Қарағанды облысында «Жаңа толқын» бастау алды

0
137

Жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға арнайы тоқталып, жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші екенін, сондықтан өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керектігін жазды. Бір қуаныштысы, Президент жанындағы Жастар кеңесінің қызметін қайта жандандырып, оны білікті әрі білімді жастарды жұмылдыратын жүйелі жұмыс алаңына айналдыру қажеттігін ұсынды. Сондай-ақ, азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды тапсырды. Бүгінде Президент тапсырмасы орындалу үстінде.

Өз мақаласында Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік жылдарында талантымен таңдай қақтырған жас өрендердің тұтас легі өсіп-жетілді. Бүкіл әлемді аузына қаратқан ғажайып дарын иелері де бар. Олар – Қазақстанның мәдени келбеті, елімізді халықаралық аренада танытып, Тәуелсіздік құндылықтарын жер жүзіне паш ететін рухани елшілерміз, біздің айрықша күшіміз («soft power»). Осындай азаматтарға қамқор болу – мемлекеттің міндеті» деп жазды.

Иә, елімізде талантты жастар көп. Соларды елге таныту мақсатында Қарағанды облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы мен «Saryarqa Aqparat» медиахолдингі 1,4 млн халқы бар облыста «Жаңа толқын» медиа-жобасын бастады. Медиа-жобаның басты мақсаты – дарынды жастарды көпшілікке таныту, олардың ілкімді істерін дәріптеу.

«Білім мен жігер, ізденіс пен табындылықтың арқасында биік белестерді бағындыра білген жандар туралы қалың бұқара білуге тиіс. Жаңа толқын – Тәуелсіздіктің төл перзенттері, аға буынның мақтанышы, жастар үлгі тұтарлық тұлғалар. Жобаға өзінің жеке өсу және даму тарихы бар, жастарға үлгі бола алатын 14-28 жас аралығындағы жас азаматтар қатыса алады», – дейді Қарағанды облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Біржан Әлімжанов.

Айта кетейік, «Жаңа толқын» жобасы сегіз айды қамтиды. Жыл аяғында әр айдың жеңімпаздары анықталады.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here