Ақыры халық министрді даттайды. Әйтпесе, Ерланның білімі де, тәжірибесі де жеткілікті. Ол АҚШ-тың 386 жылдық тарихы бар атақты Гарвард университетін бітірген, Байденнің партиясында да жұмыс істеген.

Тағы бір қосарым, шетте оқып, еліме еңбек етейін деп келген білікті мамандарды қазақ тілін жақсы білмегені үшін мүйіздеудің қажеті болмаса керек. Кеңестік кезеңде қазақ мектептерінің болмағанына олар кінәлі емес. Қонаевтың тұсында 700-дей қазақ мектебі ғана емес, қазақ балабақшалары да жабылды. Бір қалада 25 пайызға да жетпейтін қазақтар тұрды. Алматыда – 24 пайыз, Қостанайда – 17 пайыз, Ақмолада – 14 пайыз, тіптен Степногорскте 4 пайыз ғана қазақ болды. «80 қала салдық» деп мақтандық, бірақ ол қалалар орыстарға салынды. Бүкіл қазақ ауылда сол орыстарды тамақтандыру үшін жұмыс істеді. «Қазақ оқымасын» деп, «оқу бітіргеннен кейін үш жыл жұмыс істеу керек» деген де заң шықты. Орыс тілін білмесек, нан жей алмайтын халге жеткізді. Бұған қазіргі жастар кінәлі емес. Ақылды жастарға тұзақ құруды тоқтатуымыз керек. Керісінше олардың озық білімін пайдаланғанымыз жөн. Бұл әңгіменің бәрі Мырзатай ағамыздың мерейтойын ел болып, билік болып тойламау себебінен шыққан еді.  

Мырзатай аға, мерейтойыңызбен құттықтай отырып, бұлай ашына сөйлегеніме ренжімессіз, кешірім сұраймын. Бірақ, сөздің реті келіп тұрғанда, болған жәйтті айтудың еш әбестігі жоқ деп ойлаймын.

Балалардың көбі шет елде болғандықтан, бүгінде өзім де солармен біргемін. Мәриям апаның қайтқанын да кеш естіп-білдім. Сіздің де мерейлі туған күніңізді өткізіп алыппын. Жақсы жанға қай кезде жақсы тілектер айту артық болмас деген ниетпен, қолыма ақ қағаз бен қалам алдым.

Аға, жүзге жетіңіз! Сіз біздің асыл қазынамызсыз!

Аман болыңыз!

Нағытай КІШКЕНОВА,
экономика ғылымдарының кандидаты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here